Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
3422 4 пікір 4 Шілде, 2022 сағат 16:32

Қазақстандық "Жібек Жолы" кемесі Түркияда ұсталды

Ресей басып алған Украинаның Бердянск портынан 7 мың тонна заңсыз астық тиеген «Жібек Жолы» кемесі Түркияның Қарасу портына жеткенде ұсталды. Бұл туралы Украинаның Түркиядағы Елшісі Василий Бондарь хабарлаған.

"Біз Түркия Республикасының билік органдарымен жақсы қарым-қатынастамыз. Қабылданған шешімдер Украина егемендігін бұзу әрекеттерінің алдын алады деп сенемін", - деді Елші.

Бұған дейін «Жібек Жолы» жүк кемесінің қазақстандық KTZ Express Shipping компаниясына тиесілі екені айтылған болатын. Дегенмен, кемені Санкт-Петербургтегі Green Line ЖШҚ жалға алған, әрі кемеде Ресей туы ілініп тұр.

«Қазақстан темір жолының» түсіндіруі бойынша, «Жібек Жолы» жалға берілген, Green Line ЖШҚ кемені жалға алған иесіне келісім-шарттың уақыты біткенше ешқандай санкцияға түспейтініне кепілдік берген.

ҚТЖ сондай-ақ Mangelbert OU компаниясының басшылығына сілтеме жасай отырып, Бердянскіден астықты тасымалдау "Украина тарапының өтінішімен келісілген гуманитарлық дәліз бойынша жүзеге асырылады" деп мәлімдеді.

Mangelbert OU эстондық компания мен Түркия мемлекеті арасында астық сату бойынша мәміле болған.

«Қазақстан темір жолы» жағдайды егжей-тегжейлі анықтау үшін кемені жалға алушы тарапқа хат жолдаған.

«ҚТЖ өзінің халықаралық құқық нормаларға адалдығын растайды",-деп жазылған компанияның хабарламасында.

 

Abai.kz

4 пікір