Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 6536 0 пікір 30 Қараша, 2012 сағат 06:43

Әділ Ботпанов. Менің миым — мәңгі өлеңнің моласы

28 жасында із-түзсіз жоғалып кеткен талантты ақын Әділ Ботпановтың кітабы «Қазығұрт» баспасынан  шыққалы жатқанын «Абай.кз» хабарлаған болатын. Енді, міне, ақынның өлеңдері мен прозалық дүниелері топтастырылған жинақ оқырмандарға жол тартты.  Біз төменде сол кітаптан ақынның «Ақтарылу» атты эксперименттік дүниесін ұсынып отырмыз.

Дайындап, редакцияға ұсынған - ақын Бауыржан Бабажанұлы

 

АҚТАРЫЛУ

Мен өлең жаза білмеймін.  Бірақ анда-санда белгісіз бір күштің жүйкеме тат басқан темір инені сұғып-сұғып алатыны өтірік емес. Сондайда, сана түкпірінде сандырақ пайда болады. Сан-ды-рақ... Мен оны «Тәңіріммен тілдесуім» деп атаймын. Ренжи көрмеңіз. Олай дейтінім, түптеп келгенде, менің Тәңірімнің Сіздің, Оның, Олардың Тәңірінен мүлдем бөлек болуы мүмкін ғой...

 

Менің кеудем - менің ұлы мешітім,

Мешітіме мұң бере көр, құдайым.

Құзырыңды қабырғаммен есітіп,

Мұң артынан нұр көргенше жылайын.

 

Нұр көрейін, жыр жазайын,

мешеу күз,

Көкіректен көкке шапшып шығардай.

Тақ пен тәжге таласардай екеуміз,

Кімді кімнің жаратқанын ұға алмай.

 

Менің рухым - менің жетім тайлағым,

Өскен сенің тылсымыңа құмар боп.

Тайлағымды топтан ерек байладым,

28 жасында із-түзсіз жоғалып кеткен талантты ақын Әділ Ботпановтың кітабы «Қазығұрт» баспасынан  шыққалы жатқанын «Абай.кз» хабарлаған болатын. Енді, міне, ақынның өлеңдері мен прозалық дүниелері топтастырылған жинақ оқырмандарға жол тартты.  Біз төменде сол кітаптан ақынның «Ақтарылу» атты эксперименттік дүниесін ұсынып отырмыз.

Дайындап, редакцияға ұсынған - ақын Бауыржан Бабажанұлы

 

АҚТАРЫЛУ

Мен өлең жаза білмеймін.  Бірақ анда-санда белгісіз бір күштің жүйкеме тат басқан темір инені сұғып-сұғып алатыны өтірік емес. Сондайда, сана түкпірінде сандырақ пайда болады. Сан-ды-рақ... Мен оны «Тәңіріммен тілдесуім» деп атаймын. Ренжи көрмеңіз. Олай дейтінім, түптеп келгенде, менің Тәңірімнің Сіздің, Оның, Олардың Тәңірінен мүлдем бөлек болуы мүмкін ғой...

 

Менің кеудем - менің ұлы мешітім,

Мешітіме мұң бере көр, құдайым.

Құзырыңды қабырғаммен есітіп,

Мұң артынан нұр көргенше жылайын.

 

Нұр көрейін, жыр жазайын,

мешеу күз,

Көкіректен көкке шапшып шығардай.

Тақ пен тәжге таласардай екеуміз,

Кімді кімнің жаратқанын ұға алмай.

 

Менің рухым - менің жетім тайлағым,

Өскен сенің тылсымыңа құмар боп.

Тайлағымды топтан ерек байладым,

Жетімдігі шын бақыты шығар деп.

 

Рухым - дертім. Құпиямды ашам бар,

(Болмас, сірә, мұнан асқан шынайы үн)

Табысыңдар, жұлдыздан жыр жасаңдар,

Сен де жалғыз, ол да жалғыз, құдайым.

 

Менің миым - мәңгі өлеңнің моласы,

Түнегінен таң шапағын таратқан.

Мүрде болған мәңгі өлеңді жолы асыл,

Сен болмасаң кім тірілтер, жаратқан?..

 

...Көгіңнен түс, кел,

кел маған, Құдайым,

Сені көріп, өзімді аяп жылайын...

