Сенбі, 20 Сәуір 2024
Білгенге маржан 4214 4 пікір 19 Шілде, 2022 сағат 14:42

Атилла: Республика тойына тарту

Біз бұл кітапты (Өтениязов С.К. АТТИЛА және оның әлем әдебиетіндегі орны. А., Қазақ университеті, 2021. – 374 б. Ғылыми редакторы ф.ғ.д. Ж.Қ. Түймебаев. Пікір жазғандар: PhD докторы М.М.Аймаганбетова, ф.ғ.д., профессор   Б.Х. Хасанов) Қазақстан Республикасының  мемлекеттік тәуелсіздігіне 30 жыл толуына арналған  ерекше еңбек деп қабылдадық. Жалпы, Cамат Өтениязовтың мақаласы, әлде кітабы жарық көрсе – оны білетін жұрттың көбі міндетті түрде іздеп жүріп, тауып алып оқитын. Себебі одан тек тың жаңалықтар күтетін-ді. Ол академик Әлкей Марғұланның шын мәнінде өте жақсы көрген шәкірті болды, Әлекеңнің жанында зерттеушілік қызмет атқарған соңғы төрт жылда ол шоқантанудан бірнеше жаңалық ашып үлгерді...

Ол халқымыздың тарихы мен мәдениетін зерттеуді сонау Одесса университетінде жүрген кезінен бастаған-тын, соны әлі күнге дейін жалғастырып, өмір бойы жемісті еңбек етіп келеді. Жаратылысынан қарапайым және еңбекқор ғалым. Ешқашан лауазымды қызметке қызықпаған. Тек академик С.З. Зимановтың шақыруымен ғана оның университетінде декан, проректор және бірінші проректор қызметтерін атқарыпты. Кубаның елшілігінде кеңесші және аудармашы болып істеді. Басқа уақыттарда ғылыми зерттеушілікпен шұғылданып, педагогикалық қызмет істеп келеді. Қазақ жастарына испан тілін оқытуға барлық күш жігерін жұмсауда. Оны жақсы білетіндердің айтуынша, біздің қоғамымызда  белең алған келеңсіздік орайында, қызметке қызықса – Самат сатып та ала алар еді, бірақ ол ғылыми шығармашылық үшін еркін жүруді қалады...

Дәуіріміздің бастапқы ғасырларындағы еуропалық тайпалардың жаппай қозғалысы, халықтардың Ұлы қоныс аударуы және олардың себеп-салдары  жайында бір кездерде біз мүлдем аз білетінбіз. Ежелгі тауарих жайлы тым жалпылама ғана пікірде едік. Сөйтіп жүргенде ұйқылы-ояу санамызды жас ғалым Самат Өтениязов дүр сілкіндірді, ол жұрт көзіне 1981 жылы жарқырай ілінген-ді. (Бұл кезде ол академик Марғұланның жанында болатын). Саматтың сол жылы «Білім және еңбек» журналында жарияланған Еділ батыр (Аттила) жайындағы мақаласы асқан танымдылығымен, түйген ойының тосындығымен жұртшылыққа қатты әсер етті. 4-ші ғасырдың ортасынан өте Еуропаға Шығыстан тасқындата, кимелей енген, әлем тарихына хун (гун, ғұн) деген атпен енген көшпенділердің (қазақтардың арғы аталарының) бірнеше ғасыр бойы құрлық тарихына елеулі ықпалын тигізгенін білу қатардағы оқырман үшін өзіне үлкен де маңызды жаңалық ашумен парапар еді.

Содан бергі ондаған жылдар бойы Самат Көшенұлы бұл тақырыпты жан-жақты, терең қарастырып, әр кезде мерзімді басылымдар беттерінде оқырманды ынтықтыра түсетін жарияланымдар жасап тұрды. Осы ғасырдың басында «Аттила» атты үлкен зерттеу еңбегі жарық көрді. Жас ұрпаққа арнап орыс және қазақ тілдерінде  танымдық кітап шығарды. Биыл, міне, қолымызға «Аттила және оның әлем әдебиетіндегі орны» атты монографиясы қолымызға тиіп отыр.

