Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Алаң 3654 6 пікір 1 Шілде, 2022 сағат 15:07

Қазақстан Ресей үшін санкция арқалауға әзір ме?

Сұрақты дәл осылай төтесінен қоюымызға себеп бар. Орыс тілді әлеуметтік желілер һәм ақпарат құралдары «Жібек жолы» жүк кемесінің 7 мың тонна украин астығын тиеп, Түркияға бет алғанын жазып жатыр.

«Жібек Жолы» жүк кемесі Украина аумағынан Түркия мемлекетіне 7 мың тонна астықты заңсыз тиеп шыққан. Бұл хабарды «ҚазТаг» агенттігі «Argus Media» агенттігіне сілтеме жасап жариялады.

«Украинаның Бердянск портынан алғашқы астық тиеген кеме шықты. Болжам бойынша кеме Түркияға бағыт алды. Қазіргі күні Бердянск портын Ресей басып алған. Бұл портты Украина мамыр айының басында ресми түрде жапқан болатын», - деп жазылған хабарламада.

«Бірнеше ай бойы тоқтап тұрған жүк кемесі Бердянск сауда портынан шықты», - деп жазды өзінің ресми телеграм парақшасында Ресей тағайындаған Запорожье облысындағы Мәскеу әскери-азаматтық әкімшілігінің басшысы Евгений Балицкий.

Оның айтуынша, Қара теңіз флотының Новороссийск Әскери-теңіз базасының кемелері мен қайықтары порттан шыққан жүктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

«Украинадан 7 мың тонна астықты заңсыз тиеп кеткен кеме «Жібек Жолы» деп аталады», - деп хабарлады Қара теңізді стратегиялық зерттеу институтының мониторингтік тобының жетекшісі Андрей Клименко. Мұны Балицкий жариялаған фотосурет те растап тұр.

Marine Traffic мәліметтеріне сәйкес, Ресейдің қол астында қарайтын «Жібек Жолы» Түркияның Қарасу портына 1 шілдеде жетеді. Бірақ, кеме Бердянскіден емес, Ресейдің Новороссийск портынан 22 маусымда шыққан деп айтылған.

Украина журналисі Екатерина Яресконың айтуынша, бұл Украинадан Түркияға заңсыз жіберілген астықты тасымалдаған алғашқы кеме емес.

«Біз Ресей басып алған Қырым порттарынан астықты тікелей түрік порттарына жеткізетін сегізші кемені көріп отырмыз», - деді «Миротворец SeaKrime» украиналық интернет-басылымы жобасының журналисі.

(Жібек жолы кемесінің бағыты)

Бұған дейін Украина билігі Ресей мен үшінші тараптар пайдаланатын кемелердің тізімін Түркияға берген және түрік порттарына жеткізілетін тауарды тексеруге, заңсыз транзакцияларды тоқтатуға шақырған. Анкара мәселені егжей-тегжейлі зерттеуге уәде бергенімен, әлі күнге дейін Киевтен ұрланған астық тасып жүрген кемелерді тоқтатуға ешқандай әрекет жасамаған. Анкара нақты дәлел жоқтығын алға тартып келеді.

Оның үстіне, Ресейлік кемелер жеткізетін өнімдердің шыққан жерін анықтау қиындай түсуде, себебі, олар бақылау жүйелерін өшіре бастаған.

«Ресей уақытша басып алған Украина порттарында астық тиеген кезде бақылау жүйелерін өшіріп тастайды. Бұл әдеттегі іске айналған. Ресей порттарынан шыққанын растайтын координаттарды қолмен енгізуге болады», - деді украиналық астық трейдерлері «Argus» агенттігіне.

(Ресей туы астындағы қазақ кемесі)

Осы айдың басында Украинаның Түркиядағы Елшісі Василий Боднар Ресей ұрланған украин астығын Түркияға экспорттау үшін жалған құжаттарды қолданғанын айтқан.

