Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3644 0 пікір 30 Қараша, 2012 сағат 08:24

Дәурен ҚУАТ: «Мүйіз тарақ» әңгімесін бәйге үшін жазған жоқпын

Дәурен ҚУАТ, журналист-жазушы,
«Abai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы:

- Мен бұл шығарманы аталған бәйге үшін жазған жоқпын. Көптен көкірекке байланып, іштей жетіліп, жазуды тілеп жүрген тақырып еді бұл. Сәті келді, жазылды. Көңілімнен шықты. Сол екі арада М. Қашқари атындағы бәйге жарияланып, оның алғашқы айналымы қазақ қаламгерлерінің арасында өтетін болғандықтан, шығармашылық қуатымды сынап көргім келді. - Жақында ғана өткен Түркі әлемі әдебиетінің Махмұд Қашқари атындағы халықаралық бәйгеcінде топ жарып, жеңіп шықтыңыз. Сізді осы жеңісіңізбен құттықтаймыз!

Дәурен ҚУАТ, журналист-жазушы,
«Abai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы:

- Мен бұл шығарманы аталған бәйге үшін жазған жоқпын. Көптен көкірекке байланып, іштей жетіліп, жазуды тілеп жүрген тақырып еді бұл. Сәті келді, жазылды. Көңілімнен шықты. Сол екі арада М. Қашқари атындағы бәйге жарияланып, оның алғашқы айналымы қазақ қаламгерлерінің арасында өтетін болғандықтан, шығармашылық қуатымды сынап көргім келді. - Жақында ғана өткен Түркі әлемі әдебиетінің Махмұд Қашқари атындағы халықаралық бәйгеcінде топ жарып, жеңіп шықтыңыз. Сізді осы жеңісіңізбен құттықтаймыз!

- Рахмет! Рахмет дей отырып айтайын, мен бұл шығарманы аталған бәйге үшін жазған жоқпын. Көптен көкірекке байланып, іштей жетіліп, жазуды тілеп жүрген тақырып еді бұл. Сәті келді, жазылды. Көңілімнен шықты. Сол екі арада М. Қашқари атындағы бәйге жарияланып, оның алғашқы айналымы қазақ қаламгерлерінің арасында өтетін болғандықтан, шығармашылық қуатымды сынап көргім келді. Өйткені, алдымен қазақ прозашыларының ара-сындағы додадан сүрінбей өтіп алу керек. Бұл додадан қанаты қайырылмай, қабырғасы сөгілмей, «аман-есен» өткен жазушы әлем әдебиетінің дүбіріне көз сала берсе болады. Ал, қазақ әдебиеті дегеніміз - әлемдік әдебиеттің озық үлгісі, таңдаулы мектебі. Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, беріден қайырсақ Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдік, Қабдеш Жұмаділов, Сайын Мұратбеков, Таласбек Әсемқұлов, Дидар Амантай т.б. сияқты саңлақтары бар әдебиетті кімнен кем дей аламыз? Әрине, әзірге қазақ әдебиеті тұтас шоғырымен әлемге таныла қойған жоқ. Мұның себебі - қазақ әдебиетінің нашарлығында емес, қазақ қоғамының әлемнен ғасырлар бойы шеттеп қа¬луында. Отаршылдықтың оңашасы болып әлем әдебиетінің майданына араласа алмауында. Соның өзінде Мұхтар, Ғабит, Сәбит деген алыптарымыз алыс-жақынға қазақ әдебиетінің кең тынысын, Асекеңнің - Асқар Сүлейменовтің тәмсіліне салсақ, «шелектей танауымен емес, тұяқ-тұяғымен дүбір салып шабатын» дүлдүл екендігін аңғартып кетті.

