Сенбі, 28 Қаңтар 2023
Ақмылтық 1550 5 пікір 21 Шілде, 2022 сағат 14:11

Ұлытаудағы құрылтай: Тарихты тану...

Түп мағынасы «құрылу, құралу» деген іс-қимылды білдіретін мағынадан атау есімдік ұғымға айналған «құрылтай» деген саяси терминді біздер отарлық дәуірде жоғалтып алдық. Кемінде Шыңғыс хан-Жошы ұлысы заманынан бері қарай «елдік», «мемлекеттілік», «тұтастық» деген сынды мағына беретін атау аталмыш құндылықтар басымыздан бақ, жолымыздан қыдыр тайғандықтан, арамыздан алыстады. Отарлық бұғау түспей тұрған кезеңде құрылтай қазақ елінің аса маңызды саяси шешімдер қабылдайтын кеңесі, жиыны еді. Тәуке хан заманынан жеткен «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген мәтел сөз сол құрылтайдың мән-маңызын білдіретін аса қастерлі когнитивтік ұғымға айналған болатын. Халық арасында «Жеті жарғы» (Хан жарлығын қадағалайтын жеті орындаушы-жарғышы: Төле, Қазбек, Әйтеке, қырғыздан Қоқым, қарқалпақтан Сасық, Ташкент маңындағы Қатаған, Жайма руларының билері) деп аталып кеткен жөн-жосық сол Күлтөбедегі құрылтайда қабылданды.

Жоңғардың жойқын шабуылдарына тойтарыс беру үшін 1710 жылы Қарақұмда шақырылған құрылтай қазақ батырларының жасақтарын Әбілқайыр хан мен Табын Бөгенбай батырдың қол астына біріктіріп, бір жұдырықтай біріккен қол жауға тоқпақпен ұрғандай тойтарыс береді.

1771 жылы Абылай сұлтан Түркістанда Үш жүздің хан-сұлтандары, би-батырларының қатысуымен хан сайланып, оған жиналған игі жақсылар жоңғар-қалмақ шапқыншылығынан бытырап кеткен елді қайта тұтастыруға ұмтылған болатын. Абылай ханды дәріптейтін атақты Бұқар жыраудың:

Күпшек санды күреңді,
Тәбияға жаратқан.
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан.
Айбалтасын алтынменен булатқан.
Алафасын арттырып,
Арпалап атты қунатқан.
Лабашы деген бір еліні
Антыменен улатқан.
Ераншы мен Серенді
Тозғындатып шулатқан,
Беріштесін жұрт үстінен дулатқан.
Еңсесі биік боз орда
Салтанатқа орнатқан.
Болаттан шеге соқтырып,
Шаңырағын торлатқан,- деп келетін мадақ толғауы - қайта еңсе көтерген елдің шат-шадыман көңілін, қуанышын да білдіретін көркем жыр кестесі.

Айбарлы Абылай хан тұсында екі ұлы көршімен және Орта Азия хандықтарымен бірде қанды қақтығыс, бірде дипломатия әдісімен бекітілген елдің шекарасы ХІХ ғасырда геосаяси астамшылықтың тақтасына түсіп, етек-жеңі тарыла бастағанда, Кенесары Ұлытаудың етегінде құрылтай шақырып, хан сайланып, Үш жүздің атынан жердің тұтастығы, елдің азаттық үшін соғысқа кірісіп еді. Кене хан кеткесін «құрылтай» да кетті.

ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері «кеткенді қайта келтіруге» күш салып, қалыптасқан тарихи жағдайдың шындығына қарай елдік мәселені талқылайтын жиын, сиез өткізуге ұйытқы болды. Сол кездегі заманының сазы мен қолданыс қалпына сай «сиез» немесе «бас қосу» деп аталған жиынның мән-мағынасы бұрынғы құрылтайдың мазмұнымен мәндес болды.

