Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 4559 5 пікір 1 Шілде, 2022 сағат 13:02

Депутаттар демалысқа кетті: Олар не істеді?

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Парламенттің VII шақырылының II сессиясын қорытындылады. Депутаттар жазғы демалысқа кетті. 

Қошановтың айтуынша, өткен парламенттік қызмет маңызды оқиғалар мен ауқымды шешімдерге толы болды.

«Біріншіден, биылғы сессия ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Бұл еліміздің басты мемлекеттік мерекесі ғана емес, сондай-ақ барша қазақстандықтарды біріктіретін ұлттық тарихымыздың маңызды кезеңі.

Екіншіден, тәуелсіздіктің 30 жылдығының маңызды кезеңдерінің бірі ретінде ҚР Парламентінің 25 жылдық мерейтойын атаймыз. Парламенттің қалыптасуы мен дамуы тәуелсіз Қазақстанның тағдырымен тығыз байланысты. Үшіншіден, Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша республикалық референдум еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіреді, - деді Мәжіліс спикері.

Қошанов осы сессияның қоғамдағы күрделі әрі жауапты кезеңмен тұстас болғанын атап өтті.

«Бұл кезеңде Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Палатаның қарауында 127 заң жобасы болды, оның 75-і мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Соның ішінде, депутаттық корпус бастамашылық еткен 27 заң жобасымен жұмыс істеді. Бұл Палатаның қарауына енгізілген заң жобалары санының  21 пайызын құрайды. Мақұлданған заң жобалары, бірінші кезекте, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған», - деді Мәжіліс Төрағасы.

Атап айтқанда, Парламент:

- «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы»,

- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы»,

- «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»,

- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»,

- «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» (депутаттардың бастамасы) заңдарды қабылдады.

12 заң жобасын Сенат Мәжіліске қайтарды, 66 заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды.

Сонымен қатар Палата Спикері Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың атына 355 депутаттық сауал жолдағанын атап өтті. Депутаттық сауалдарда кәсіпкерлікті қорғау, банк қызметі, салық саясаты, денсаулық сақтау және білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, бала құқықтарын қорғау, жастар саясатын іске асыру мәселелері көтерілді.

Abai.kz

5 пікір