 

***

Мен махаббатты сүйем. Әрине, бұл бір кезде өзім ойлағандай тар аядағы түсінік емес. Әйтеуір, әрлі-берлі сілкінісіп, итжығысқа түсіп жатқан тірліктен қашып осы тақырыпты паналағым келе береді. Ал махаббат дегеніміз - аптап, алқыну...

 

Жа-

(Кел маған, кел маған,

Жандағы Ізгі үміт.

Қандағы Ізгілік)

-ным!

Өртеніп барамын, дерт еміп, қарағым,

Өзіңсіз тірліктен жиіркеніп барамын.

Жа-

(Әлемнің әріндей,

Өлеңнің нәріндей

Жанарың, жанарың)

-ным!

Есіктен енгенде, кейіппен шерменде,

Өзіңе, маралым, үздігіп қарадым.

Жа-

(Кел маған, кел маған,

тәнімнің құмары,

Тәңірдің тұмары)

-ным!

Аяла, аяма, сүй мені, сүй мені,

Ерніңнің тигені - жүректің күйгені,

Жа-

(Біреумен бас қосам,

біреумен достасам,

Біреумен қоштасам)

-ным!

Қанша түн төнсе де, қанша күн сөнсе де,

Мен сені өзгеге, бермеймін ешқашан,

ешқашан,

ешқашан..

Жа-

(...)

-ным!

***

Сосын күзді жақсы көремін. Ағаштың ұшар басынан жерге қалықтап келіп аяқ астына түсіп жатқан жапырақтар Тәңірінің бізге жіберетін тәубе-намасы секілді.

 

Ұнатам күзді

Жапырақтарды уақыттың алып ұшқаны,

Түскені жерге, сандалып сабылысқаны,

Қор болып қалды-ау сап-сары сағыныштары

Жұбатам күзді.

 

Бақта да сәнді,

Қыдырып аулақ ақылгөй, ақымақтардан

Бақыттырақпын деймін мен жапырақтардан

Әлі ешкім мендік көңілді қақырап қалған.

Таптамаған-ды

 

Дегенмен-дағы

Өмірдің соңы сап-сары бақ боларына

Тағдырдың ыстық отына апталарыма,

Жапырақ құсап бір күні тапталарына

Сенем мен тағы...

 

Жаңбырлап қал, күз,

Ортақтасқан-ды бақтардың сорына Ғалам,

Дірдектеп мен де көшкіннің жолына барам.

Жапырақтарды бүріскен қолыма алам:

- Тағдырластармыз...

 

Сосын, күзде санама сағыныш ұялайды. Кімді сағынамын, нені сағынамын, білмеймін. Әйтеуір бір сап-сары дүние...

 

Әнімнің үздігі де ең,

Жанымның Ізгілігі ең.

Ізгі әнімнің кеудеден көшкеніне

Мен кінәлі қыламын күзді кілең.

 

Күз деген күрең тай ғой, қос құлағы

Қайшыланып, қайғыны дос қылады.

Ал менің түн жайлаған көңілімде

Нұр күтіп, сенің орның бос тұрады.

 

Сен келмейсің, күлкіңе табынған маң,

Тартқанда бейнең толы сағымды алдан.

Атыңды айтып сенің айқайлаймын.

Шықпайды ащы даусым сағынғаннан.

 

Қараша айы ақ ұлпа қылаулатып,

Қалғанда жүрегіме қырау қатып,

Қарлығып тағдырымды қорғай берем,

Қуат таппай бойымнан жылауға түк.

 

Сен жоқсың. Кеудеден ән, бастан шуақ,

Жоғалды. Мен талпынбай басқа ән құрап.

 

***

Ештеңем де жоқ бітірген,

Бүгін - құл, ертең - моламын.

Сырылдап кеудем түтіннен,

Түнек серпімек боламын.

 

Ал түнім - тылсым тәңірім,

Билеп ап сана ойды да,

Жүргізіп жанға әмірін,

Қайғыны салар қойныма.

 

Жатқанда бұлттар алқара,

Аңқаулау туған айды жеп.

Бұрымын тастап арқаға

Еркелер маған қайғы кеп...

 

Қосылып, міне, құстық мұң

Біздерді қосқан қай құдай?..

Ыстықсың, қандай ыстықсың

Қап-қара қайғым, қайғым-ай...

