Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Әріптестің әңгімесі 3363 2 пікір 4 Шілде, 2022 сағат 14:36

«Қостанай таңының» қилы тағдыры

Сонау бастауында Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлин секілді алыптар тұрған Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінің алғашқы нөмірінің шыққандығына жақында бір ғасыр толды. Осыған орай, басылымның өткені мен бүгінгісін саралап, жетістіктерімен қатар «әттегене-ай» деген тұстарын да қамтып, оқырмандармен ой бөлісуді жөн көрдік.

Жалпы, қазақ елінің терістік өңірлеріндегі қазақ газеттерінің тағдырлары ұқсас, егіз қозыдай болып келеді. Қай-қайсысы да талай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіздігімізге аман-есен жетіп, «тәубе» десіп отыр. Солардың бірі - Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеті. Мұның да басына талай мәрте қара бұлт үйіріліп, «мың өліп, мың тірілген» жайы бар. Алдымен «Ауыл» деген атпен дүниеге келіп, бастауында қазақтың біртуар азаматтары, есімдері қазақ тарихында өшпестей болып қалған Мұхамеджан Сералин мен классик жазушы Бейімбет Майлин тұрған бұл басылымның аты да сан құбылды. Алдыңғы қасиетті аты саясат құрбандығына айналып, «Большевиктік жол», сосын тіпті, аспандап, «Коммунизм таңы» болып шыға келді. Содан атақты тың игеру кезінде «ана тілімізде шығатын газеттердің мүлдем қажеті жоқ» деген ұйғарыммен есігіне қара құлып салынды. Бір қызығы, сол кезде мұндағы орыс тіліндегі басылымдардың ешқайсысының да мұрты қисайған жоқ. Еш бөгеліссіз, сол қалпымен шығып тұрды. Бұл енді сол кездегі «халықтар достығы» саясатының үлкен бір «жеңісі» болса керек.

Әйтеуір бір абырой болғанда, арада біраз үзілістен кейін бұл газет қайта ашылып, үміт оты маздағандай еді. Көшіміз түзелді, Би-ағаңның газеті оқырмандармен қайта жүздесті. Бәрі өзгергендей, енді еркін тыныстардай болғанбыз. Алайда, бойларын үстемдік сана билеген, басшылық қызметтерді өзге ұлт өкілдері түгел жайлаған облысымызда қазақты екінші сорт санайтын жымысқы саясат газетімізге орасан зинынын тигізгендігі анық. Бір өкініштісі, қазақ газетін басы артық дүние санап, оған немкетті қарау секілді астамшылық көзқарас тәуелсіздік алып, билік өз қолымызға тигенде де біржолата жойылған жоқ. Мұны ең алдымен газетке редакторлар тағайындау секілді кадрларды іріктеудегі өрескел қателіктерден көруге болады. Сонау партия басқарған кезде «қай саланы да кез-келген коммунист басқара береді» деген сыңаржақ саясат үстем құрғандығы белгілі. Міне, осы өрескел көзқарастың құрбандығына біздің облыстық газет те шалынды. Мұнда кім басшы болмады дейсің. Аталмыш басылым қайта ашылғаннан кейін, оның бастауында тұрған, журналистер ұжымын қалыптастыруға ерекше еңбек сіңірген Бақытжан Жангисин ағамыздан кейін газет басшылығына облыстық партия комитетіне ғана танымал, газеттен мүлдем хабары жоқ кездейсоқ адамдар қаптап кетті. Жұртты елең еткізетін бір мақала жазып көрмеген, газеттің қалай басылып шығатындығынан мүлдем хабарсыз жандар да редакторлық орынтаққа қонжия кететін. Ең бастысы, газеттің өз ішінде шыңдалған, оқырмандарға жақсы да татымды дүниелермен танылған журналистерді басшылық қызметке жақындатпау туралы арнайы астыртын нұсқау болды ма деп қалғандайсың.

