Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Біртуар 13782 19 пікір 7 Шілде, 2022 сағат 14:49

Димекеңнің жанында кілең «генсек» неге тұр?

1978 жылы Ташкентке іссапармен барған кезім. Күні бойы Науаи атындағы кітапханада жұмыс істеймін. Мамыр айының іші. Күн ыстық. Түс әлетінде кітапхананың артында ағып жатқан Анхор өзеніне шомыламын да, кітапхана жабылғанша, кешкі сағат 9-10-ға дейін отырамын.

Күн жексенбі болатын. Бүгін өзіме демалыс жасап, қаланы аралайын деген оймен, кітапханадан шықсам, біреу айқайлап жүр: «Ташкенттің маңын аралайтын автобус тұр, бағасы 3 рубль, мынадай жерлерді көресіздер», – дейді. Мініп алдым, іші толған Балтық бойы елдерінің туристері, бос орындарға мен сияқты жолдан қосылғандарды алыпты. Қала түбіндегі «Ленинград» атты колхозға әкелді, мектепті, балабақшаны аралатып, бір колхозшының үйіне келдік. Үй-жайы жақсы, бәрі газбен жылиды, мен үй иесінен: «Қанша малыңыз бар?» – деп сұрап едім, ол: «төрт қойым бар», – дегенде менсіңкіремей «малдан жұрдай екен ғой» деймін ішімнен. Мені таңғалдырғаны – күмбезді жүзімдік және тандыр пеш. Қабырғалары түгелдей жүзіммен өрілген күмбез, астында, сәкі ортасында жатаған үстел, айналдыра көрпе-жастық төселген. Күмбезді айнала сайрауық құстардың үні бейне бір музыкадай. Әлішер Науаи өзінің әйгілі «Құстардың тілі» деген поэмасын осындай гүл-бақша жүзімдіктің астында жазған ғой деп ойладым. Ас үй жағында газбен жағылатын тандыр пеш орналасыпты. Көз алдымызда үй иесінің әйелі иленген қамырды алып, пештің ішкі жағына жапсырып, бірнеше таба нанды көз алдымызда дастарханға қойып, туристерге үлестірді және чер-күріш (Қазақстанның оңтүстік өңірінде «сыр-күріш» деп атайды ) дейтін ботқадан дәм татырды. Балтық елдерінің туристері естері кетіп мақтап жатты.

Колхоздың мәдениет үйінде концерт болады деп, ғимараттың ішін аралата бастағанда, Л.И. Брежнев бастаған Сая­си бюро мүшелерінің ішінен Д.А. Қонаевты таба алмай абдырап қалдым: көз жадымызда жатталып қалған 9-орында тұратын Димекеңнің портреті жоқ. Бірден: «Қонаевтың портреті қайда?» – деп сұрадым, өзін мәдениет үйінің меңгерушісі деп таныстырған, жасы 40-тар шамасындағы азаматтан. Ол маған жалт қарады да, жүре сөйлеп, өзбекшелеп бірдеңе айтты. Әлгінің сөзінен Қонаевтың суреті жөндеуде екенін түсіндім. Өзі әрі қарай туристерге «концертке кіріңіздер» дегенде, мен қатарласа жүріп, орысшалап: «Заң бойынша барлық Саяси бюро мүшелерінің суреті түгелдей ілініп тұру керек, қазір ілмесеңіздер, мен Мәскеуге, Орталық комитетке тілгірам саламын» дедім. Біреу маған «Сенің жеделхатың Өзбекстаннан кетпейді» деп мүсіркегендей болды. «Онда қазір Сарыағашқа барып, сол жерден жіберемін» деп қалтамнан «Пресса» деген қызыл кітапшамды көрсеттім де, мойнымда жүрген фотоаппаратымның қабын шешіп, Саяси бюро мүшелерінің суреттерін тегіс түсіріп, сыртқа шығып, мәдениет үйінің фасадындағы адресін де таспаға тартып жатқанымда, әлгі меңгеруші жігіт келіп құжатымды сұрады. «Пресса» деген жазуды көрді де, өңі өзгеріп: «Қазір завхоз келеді, Қонаев атаның суретін қоямыз», – деді. «Пресса» деген қатырма қағазды «Білім және еңбек» журналына мақала жазып жүргенімде редакция берген. «Ата» деген сөзді естігенде көңілім жылып қалды. «Портретті қойсаңдар, қазір қойыңдар» деп әлек салып тұрмын. Аяқ астынан кеудесінде «Еңбек Қызыл ту» ордені бар қазақ шалы пайда болды. Тұп-тура өз ауылымдағы Баймолда шалдан айнымайды. Алғашында Баймолда екен деп сәлем бере жаздап, өзімді-өзім тоқтатып, бажайлай қарасам, аузы толған алтын тіс, «адам адамға ұқсай береді екен-ау» деймін ішімнен. Шал жаныма таяп:

