Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ақмылтық 3079 10 пікір 4 Шілде, 2022 сағат 14:47

Ескі сүрлеудегі «Жаңа Қазақстан»

«Егемен ел» атанған 30 жыл бойы кеңестік құндылықтардан арыла алмаған қазақ билігі «Қасіретті қаңтар оқиғасынан» кейін де ескі сүрлеуден ұзай қоймады.

Жаңа жылды тойлауға алдын ала, Тәуелсіздік күнінен жарты ай бұрын қамданатын Алматы әкімшілігі биыл да, әкімі ауысса да ескі дағдысынан жаңылмады. Ақорда күні бұрын «9 май жеңіс күніне орай бюджет шығынын үнемдеу мақсатында жылдағыдай салтанатты әскери парад өтпейтінін» хабарласа да, оңтүстік астанада елді елең еткізген ерекше бұқаралық шара өткізді. Шерушіл қауым қызыл террордың символына айналған Сталин мен Берияның сұсты фотоларын жоғары көтеріп жүрді. Шараға куә болған саяси секемшіл жұрт әлеуметтік желілерде Кеңес одағы қайта орнағандай күй кешкенін жазып, пікірталас бастады. «Қаңтар оқиғасына» байланысты қамалғандардың құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қолымен үтіктеліп азапталғаны халықтың наразылығын тудырып, президенттің «Ескертусіз оқ ату» бұйрығы бастыстың адам құқын қорғау ұйымдарының сынына ұшырап жатқанда мұндай шара өткізудің ақылды шешім болмағаны анық.

Геосаяси жағдайдың ықпылынан болды деп ақтауға да келмейді. Атын «Халық» деп өзгерткенімен коммунизмнің қызыл жалауын көтеріп жүрген партия өкілінің: «Тәуелсіз елде әркімнің өз ұстанымын білдіруге құқы бар», - деген уәжі де тым күлкілі естілді. Көзқарақты саяси сарапшылар: «Путиннің Украинада алып барып жатқан «Арнайы операциясы» – оның Кеңес одағын қалпына келтіру жоспарының басы, Ресей әскерінің басып алған жерлеріне келмеске кеткен Кеңес одағының туын іліп, күресіндегі Лениннің мүсінін қайта орнатуы – соның нақты көрінісі», - дейді.

Тәуелсіз Қазақстанда кезінде қызыл идеологияның пәрменімен қызыл датаға енген мереке-мейрамдардың қайта жаңғырып, ескі ізбен жаңалары пайда болып келе жатқаны баршаға мәлім. Ел астанасы кешегі Ленинград, Сталинград сияқты тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталды. Оның туған күнімен тұспа-түс келетін «Астана күні» белгіленді. 1 желтоқсан «Тұңғыш президент күні» болып бекітілді. Алда тағыда мереке. Қатаң карантин кезінде де дүрілдетіп тойланған «Астананың туған күні». Бүкіл елге сауын айтып, Назарбаев құрған супер президенттік саяси жүйені реформалау мақсатында референдум өткізген «Жаңа Қазақстаншыл» билік кезекті рет талқыға түскелі, сын-сағатқа тура келгелі тұр. «Қаңтар оқиғасы» кезінде ереуілшілердің Назарбаевтың Талдықорғандағы еңселі ескерткішін қиратып, Алматыдағы резиденциясын өртеп жібергені белгілі. Президент Тоқаев та оның тұсында ат төбеліндей топтың байлыққа кенелгенін тілге тиек етті. Ескі президенттің жақын туыстары қылмыстық жауапкершілікке тартыла бастады. Қоғамда да оның отыз жылдық саяси өміріне баға беру бастамалары көтерілуде. Сол себепті де Ақорданың Назарбаев билігінің символына айналған «Астана күнін» қалай өткізуі – халықтың «Жаңа Қазақстанға» болған сеніміне тікелей әсер ететіні анық.

Айтып-айтпай ескі жүйенің кезінде қабылдаған біржақты саяси шешімдері «Жаңа Қазақстан» құрғысы келетіндердің қолын байлап, адымын аштырмауда. Соңғы он жылда, Назарбаев билігі кезінде бірде-бір саяси ұйымның тіркеуден өтпегені жария болды. Соның кесірінен алдағы саяси реформаның көрігін саяси аламаннан әлде қашан шығып қалған ескі саясаткерлер қыздыруға мәжбүр болуда. Кейбірі саяси сахнадан баяғыда аты өшкен партиясын қайта тіркеу қамына кіріссе, енді біреулерінің партиясының жаңа атынан ескі стилі көзге ұрып тұр. Партия құрғандардың ішіндегі ең жас деген Санжар Боқаев та бір кезде «Асарлатып» жүрген бала еді. Жұрт кімге сенерін, кімге үміт артарын білмей дал. Биліктің де, оппозицияның қалпағын алма-кезек ауыстырып киіп жүре беретін саяси белсенділердің әрекетіне де жіп таға алмай әлек.

Ескі жүйенің тағы бір басты қателігі шығармашылық одақ, ғылыми бірлестіктерді, бұқаралық ақпарат құралдарын қаржылық жақтан бағынышты етіп, биліктің айтқанын орындайтын қолбалаға айналдырып келіп еді. Соның кесірінен қоғамдық сана жаңғырмай, жасампаздық жігер әлсіреп, рухани тоқырау орын алды. Әлеуметтік желінің еркін пікір алаңына емес, «Таптық күрес» майданына айналуы соның айқын көрінісі. Өз кезегінде ол ортақ саяси, рухани құндылықтар қалыптастыруға кедергі келтіруде. Оны жою мақсатында да алғы шарттар, әрекеттер жасалуда. Президент Тоқаев «Қаңтар оқиғасынан» кейінгі алғашқы сұхбатында зиялы қауымның жағымпаздығынан жиренетінін тілге тиек етті. «Жақсыға басын айтса, аяғын айтқызбай өзі түсінеді» дегендей қаламгерлерден «Жаңа Қазақстанға» лайық жаңаша мінез талап ететінін ишаралап жеткізді. Баспасөз қызметкерлерінің мүшкіл халына да тоқталып, бұдан былай сөз еркіндігінің бағаланатынын қадап айтты.

Күні кеше шыт жаңа Ғылым министрлігі пайда болды. Бұрынғы Білім министрлігі Оқу-ағарту және Ғылым министрлігі болып екіге бөлінді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы басқосуында: «Біз жоғалған буынның өкіліміз», - деп Тоқаевтың алдында дат айтқан Саясат Нұрбек басшы болды.

Қорыта айтқанда 30 жыл арқандаулы аттай күй кешкен қазақ қоғамы айналып-айналып, демократияның, саяси өзгерістің табалдырығына қайта келді. Тарихи орайды дұрыс пайдалану үшін, өткеннен сабақ алу, ескі сүрлеуден шығу аса маңызды. Ол үшін әкімшіл-әміршіл стилді түбегейлі өзгерту керек. Бизнеске, шығармашылыққа еркіндік беру керек. Нарықтық жүйені, авторлық құқық заңын кемелдендіру керек. Сөз, ой бостандығына, қоғамды ортақ басқаруға мүмкіндік беретін, өркениетке жеткізетін саяси, рухани тетіктерді толық сәулелендіру керек. Сонда ғана ел армандаған аты затына сай «Жаңа Қазақстан» құрылмақ.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

10 пікір