Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Білгенге маржан 5501 5 пікір 6 Шілде, 2022 сағат 16:17

Семей гербінің тарихы неден басталды?

Семей гербін жаңартудың қалай қиынға соққанын, оны бекіту ісінің қандай жолдармен жүзеге асқанын, сол жолда керауыздардың бізге тарттырған бейнетін айтпау маған қанша ауыр болса да, барынша мәде¬ниетті жеткізіп, ешкімнің шамына тимейтіндей жазуым керектігін  – өзіме парыз санадым?! Ал қалғанын солардың ұятына тапсырдым!

I

Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда кеңестік Ресейден азаттық алды. Бұған арқаланған Секең екеуіміз (Серік Елікбаев – филология ғылымдарының докторы, профессор) «Алаш Орда ту тіккен Семейдің студент-жастарының азаттыққа қосқан үндеуі болсын» деп, филология факультетінің «Туған қалам – Семейім» атты қабырға газетін шығардық. Ол уақта бізге түркологиядан дәріс беретін профессор Жұмағали Шәкенов: «Кейін алашты зерттегенде, қажеттеріңе жарайды», – деп алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған әліппенің төтеше әріптерін де үйрететін. Оны меңгерген студент алаш архивімен жұмыс істеп, арыстарымыздың қолжазбаларын оқи алатын. Содан төте жазуға деген қызығушылығым оянып, алаш тарихына даңғыл жол ашылды.  Газетіміз де төте жазумен айына бір рет жарық көріп тұрды. Ардақты ұстаздарымыз – профессор Қайым Мұхамедханов пен профессор Қуандық Мәшһүр-Жүсіпов ақыл-кеңестерін аямайтын. Жұмысқа құныға кірістік. Бірде газет маңдайшасына қала гербін қою жөнінде оқырмандарымыздан ұсыныс кеп түсті. Кеңестік гербті жиі көріп жүрсем де, патшалық гербті алғаш көруім еді. Гербте қазақ жерін иеленгендердің «қазақтарды бағындырдық» деген отарлық саясаты менмұндалап тұр екен. Қаным қатып қалды. «Біз – азат елміз. Бұның бізге түкке қажеті жоқ. Біздің өз гербіміз болуы тиіс» деген ой сол сәттен жүрегіме ұялады. Газет арқылы қала гербін жаңарту жөнінде бастама көтердік. Студент қауымның пікірлері жарияланып, герб мәселесі қоғамда қызу талқыға түсе бастады. Бір күні (1993) облыстық әкімдікке шақыртты...

Содан бері креслосында жауырға қонған сауысқандай жабысып отыратын, арасында үлгі болар үлкені жоқ, қоя қояйын дейтін кішісі жоқ, сөздері көп, істері нөл талай мүсәпір әкімді көріп келем. Солардың қаншама арыстың мысын басып, талабын талқандап, адымын аштырмаған кеселдісімен де, әркімнің аузын жалап үйренген езбесімен де, табанының бүрі жоқ кезбесімен де, жерден басын көтермей көзінің астымен алая қарайтын бұқакөзімен де, қара суды теріс ағызып, о төбенің тозаңын бұ төбеге қосатын адуындысымен де, шүлдірлеген «чернорусымен» де, өзінен лауазымды біреу көрсе қостай-қоштай кететін жандайшабымен де,  ешқашан ешкімді кешіріп көрмеген, кек алуды ғана көздеген, қит етсе ашудың жетегінде кеткіш ызақорымен де, үнемі әр қадамын санап-басып, артық-кемін өлшеп-пішіп жүретін есептегіш қумүйізімен де, рухсыз, құлмінездісімен де қызметтес болдым. Солардың бірде бірі Семейге әкімдігін танытса да, азаматтығын танытпап еді. Сыптығырдай болып келіп, қампиып қайтты. Салауаттанып қайтқандарын көргем жоқ. Әйтеуір көшеде қаздай тізіліп, самсап тұрған патшалық гербтердің мемлекетіміздің ішкі саясатына жат екені айдан анық болса да соны өзгертуге ешбірінің зауқы соқпады. Жалтарып жауап бере салатын. Соған қарағанда оларға бәрібір болған секілді...