– Қай жерден келдің, қарағым? – деп сұрады.
– Алматыданмын.
– Қай туған боласың?
– Қазақпын.
– Қазақ екеніңді көріп тұрмын. Елің қайсы, қай сүйектен боласың дегенім ғой, – дегенде, «Оны қайтесіз?» деп мен аялдамаға қарай жүріп кеттім. Шал ізімнен қалар емес, маған: «Қонаев ақсақалдың суреті жел соғып құлап қалған еді, қазір қояды ғой. Үйге жүр, қонақ бол. Қайда барушы едің? Машине дайын, әне», – деп, көк «Жигулиді» көрсетті. Ішімнен бір аяқ тамаққа бола сатылмаймын деймін өз-өзімді қайрап.

Ташкентке баратын автобус аялдамасында тұрғанда бір жас жігіт келіп, өзін завхозбын деп таныстырып: «Сізді меңгеруші шақырып жатыр. Қонаев атаны орнына іліп қойдық», – деп қазақ шалға тағы бірдеңелерді айтты. Онысын түсінген жоқпын. Тағы да маған «ата» деген сөз жағымды естілді. Үшеуміз мәдениет үйіне қайта келдік. Кірген бетте Саяси бюро мүшелеріне қарасам, Димекеңнің портретін іліпті, қуанып, еңсем көтеріліп қалды.

Меңгерушінің бөлмесіне келдік, үстелдің үсті толған жеміс, шай келді. Шал: «Қарағым, осы жерде туып-өстік, елді-жерді көрдің, шаруашылығымыз республика бойынша алдыңғы орында. Ана жолы бір дауыл соғып, Қонаевтың суреті түсіп қалған еді, соны «әне қоямыз, міне қоямыз» деп жүргенде, уақыт өтіп кетіпті. Бәрі жұмысбастылық, өзің көрдің, Қонаев ақсақалдың суреті орнына ілінді, жаңа тілграм соғам дейсің, екі елдің ортасына сына қаққаннан басқа не марқадам табасың?» – деді сөзін түйіндеп. Мен: «Пәле іздеген адам емеспін, телеграмма соқпаймын», – дегенімде меңгеруші қолын беріп, екеуміз қол алыстық.

Қонаев 20 жылдай Қазақстанның бренді болды, мысалы, Мәскеу, Петербор, орталық Ресейдің басқа жерлерінде тұрғандар Қазақстанды білмейтін еді. Ал «Қонаевты білесіңдер ме?» десең, «Он уважаемый человек, член Политбюро», – деп жауап беретін.