Саматтың алғашқы көлемді еңбегіне жетекшілік жасаған академик Салық Зиманов «Аттила туралы жаңа басылым» атты мақаласын 2010 жылы басуға әзірленіп, шығудың алдында тұрған осы кітапқа арнап жазған екен (алайда кітап түрлі жағдайға байланысты содан он жыл өткен соң ғана жарық көрді).  Академиктің: «Автор хун тарихы мен Аттила тарихы басқа түркі халықтары сияқты қазақ еліне де ерекше қатысы бар екенін жан-жақты көрсетеді», –  деуі оқырманның монографиямен жақын танысуға деген қызығушылығын арттыра түседі. Еңбекті мұқият оқып, мәтінге қосымша берілген бай безендірме материалмен танысу барысында көптеген тың мәліметке қанығады. Салық Зиманұлы атап көрсеткендей, Самат Өтениязовтың бұл жұмысының «Хундар мен Аттила проблемаларын түгел қамтыған және қысқа да нұсқа түрінде баяндаған анықтамалық», көне тарихты білуге құмартушылар үшін өте пайдалы кітап  екеніне көзі зайыр жетеді.

Шынында да көшпенді жауынгер хун тайпаларының тарихын, хундардың ең даңқты көсемі Аттиланың жауынгерлік жолын арқау еткен  осы кітаптың мазмұнды боп шығуы автордың аталмыш тақырыпты, өз сөзімен айтқанда, «45 жылдан аса уақыт зерттей жүріп зерделеген» тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. Оның «Еділ батыр туралы» деп аталған бұдан қырық жыл ілгергі алғашқы мақаласы елуінші жылдарда орын алған совет дәуірінің белгілі дәрежедегі қысымы мен шектеулеріне қарамастан «хундардың материалдық мұрасын өмір бойы» зерттеуін тоқтатпаған әлемдік дәрежедегі аса ірі қазақ ғалымы, академик Әлкей Марғұланның жол көрсетуімен, ақыл-кеңесімен жазылған еді.

Әлекеңнің шәкірті ретінде зерделі тарихшы болып қалыптасқан Самат Өтениязов қолымызға тиген аталмыш монографиясында: «Бүкіл түркі халықтары өзінің тарихын, тілін және мәдениетінің қайнар бұлағын алатын Хун империясы туралы Ә.Х. Марғұланның зерттеулерін, негізінен, мынандай салаларға бөлеміз», – дей келе,  өзі ұстаз тұтқан әйгілі ғалымның ізденістерін жүйелеп көрсеткен екен. Академик Әлкей Марғұлан хундардың саяси тарихын, тұрмысы мен салт-дәстүрін, заңнамасын және жазалау тәртібін, бізге жеткен аңыз-ертегілері, қала мәдениеті және архитектурасын, шет елдермен қарым-қатынасын, жазуларын, яғни эпиграфикасын, тілін және онымен түрк халықтары тілдерінің сабақтастығын, сондай-ақ қолөнерін (қару-жарақтары мен ою-өрнектерін), зергерлік өнерін («полихром стилін») және бейнелеу өнерін жеке-жеке қарастырды  деп атап айтыпты. Ұстазының еңбектерімен мұқият танысқан автор өзінің осы монографиясында жалпы ғұн (хун) және хундардың даңқты көсемі Аттила тақырыбын әлем тарихшылары мен өнер зерттеушілері қалай қарастырғанын, бұл іске христиандық көзқарастың кезінде қандай кедергілер келтіргенін жан-жақты әңгімелейді.

