Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 4813 50 пікір 28 Маусым, 2022 сағат 12:53

Краснов не деп көкіді, Божко не деп жекіді?

Ресейдің Бас прокуроры Қазақстанның ішкі ісіне араласты

Иә, дәл солай. Ресейдің Бас прокуроры Игорь Краснов деген дөңшеке: «Қазақстанда ұлтшылдардың русофобтық көзқарасы күш алып келеді. Оларға Украинаның үкіметтік емес ұйымдары септесіп жатыр», - деп соққан.

Өткен жұмада Беларусь астанасында ТМД елдері Бас прокурорлары бас қосқан. Аталған жиында Ресей мен Қазақстанның Бас прокурорлары жолыққан. Сол жолығуда Игорь Краснов деген адам:

«Маған мұны айту ыңғайсыз, десе де маған Украинаның үкіметтік емес ұйымдарының қолдауымен, Қазақстанда русофобтық көзқарас күшейіп келе жатқанын хабарлап жатыр. Қазіргідей жағдайда, ондайлармен бірлесіп күресуіміз керек. Ұлтшылдықтың пайда болуына, экстремистік әңгімелердің шығуына қарсы күш біріктіруіміз керек. Мен бұл мәселеде сіздің (Берік Асыловқа қарата) қолдауыңызға қатты сенемін. Ал біздің мамандар шілде айында Нұр-Сұлтанға барып, экстремизм мен терроризмге қарсы тәжірбие алмасады», - депті.

Бұл айтылған сөзге Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловтың не деп жауап қайтарғаны елішілік һәм Ресейлік БАҚ-тарда жарияланбаған. Тек қана Бас прокуратураның ресми сайтында аталған жиын туралы ресми ақпарат жарияланған. Онда:

«Аталған іс-шара барысында адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен Ресей Бас прокуратуралары арасындағы «Байқоңыр» кешені аумағындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды», - деп жазылған.

Қазақстанның Бас прокуроры өз баяндамасында қылмыстық процесте бизнесті қорғау және экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына және заңсыз шығарылған капиталды қайтару  мәселелері бойынша сөз сөйлеген.

Бұл сөзталқының ең қызық жері - Сергей Васильев есімді адам Красновтың сөздерін һәм Ресей мен Қазақстан Бас прокурорларының жолыққаны туралы ақпаратты: «Қазақстан ұлтшылдары – дайындалыңдар!», - деген тақырыппен Facebook желісіне бөліскен.

«Қазақстандағы ұлтшылдар дайын болыңдар! Ресейдің бас прокуроры Игорь Краснов Қазақстанның бас прокуроры Берік Асыловпен кездесті. "Мұның айту жағымсыз, бірақ украиналық үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен Қазақстанда русофобтық әрекет орын алуда деп маған хабарлауда. Біздің мамандар экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл тәжірбиесімен алмасу үшін шілде айында Нұр-Сұлтанда қаласына барады», - деді Краснов.

Көп ұзамай тұрандықтар, түрлі ұлтшылар сазайын алады деген үміт бар. Қазақ тілді саясаткерлерге ленталарын тазалап, енді ақымақтық сөз жазбауға кеңес беремін», - деп жазған әлгі Сергей Васильев.

Ал Васильевтің бұл жазбасын басқа-басқа емес, бұрын Төтенше жағдайлар министрі болған, Парламентте депутат болған, жасы жетпістен асып жығылған, ҰҚК-нің зейнеттегі генералы Владимир Божко бөліскен.

Алайда араға көп уақыт салмай жатып, Божко да, Васильев те әлгі жазбаны өшіріп үлгерген.

Orda.kz тілшісі «Қазақстанның орыс, славян және қазақ ұйымдары қауымдастығының» төрағасы Владимир Божкоға хабарласыпты. Сөйтсе Божко бүйдепті: «Мен екі Бас прокурордың кездескенін хабарладым, ал сіздер болсаңыздар мені сатқындық жасаған сияқты көрсетіп, асыра сілтеп отырсыздар. Сіздер баспасөзде тіптен қызып кеткенсіздер ме? Екі Бас прокурор кездесіп, шетелдік арнайы қызметтерге қарсы тұру мәселесін қарастырып жатқанын және осының бәрін қайта қарағанын бөлістім, басқа ештеңе жоқ».

Бұл мәселеге қатысты көп сөзді көбігі шыққанша сапырмай, осы ақпаратпен тоқтайық. Краснов, Божко, Васильевтердің әрекеттеріне баға беру оқырманның еншісінде болсын...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

50 пікір