II

Мұның бәрі айтар ауызға оңай. Алайда мен қарағайға біткен қарсы бұтақтай «Семейге жаңа герб қажет» деген ойдан 21 жыл бойы арыла алмадым. Күніне бір уақ герб жайлы айтпасам, отыра алмайтын халге жеттім. Намысым да кеудемді тырмалап, қан жоса етті. 31 жыл бойы үй серігім ғана емес, өмір серігім болып келе жатқан жан жарым, жоғары санатты невропатолог дәрігер, Медицина ғылымдарының магистрі, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Сымбекеңнің (Сымбат Әбдікәрімова) өзі алаңдай бастады. Туған-туысымның да, дос-жаранымның да, қызметтес-әріптестерімнің де мазасын алып біткен ем (Қазіргі күнге дейін жаңа герб авторы Ерекеңе күн құрғатпай телефон шалатынмын. Ол да жанын қоярға жер таппай, менің кебімді 10 жыл киіп келді ғой). Иә, уақытында айтылмай қалған сөз, істелмеген әрекет түн жамылып кеп өзіңді табады екен. Тауып қана қоймайды, ит боп қауып, жылан боп шағады екен...

21 жыл. Бұл әрине тарих үшін қас қағым сәт болса да, мен үшін аз уақыт емес. Алғаш рет 2001 жылы «Семейге жаңа герб қажет» деп, дөңгелек үстел өткізгенімде «туған елін, кіндік қаны тамған жерін сүю құштарлығы бойына ұялай берсінші» деген оймен жаныма ертіп апарған кіші ұлым 6 жаста еді, қазір 27-де. Менің бір тақырыпты осыншама жыл қаузап келе жатқанымды көріп өскен ұлымның бірде жаны ауырып: «Әке, Семейдің гербі төңірегіндегі тоқтам қашан жасалады, өзі а?», – дегенде ұяттан жерге кіріп кете жаздайтынмын. Осы жылдар аралығында (2001-2022) гербке байланысты 25 рет түрлі деңгейде басқосулар өткізіп, 39 мақала жазыппын. Тәуелсіздігіміздің 31 жылында қаламызда болған 11 әкімнің 9-ның алдында болыппын...

2001 жылы «Нар тәуекел» деп осы іске кіріскен соң, алдымен жеке тұлға ретінде 2007 жылы «Туған қалам – Семейім» қоғамдық қорын құрып, заңды тұлға ретінде 2012 жылы Семей қалалық әкімдігінің инспекторы бола жүріп, 2013 жылы «Ақ жол» партиясының Орталық аппаратында идеология департаментінің директоры болып, 2015 жылдан Мәдениет және спорт министрлігінің сараптама кеңесінің геральдист-сарапшысы болып, «Семейдің гербін жаңарту қажет» деген идеямды жалғастыра бердім...

2002 жылы (Ол кездегі әкім – Амангелді Қажыбаев) Семейдің жаңа гербіне арналған 1-ші «ашық конкурс» өтті. Комиссия құрылды. Оған суретшілер мен дизайнерлер қатысты. Бірақ, бір әттеген-айы конкурсқа ұсынылған жобалардың көбі патшалық және кеңестік идеологиядан әрі аса алмағандарын аңғартты. Тәуелсіздігімізді тасқа таңба басқандай айғақтайтын жоба табылмады. Конкурс нәтижесіз аяқталды.

2007 жылы қаламызға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, Семипалатинскіні – Семей деп өзгерткеннен кейін, семейліктерге патриоттық рух беретін, «Туған қалам – Семейім» деген қуатты елұранды қаламыздың қақ ортасындағы тоғыз қабатты ғимараттың (Бүгінгі салық комитеті) қас бетіне іліп қойдық. Сол жылы «Туған қалам – Семейім» деген ән дүниеге келді. Әкімдікте де (Ол кездегі әкім – Мейрамхат Айнабеков) қозғалыстар басталып, Семейдің жаңа гербіне 2-ші рет «жабық конкурс» жарияланды. Жабық конкурс болғандықтан, оны көпшілік білмей де қалды. Бірақ араларынан лайықты жоба шықпаған себепті ол іс-шара да нәтижесіз аяқталған еді...

Алайда дәл осы Мейрамхат Айнабеков алаш арыстарының соңғы тұяғы саналатын ұстазымыз – Қайым Мұхамедхановқа өзі тұрған көшенің басындағы мүйістен «аллея» ашып кетті. Алаш рухы сізді желеп-жебеп жүрсін, Мейрамхат аға!