Тәуелсіздің тұсында «құрылтаймен» шұрқырасып қайта қауышқан тұста билік тізгінін ұстаған тұлғалар секемшілдік көрсетіп, ғасырлар асып келген ұғымды мемлекеттік саяси мәні бар іске қарай тартпай, тек бірыңғай қазақ қоғамына ғана маңызы бар шаралар шегенінде қолдануға ұмтылды.

Жаңа Қазақстан бастамасы соңғы кезде бұл терминді мемлекеттік саяси маңызы бар шараларға қолдана бастады. Кешегі өткен құрылтай елімізде маңызды саяси іс-шара – Конституциялық реформаны қабылдаған референдум өткен соң - тарихи Ұлытауда қайта жаңғырды. Ол шара рәміздік сипатқа ие. Құрылтай бұрынғыны дәл қайталау емес, сабақтастық сипатты паш ету, жаңа саяси жағдайға кіріктіру, қастерлеу, құрмет көрсету, тарихи сананы жаңғырту. Сол-ақ екен іс-шараның рәміздік сипатын, саяси астарын бағамдамай, ұшқары пікір айту төбе көрсетуде.

Отарлық қамыт мықтап мойынға салған патша заманында саяси мәселені талқылайтын жиын өткізу қиын соғып, ол бір мұң болған тұста Алаш қозғалысын құрып, оны қалыптастырып, оңтайлы саяси сәт туғанда бірнеше сиез шақырып, алдымен Алаш партиясын құрып, кейінгі бұлғақ басталып, аласапыран арпалыс жүрген дәуірде Алаш автономиясын құру туралы саяси шешімдер қабылданған жиынды «сиез деген құрылтай емес, құрылтай мүлде бұл емес», «автономия жарияланбады» дегендей ойды білдіретін бұра пікірлер пайда бола бастады.

Жариялау - болған істі жұртшылыққа паш ету. Қоғамда, тарихты пайымдауда әлде бір іс туралы көпшілік, жұртшылық хабардар болған соң, оның ісі заңды деген ұғым-түсінік орныққан. Бұл - қазіргі біздер үшін заңнамалық мәселе. Заң жоқ кезде ол қалай бағаланады? Халық "заң жоқ, закон жоқ" деп шағынатын мұндай кезең тарихта болған ба? Қазақ қайраткерлері Алаш автономиясын құрып жатқан уақытта Ресей қоғамында нендей жағдай орын алған еді? Заңды билікті Уақытша үкіметтен бәлшебектер партиясы 1917 жылдың қазан айында қару кезеніп, бүлікпен тартып алды. Заңсыздық орын алған вакум пайда болды. Бәлшебектер көп ұзамай «Бүкілресейлік Учередительное собрание» деп аталған өкілеттік органды, яғни қазіргі парламент институтын таратып жіберді. Ал енді осындай дүние астан-кестен болып жатқан кезеңде, яғни 1917 жылдың 12 желтоқсанында автономияны жариялауды кейінге қалдырған сиездің саяси шешімін сол тұстың шындығынан қарап көрейік. Заңды үкімет жоқ, " ай дейтін ажа, қой дейтін қожа" жоқ, ал құрылған автомонияның әскері, күштік құрылымы нөл. Ішкі жағдай да мәз емес: қазақ арасында артықшылыққа ие болып үйренген өзге жұрт өкілдері тұрады, олар бұл саяси актіге қалай қарайды? Қазақ ұлты да тұтас емес: бірі –Түркістан автономиясында, бірі - Алаш автономиясы құрамында. Сондықтан сиез қорытындысында біткен істі (құрылған автономияны) асығыстық жасап, ішкі-сыртқы жағдайдың күрделігіне байланысты бүлдіріп алмайық деген саяси сақтық мәселесі басым позицияға ие болған деп топшылауымызға болады. Кейінгі оқиғалар бұл шешімнің қате болмағандығын да көрсетті. Алаш автономиясы билік бір қолдан екінші қолға өтіп жатқан азаматтық соғыс кезінде елді саяси амал-әрекетермен қанды қақтығыстардан аман алып қалды. Онымен кеңестік биліктің өзі келіссөздер жүргізді, кейіннен олардың кеңес билігіне қарсы жүргізген саяси істеріне кешірім жариялады. Осы бір саяси оқиғалардың астары Алаш автономиясының аласапыран заманда алып империяның қираған орнында мемлекеттің нышандары бар субъект екенін танытса керек. Сондықтан «автономия жарияланбады» деген мәселені сол бір кезеңнің тарихи шындығы «жуып-шайып» жіберетіні анық.

