Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әдебиет 4730 2 пікір 4 Шілде, 2022 сағат 13:40

Мұхтардың Шәкәріммен табысуы

Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 164 жыл

(екі тұлғаның кездесулері жайлы мәліметтер)

Қос ғұлама қалай табысты, қайтіп білісті? Осыны жіті тексеру, айшықтау маңызды шаруаның бірі сияқты. Алаш зиялылары «Шәкәрім ақсақал» деп қадірлеген қарт ойшыл мен балғын жігіт Мұхтар әуелден бірін-бірі жақсы білді, тығыз байланыста болған десек, жаңсақтыққа ұрынамыз, тегі. Шәкәрім Мұхтардан 39 жас үлкен, заманы да бөлек. Екі тау тұлғаның жақын білісіп, табысқан шағы, өз білуімше, 1924-1926 жылдар аралығы. Төменде осы пайымды бекітетін дәлелдер келтірмекпін.

Шәкәрімнің 1913 жылдан кейінгі  өміріне ғана қысқаша шолу жасайын. Өйткені, осы жылы ойшыл алғашқы оңашалану кезеңін бастап, бірыңғай ойшылдық сорабына түседі. Сөйте тұра, ғұлама заман ағымын қалт еткізбей қадағалап отырған. Оған тұңғыш қоғамдық-саяси басылымдар «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті бетінде жарияланған 20 астам мақалалары дәлел.

1917 жылғы әлемді дүр сілкіндірген ұлы дүбір, төңкерістерді Шәкәрім қуана қарсы алып: «Бостандық таңы атты» дейді. Қоғамдық жұмыстарға қайтып оралады. Осы жылдың күзінде Семей уездік Земство комитетіне депутат болып сайланғаны, ал 1918 жылдың басынан Алаш Орда үкіметінің соты, ескіше айтқанда, төбе биі болып сегіз ай қызмет қылғаны аян. Аумалы-төкпелі сол кезеңдегі өмірін ақын: «Жүріп ем, орнықпаған қалқымада» дейді.

Жас жігіт Мұхтарға келер болсақ, 1917 жылдың жазында «Ойқұдық» деген жерде ол өзінің «Еңлік-Кебек» атты тұңғыш пьесасын сахналаған-ды. Ауыз екі әңгімелерге құлақ түрсек, қыр төсіндегі қойылымға жиналған халық қара-құрым болған. Шәкәрім де келген. Екі тұлғаның алғаш таныстығы осы күндер шамасы. Қойылым аяқталғанда қажы Мұхаңа жолыққан, пьесадағы билер сценасына қатысты ақыл-кеңесін үйіп-төгіп берген дейді көзі көргендер. Қысқасы, Абай мен Әйгерімнің немересі, Тұрағұлдың қызы Ақыш ұзатылған той ұлан-асыр шараға ұласқан екен. Шәкәрімнің оған қатысуы һәм тойдың төрінде отыруы заңды (Құнанбайдан тараған он арыстың үлкені, ақылшысы болған соң). Екіншіден, Мұхтар тырнақалды пьесасы «Еңлік-Кебекті» Шәкәрімнің осы аттас (екінші аты – «Жолсыз жаза») поэмасына сүйене отырып, соның ізімен жазған ғой. Бұл шүбәсіз ақиқат. «Жолсыз жазадағы» Еңлік пен Кебектің диалогы ретінде келген шумақтарды, – деп көрсетеді әдебиетші ғалым Рымғали Нұрғалиев, –  Әуезовтің пьеса жазу үстінде пайдаланғаны анық байқалады». Зерттеушілер Мұхаң билер сценасын қайта өңдеп, көп байытқан деседі. Бұл өзі би болған Шәкәрімнің ақыл-кеңесін қаперге алды деген сөз. Сөйтіп, қай қырынан келсек те, 1917 жылы жаз жайлауда жас Мұхаңның қарт Шәкәріммен кездескені жоққа шығарылмайды.

Шәкәріммен қатар жас қаламгер Мұхтар да қос төңкеріс (Ақпан және Қазан төңкерістері) тудырған дүбірлі оқиғаларға белсене араласты. Мысалға 1921 жылдың тамыз айында Семейдің губерниялық атқару комитетінің төрағалығына сайланып, көп істерді тындырды. Соның бірі – Шыңғыс өңіріндегі  «Бақанас» артелін ұйымдастыруға тигізген үлкен көмегі деуге керек. 1922 жылдың күзінде М.Әуезов уездік жер бөлімінің бастығы Ешмұхамбет Әлин деген кісіге Шәкерімнің немере інісі Әрхам арқылы былай деп хат жолдаған екен: «....Мен өзіміздің ауылдың шаруаларын үгіттеп, бір жерге жиналып, поселка салуға көндірдім. Жерлері өте жақсы – Бақанас өзенінің жиегіндегі Байқошқар деген жер. Поселка салу жөніндегі шаруалардың өкілі мына хатты апарып тапсырушы – Әрхам Ысқақов. Менің сенен сұрайтыным: поселка салуға жәрдемдес, үкіметтің заңы бойынша берілетін көмек-жәрдемдерін бер».