III

Семейдің жаңа гербінің авторы Ерлан Әмірбекпен 2011 жылы таныстық. Ол менің жергілікті «Семей-Қазақстан» арнасынан герб туралы берген сұхбатымды көріп қалыпты. Міне, дәл сол күннен бастап Семей гербінің жырын сіз-біз десіп, бірге жырлап келеміз. Мен онда әкімдікте қызмет істеймін. Ерекең осы жылы Семей әкімдігінің (Ол кездегі әкім – Айбек Кәрімов) гербке арнап 3-ші рет өткізген «жабық конкурсына» лақап атпен қатысты. Біз оны конкурс аяқталатын соңғы күні кешке таман ғана шақырттық. Себебі жабық конкурстың тәртібі солай, сырттан, бөтен ешкім қатыспауы керек. Қызық болғанда, оның жазатайым ұсынған 3 жобасы да «үздік» шықты. Ішінде 7 қарлығашы бар жобасы әкімге ұнаған екен, қаланың бас архитекторымен (Қалдыбек Қоқиланов) ашық талқылауға да көшкен едік. Бірақ өкінішке қарай, «Апам араласқан ертегі оңбайды» дегендей, бұған орта жолдан бір керауыздар араласып, аяғын сиырқұймышақтатып, сұйылтып жіберді... «Шешім бүгін не ертең шығып қалар» деп, күте-күте күдері үзілген Ерлан бір жылдан кейін әкімнің қабылдауында болып, жұмыстарын қайтарып алды... Міне, тап осы кезден «Ерекеңнің шырғалаңға толы 10 жылы»  деп аталатын 10 сериялы хикаяның 1-ші сериясы (2011) басталды да кетті... Ия, құдай, шыдам бере көр дедік... Хикаяның бітіп болмайтын 2-ші (2012), 3-ші (2013), 4-ші(2014), 5-ші (2015) сериялары жүріп жатты... Мені қойшы... Патшалық гербті кетіре алмай, жаңа гербті келтіре алмаған Ерлан әділетсіздік тауқыметін өте көп тартты. Жаңа гербке қарсы адамдар оның соңына шам алып түсті. Өз қызметкерлеріне деген ілтипат мен аяушылықтан мақұрым мәдениет саласының озбыр басшылары сағын сындырмаққа тыраштанды, моральдық жағынан төмпештеді, отқа-суға итерді, өсекке іліндірді, жұмысынан қууға әрекеттенді, бәлеқор деді, оппозиценер деді, тақпаған лақап аттары, айтпаған былапыт сөздері, атпаған улы оқтары қалмады, ақыры қол жұмсап, ұруға да барды, бірақ жасыта алмады...  Ерлан сол қаскөйлермен 9 жыл алысты-жұлысты... Заңды қызметі Семей қалалық Мәдениет сарайының қоюшы-суретшісі бола тұра, «саған басқа кабинет жоқ» деп, оны адам төзгісіз, тек керексіз, сынған заттардың қоймасы болуға ғана жарайтын, терезесі де жоқ, ауасы айналмайтын, көк сасыған тар жертөлеге (подвал) отырғызып қойды. Ерлан сол жертөледе табан аудармай, 9 жыл жұмыс істеді. Бұл – сауықтырмайтын, сау адамды жындыға айналдыратын жертөле еді...

Әлгі өштескен екеудің бір-біріне дөңайбат шегіп: «Төбеңе әңгір таяқ ойнатамын» деп кіжінетіні бар еді ғой. Солар айтпақшы, Ерланның төбесіне шын мәнінде әңгір таяқ ойнатты. Ол отыратын жертөле тура сахнаның астында болатын. Таң атқаннан күн батқанға дейін қиқу бір толастамайды. Концерттерді т.с.с. мәдени іс-шараларың айналайын боп қалды оған. Ән айтып, би билейтін сахнада спорттық жарыстар да түйдек-түйдегімен өтеді. Сорақылықтың көкесін зілтемір көтерушілердің 3 күндік жарысы болғанда көрді ол. Жертөленің төбесінен 3 күн бойы топырақ жауып тұрды. Онда отырмақ түгілі ішіне кірудің өзі мұң болды. Директоры мен қалалық мәдениет бөлімінің басшысына айтып көріп еді, олар пысқырыпта қарамады. Бұдан асқан қорлық бола ма, өзі? Ақыры Ерланның шыдамы таусылды. Мына бассыздықты видеоға түсіріп, ғаламтор желісіне салғаннан басқа амалы да қалмады... Қазір оның денсаулығы сыр беріп жүр, жүйкесіне едәуір салмақ түскен, жүрегі шаншиды, көзі дұрыс көрмейді, кеудесі сырылдайды, бұрындары ел қатарлы қан тапсырып келіп еді, енді қаны алуға жарамай қалды, т.б. оған көрсеткен 10 жылғы қиянатты айтып тауыса алмаспын... Бұйыртса, биылғы жылдың соңына қарай шығатын, Семей гербінің тайғақ кешулі тағдыры жайлы «Жылан жорығы» кітабыма жазармын!..