Әрине, бұлардың барлығы бірдей газет жұмысынан мақұрым, қолдарынан ештеңе келмейді деуден аулақпын. Қойғаннан кейін, олар да тырысып, жақсылап жұмыс істеуге ұмтылғандығы шындық. Партия ұсынғаннан кейін, әрине, бас тартуға болмайды. Мәселенің барлық түйіні, міне осында, кадрлардың тамыр-таныстықпен, жең ұшынан жалғасып, өз адамдарын тықпалау секілді қоғамды кері кетіретін өзім білемін» деген кеудемсоқтық саясатта. Әйтпесе, сол редакторлардың ішінде адамгершілігі мол, ниеті адал жандар да жетерлік еді. Мәселен, екі әйел мен бір еркекті басқарған бір азамат газетімізге кезекті редактор болып келген-ді. Обалы не, газеттен хабары шамалы болғанмен, журналистерге қамқорлық жасаудағы тындырған шаруасы бір төбе-тін. Ол обкомдағы мықтылармен алыса жүріп, біраз тілшілерді пәтерлермен қамтамасыз етті. Бұл азамат обкомға барып, еш тайсалмастан: «Мына орыс тіліндегі газеттердің қызметкерлері пәтерді бізден неге көп алады?» деп жағаласа кететін. Ақыры, осы белсенділігі өзіне таяқ болып тиді. Арада көп уақыт өтпестен, қалай тез келді, солай тез кетті. Ешбір себеп-салдарын түсіндірместен, қызметтен қуды. Өзінің жұмыстан негізсіз босатылғандығын айтып, жоғары жаққа талай арызданғандығымен, одан еш нәтиже шықпады. Ақыры, осы есіл азамат өмірден ерте кетті. Басшылықтың несі кетті. «Бұл азаматты жылы орнынан қозғап, сосын орынан алып тастап, обал жасадық-ау» деген ой олардың ойына да келмеді. Әрине, қолда билік тұрғанда қайдағы біреудің тіршілігінің ойран болғандығы кімге керек? Ең бастысы, астындағы жұмсақ орынтағы. Қалғаны күл болмасаң бүл бол. Жалпы, бұл ол кезде ғана емес, қазір де солай. Осы қауіпті.

Сонымен, екіншісіне келелік. Бұл азамат газеттің ұңғыл-шұғылын жақсы білетін, өзі де қарымды журналист еді. Оның үстіне ұжыммен тіл табысып, жұмыс істей білетін, терең білімді, кеңпейіл жан-тұғын. Мұны да жылы орнынан қозғап, аудандық газеттің редакторлығынан осында алып келді. Бұл да сол облыс басшылығының «ескі ауруы». Оларда «бұл газетте істейтіндердің барлығының қолдарынан ештеңе де келмейді. Шетінен жалдау, жайбасарар, қысқасы, тек қана нан соғарлар» деген үстірт қана емес, өте қауіпті әрі  астамшылық көзқарас әбден қалыптасқан көрінеді. Мұны кезекті редакторларымыздың бірі кетерінде қынжыла отырып, айтып кеткен еді. Егер бұлай болмаса, осында Қайсар Әлім, марқұм Сәлім Меңдібай секілді мүйізі қарағайдай, облыс қана емес, бүкіл республикаға танымал, саусақпен санарлықтай азаматтар кімнен кем еді? Осындай дайын кардлар тұрғанда сонау аудандық газеттен біреуді алып келу, біле-білген жанға облыстық деген аты бар үлкен басылымның журналистерін адам қатарына санамаудан басқа түк те емес. Егер тіпті, ең болмаса солардың қай-қайсысы да осы газетте үлкен бір талай елді таң қалдырған, былайғы жұрты елең еткізерлік мақалалары шығып жаста, бір сәрі. Әйтпесе, ауданнның деңгейі мен олбыстың деңгейі бірдей ме еді?