Екі тұлғаның көп кездесулері осы жаңадан құрылған «Бақанас» артелінде (қазақтар «мойынсерік» дейді) өтті. Себебі, Шәкерімнің қорасы мен аталмыш  артель көршілес еді. Ақын артель ұжымымен аралас-құраласта болды. Өз кезегінде Мұхаң да қарым-қатынасын үзген емес. Қаламгердің жерді өлшеп, жоба жасаушы инженерді шақыртқанын, ол ұсынған жобаға сәйкес қаладағыдай көше тәртібіндегі поселка үйлері, мектеп, аурухана бой көтергенін айтсақ та жеткілікті. Бұдан бөлек, өзен суын егіс алқабына ағызған ұзын арық арнасы тартылып, оның бойына су диірмені, май зауыты салынған. 1922 жылдың күзінде Мұхаң Ташкент қаласына оқуға аттанғанда, оны Бақанас тұрғындарының құрметпен шығарып салуы осы айтылған тығыз қатынастың айғағы. Бұл қаладағы оқуы ұзаққа созылмай, онан Ленинград университетіне ауысты.

Бірақ Ленинградта бір семестр ғана оқып, Семейде жаңадан құрылған Қазпедтехникумда ұстаздық қызметке кірісуіне тура келеді. Неге? Себебі, Семей облыстық оқу бөлімі  шақыртып алған. Бұл – 1924 жылдың қысы, жаңа жылдың алғашқы айында болған уақиға.

Туған жерді сағынып жеткен студент қаладағы шұғыл шаруаларын бірыңғайлап алған соң, бой жазып, аз да болса дем алуға қырға, ел ішіне тартқан ғой. Оның өзіндік себептері бар. Бірі – Бөріліде, бірі – Аралтөбеде өскен Мұхтар мен Кәмила (Кәмеш) Мағауияқызы бірін-бірі шын сүйіп, 1921 жылы шамасында отау құрған еді. Өмірінің соңғы жылдарында Мұхаң: «Менің түсіме кіретін үш адам бар: ағам Қасымбек, Кәмила және Жебеш (Тұрағұлдың баласы)» деген көрінеді.

Мұхтар жер түкпірі Ленинградта жүргенінде алты жасар қызы Мұғамила (тұңғыш жары Райханнан туған) мен сүйіп қосылған Кәмиласы көбіне Абай ауылдарын паналаған болатын. Бұл жайында марқұм Мұғамила Мұхтарқызы сыр шертеді: «Әкем Кәмилаға үйленгенде сол кісінің тәрбиесінде болдым. Өзінде бала тоқтамаған Кәмеш мені «балапаным» деп бауырына басты. Абай ауылы біз қаладан демалысқа келгенде «Балапанымен Кәмеш келді» деп қарсы алатын. Мені «жиен» дейтін» (Мұхтарқызы М. Естелік сөз // Семей таңы, 1994. – 21 қыркүйек).

Осы айтылғандар 1924 жылдың қысында Шыңғыстауға сапарлауының бірінші себебі. Екінші себеп – осы кездерде Мұхаң Абай жайлы материал жинауға кіріскен еді. Осы тұрғыдан аса маңызды болған бір тарихи кездесуге тоқталайық. Жазушы оны былай деп есіне алады: «Менің материал жинаған кезімде кейбір білем деушілер Құнанбай Қодарды күнәсі үшін жазалады, – дегенді айтты. Бір жолы қыстыгүні мен Шыңғыс асып келе жатып, кездейсоқ Құнанбай ұрпақтарының ауылына келіп тоқтағаным бар. Бұл ауылда Абайдың өткенінен бірқатар деректерді анық білетін бір шал бар екен. Мен Қодар өлімі жайын содан сұрадым. Ол өзіме сұрақ қойып:

– Сен Қодардың қай жерде асылғанын білесің бе? – деді де, қыстау түбіндегі бір дөңді көрсетті. Өлі Қодардың денесі осы дөң үстінен лақтырылған екен. Шындық осы арада басталды. Бұл жерде Құнанбайдың үлкен әйелі Күңкеден тараған немерелерінің ауылы отырған-ды. Бұл жер бір кезде Қодарға, оның туған, туысқандарына қарайтын жер екен, бірақ оның руы өзі-өзін «қорлапты» да, жерді Құнанбай тартып апты» (Әуезов М.О. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. – Алматы: Ғылым, 1998).