IV

«Қазаншының еркі бар – қайдан құлақ шығарса» дегендегі қазаншы – әкім. Өзін сол өңірдің қожайыны сезінетін әкімнің қолдауынсыз бір іс өрістемейді.  Әкімдерге күні қарап қалған қауқарсыз халыққа айналдық. Бізге осы жылдар аралығында болған Семей әкімдері мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдерінің біреуі де көңіл аударған жоқ. Улап-шулап қояды деп ойласа керек. Алда-жалда кезіге қалсақ, әне-міне деп, қызыл сөзді сорпаша сапырып, алдап-сулай салатын. Құлдық сананың жемісі ғой, Семейдің гербін жаңарту қажет десек – төбелерінен жай ұрғандай бастары салбырап, тізелеріне түсіп кететін. Ал шын мәнінде, жаңа гербке не үшін кедергі жасайтындарын өздері білмейтін. Сосын амалсыздан газет пен телеарналарға шығатынбыз. Бірақ оны да («Егемен Қазақстан», «Zaman Қазақстан», «Ертіс өңірі», «Қазақ үні», «Еуразия» каналы, «31 канал», «Азаттық радиосы», Bak.kz El.rz т.б. сайттар) шыбын шаққан құрлы көрмейтін. Өздеріңіз де білесіздер, Егемен Қазақстанның атасы, кешегі кеңес кезеңінің бас газеті болған Социалистік Қазақстанға біреуді мақтап жазса – оның қызметі жоғарылайтын, жамандаса – төмендеп, құрдымға кететін. Оған сол кездің жұрты «Газетпен министрді де ұрып жығуға болады, шыбынды да өлтіруге болады» дейтін мәтел шығарған еді. Өйткені Социалистік Қазақстан газетіне шығу – біреудің бағы, біреудің соры болатын...

«Әләуләйлімі» бітсе, «хәләуләйлімін» айта беретін әкімдерден еш қайран болмаған соң, Президентке, Премьер-министрге, Бас прокурорға, Ішкі істер министріне, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасына, «Нұр Отан» (Қазіргі Аманат) партиясының төрағасына бірнеше рет хат жаздық. Бірақ рухани мешеуліктің одан да өткен сорақы көріністерінің үстінен шықтық. Бәлкім олар сол хаттарымызды оқымаған болар. Оқыса да байыбына бармаған шығар. Тек қана бізді әжуалап, «ит итті, ит құйрығын жұмсайдының» керімен бір-біріне жіберді де отырды. Мемлекеттік мекемелердің аяқ добына айналдық...

Қазіргі күнге дейін (24.06.2022) туыс пен досты былай қойғанда, тойға не өлім-жітімге барсақ бізді білетін жұрт қаумалап:

– Айдын, Ерлан! Қаламыздың гербі қашан қабылданады? Не істеп жатырсыңдар, бұл өзі шешіле ме, шешілмей ме, бізден қандай көмек керек?» – деп шыныменде жанашырлық танытып жатса, кейбіреулері сыншыл, міншіл, келеке қылатын көзқараспен жымысқылана күліп:

– Е, сендердің жаңа гербтерің кімге керек, бос сөз, осыны қиналмай, тастасаңдаршы», – деп мүсіркейді. Десе-десін, қайсыбіріңнің аузына қақпақ болайық дейтінбіз...

V

2016 жылы Семей әкімдігі (Ол кездегі әкім – Ермак Сәлімов) гербке 4-ші рет «ашық конкурс» өткізді. Ерекең бұған да қатысты. Осы конкурстың өтуіне әкімнің сол уақыттағы кеңесшісі, алашшыл, мемлекетшіл азамат  Марат Мусин тікелей ықпал етті. Егер бұл кісі күш салмағанда, конкурстың өтуі неғайбыл еді. Ризамыз сізге, құрметті Мәке! Ғасырлық ғұмыр тілейміз!