..................................................

Бүгін - құл, ертең - моламын.

 

***

Бұндай сәттерде көз алдыма аппақ алаң, аппақ алаңдағы қып-қызыл қан көрінетіні бар. Яғни, желтоқсан...

Кішкене шыбық кенет оянып кетті. Айналасы аппақ әлем. Тура ертегі дерсің. Бұндай кереметтің болатынын ол үлкен теректерден естіген. Сол аппақ дүниеге бой тіктеп қарағысы да келді. Сілкініп қалып еді, еңсесін басқан сіреу мұз сау етіп, аяқ  астына түсті. Рахат! Тіктеле бергені сол еді. «Тәйт! - деді нән терек, - бұл аппақ әлемге саған көз салып қарауға болмайды. Ол - анау шыршекеңдердің үлесі. Қысы-жазы бірдей жайнап, жалғанды жалпағынан басу соларға ғана лайық». Шыбық мұны түсінбеді. «Неге тек олар кереметті көру керек. Мен де көремін». Сөйтті де «Аха-ха-хау-у!» - деп, айқай салды. Шіліңгір неменің шіңкілдегенін жаратпаған топ шырша теректерге қарады. «Әй, анау күшіктің аузын жабыңдар!». Әншейінде дөйсінгенді ұнататын бәйтерек бастаған топ шыбықты сыбап-сыбап қарға көміп тынды.

Көктем келді. Дүние жайнады. Шуылдаған теректер шыбықтың басынан сипап жатыр. «Тұр, тұра ғой. Жайна, өс, өркенде! Сенің күнің туды, сенің күнің...». Ал шыбық болса бұйығы. Ол теректерге сенбей қалған...

***

Сосын суретші болғым келеді. Сурет салғыштығымнан емес, айқыш та ұйқыш сызықтар арасында адасып жүріп өзімді мүлдем басқа дүниеден, мүлдем басқа кейіпте тауып алуға құмарлығымнан.

Тағдырым менің жолыма көлденең жатты,

Көзін алмады көкіректегі нұрдан түн.

Санамды сатып қиялға «сен» деген тәтті,

Пенделігімнің түсінен шашылып барып ұрландым.

 

Кінәламайды мені ешкім,

Түстім, міне, тағымнан.

Мен - мұнартып туған елеспін

Мағынасыздыққа бағынған.

 

Сен сағымды сындырған - салтанат

Құл еткен менмендігімді.

Итшілеп барам арқалап

Иесіздігімнен қорынып сөнген күнімді.

 

Кел, кел жалғыздығымның жанарынан жыр оқы,

Тұнық түнінде тыныштығыңды тонар сан.

Айтпайтын саған сыр - осы.

Түннің көзіндегі тереңдігіңнен оралсаң,

Мен жоқ болам ол кезде...

 

***

Өнер атаулының түпкі бастауы махаббат болған соң ба, осы тақырыпқа қайта ораламын. Бірақ бұл сүюдің емес, сүймеудің әлегі секілді.

 

Жапырақ-ау, жапырақ, көшіп келген жат бақтан,

Мен сен үшін бас тартпаймын тақ, бақтан.

Қажет етсем «кереметті» дәл сендей,

Жасап алам батпақтан.

 

Сен ренжіме, мәңгі өлеңнің өрнегі,

Буырқанған алапат күш мендегі.

Тегі бөлек Тәңірекең болмаса,

Менсінбейді пендені.

 

Сыңар күлкі, сыңар бақыт, сыңар мұң,

Мен әу бастан жалғыздыққа құмармын.

Түптің-түбі тірі, өліден безініп,

Жалғыз мола жерленетін шығармын.

 

Ми қатпарын мың бір пері билейтін,

Мұны-дағы қай бір мықты күй дейсің.

Құдайсынып бес күн тірлік кешкен соң,

Боққа батқан құмырсқадай күйрейтін.

 

Бұл - сандырақ. Көңілімнің пырағы,

Шаршағанда сыңси салған бір әні.

Ал шынында қара қуыс кеудеме,

Бір жапырақ жетпейді де тұрады.

Жапырақ-ау, жапырақ...

 

***

Міне, әзірге бар айтпағым - осы. Яғни, түс аяқталды. Кешір, жылама, жаным...

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3622