«Тауарлар ресми түрде Краснодардан немесе Новороссийскіден әкелінгендіктен, Түркия санкцияларды техникалық түрде бұзбаған болып саналады. Ал қазір Ресейдің бақылауына өткен Севастополь не болмаса Херсоннан тауар әкелінсе, бұл санкцияларды бұзу болып қарастырылуы мүмкін», - деді Боднар.

Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу «ұрланған астық» кедендік құжатта Украинанікі емес, Ресейдікі деп көрсетілгенін айтқан. Ресей билігі «Украинадан астық ұрлағанын» мойындаған жоқ.

«Астық ұрлау жағдайлары туралы айтатын болсақ, біз мұндай негізсіз айыптауларды үзілді-кесілді қабылдамаймыз», - деді Ресейдің АҚШ-тағы Елшісі Анатолий Антонов.

(Жібек жолы кемесі)

Ресей Украинаның оңтүстігі мен шығысындағы украин астығын қазіргі уақытта өзі бақылауда ұстап отырған аумақтардан белсенді түрде экспорттай бастаған. Тіпті, осы аумақтар мен Қырымның арасындағы теміржол байланысының қайта жандануына байланысты тасылған астық көлемі ұлғайған.

Ал Балицкий Ресей Қырымға теміржол арқылы астық жібере бастағанын айтқан.

7 маусымда Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Мариуполь мен Бердянск қалалары астықты жөнелтуге дайын екенін айтты.

Енді мына қызықты қараңыз: «Чиновник» телеграм арнасы «Жібек Жолы» жүк кемесінің Қазақстанға тиесілі екенін жазыпты.

«Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, Ресей басып алған Бердянск қаласынан шыққан 7000 тонна Украинаның астығы Түркияға «KZT EXPRESS SHIPPING» қазақстандық кеме иесіне тиесілі «Zhibek Zholy», IMO: 9598880 кемесімен жіберіледі, басшысы – Қылышбеков Асқар Жаркеұлы», - деп жалған хабарламада.

«Чиновник» телеграм арнасы бұл жағдайдың «жеке басқа салынатын санкция» қаупін тудыратынын айтады.

«Өкінішке орай, ақпарат расталды. «Zhibek Zholy» құрғақ жүк тасымалдаушы кемесі дәл қазір Бердянскіден түріктің Қарасу портына кетіп барады. Қара теңіз флотының Новороссийск Әскери-теңіз базасының адмиралы Виктор Кочемазовтың басшылығымен базасының кемелері мен қайықтары астық тиеген кеменің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Кемеде расымен де 7000 тоннадан астам Украина астығы тиелген», - деп жазды телеграм арна.

«ҚазТаг» агенттігі ресми түрде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сұрау салыпты. Егер ақпарат расталатын болса, санкцияның салқыны да кезек күтірмейтіні анық.

«Протенге» телеграм арнасы «Жібек жолы» жүк кемесінің ҚТЖ-ға (Қазақстан темір жолы) қатысы бар екенін жазыпты. Ондағы ақпаратқа сүйенсек:

«KTZ EXPRESS» акционерлік қоғамы ҚТЖ құрамына кіреді екен. Ал «KTZ EXPRESS» АҚ – «KTZ Express Shipping» ЖШС-ның нағыз иесі. Дәл осы ЖШС үшін кезінде «Жібек жолы» кемесі құрастырылған.

«KTZ Express Shipping» ЖШС теңіз жүк тасымалымен айналысатын компания. Ол өз кемелерін ұзақ мерзімге (2033 жылға дейін) жалға беріп отыр. 2014 жылы ҚТЖ мен «KTZ EXPRESS» Еуразиялық даму банкінен 30 млрд теңге несие алған. Кейін бұл несиелік келісімге «KTZ Express Shipping» ЖШС қосылған.

Айжан Темірхан

Abai.kz

6 пікір