Конкурс ашық болған соң, әкімдік сайтында конкурс шарттары жарияланды, конкурс комиссиясы құрылды. Талапкерлер жобаларын комиссия мүшелері алдында қорғады. Бағы жанғалы тұрған герб қой, осы жолы да Ерекеңнің жобасы үздік шығып, жеңімпаз атанды. Күн сенбі болғандықтан, әкімнің шешімі дүйсенбі күні шығады деп күтілді... Бірақ... бірақ... тағы сол апам араласқан ертегі болып кетті... Енді «Ерекеңнің шырғалаңға толы 10 жылы» деп аталатын 10 сериялы хикаяның 6-шы (2016) сериясы басталды... «Ия, құдай, шыдам бере көр» деп тіледік... Ұзақ-сонар ирегі мен бұраңы көп 7-ші (2017), 8-ші (2018), 9-шы (2019), 10-шы (2020), 11-ші (2021), 12-ші (2022) сериясына жеткенде хикая аяқталды-ау, әйтеуір... Уһ, дедік!

«Сонда Семейдің гербін жаңартуға кімдер қарсы болды?» деген мәнді бір сұрақ өзінен-өзі көлденеңдейді ғой алдымыздан. Бұған негізінен екі топ қатты кедергі жасап, өлердей қарсылық танытты.  Оның біріншілері – баяғы қожайындарына бір кездері берген анттарына адалдығын сақтап жүрген құлдық саналы шенеуніктер, екіншілері – өздерін жоғары сортты ұн секілді санайтын импершіл пиғылдағы шовинистер. Міне, осы екі топ кеңестік кезеңнің гербін де місе тұтпай, одан аттап өтіп, көзге ілмей, патшалық кезеңнің гербін қайта жаңғыртуды көкседі. Егер билік тарапынан герб туралы біреу бірдеме десе, іле республикалық, облыстық орыстілді тәуелсіз басылымдар, сайттар шулап шығатын, бізді бүйтіп жатыр, сүйтіп жатыр деп. Мақсаттары әкімдік пен мәслихатқа алдын ала БАҚ арқылы қысым көрсетіп – патшалық гербті сақтап қалу еді. Мен енді, бұлардың 1991 жылдан бергі қылықтары мен көрсеткен құқайларын жіпке тізбей-ақ қояйын. Оны келесі кітабымның еншісіне қалдырайын...

2018 жылы Семей қаласының 1177 жылдық ата тарихын ысырып қойып, 1718 жылы отаршылдар салған Семипалатинск бекінісінің 300 жылдығын тойлаймыз деп өрекпіген бұлардың ең басты мақсаты – 1851 жылғы патшалық гербті көтеріп  шығу болды. Әкім ол зымиян әрекеттің идеологиялық астарына үңіліп жатпай-ақ, салған жерден бас шұлғып, көне кетті. Әкімнен ресми рұқсат алған соң, іс-шараны өткізудің жұмыс жоспары мен бағдарламасы сценариімен қоса жасалып, қала бойынша, кең көлемді дайындық жеделдете басталды. Мекемелер мен ұйымдарға шұғыл тапсырмалар берілді. Әкімнің айтқаны заң емес пе? Оған мына бассыздықты тоқтат деу – қара тасқа барып күнде айғайлағанмен бірдей еді (Абай). Анда-мында хат жазғанымызбен онымыз бос далбаса, былжырақ сөз болып шықты. Шенуніктер бір-бірімен жемтіктес құзғындар сияқты біріне-бірі сілтеп, сілейді де отырды. Абырой болғанда, Егемен Қазақстанға жіберген мақалам шықты (04.01. 2018.) Онда мен: «Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қайда қарап жүр?» деп сұрақты төтесінен қойып ем, Семейдегі әкім мен әлгі шовинистердің әрекеті сап тыйылып, арам ойлары жүзеге аспай қалды. Осы мақаламен іркес-тіркес «Күндей күркіреген елміз» (2018) деген кітабымда жарық көрді. Онда бәрінің атын атап, түсін түстедім. Әрекеттерін әшкереледім. Бұдан кейін олар маған бұрынғыдан бетер өшікті... «Аңдыған жау алмай қоймайды» деген. Түрлі айла-шарғымен қызметімнен кетіріп тынды... Өсек-аяңға ілді... Мен басқа жаққа ауысуға мәжбүр болдым... Бірақ уақыт – төреші деген рас. Бәрін өз орнына қойды. Күннің де күркірегеннен кейін  – жауғаны жақсы екен... «Бетке шықпай тұра ма жүрек ізі?» – деп Шәкәрім атамыз айтқандай, мен әубаста (1991) ұстанған идеямнан ауытқыған жоқпын. Семейдің жаңа гербі қабылданғанша өзіме де, өзгеге де маза бермедім. Енді барлық қиындықа толы жолдарым өң мен түстей өтті де кетті... Жүрегімде мәңгі өшпестей іздерін қалдырып...