Бәйгеге келейік. Енді бұл бәйгенің қорытындысы Түркияда шығарылады. Оған өз елінде оза шапқан қаламгерлер қатысады. Қазір «Мүйіз тарақ» (менің бәйге алған әңгімем) түрік тіліне аударылып жатыр. Көреміз, қалай болар екен. Тілі орысша болғанымен, тегі түркі әрі соңғы кезде жақсы жазып, ауызға ілініп жүрген бірер жазушыны сырттай білемін. Алайда, менімен замандас һәм өз тілінде (әзірбайжанша, қырғызша, өзбекше, малқарша, башқұртша, татарша, қарашай тілінде, т.б.) жазатын бауырларымның шығармаларынан хабарым солғын. Неге? Себебі, біздің арамызда әдеби, мәдени байланыстың алтын бауы болуға тиіс сабақтастық үзіліп қалған. Енді солай екен деп әдебиетшілер мемлекетаралық қарым-қатынастың деңгейіне қарап отырмауы керек, өзара таны¬сып-білісіп, хат-хабар алысып, шығармаларын аударып, тұтас түркі әлемінің ортақ абыройы үшін жұмыс жасай беруі керек. Оның үстіне қазір әлемдік деңгейде мәдени алмасулар кезеңі жүріп жатыр. Соны көре, біле тұра біздің томаға-тұйық күйде, тым-тырыс отырғанымыз жараспас. Менің кейінгі жылдардағы тілегім түркі жастары араласып бір-бірімізді біле түссек екен, тани түссек екен дегенге саяды. Біз біріксек қана түркі өркениетін жаңғырта аламыз. Көрпені әркім өзіне тарта бергенімен, көгеріп кете алмайды.

- Қазіргі қоғамда қазақ прозасының күні батты деп жататындар бар. Өзіңіз қалай ойлайсыз, қазақ прозасы қазір қандай деңгейде?

- Бұл - ұшқары пікір. Әйткенмен де мүлде жансыз пікір де емес. Рас, бұл күндері прозалық шығармалар бұрынғыдай жиі жазылып, апта, ай құрғатпай жарияланып жатқан жоқ. Оның үстіне, ілгеріде жазушы атанып келген қалың шоғырдың қоғам азат, тақырып еркін заманға көшкен тұста қарым-қабілеттерінің қаншалықты еке¬ні белгілі болып қалды. Белгілі болып қалды деуіме себеп, совет өкіметінің кезіндегі шығармаларға қоғам өмірі мен қатар көркемдік талап тең қойылып отырды. Баспаға ұсынылған шығарманың тіліне, идеясына, құрылымына бас редакторлар қатаң жауапты болды.

Ұзақ жылдар баспаларда қызмет істеген Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай ағаммен әңгімелесіп отырғанымда, сол кісі айтып еді: «Дәурен, осы күні бөркі қазандай болып жазушы атанып жүргендердің шығармаларын шимақтап отырумен жарты ғұмырымызды түгестік», - деп. Көрдіңіз бе, ілгеріде жарық көрген дүниелер мықты қаламгерлердің сүзгісінен өтіп, сөйтіп бас-аяғы бүп-бүтін дүние болып оқырманға жеткен. Кейін олардың шығармаларын түзеп-күзейтін баспаларда мүмкіндік қалмады. Не болса, сол шықты. Сөйтіп, кітаптардан оқырман қауымның көңілі қалды.

Сапасыз жазармандар жазудың қадірін кетірді. Осы күндері екі сөздің басын жөндеп құрап білмейтін, әдеби көркем тілі жоқ жандар да жазып жүр. Жазушы атанып жүр. Мен бірақ оны соншалықты қауіп-қатер санамаймын. Осымен «қазақ прозасының күні батты» деп есептемеймін. Өйткені, оқырманда талғам бар, таңдау еркі бар. Жақсы дүние ме - оқиды. Оқиды да, ұқыптап кітап сөресіне жинап қояды. Жасық дүние ме - парақтап қарап шығады да, тастай салады. Сондықтан әдебиеттегі кем дарын немесе «халтурщик» дегендерден қорықпау керек.

Тіпті «халтурщик» іздеп, оның аты-жөнін жария етіп әуреленудің де қажеті жоқ. Қайбір жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті «Ғасыр халтурщигі кім?» деген тақырыпты біраз қаузады. Танымал жазушыларымыздың аты-жөндерін нақ¬ты айтпаса да, «осы халтурщик» дегенді емеурінмен білдірді. Ал, содан не шықты? Солар халтурщиктігін қойып кетті ме? Жоқ. Мен сізге айтайын, үлкен әдебиет болу үшін де «халтурщиктер» керек. Графомандар керек. Графомандар - жазбаса отыра алмайтын адамдар, шын қаламгердің ішіндегісін жазуға итермелейді. Бәсеке тудырады. Өткенде бір баспадан отызға жуық жас ақын жазушының кітабы жарық көріпті. Меніңше, соның бәрі шедевр емес. Алайда, ойландырды. «Мен неге жазбаймын, неге менің кітабым жарық көрмейді?» деген ойға қалдырды. Мейлі, шыға берсін. Қағазға обал, әйтсе де шыға берсін. Оның үстіне қазір баспалардың заманы туып тұр.

