Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 2845 2 пікір 27 Маусым, 2022 сағат 14:09

Татьяна және физика

Татьяна университетке түсе алмады. Қиырдағы кішкентай кентке қайтатын уақыт таяды. Қайтып барса, әке-шешесі аяп, сыныптастары күлкіге айналдырады. Ол айдан анық. Техникумға түсіп, екінші курста күйеуге шығып, мас күйеуді бау-бақшаны айналдырып қуалау, құрбыларыңа оны жамандап, жылау, бақшаңа патиссон егу, қысқа қияр жабу. Жоқ. Бұл жолды басқалар таңдасын. Бірақ мен емес деп шешті.

Құжатын алып кетейін деп кіргенде мидың бір қатпарында жаңа ой туды. Неге мен ел сияқты байқауға 15 адам қатысатын тарих факультетіне тапсыруым керек еді? Ең бастысы университетте оқу, қалғаны ұсақ-түйек емес пе? Мехмат бар ғой – бір орынға 3 адам. Ал, Физфакқа 1,7 – сонда бала-шағаның есебін шығара алмаймын ба?

Дәлізде «Жатақханаға гардеробшы керек» деген хабарламаны оқыды. Жақсы ғой – күндіз жұмыс істейсің, кешке оқисың, бір жылдан кейін физфакқа түсем деп ойлады. Ойы жоспарға айналып келе жатты.
Ата-анасына Татьяна дайындық курсына түстім деді. Олар ол не демеді. Қызы үшін қуанды да қойды. Тіпті кейде ақша сап тұратын.

Күні бойы гардеробта отырады. Арасында «Физика. Алғашқы курс» деген қалың кітапты кеміреді. Жоспар әр қадам сайын тығырыққа тіреле берді. Біріншіден, қыстық киім тасу өте ауыр. Екіншіден, оқулықта жазылғанның бірі де миға қонбады.

Мектептегі физика мұғалімі қосымша дене шынықтыру мұғалімі болып істейтін. Физиканы өтірік ғылым деуші еді. Кезінде ақылды адамдар Джордано Бруноны өртеп жібергені қандай жақсы болған дейтін. Физиканың есебін шығарудың орнына сынып баскетбол ойнайтын. Бұған Татьяна ренжи қоймапты. Баскетболды жақсы көретін.

Көктемге дейін қалың кітаптың жартысын ғана оқи алды. Бірақ бойжеткен жеңілгісі келмеді. Мағынасын дұрыс түсінбесе де, формула мен анықтамаларды жатқа айта алады.

Емтихан күні. Мазмұндаманы Татьяна жақсы жазды. Физикада сүрінді. Бір есебі дұрыс емес. Емтихан алған көзілдірікті семіз кісі «өтпеді» деп жазайын деп тұрды да, анықтамаларды сұрай салайын деді. Үш! Арман болған студенттік билет қалтада! Топта 26 жігіт. Татьяна – 27-сі.

Университетке түскеннен гөрі оқыған қиындау тиді. Лекциядан Татьяна түк түсінбейтін. Семинар сайын масқарасы шығады. Бір күні тақтаға шақырып, мынаны ықшамда деді:
Sin alfa
———— + .....
Cos alfa
Бойжеткен бөлшектің алымы мен бөлімі бірдей болса, қысқартатын еді ғой деп ойлады:
in alfa
———— + .....
Co alfa
Ол S-т қысқартты. Ду күлкі. Топ енді қысылмастан Татьянаның бетіне топас дей беретін болды. Алғашқы сессияны үштікке зорға дегенде жапты. Бірнеше сабақты қайта тапсырды. Күндіз-түні жаттау, валерьянка. Көзімді құртпасам болмайды деп шешті. Екінші сессияны бітірген соң кетем деді.
Алғашқы көктем мерекесі жақындап келе жатты. Отан қорғаушылар күні. Жалғыз өзі бүкіл топты құттықтамаймын деп ойлады. Бұған күнде күліп, масқаралайтындарды құттықтап қайтеді? Анасы ойын өзгертті. Әрбіріне бір-бір құттықтау хат дайындады. 26 жігітке өлең шығарды. «Виктор транзисторды үйде ұрғылады, Виктор транзисторға аяғын кіргізіп алды. Витя, 23 ақпан құтты болсын! Сенің көк жейдең өте әдемі, тастамай киіп жүр. Көзіңе жарасады».

Жігіттер сыйлыққа қатты таң қалды. Осыдан бастап олар Татьянаға күлуді доғарды. Оған қамқор бола бастады: бірдеңені түсінбесе, кезектесіп түсіндіретін. 8 наурызға Татьянаға 27 роза алды. Бірін үштік қойып, оқуға түсірген оқытушы сыйлапты. Бұған дейін оған ешкім ешқашан гүл сыйламаған. Бір бума розаны жатақханаға көтеріп келгенде қыздардың бәрі келіп көрді. Біреу қызғанды, біреу базарға апарып сатып жібер деп ақыл айтты. Екінші сессияда Татьяна үш алмады. Келесі семестрде озат студент атанды. Сосын универистеттегі ең үздік физик-студент болды. Алда керемет келешек күтіп тұрды.

Татьяна Максимовна Колокольцева – физико-математика ғылымдарының докторы, бірнеше оқулық авторы, полимер статистикасы бойынша бас маман.

Александр Бессоновтың жазбасы, аударған Шынар Әбілда

Abai.kz

2 пікір