Осы жолдарды менімен бірге жүріп, соңына дейін табандылық танытқан, Ұлы Абайды тудырған Тобықты елін Шыңғыстауға көшіріп әкелген екі адамның бірі Мамай батырдың бүгінгі жеңімпаз ұрпағы, Семей гербінің авторы, екеуімізді Семейдің гербі достастырған досым – Ерлан Шаяхметұлы Әмірбекке күллі семейліктердің атынан рақмет айтамын! Бүгінде – Ерекеңнің, Ерланның жансебіл еңбегін халқы қуаттап, мақтаныш етіп отыр. Азаматсың, Ереке! Мінеки, енді сенің ғазиз есімің Семейдің тарихына таспен қашалып жазылды! Еңбегіңнің жемісін көруіңе шын жүректен тілектеспін! «Ер қимылын арман шешеді, ер арманы ел болу» деген – осы!

Семейдің жаңа гербін бекіту ісінде бізге тілектес, тілеулес болып, моральдық қолдау көрсеткен, іс-әрекеттеріміздің кең мазмұнда насихатталып, танымалдығы артуына рухани күш-қуат қосқан, Семей өңіріне белгілі тұлғалар – Омарбек Байуақовқа, Қайрат Мирашевқа, Марат Құрманбаевқа інілік ілтипатпен басымызды иіп, үлкен алғыс айтамыз. Сіздерді Семейдің киесі қолдасын! Алаш арыстары мен Абай атамыздың рухы көтерсін! Өздеріңіздей інілеріне зер салып жүретін есті ағаларымыз көп болсын!

Ендігі алдағы міндеттердің бірі – Семейдің гимнін айқындау. Мәселен, Қостанайдың гимні 2014 жылы қабылданған. Гимн сөзін – ақын Серік Тұрғынбеков, музыкасын – композитор Кеңес Дүйсекеев жазыпты. Демек, бізде де гимнге орын болуы қажет. Бұл халықтың туған қаласына деген патриоттық сезімі мен сүйіспеншілігін қалыптастырады...

VI

Семей бұрыннан да облыс болған, ал оған Абай есімін беру жұртшылықтың көкейіне қонып, көңілінен шығып отыр.

4-ші май  Абай облысының дүние дидарына келген тарихи күні! 1997 жылы 4-ші майда жабылған Семей облысы 2022 жылы 4-ші майда Абай облысы болып қайта ашылды. Орталығы – Семей қаласы болып бекіді. Президенттің Жарлығы 8-ші маусымнан күшіне енді. Облыстық мәслихат жасақталып, хатшысы сайланды. Облыс әкімі қызметіне кірісті.

Жаңадан құрылған Абай облысына өзім көптен білетін және айрықша сыйлайтын Нұрлан Ұранхаев әкім болды дегенде, «Қой, ұлы дүбірге жете алмай ойбайлап өлгенше, айқайлап өлейін» деп, бұйырған күні Семейге жеттім. Тәртіп бойынша, облыс әкімінің қабылдауына алдын ала жазылып ем. Ерекеңді де бәрібір тағат тауып отыра алмайсың ғой деп, қасыма ертіп алдым. Ол кіре берістегі үлкен залда күтіп қалды. Әкімге келген кісінің қарасы да  қалың екен. Екі тышқан қатар жарысса, бірі сыймай қалатындай қабылдау бөлмесінің алды лық толы. Бірінің етегін бірі басқан жұрт әлденеге құлақтарын түріп, демдерін ішіне тартқандай тым-тырыс мүлгіген қалпы тұр. Кейбірін таныймын. Біреулері тіміскілеп, тінтіп қарайды. Кей қазақы мінездің сиқы бұл... Жазылған уақытым өтіп кетті. Тосқаныма бір сағаттан асты. «Бір адамнан соң кіресіз» дегеннен кейін, үлкен залда тақымын қысып, зорға шыдап отырған Ерекеңді қабылдау бөліміне шақырып: «Сен осында отыра бер, керек болып қаларсың» деп ем, хатшы қыз жұлып алғандай: «Жоқ, сіз ғана кіресіз» деп, шап ете қалды. Үнсіз бас изедім. Біраздан соң, әкімге кіріп кеттім...