Бұл жерде Мұхаңның «деректерді анық білетін бір шал бар екен» және «Құнанбайдың Күңкеден тараған немересі» деп Шәкәрімді айтқаны соқырға таяқ ұстатқандай анық нәрсе («халық жауы» деп атылып кеткен кісінің есімі ол күнде аталмайтын, саяси қателік саналатын).

Әлгінде Мұхаң: «Шыңғыс асып келе жатып, кездейсоқ Құнанбай ұрпақтарының ауылына келіп тоқтадым» деді ғой, менімше, «кездейсоқ» дегенді сақтық  сақтап айтқан. Мұхтар Омарханұлы – даңқы алысқа кеткен абыройлы азамат әрі кешегі аяулы ер Мағауияның қызы Кәмештің жұбайы, яғни Құнанбай ұрпақтарына қадірлі күйеу бала. Шәкерімнің көп үміт күткен баласы Ахаттың ұстазы екенін де айта отырайық (осы жылы Ахат Қазпедтехникумға оқуға түскен еді). «1923-24 жылдары, – дейді Разақ Самарханұлы, – Мұхаңның жазғандары елге тарап, беделі мейлінше шырқаған шақ. Кездескенде үлкен де, кіші де сөзін тыңдайтын, құрметтеп, сыйлайтын дәрежеге жеткен». 1922 жылдың күзінде Мұхаң Ташкент университетіне түсе сала, осы қалада «Шолпан» журналын шығаруға қызу кірісіп кеткенін, Шәкәрімнің сұлу дастаны «Ләйлі-Мәжнүн»  осы журналда басылғанын да айта отырайық. Сөйтіп, Қарашоқыдағы қарт Шәкерім мен бәйбішесі Айғаншаның ауылына Мұхтар мен Кәмештің арнайы ат басын бұратын жөні бар және оларды үй иелері төредей күтіп алғандары шүбәсіз.

Кездейсоқ па, заңдылық па, қалай деген күнде де, 1924 жылдың қысында болған Мұхаң мен Шәкәрімнің кездесуі қазақ халқы тарихи-мәдени өмірінің жарқын оқиғасы!  Неге десеңіз, эпопеяның өзегі есепті оқиғаларды сөзге ұста, ойға бай сахара данасының аузынан есту, өзіне беймәлім болып келген тың деректерге қанығу талантты жазушының сана-сезімін төңкеріп өткені сөзсіз. Мәселен, әйгілі эпопеяның «Қодар-Қамқаның өлімі» уақиғасынан басталуы көп жайды аңғартады. Мұны жаңағы сөзінде «шындық осы арада басталды» деуімен ұлы суреткер өзі де жасырмай жеткізіп отыр. Қодар-Қамқаны дарға асу оқиғасының бар астары мен шындығын «Қодардың өлімі» атты поэманың авторы әрі сол Қодардың қыстауы тұрған жердің егесі Шәкәрім анық білмегенде кім білмек?! 1959 жылғы мақаласында Мұхаң былай деп тағы бір ағынан жарылады: «Романмен жұмыс істеу барысындағы кезеңдерге ойша оралатын болсам, мен, ең алдымен, Қодардың дарға асылатын көрінісін көз алдыма елестетемін – ол, менің ойымша, кітаптағы негізгі тартыстың көңіл­күйін анықтайтын кілті ретінде қызмет етуге тиіс болатын» (Әуезов М.О. «Абай» романының жазылу жайынан // Вопросы литературы. – Москва, 1959). Көрдіңіз бе, алғаш Шәкәрімнен естіген оқиғаны Мұхаң кітаптағы тартыстардың «кілті» деген.

Сонымен, 1924 жылғы қысқы кездесу – келешекте «Абай жолы» эпопеясы дүниеге келуіне түрткі жәйттің бірі. Кездесудің кереметтігі осы арада! Трагедиялық талас-тартыстардың қыр-сыры, мән-жайы мен нақтылы себептеріне Мұхаң шыншыл Шәкәрім арқылы қаныққан дейміз.

«...Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы Абайдан». Осынау хакім Абайға айтқан жүрекжарды лебізін Мұхаң қазіргідей кең заман болса, әулие Шәкәрімге де арнап айтар ма еді кім білсін. Жазушының Шәкәрімді құрметтегені, ұстаз тұтқаны жайлы материалдар әзірге там-тұмдап қана жетіп отыр.