Жақында Алматыдағы Қонаев мұражайындағы жаңа экспозицияларды көргенде біраз ойлар келді. Төрде Қонаевтың креслода отырған муляжын жасапты да, оң жағына Қызыл империя­ның көсемдерін: Сталиннен бастап, Хрущев, Брежнев, Черненко, Андропов, Горбачевке дейтін генсектердің бәрінің портреттерін іліпті. Біріншіден, мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаев мұражайының төрінде ХХ ғасырдағы адамзаттың қас жауы, аты Гитлермен қатар аталатын Сталин диктатордың портреті тұрғаны дұрыс па? Адамзат Сталиннен, Мао Цзэ Дуннан алыстағалы қашан? Грузия Ресейден жеңіліп, орыс танкілері Тбилисиге 30 шақырым қалғанда Саакашвили Сталин ескерткішінің быт-шытын шығарды емес пе? Грузияға, Ресейге керек болмаған Сталин бізге қажет пе? Тәжікстан Республикасының құрылуына ерекше күш салған Сталиннің сол елдің музей, театр, т.б. жерлерінде бірде-бір суреті жоқ. Ал Сталин басқарған 1918-1920 жылдардағы аштықтан, 1930-1933 жылдардағы аштықтан 4 млн қазақ қырылған, бүкіл ел бастаған серкелерінен интеллигенциясынан айырылған қазақтың төрінде Сталин неге тұрады? Бұл – тіпті ақылға сыймайтын масқара жайт.

Хрущев КСРО-ның билігіне келгеннен бастап Қазақстанның басына бақытсыздық орнады. 1930 жылы Украинада, кейін Мәскеу партия ұйымының хатшысы болып, ондаған мың жазықсыз адамдардың үстінен іс қозғап, түрмеге тоғытқан, аттырған Сталиннің шуты (сайқымазағы) атанған Хрущев Қазақ­стандағы қазақ кадрларына жаудай тиді. Бір күнде 9 қазақ министрді орнынан алып, көпшілігін славян кадрларымен алмастырды. Тың көтеруді сылтау етіп, 2 миллионнан астам келімсекті қазақ жеріне әкеліп төкті. Бұл шын мәнінде Ленин «крестянская колонизация» деп баға берген Столыпиннің Ресей шаруаларын Орта Азияға қоныстандыру саясатының жалғасы еді. Мыңдаған қазақ мектептері жабылды. Бұл Қазақстанды орыстандыру саясатының бастамасы болатын. Хрущевтің қазаққа жасаған ең басты қастандығы – 15% жерінен айырды. Бұрын-соңды қазақ тарихында бейбітшілік жағдайында, ел аман, жұрт тынышта ғасырлар бойы қызғыштай қорғап келген оңтүстік өлкедегі құнарлы жерлерінен айырылды. Хрущев патшалық құрып тұрғанда Қазақстанға 6 рет келіпті. Хрущевтен екі есе көп билік құрған Брежневтің өзі осыншама рет келмеген шығар. Хрущевтің басты мақсаты – Қазақстанды бөлшектеу болатын. Қазақстанды өлкелерге (край) айналдыру басталды, ең біріншісі Целинный край, т.с.с.

1964 жылы Хрущев тақтан құламағанда, Қазақстанның тағдыры қыл үстінде тұрар еді. Ел қамын, жер қамын ойлаған Ж.Шаяхметов, Ж.Тәшенов, Д.Қонаев, т.б. кадрлар биліктегі жетекші орындардан тайдырылды. Сол жылдары «Қазақстанда жұмысшы күші жетіспейді» деп, 1 млн қытай жұмысшыларын әкелмек болған екен. Біз сол жылдары «Маңғыстау Түрікменстанға беріледі», «Ұйғыр автономиясы құрылады», т.б. деген әңгімелерді өз құлағымызбен естідік. Қазір Ресейде Хрущевті еске түсіретін бірде-бір естелік жоқ, ешбір жерден портретін көрмейміз де. Ол – ол ма, Мәскеу-Петербор интеллигенттерінің аузынан «Иванушка дурачок на троне», «Могильчик Советского Союза» деген сөздерді, «КСРО-ның құлауы Хрущевтан басталды» деп жазылған мақалаларды, телерадиохабарларды көрдік, естідік. Хрущев алдымен Қонаевтың жауы болды. Қазақстанның бірінші басшысына жолатпады, оның есімі қазақтың басты жаулары Сталин, Голощекинмен қатар тұруы керек, мұндай адамның суретін Димекеңнің төріне ілу – аруақты сыйламау!