Әкім әдеппен қарсы алды. Сөзге сараң, іске мырза әкіммен қызыл желпініссіз қоңыр әңгіме өрбіттік. Артық-кемі жоқ, 21 минут бойы. Әкімнің адами танымына, тоқтамына көңіл тоғайттым. 21 жыл бойы  бітіре алмай келе жатқан ісімді, 21 минутта ғана алысқа қарға адым да оздырмай, ерін ұшымен, емеуірінімен бітірді. «Ер жігіттің артықшылығы бір-ақ ауыз сөзінде» деген бар емес пе?! Мен осындай бір мінезді жандарды жақсы көрем. Бір мінезділік, жалт бермеу – жақсының бірінші белгісі! Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп біліп айтқан екен. Елім дейтін нағыз ерге тән мінез ғой адамның бойындағы ең жақсы қасиеттерін оятып жіберетін. Жаңа әкіміміз бірінші кезекте шаруа екенін өз жеке бас үлгісімен көрсетті. Семейге жаңа леп ала келіпті. Жаным жайланды, жүрегім кеңіді, көңілім көк дөненге қайта мінді. Бұ замандағы адамгершілік жайлы жырды осы тұстан бастасақ та болады екен...

VII

2022 жылдың 24 маусымында таңертеңгі сағат 10:00-де Семей қалалық мәслихатының кезекті 25-ші сессиясында депутаттар Семей қаласының жаңа гербін бекітті. Сонау 1851 жылдан бері қара тастай қалшиып, өзгермейтіндей болып тұрған империялық патшалық герб келместің кемесіне мініп кете барды. Отарсыздандыру үдерісі Семейден басталды. Енді бұл өзгеріс өзге өңірлерде де жалғасын табуы тиіс деп санаймын!

Семей әкімдігі бұған дейін үш рет (2007-2013-2016) заңды түрде байқау өткізгенімен жеңімпаз болған жаңа гербті қабылдау мәселесін түрлі желеулермен кешіктіріп келген еді. 2021 жылы 25 қарашада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық мәселелер жөніндегі Сараптама кеңесі күн тәртібінде Семей қаласы гербінің өзгертілген жаңа нұсқасын қарап, талқылады. Негізі кеңес мүшелері ғана қатысуға тиіс бұл отырысқа Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш Семей қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбек Төлеген мен Семей гербі жобасының авторы Ерлан Әмірбекті арнайы шақыртумен қатыстырды. Мүдделі екі тарап та тыңдалып, жобаны бекітуге рұқсат беру не бермеу туралы кеңес мүшелері ашық дауысқа салды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Мемлекеттік Елтаңба авторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жандарбек Мәлібеков: «Біріншіден, гербтің саясаты дұрыс, идеясы өміршең, аргументтері айқын; Екіншіден, геральдикалық белгілері геральдика талаптарына сәйкес; Үшіншіден, қаланың кешегі, бүгінгі бет-бейнесін білдіретін киелі шаңырақ, аспалы көпір, қарағайлы орман, ашулы кітап, қос өркешті түйе, айнала қалықтап ұшқан жеті қарлығаш т.б. элементтері өте сәтті таңдалған», – деп өзінің оң көзқарасын білдірсе, Қазақстан Дизайнерлер Одағының төрағасы, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Қамбарбек Көшенов: «Герб Семейдің өзіндік болмысы мен тарихи орнын айшықтап тұр. Өңірдің табиғи ерекшеліктерінің көркемдік мазмұны мен мәні бір бірімен үйлесім тапқан. Семей деген атауды алып тастаса да, оның Семей екені бірден байқалады» – деді. Кеңес мүшелері көпшілік дауыспен Семей қаласы гербінің өзгертілген жаңа нұсқасын №3 хаттама негізінде қолданысқа енгізуді қолдады.

