Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 2883 5 пікір 1 Шілде, 2022 сағат 13:27

«ҚазМұнайГаз» акциясын сатып алып, байып кетуге бола ма?

Биыл «ҚазМұнайГаз» ішкі биржаларда өз акцияларын сатады. «Тікелей жазылу» әдісімен осы акцияларды «Tabys» мобильді қосымшасы немесе «ҚазПоштаның» бөлімшелері арқылы сатып алуға мүмкіндік берілмек. Президент осындай тапсырма бергендегі басты идея - халық та мұнайдың қызығын көруі керек.

Осы акциялар бізге нақты пайда бере ме?

Бұл сұраққа жауап беру үшін 2-3 жылға артқа шегіну керек. Біз «ҚазМұнайГаздың» тура «Қазатомпромның» жолымен келе жатқанын көріп отырмыз. Ендеше өзіміздің отандық AIX биржасында 2018 жылдан бастап Қазатомпромның акциясын сатып алғандар табысқа кенелді ме, осыны тексерейік.

«Қазатомпром» 2018 жылы 14 қарашада IPO-ға шығып, 15 пайыз акциясын сатты. Сол күні AIX биржасында оның бір акциясы 4530 теңгеге сатылған болатын. Енді бүгінгі жағдай бойынша дәл осы биржада «Қазатомпром» акциясы 12 135 теңге тұрады. Яғни акциялар 2,6 есеге қымбаттаған.
Ал енді сіздің табысыңызды есептеп көрейік. Сіз 2018 жылы 4530 теңгеге 1 акция сатып алдыңыз дейік. 2019 жылдың қортындысы бойынша сізге дәл сол акцияға 381,72 теңге дивиденд төленді. 2020 жыл бойынша 578,67 теңге, ал 2021 жылдың қортындысынан 876,74 теңге дивиденд алдыңыз. Сонда үш жылдың дивидендін қоссақ 1837,13 теңге шығады. Егер дәл қазір сіз сол бір акцияңызды 12 135 теңгеге сатсаңыз, дивидендтерді қосқанда таза 9 442,13 теңге пайда таптыңыз.

Мың акцияны 4 530 000 теңгеге сатып алсаңыз, үстінен 9 442 130 теңге таза пайда көрер едіңіз. Егер сол 4 530 000 теңгені орташа 14 пайызбен банк депозитінде 2 жыл ұстасаңыз, тіпті ай сайынғы капитализациясын қосқанда сіз 1 455 209 теңге таза пайда табасыз. Сонда «Қазатомпром» акциясынан түскен кіріс банк депозиті пайдасынан 6 есе (!) артық болып тұр.
Қаржылық сауаты мықты азаматтардың акциялар нарығында инвестиция жасайтыны да сондықтан.

Айбар Олжаев

Abai.kz

5 пікір