Автор ежелгі түрк халықтарының тарихы мен мәдениетіне Одесса мемлекеттік университетінде оқып, испан тілі мен әдебиетіне маманданып жүрген кезінен қызыға бастаған еді. Әуелде Одесса, кейіннен Мадрид кітапханаларында мақсатты зерттеумен шұғылдануы және, әрине, Алматыда Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында әйгілі ғалымдардың жетекшілігімен іргелі зерттеу жұмыстарына қатысуы Саматты білікті тарих маманы, белгілі шоқантанушы етіп қалыптастырды. Ол ежелгі түркілер мәдениетін терең зерттеді. Қазақ тарихына жіті үңілді, оның бұрмалаулы тұстарына назар аударып, әлі күнге дейін еуропалық, ресейлік көзқарастан арыла алмай келе жатқан әріптестеріне жаңаша әдістеме, тың пайыммен қарулану  үлгісін көрсетіп жүр. Ал қазақ халқының түп-тамыры жұртшылық бүгінде тәп-тәуір танып  қалған түрк қағанаттарынан да әрірекке,  ежелгі түрктер дәуіріне тереңдеп кететінін Самат Көшенұлы ғылыми ізденістерінің басты бағыты еткен. Ол ғұн мен Аттила тарихына қатысты  көлемді үш зерттеу жазды. Осы тақырыпта жоғары оқу орыны студенттеріне арналған екі оқулық шығарды.

Тілге тиек болып тұрған еңбегінде Самат Өтениязов бұл тақырыптың адамзат тарихындағы орны мен рөлі 18-ші ғасырдан бастап біржақтылық сарыны басым болғанмен, біршама әділ зерттеле бастағанын  айтады. Дегенмен 1856 жылы Парижде екі том болып жарық көрген «Аттила және оның ізбасарларының тарихы»  деп аталған зерттеу аттилатану мәселесі бойынша шын мәнінде революция жасады дейді. Зерттеудің авторы Амадей Тиерри ұзақ жылдарғы ізденісінің нәтижесін: «Аттила есімі адамзат тарихындағы ұлы адамдар А. Македонский мен Ю. Цезарь қатарынан орын алды», – деген тұжырыммен түйіндеп, христиан діні әсерімен хундарды күйреткіштер, жауыздар кейпінде көрсету мақсатымен жазылған басқа зерттеулердің бәрін жоққа шығарғанын, сөйтіп Аттила есімін еуропалық зерттеушілердің сыңаржақ айыптауларынан батыл арашалап алғанын әңгімелейді.

Осы француз ғалымы А. Тиерри еңбектері әсерімен хундар тақырыбымен 19-шы ғасырда ресейлік тарихшылар да шұғылдана бастаған-тын. Елеулі кітаптар (мәселен, А.Ф. Вельтман, «Аттила және Русь», 1858) шығарды. Совет өкіметі кезінде де ірі зерттеушілер еңбек етті. Сол ғалымдар ішінде әсіресе А.Н. Бернштам ерекше аталады. Оның «Ғұндар тарихы очеркі» («Очерки истории гуннов») атты кітабы 1951 жылы жарыққа шықты. Ғалым, археолог Бернштам осы іргелі жұмысында  әлемде жарық көрген еңбектердің бәрін сараптайды. Хундардың адамзат тарихында қалдырған жарқын ізін жан-жақты талдап, ашып көрсете келе: «...Батысқа шерулеткен ғұн жорығының дүниежүзілік-тарихи мәні осында, Аттиланың дүниежүзілік-тарихи рөлі осында» деп, олардың жасампаздығын әділ атап айтады әм жоғары бағалайды.