Баспалар тендерге қатысады, өздеріне тиесілі лоттарды ұтып алады. Сосын мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны игеру үшін ал кеп кітаптарды бұрқыратып шығарады. Ол оқырманға жете ме, ол әдебиеттің сапасына ықпал ете ме, оқырманның талғамын өсіре ме, жоқ па - онда ешкімнің шаруасы жоқ. Тоқсаныншы жылдары қаламгерлер «кітаптарымызды шығара алмаймыз» деп жылайтын, қазір баспалар шығаратын кітап таппай жылап жүр. Былайша айтқанда, совет өкіметінің әдебиетке жасаған қамқорлығы қазіргі жағдаймен салыстырғанда жайына қалды десе болады. Өкінішке қарай, жазарман жұрт сондай мүмкіндікті пайдалана алмауда.

Егер баспалар арасында шынайы бәсекелестік болса, кітап мемлекет бөлген қаржыны игеретін құрал емес, нарықтағы сұраныстың өлшеміне айналған «өнім» болса, шығармалардың сапасы артар еді. Бас-пагер дарынды жазушылармен келісім-шарттарға отырып, өнімді жұмыс жасар еді. Мұны мен баспалардың жұмысына байланысты қалыптасқан әлемдегі озық тәжірибелерден айтып отырмын. Мәселенки, өзіміз білетін орыс баспагерлері кітап шығару өнерінде тағы да алға кетті. Олар оқырман сұранысын зерттей отырып, жазушыларға тапсырыс беретін болды. Әрине, оқырман ортасы әр деңгейде. Біреулер шым-шытырық оқиғалы кітаптарды ғана оқиды. Енді біреулерге романтикалық шығармалар ұнайды. Тағы бірі тарихи көркем туындыларды оқуға әуес дегендей.

Осы тақырыптардың ауқымында орыс жазушылары қазір жемісті еңбек етіп жатыр. Сондай-ақ, орыс тілінде аударылған шығармаларға қарап отырып та әлем оқырмандарының талғамын, дәстүрлі ортасын аңғаруға болады. Әдеби ортада жаңа интеллектуалдар, көркем дүниелер жазудың жаңа үлгілері, эксперименттері пайда болып, дамып жатқанымен, баяғы классикалық нұсқаның дес бермей тұрғанын орыс тіліне аударылған кейінгі-соңғы шығармалардан байқаймыз. Мәселен, 2010 жылы Нобель сыйлығын алған перулік Варгас Льоса қарапайым ғана жазу тәсілі бар қаламгер сияқты. Бірақ тақырыбының ауқымдылығы және сол тақырыпты биік деңгейде алып шығуы жазушыға әлемдегі ең озық сыйлықты тарту етті. Демек, жазушы жазуы керек. Қазақ прозасы туралы жоғарыдағыдай пікір басымырақ айтылғанымен, әдебиет мүлде қараң қалған жоқ. Есесіне қай¬та өрлеу бар, іштей өсу бар.

Асылбек Ықсан, Таласбек Әсемқұлов, Нұрғали Ораз, Ди¬дар Амантай, Думан Рамазан, Айгүл Кемелбаева, Мәдина Омар, Серік Сағынтай осы уақытқа дейін түк бітірген жоқ, еш нә𬬬се бере алған жоқ деп белден сыза аласыз ба? Жоқ. Ендеше қазақ прозасы қайта өрлеу кезеңіне қадам басып келе жатыр деген жөн. Осынау мықты шоғыр-дың шығармаларын талдау, сараптау - өз алдына бөлек әңгіме. Оны реті келгенде айта жатармыз. Мен осы бір толқынның (бұл арада жазушыларды жас жағынан қарайлас, бір буын деп отырмағанымды ескертемін) шығармаларын қазақ прозасының қазіргі деңгейі деп білемін. Бұлар - ішкі дайындықтары кемел жазушылар.

- Әлем әдебиетіне қосылатын жаңа заманғы біздің жауһар дүниелеріміз деп қандай әдеби шығармаларды айтар едіңіз?