Жалпы министрліктің тәжірибесінде, өңірлік деңгейдегі рәміздерді республикалық деңгейда талқылау бұрын-соңды болмаған. Бұл қазақ геральдикасында жаңару үдерісі басталғанының көрінісі. Мәдениет және спорт министрлігі 2015 жылдан бері өңірлік рәміздерге жыл сайын мониторингтік жұмыстар жүргізіп, сараптамалық талдаулар жасап, салыстырмалы кестелер түзуді белгілі бір жүйеге түсірді. Былтырғы (2021) мониторингтік жұмыстар барысында жиналған өңірлік рәміздердің ішінде екі бірдей конкурста жеңімпаз болып, «үздік жоба» деп танылған Семей гербі де бар еді. Осы тұрғыдан алғанда, Семейдің жаңа гербі – Мәдениет және спорт министрлігінің «пилоттық жобасы» болып табылады.

VIII

«Не шықса да өзімізден шығады» деуші ме еді, әрине, жақсы жағынан айтып отырмын. Алайда Семейге жіберілген әкімдердің қай-қайсысының болса да қасында жүріп, «малтабар мен нантабарға» айналған кеңесші, қосшы, жеткізуші, тағы кім бар еді, сыбырлап болса да «елден ұят болды ғой» деп оларға ештеме айтпаған. Ашығын айтпаған, мәймөңкелеп, алдаусырата берген. Сондай керауыздардың кесірінен Семей гербін жаңарту мәселесі 21 жыл бойына 1 шешімін таппай қойды. Әлгі керауыздар осы жолы да бар айла-шарғыларын қолданып, кедергі жасауға тырысты. Егер Мемлекеттік рәміздер мен өңірлік рәміздерге жауапты Мәдениет және спорт министрлігінің Сараптама кеңесі рұқсат беріп, оған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пәрмен бермегенде, Семей гербі биылда қабылданбаушы еді. «...Ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда-кәсіптің, от арба, от кемелердің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы – Семей. Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлк етсе, бір губерния ел бүлкілдейді», – деп алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлы жоғары баға берген киелі Семейдің идеологиясы мен мәдениетін жардың шетіне сүйретіп әкелгендер әкімдікте әлі жүр. Олардың Жаңа Қазақстанмен бірге жаңаруға құлқы да, ниеті де жоқ. Сылдыраған алдау сөзден не пайда, өз жұртын сүйер жүрек болмаса. «Зар шығады тілімнен» деп Абай босқа жылады ма? Жасыратын несі бар және ешкімнің өкпесі болмасын, өттері жарылып кетсе де айтайын: Семей әкімдігінде піспеген шикі сүттің қаймағы секілді жұғымсыз, әкімнің қабағы мен ығына тез бейімделгіш, принципі жоқ жағымпаз, өзін ит мініп, шошқа бағып жүргендей сезінетін көркөкірек шенеуніктер өте көп. Енді герб бекітіліп еді олар қазіргі трендпен «хайп» қуа бастады. Бұлардікі енді «Сасқан үйрек – артымен сүңгидінің» кері ғой. Бұрын жаңа герб қабылдайық десең, қабақтарына қар қатып, кірпіктеріне мұз тоңып, көздеріне уайым ұялайтын еді бұл керауыздардың. 21 жыл құрғақ уәдемен әуре-сарсаңға түсіріп келді. «Уәде – ердің опасы» дейтін қазақ берген уәдесін орындамаған суайтты «опасыз», айтқан сөзі мен істеген ісі сәйкес келмейтін екі жүздіні – «арамза», Ата заңға бір қолын қойып, екінші қолымен жүрегін ұстап: «Халқыма адал қызмет етемін. Ата заң талаптарын мүлтікісіз орындаймын», –  деп ант беріп, сырт айнала сол антын ұмытқан жетесізді – «антұрған» деп атаған. Ал осындай опасыз, арамза, антұрған шенеуніктерге өзіңнің, балаларыңның, немерелеріңнің, ағайындарыңның, достарыңның, еліңнің, тіліңнің, жеріңнің т.с.с. тағдырын сеніп тапсыра аласың ба, әрине, оған қақың жоқ қой?!

Енді, жаңарған Семей қоғамы елге қадірсіз, уәдесінен айнығыш, қырық құбылған мінезге ие «халтурщик шенеуніктерді» қажет етпейтін шығар. Жаңа Қазақстанның жаңа облысы жаңа кадрлармен жаңа тарихын бастаса екен деймін. Өйткені бүкіл ұлт, барша жұрт қазақтың рухани-мәдени-тарихи әлеуеті тоғысқан киелі мекен деп қарайды Семейге...

 

Айдын Рысбекұлы

Abai.kz

5 пікір