Алайда ұзамай коммунистік идеологияға мойынсұнған ғалымдардың бірқатары Бернштам еңбегіне қарсы мақалалар жазды.  Олардың ғалымды 4-ші, 5-ші ғасырлардағы Рим, Византия жазушыларының «шынайы деректерін» пайдаланбай, «тарихты бұрмалаушы түрік нәсілшілдерінің» жетегінде кеткен «пантюркист» ретінде де айыптағанын, баспасөз жарияланымдары Мәскеудегі Материалдық мәдениет тарихы институтының ғылыми кеңесіндегі  біржақты талқылауға ұласқанын Самат Көшенұлы дәлелді түрде әңгімелеп береді. Совет Одағының шовинистік идеологиясы түрк халықтарының мәдениеті мен тарихына қатты шүйлігіп, көзге көрініп тұрған мәліметтерді көпе-көрнеу жасырды, бар мүмкіндігін іске қосып, комплексті түрде бұрмалап, мұқатып отырды. Бернштамға ауыр айып таққаны соншалық, белгілі ғалым, профессор  1953 жылдан соң Ленинград университетінде дәріс оқу мүмкіндігінен айырылды. Осындай ахуал, орталық ғылыми мекеменің хундарға, олардың ең атақты жетекшісі Аттилаға астыртын ызғармен шүйілуі қазақ ғалымдарын да шошытқан көрінеді.

Кезінде батыстағы озық ойлы ғалым Тиерриді Шоқан Уәлиханов қолдаған, оны советтік дәуірде Әлкей Марғұлан да қостаған. Бірақ Әлекең  ғұндардың материалдық мұрасын зерттеп жүргенмен, қалыптасқан жағдайға орай  сақтанғандықтан, Аттилаға тікелей назар аудара алмады. Осыларды баяндай келе, тәуелсіздікпен бірге, дегенмен, біздің елімізде аттилатанудың жаңа кезеңі басталғанын Өтениязов нақты дәлелдер мен мысалдар келтіріп айтады.

Самат Өтениязовтың жаңа кезеңде туған «Аттила және оның әлем әдебиетіндегі орны» атты алдымыздағы осынау  үлкен кітабы бес бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім ежелгі көшпенді хундардың ордасы біздің дәуірімізден бірнеше ғасыр бұрын Қытай елімен көрші болғанынан, белгілі бір мерзімде оны өзіне бағындырып, ұзақ уақыт бойы салық төлетіп тұрғанынан басталады. Одан біздің дәуіріміздің 2-ші ғасырында Батыс Қазақстанда мемлекеттік бірлік құрғаны, содан соң Хун ордасының батысқа жылжығаны, 4-ші 5-ші ғасырда қуаты артқаны, әсіресе  билікте Аттила болған 434–453 жылдары мүлдем күшейгені көрсетіледі. Аттиланың Рим империясын ыдыратуы, оның одақтасы болған германдықтарды бағындыруы, тарихта «халықтар ұрысы» деп аталатын әйгілі Каталаун шайқасының шындығы, сосынғы, Аттила өмірден өткеннен кейінгі жағдайлар кітапта қызықты баяндалады. Осы жәйттерге толық тоқтала келе, хундардың Еуропаға келуі керемет жағдай орнатқанын ашып көрсетіп, автор «Батыс хундар Еуропада өшпес із қалдырды» деп қорытады.

Екінші бөлімде хун мәдениеті мен өнерінің адамзат тарихында алатын орны қарастырылады. Автор Орданың мемлекеттік тілін, хундар мен түркі тілдерінің сабақтастығын, хун, қыпшақ, қазақ халықтары арасын жалғастырып тұрған этнографиялық, мәдени және тұрмыстық сипаттарды ашады. Бұл ретте академик Марғұланның зерттеулерін толық талдайды. Үшінші бөлімде хундардың және олардың ұрпағы боп келетін ежелгі түркілердің ең көп қоныстанған (Шығыс Түркістан, Моңғолия, Алтай, Қазақстан, Орта Азия)  жерлеріндегі обалардан алынған зергерлік бұйымдар тағдыры, Бірінші Петрдің Сібір коллекциясы, оның тарихы, 17-ші ғасырдан басталған Сібір обаларын тонау тарихы, қазақ жерінде совет заманында жүргізілген  археологиялық зерттеулер нәтижелері баяндалады.