- Әлем әдебиеті дегенді көріп жүрміз. Соңғы кездері жазылып, жарық көріп жұрт аузында жүрген шығармалармен мүмкіндігімізше танысып отырамыз. Сондықтан салыстырып айта да аламыз. Мысалы, Нобельді алып жатқан шығарамалардың авторлары Жозе Сарамаго, Орхан Памук, Марио Варгас Льосалармен біздің Таласбек пен Дидардың иығы тең деп сенімді түрде айта аламын.

- Қазақ ақпарат кеңістігінде интернеттің кірігуі арқасында жаңа мазмұн, жаңа сапа пайда болды. Қазақ журналистерінің интернетті игеруіне қандай баға бересіз?

- Қазақ журналистикасы интернетке тез бейімделіп үлгерді. Енді қазақ қаламгерлері де интернеттің игілігін білуі керек, соған икемделуі керек. Менен қаламгерлер арасында «интернет деген не?» деп сұрайтындар бар. Мен оларға үнемі айтамын: «Интернет дегеніміз - білім, ғылым, мәдениет, озық ойлардың тоғысы», - деп. Осындай пайдалы дүниеден шет қалып хабарсыз жүру - сыпайылап айтқанда - надандық. Интернетті қарамаймын, оқымаймын деп мақтану - «наданмын» деп мақтанумен тең нәрсе. Әрине, интернетте адамның жан-дүниесін езгіге салатын, құлқын бұзатын қорқау дүниелер де бар. Бірақ, сен оны оқыма. Өйткені сені зорлап, қыстап жатқан ешкім жоқ. Ал, керектіңді іздесең - табасың. Соны оқы, жетіл, өс, кемелден. Қазір шетел жазушылары интернетте отыр. Шығармаларын интернетте жариялайды. Солар, мәселен, туа салып компьютердің алдына жүгінген жоқ қой. Компьютер, интернет деген енді дамып келеді. Сондықтан қатардан қалып, қалғып жүру - қате нәрсе. Қазір интернеттегі ортақ рухани игілік үшін жұмыс жасайтын қарапайым адамдар да бар. Олар өздеріне ұнайтын кітаптарды, өлеңдер мен әңгімелерді көшіріп интернетке салып жібереді. Оны ғаламторды тұтынатын жұрт тегіс оқиды. Осы ретте айтарым: «Көркем туындылар оқылмайды, көпшілік кітап оқуды қойды» деген сөз бекер. Кітап бұл заманда жаңа мүмкіндіктің шегінде оқылатын болды. Оқылып жатыр. Оқырман қай елде де бар. Біздің кісілер білсін-білмесін Батыс-ты, АҚШ-ты жамандай береді. Осыдан біраз жылдар бұрын Америкада болдым. Сонда қарапайым америкалықтардың кітап сататын дүкендерден арылмайтындығын байқадым. Соның мән-жайын сұрағанымызда бізді АҚШ-пен таныстырып, ертіп жүрген түбі питерлік еврей жігіт: «Статистика әлемде амери¬калықтардың көп оқитындығын жыл сайын дәлелдеп отырады», - деген еді.

- Газеттің интернетке ауысу процесі жүріп жатқан заманда сіз «Abai.kz» интернет порталын аштыңыз. Аз уақытта танымалдылыққа әкелген не нәрсе?

- Газеттерде қызметте болған кездегі тәжірибем мен еңбегім. Айдос Сарым сияқты арғы-бергіден дерегі мол, іскер азаматпен тізе қосып қимылдауымның нәтижесі деп білемін. Әрі бұған оқырман мен менің журналистика саласындағы әріптестерімнің белсенділігін қосыңыз. Біз «Abai.kz» интернет порталын ашқан кезде достарымызға «Бұл - біздің ортақ игілігіміз, ортақ кеңістігіміз. «Абайдың» жақсы болмағы бәрімізге байланысты» деген едік. Сол сөзімізден айныған емеспіз, айнымаймыз да. Қысқасы, қазақ журналистері, ғалымдар, тарихшылар, бір ауыз сөзбен айтқанда, авторлар мен оқырмандар бәріміз бірігіп, «Abai.kz» деген ақпарат әлемін, жаңа медианы жасай алдық. Осы бір сенім менің ішімді үнемі жылытып жүреді. 

Заңғар КӘРІМХАН

"Ұлт Таймс" газеті

0 пікір