Димекеңді тағы бір қудалаған адам – Горбачев. 20 жыл республикамыздың басында тұрып, КСРО-дағы ауыл шаруашылығы, ауыр өнеркәсіп, ғылым, мәдениет саласында үлкен табыстарға жеткізген еңбегін мүлдем елемей, бар-жоғы 18 минутқа созылған пленумда жұмыстан шығарды. Бұл Желтоқсан оқиғасына ұласып, еліміздің басты алаңы қанға боялып, мыңдаған жастардың тағдыры тәлкекке түсті. Колбинді әкеліп, Хрущев негізін салған орыстандыру саясатын жалғастырды. Колбин 1991 жылы тақтан тайып бара жатып, «Бұл республиканың солтүстік бес облысы Ресейдің жері еді, өкінішке қарай, Қазақстанда қалып бара жатыр», – деп өзінің арам жоспарын ашық айтып еді. Осы жағдай Димекеңнің кітабында келтіріліпті, «Горбачев кешірім сұрады» деп жазылыпты (қараңыз: Кунаев Д.А. От Сталина до Горбачева. – Алматы: «Санат», 1994. стр. 326-327.).

Осы сөздерді оқығанда жағамызды ұстадық. Біріншіден, Димекең мұндай сөзді жазуы мүмкін емес, екіншіден, Горбачевтың кешірім сұрағаны туралы мен естіген емеспін және ешқандай дерек жоқ. Бұл – кітапты шығарушылардың, редакторлардың қатесі, кітапты қайта басқанда мұндай жалған сөзді алып тастау керек.

Қысқасы, Димекеңнің төрінде Брежневтен басқа бірде-бір КСРО басшысының суреті тұруға қақысы жоқ, оның орнына әріптес, замандас, жолдас болған адамдардың суреттерін қойған дұрыс деп ойлаймын. Осы үрдістің бастамасындай көрініп, Димекеңнің өзі қадыр тұтқан М.Тынышпаевтың суреті қойылыпты. Бұл – өте дұрыс істелген шара. 1942 жылы Димекең Лениногорск (Риддер) полиметалл комбинатының директоры болып тұрғанда, КСРО түсті металлургия министрі Ломако келіп, орнынан алып тастайды. Сол кезде Димекеңді партия-совет жұмысына тартып, қолдау көрсеткен – Ж.Шаяхметов (ардагерлер Сейдәлім Тәнекеев пен Бошай Кітапбаевтың және Риддердің қарт жұмысшыларының сөздерінен). Кейінірек тағы да Ж.Шаяхметовтың ұсынысымен Д.А.Қонаев Академияның президенті болды. Сондықтан Жұмабай Шаяхметов, Пантелеймон Пономаренко, Бәйкен Әшімов, Асанбай Асқаров, Екейбай Қашағанов, Сұлтан Жиенбаев, Дүйсетай Бекежанов, өзі араласқан колхоз басшылары Нұрмолда Алдабергенов, Бошай Кітапбаев, Николай Головацкий, Ермек Серкебаев, т.б. суреттері тұрғаны дұрыс шығар.

Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы кезі деп, Димекеңнің екі мәрте Социалистік Еңбек Ерінің жұлдыздары тағылған портретін қойыпты. Бұл – қате. Себебі министрлер кабинетін басқарып отырғанда, аталған марапаттары болмаған.

Ата-анасынан қалған самауыр, шыны, тәлеңкелердің жоғарырақ, үстіңгі жағына жез леген ілініпті. Беті-қол, аяқ жуатын леген экспозицияның үстіңгі жағында тұр. Қашаннан бері қазақ леген (шылап­шынды) жоғары ілуші еді? Сонымен қатар, Димекеңнің тірі бейнесі (муляж) өзіне ұқсамайтындай көрінеді маған. Мұражайға қазір адам көп келеді. Қазақтарды былай қойып, көп ұлтты қазақ­стандықтар, шетелдіктер толастамайды. Сондықтан музей экспозициясын сараптаудан өткізіп қайта қараған жөн.

Ахмет Тоқтабай,

тарих ғылымдарының докторы,
профессор

Abai.kz

19 пікір