Келесі бөлімдер Аттилаға арналған. Бесінші бөлімде Аттиланың латын, испан әдебиеттерінде, Скандинавия халықтарының, немістің батырлар жырларында қандай орын алғанын, шығыстық батыр бейнесі оларда қалай көрсетілгенін тарихи шыңдықпен салыстыра отырып қарастырады. Француз, неміс драматургияларында жасалған Аттила образын талдайды. Неміс, итальян музыка өнерінде қалай бейнеленгенін әңгімелейді. Әсіресе әйгілі «Риголетто», «Трубадур», «Травиата», «Аида» сынды операларымен есімі әлемге мәшһүр ұлы композитор Джузеппе Вердидің 1846 жылы Венецияда, совет заманында Бурят театры сахнасында қойылған «Аттила» операсы жайында танымды да қызық талдама жасайды. Вердидің «Аттиласын» Эстон республикасы Мемлекеттік опера және балет театрының 1981 жылы Мәскеуде Үлкен театр сахнасына шығаруы жұртшылықты сүйсіндірген елеулі мәдени оқиға болғанын айтады. Ағылшын, орыс, қазақ әдебиеттеріндегі, француз, испан, итальян, түрк халықтары бейнелеу өнеріндегі  Аттила образының ашылу жайын әңгімелей отырып, автор «соңғы жылдары қазақ елінде хундар мен Аттилаға тек тарих пен әдебиет зерттеушілері ғана емес, қылқалам шеберлері де көңіл бөле бастады» дейді.  Бұл ретте Ташкентте тұратын қазақ суретшісі Әбдімәлік Бұқарбаев жазған «Аттила» портретін, алматылық архитектор, суретші, мүсінші Әміржан Омаровтың «Қайнар» университеті тапсырмасымен сомдаған «Аттила» скульптурасын сүйсіне атайды.

Хун ордасы тарихын және хундардың даңқты көсемі Аттиланың өмір жолын зерттеушілердің Еуропада аз болмағанын айта отырып, автор бұл тақырыпты кітаптың бесінші бөлімінде  терең ашады. Рим империясы өмір сүріп тұрған шақтан және империя құлаған 5-ші ғасырдан бастап түрлі деректер жазып қалдырған 4-ші–8-ші ғасырларда өмір сүрген тарихшыларды атай келіп, 15-ші ғасырдан бастап Еуропада аттилатану ғылымы, оның ішінде екі үлкен мектеп – француз және неміс мектептері қалыптасқанын атап айтады, оларды нақты мысалдармен  түсіндіреді. Христиан дініндегілердің хундар тарихын ұзақ уақыт бойы бұрмалап келгеніне шолу жасайды. Еуропа төрінде әділ патшалық құрған, адал дипломат болған Аттиланы христиан тарихшылары өз тараптарынан оны жағымсыз етіп көрсетуден танбаған әрекеттерін тоқтатқан емес, бірақ «христиан әлемі қанша айыптаса да, Аттиланы әлем тарихы мен мәдениетінен алып тастай алмады. Шындық жеңді», – дейді автор.

Кітабының эпилогы орнына «Аттиланың арманы» деп берген қорытынды сөзінде атышулы тарихи кейіпкері «демократиялық мемлекет құруды армандаған болатын» деп, бұған оның Рим қаласында білім алуы, Республикалық Римнің ілім-білімі мен архитектурасының қарыштап дамығанын өз көзімен көруі  себеп болғанын айтады.

Хун ордасы ұрпақтарының бірі Уархун (Арғын) қағанаты Еуропа жерінде үш ғасыр ат ойнатқан екен. Азия жеріндегі хун ұрпақтары түрк қағанатын құрып, нығайтты, күші, үстемдігі Еуропа жерінде де көрініс бере бастады. Хазар, Осман империясы, Жошы Ұлысы (Ұлығ Ұлыс, Алтын Орда) адамзат тарихында өшпес із қалдырды. Ал 15-ші ғасырда Хун ордасының тағы бір ұрпағы Қазақ мемлекеті дүниеге келді. Аттила армандаған демократиялық мемлекетті мың жылдан кейін болса да қазақтар құрды деп қорытады автор. Алтын Орданың арқасында пайда болған Ресей империясы көп жылдар қастандық жасап жүріп құлатқан Қазақ хандығы «шын мәнінде жаңа заманның інжу-маржаны», «нағыз демократиялы мемлекет» болатын дейді.