«Шығыс поэзиясы бойынша ұстазым – Шәкәрім!» деп Мұхаң маған екі мәрте айтқаны бар дейді Ахат Шәкәрімұлы өзінің естелігінде. Жоғарыда Шәкәрімнің «Еңлік-Кебегі»  жас Мұхтардың осы аттас тырнақалды пьесасын жазуына себепкер болған дедік. Енді Шәкәрімнің әйгілі эпопеяның тууына, идеясы мен мазмұны анықталуына септігі тигенін де  айтуға міндеткерміз.

«Абай жолына» қажетті материалдарды Мұхаң Шыңғыстаудың барлық құймақұлақ данагөй қарттарымен кездесе, сұрастыра жүріп, жинастырды. Алайда Шәкәрімнің жөні бір бөлек. Жалпы қариялар да, Көкбай, Тұрағұл, Әрхамдар да білуі екіталай жәйттер көптұғын. Мысалға билік тізгінін ұстаған ортаның ойлау жүйесі, мінезі, жүріс-тұрысы, шешімдері тәрізді иірімі терең, бүкпесі көп мәселелерді Мұхаңа қажетті дәрежеде ашып жеткізу тек Шәкәрімнің сыбағасы деуге керек. Өйткені, 1920 жылдардың ортасында көзі тіріден атқамінер элитаның бел ортасында жүрген әрі Абайдың барлық өлеңдерін, шығармашылық лабораториясын (Мұхаңша «бар қоймасын») жатқа білетін Шәкәрім ғана қалған-ды. Сондықтан Шәкәрімнің Мұхаңа көмегі зор болғаны сөзсіз.

1928 жылдың 29 желтоқсанында толтырылған анкетада Мұхаң былай деп көрсеткен: «В 1926 году ездил в Семипалатинскую губернию на родину – каз. поэта Абая для собрания материалов касающиеся его жизни и деятельности» (Ташкент облархив: фонд -353, опись-1, дело-41). Қайталап айтайық, студент Мұхтар екі жыл (1925 және 1926 жж.) қатарынан жаз айларын жанға жайлы Бақанаста өткізді. Мұны растайтын жаңағыдай архивтік деректер баршылық. Әр сапарында Саятқорада Шәкәріммен көп сұхбат құрған. Ортақ тақырып – Абайдың өмірі мен шығармашылығы болған. Сондықтан ұлы суреткерге жол-жоба көрсетіп, бағыт берген ұстазының бірі – данышпан Шәкәрім екендігі мойындалып жатса, шындық ауылынан шығандап кетпейміз деген ойдамын.

«Абай жолында» Мұхаң Шәкәрімге неғып «Шұбар» деген ат қойған? Жағымсыз кейіпкер қылғаны несі? Осындай сұрақтың тууы заңды. Сенсеңіз, 1950 жылы жарық көрген «Ақын аға» кітабында Мұхаң Шәкәрімді «Керім» деген болатын. Ал эпопеяда «Шұбар» делінсе, ол аздай, Абайға жақындығын пайдаланып жүрген күншіл, кертартпа пенде ретінде суреттелсе, бұл, сөз жоқ, қылышынан қан тамған саяси қыспақтың кесірі. Кім қанаушы таптың өкілі, сол сүйкімсіз кейіпкер. Бұл жазылмаған қағидатұғын. Мұхаңның өзі де: «Обал болды, Шәкәрім алдында зор кінам бар» деп өкінген екен. Бірақ Шәкәрімді қайтсем ағартам дегенді де ойластырған. Эпопеяға өмірде болмаған жалғыз кейіпкер – Дәрмен образы енгізілгені содан. Бүгінгі таңда Дәрмен – «Қазақ айнасы» жинағының авторы Шәкәрім деп зерттеушілер бірауыздан бекітеді. Осылайша кемеңгер Мұхаңның Абайдың ең талантты шәкірті Шәкәрімді тығырықтан алып шыққанын біле жүргеніміз жөн.

Қорыта келгенде, Абай, Шәкәрім және Мұхтар – әлемдік шыңға шыққан қазақтың үш алыбы. Олардың сырт көзге көрінбейтін, бірақ ішкі жан дүниесі мен ойлау жүйесі арқылы біріне бірі берген әсері, шапағаты ерекше мол болғандығы анық. Мақалада осынау нәзік байланысты азды-көпті аңғартуға талпынған жайымыз бар.

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3513