Мұның аяғы да белглі сценариймен аяқталды. Оған жоғары жақтан «чемоданыңды жинап, дайын отыр. Көп ұзамай, орныңнан алынасың» деген суыт хабар жетті. Солдан әлгі азаматымыз бұл орнына апталап қана емес, айлап отырсын. Ақыры оның шыдамы жетпей, «қой, жігіттер, есім барда, елімді табайын. Әйтпесе, ол қазметімнен де айрылып қалармын» деп бір күнде жиналып, бұрынғы орнына қайта кетті. Шыны керек, бұл кісімен қимай қоштастық. Биліктің тағы да несі кетті. Оның орнына кезекті редакторды алып келді. Ал арадағы «бастықты күту» неге ұзап кетті дейсіздер ғой. Сірә, онда әркім өз таныстары мен туыстарын тықпалап жүргенде редакцияны ұмытып кеткен шығар. «Ондай-ондай хан қызында да болады» деген мұндайда дана қазақ.

Обалы не, бұдан кейін де тағдырдың тәлкегіндей, арада үш-төрт жыл сайын өзгеріп тұрған кезекті редакторлар да қолдарынан келгенше, тындырымды іс атқаруға тырысып бақты. Заманның қиын кезінде, газет апталап емес, айлап шықпай жатқан тұсында, азғантай ғана айлығымызды да кезінде ала алмай, кейбір бай-манаптардың бізге талғажу етсін деп берген бірер қап ұнды тырбаңдап жүріп үйге тасыған қиын-қыстау кезді де солармен бірге өткіздік. Кемшілік кім де жоқ, бұл басшылардың әрқайсысының осы газетте өзіндік өшпес орны бар. Басылымның шаң басқан мұрағатында олардың ізі жатыр.

Тек, бір өкініштісі, облысымыздағы қасиетті қара шаңырақ іспетті бұл газетке орны толмас ойран әкелген, зардабы он жылдықтарға созылған кесапатқа ұшыратқан редактор да кездесті. Бұл туралы айтпай кету - шындыққа қиянат жасау болып табылар еді. Редакция деген ұжыммен еш уақытта жұмыс істеп көрмеген, газетке сіңірген еш еңбегі жоқ, бар артықшылығы елімізге белгілі бір жазушының қолдауымен осы лауазымғы қонжиған кеудемсоқ біреу редакцияға келе сала, осындағы сайдың тасындай іріктелген, барлығы дерлік сол кездегі маңдайға біткен жалғыз Қазақ мемлекеттік университетеінің журналистика факультетін бітіріп, тәжірибе жинаған сақа журналистерге ата жауындай тиісті. Содан көп ұзамай, Қанат Аужанов, Мақсұтбек Оташев, Мейраш Жүнісбеков сынды журналистер қуғынға ұшырап, ақыры талай кәсіпорындарды жағалап, аудармашы болып кетті. Мақалаларымызды шығарғысы келмей, шкафының тартпасына салып сүрлей берген соң, белгілі журналист Оразалы Жақсанов екеуміз арнайы шақырумен Қостанай қалалық орыстілді газетіне қызметке ауыстық. Тағдырға не дауа, арада тұп-тура төрт жыл өткен соң, әлгі «мәңгілік редакторлықтан» өте үлкен дәмесі бар «төбесінен су өтпейтін» мықтымсыған бастықтың орнына келдік. Онда да сол кездегі облыс әкімі Сергей Кулагиннің:  «Біз сізді біраз кандидатурадан іріктеп алдық. Өзіңіз істеген газетттің жаман аты шығып, елге күлкі болып жатырмыз. Осыны басқарып, бір жөнге келтірсеңіз» деген өтінішін жерге тастай алмадық.