Самат Көшенұлы бұл тұжырымына дәлел ретінде мемлекеттегі хан билігінің шектеулі болғанын, ханның сайланбалы лауазым екенін, оны жалпы халық емес, рубасылар, билер сайлап тұрғанын, мемлекетті іс жүзінде билер институты басқарғанын, оған ханның қаражат, әскер жинау, заң шығару, қылмыскерді жазалау мәселелерінде әрқашан тәуелді болғанын айтады. Бұл тақырыпқа оның көптеген тың жаңалықтары бар мақалалары жарық көрді. Осыларды,  яғни біздің тарихымыздың аса көкейкесті мәселелеріне сіңірген еңбектерін сараласақ – Өтениязовтың ғылымдағы нағыз күрескер, қоғам қайраткері екеніне көзіміз жетеді. Оның Қазақ хандығына қатысты жарыққа шығып жатқан аса құнды мақалаларын кезінде Марғұлан да, Зиманов та қолдаған екен.

Еуропа тарихында өшпес із қалдырған азиялық түрк Аттиланың өз заманында орындай алмай кеткен арманы осылай Қазақ Ордасында жүзеге асты. Автор осындай қорытынды жасайды. Аттилаға қатысты құнды мәліметтерді сараптай отырып, хундардың мәдениетін, әдет-ғұрпын, қару-жарағын, қолданған ыдыс-аяғын, ұлттық тағамдарын қарастыра келе, оларды бүгінгі күнгі қазақ этнографиясымен салыстырып, автор көптеген ұқсастықтар мен сабақтастықтар тапқанын баяндайды.

Осынау үлкен еңбегінің қорытындысында ғалым «...бабаларымыздың тарихын даңқы аса биік болса да әлі күнге дейін тарихын Еуропа философтарының көзқарасымен оқытып жүрміз», – деген қынжылыс білдіреді. Негізгі ойын «хундар мен олардың қалың ұрпақтары – түркі халықтарының тарихы Еуропа тарихында аса қомақты орын алатынын мақтанышпен айтуға міндеттіміз», – деп түйеді. Рас сөз. Қоңсы отырып солақай саясатшылданған жаңа заманғы қатерлі бұрмалаушыларға, әлдеқашан ұмыт болуға тиіс ұлыдержавалық санадан арылмай,  қазақтың жер-суын «орыс халқының сыйлығы» деген жалған тұжырымды жалаулатып, құдды бір өздері әлемді жарылқаушы боп көрінуге тырысатын әсіреұлтшыл, көпшілікке түсінікті қазіргі терминмен айтқанда – кәдімгі шовинистерге  қарсы қоятын тарихи білім осы монографияда да тұнып тұр. Ізденімпаз, еңбекқор зерттеуші, тамаша ғалым Самат Өтениязовтың «Аттиласын» оқығанда біз осындай ойға келдік.  Кітапты көп таралыммен қайта бастырып, қалың оқырманға жеткізген жөн болар еді...

Жоғарыда айтқанымыздай, Аттиладан басқа оның Қазақ хандығы  және Ш.Ш. Уәлиханов туралы құнды зерттеулері жарыққа шықты, солардың баршасының  аса маңызды екенін тағы да еске салуды парызымыз көреміз. С. Өтениязов хундар және Аттила тарихына байланысты  үш жылға арналған ғылыми зерттеу жобасын жасап, бірнеше рет Білім және Ғылым министрлігіне өтініш білдірген екен. Алайда әзірге қолдау таппаған көрінеді. Аталмыш жобамен жұмыс істеу осы тақырып аясында көп еңбек етіп жүрген ізденімпаз ғалым Самат Көшенұлы Өтениязовке сеніп тапсырылар деп сенеміз.....

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

 Abai.kz

4 пікір