Мемлекеттік саяси мәні бар жариялымдар әрекеті адамның ғұмырындағы рәсімдердің көшірмесінен алынып отырған. Бірақ масштабы кең, қоғамдық салмағы зор. Айталық, адам баласы нәресте болып дүниеге келгенде оған ат қойып, айдар тағады. Ал сол рәсім 3-4 жылға кешіктірсе, әлгі бала дүниеге келмеді деп есептеуіміз керек пе, әлде жасы пәленшеге келді деп тануымыз қажет пе? Әрине, соңғысын дұрыс дейміз. Ендеше, құрылған автономияның аты ресми жарияланбаса да (бейресми түрде қуанышты жағдай талай мәрте айтылған) қырауар атқарған жұмысын жоқ, болмады деп есептейміз бе? Бірінші кезекте қандай мазмұн орын алу керек?

Бізде тарихты пайымдауда кеңестік дәуірдің қасаң танымынан, шылауынан айырыла алмай жүрген тұстар бар екені байқалып қалады. Тарихи үрдіс пен тарихи қортынды акт деген мәселенің ара-жігін жымдастыра қарау жетіспейді. Кеңестік қасаңдылық жойылмай тұр. Бір қарапайым мысал келтірейін. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай университетінің тарихы 1939 жылы кеңестік үкіметтің қаулысымен құрылған Мұғалімдер институтынан басталады деп есептеледі. Ал оның арғы жағында жұмыс жасаған педтехникум, педкурс, педкласс дегендер есепке алынбайды, себебі оны ашуға шығарылған арнайы кеңестік биліктің қаулысы, не акт жоқ немесе әлдбір құжат жоқ. Ал, шынтуайтында, шынайы өмірде мұғалімдер дайындайтын арнайы оқу орны Қостанай қаласында 1897 жылы ашылып, оны 2 жылдық «Қостанай педагогикалық сыныбы» деп атаған. Сол сыныпта, шамамен, 1900-1902 жылдары А.Байтұрсынұлы сабақ берген. С.Көбейұлы, М.Дулатұлы білім алған. Енді өте қызық көрініс қалыптасып отыр. Ағартушы А.Байтұрсынұлы өмірде болған, ол Қостанайда мұғалімдер дайындайтын педагогикалық сыныпта қызмет жасаған, сынып Қостанай қаласында орын тепкен, кейін курс, педтехникум деп аталған, бірақ ол қазіргі университет тарихында жоқ. Бақандай 42 жыл өмір бар тарих жоқ! Міне, кеңестік замандағы тарихты танудың бір қасаң көрінісі. Сондықтан тарихты ұлттық құндылық көзқарас, мемлекетшілдік, елдік тұрғысынан пайымдауға зейін-зерде, пайым-парасат қажет, ең бастысы, кеңестік тырнағын терең салған қасаңдықтан айырылу қажет деп білеміз.

Алмасбек Әбсадық

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Анық-қанығы

Жақиянов: Маған ашық жала жабуға кірісті...

Ғалымжан Жақиянов 3140
Адасқандар

Мобилизация: Келімсектердің сенері - «дядя Вова!»

Жайберген Болатов 2240
Айқай

Елде ұлттық идеология өте әлсіз...

Бейсенғазы Ұлықбек 1914