«Жөнге келтіру» деген айтуға ғана оңай дүние. Әйтпесе, айналдырған төрт жылдың ішінде газеттің қаржысына қол салып, қол салғанда мол салып, газетке деп берген астықты машина-машинасымен базарға апарып сатып, одан түскен мол қаржыны қалтаға басқан «аса іскер бизнесмен» редактордың әбден тығырыққа тіреген «пысықтығының» салдарынан құтылу үшін он жыл бойы тер төгуге тура келді. Тіпті кезекті іс-сапарға шыққан шаруашылық басшылары: «Мынау тағы да бірлдеңе сұрауға келді ме?» деп күдіктене қарайтын. Содан: «Пәленшеке біздің ондай әдетіміз жоқ. Бізге қара шай берсең де жарайды.Ең бастысы, бізді оқырмандармен кездестірсеңіз болды. Тиражымызды көтерсек деген ой ғана» деп ақталуға мәжбүр едік. Содан ақыры, әбден құлдырап, газеттің айтуға ауыз бармайтын шамалы таралымын 12 мыңға дейін көтердік. Облысымыздың аузы дуалы, белгілі азаматтардың бетін бері қараттық.

Әлгі жемқор редакторымыз не болды дейсіз ғой. Ештеңе де болған жоқ. Оның істеген ісінің таза қылмыс екендігін өзге емес, Мемлекетік қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті тайға таңба басқандай етіп дәлелдесе де, сол кездегі өзін құдайдан кем санамайтын, әлі күнге дейін  суға салса батпайтын, отқа салса өртенбейтін әкіміміз оны жанын сала қорғап бақты. Әділетті жазадан аман алып қалды. Ақыры, өзімен бірге кетті. Өмірде мұндайлар да болады.

Жалпы, ұзын сөздің түйіні, редакторлық деген жұмсақ орынтаққа жайғасып отырып, жайлы көлік мінетін үлкен лауазым емес. Ол ең алдымен өзі оқырмандар арасында резонанс тудыратын, облысымыздағы өзекті мәселелерді қамтитын, терең сараптамалық мақалалар жазып, былайғы журналистерге өнеге көрететін ұстаз болуы шарт. Ол бұл екінің бірінің қолына келе бермейтін, кей-кейде абырой әпере бермейтін қиын шаруа. Біз сонау 90-шы жылдардың басында Қостанай ауданында аудан түгілі шаруашылық деңгейінде тек қана бір ұлттың өкілдері ғана отырғандығы туралы «Қазақ басшы бола алмай ма?» деген мақала жазғанбыз. Соны біреулер облыс басшылығына теріс жеткізген бе, кім білсін, мені «Бұл барып тұрған ұлтшыл. Өзгелерге сабақ болуы үшін соттау керек» деген қып-қызыл дау тусын. Сосын амал жоқ, бір кездерде облыстық партия комитетінде істеген, екі тілге бірдей азамат, кейін осы газетті басқарған Бақытжан Нұрмұхамедовтың арқасында осы мақаланы сондағы орыс тілінде шығатын «Стройтель коммунизма» деген газетке басып, басымызды әрең арашаладық. Журналистердің басында  кей-кейде мұндай да жағдайлар болады.

Мінекей, аталмыш газетте біраз жылдар істегендегі бастан кешкен бірер оқиғаның бір парасы осындай. «Елден ерекше іс тындырдым, редакцияда жұмақ орнаттым» деп айта алмаймын. Алайда қазір тәп-тәуір тәжірибе жинап, мықты журналистер қатарына қосылған Айтолқын Айқадамова, Қарлығаш оспанова пен Шұға Қоңқабай секілді қыздарымыздың аяқтан тұрып қалыптасуына азды-көпті еңбек сіңірсем, сол да медет. Сондай-ақ кезінде Айбек Ыбыраев секілді танымал журналистерді қызметке тартып, тәжірибелі журанлистердің қатарын толықтырдым деп айта аламын. Мұның сыртында облысымыз ғана емес, бүкіл республикаға танымал Оразалы Жақсановпен бірге қызмет атқарғаным да өзіндік бір үлкен тарих. Жалпы, сол кездегі редакцияда көз шырымен тауысып, «газетті қайткенде жақсартамен» деп түн ұйқысын төрт бөлген жандардың барлығының да орны бөлек.

Жайберген Болатов,

Қазақстанның құрметті журналисі

Abai.kz

2 пікір