Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Ой түрткі 2496 4 пікір 24 Маусым, 2022 сағат 00:14

Ұлттық құрылтай нені түсіндірді?

Ұлттық құрылтай - қазақ хандығы дәуірінде парламенттың рөлін атқарған. Халық билігінің көрінісі болған. Ел тағдырына қатысты келелі саяси шешім шығарған.

Еліміз тәуелсіздік жариялаған соң Қазақстан қоғамының алдына екі үлкен міндет қойылды. Бірі - ұлттық мемлекет құру. Енді бірі - әділетті қоғам құрып, гүлденіп-көркею. Тәуелсіздігімізге отыз жыл  толды. Бірақ, бұл міндеттің біреуі де орындалмады. Бұл бүгінгі елді отыз жыл басқарған билік тобы да мойындаған ашты шындық.

Әділетті қоғам құру мен ұлттық мемлекет құрудың арасында қарама-қарсылық жоқ, бірлік бар. Әділетті қоғам саяси реформалар арқылы іске асады. Саяси реформа үш биліктің арасындатепе-теңдікті, тежемелікті қалыптастырады. Заң үстемдігін жүзеге асырады. Демократикалық институттар күшейтіп, күшті  азаматтық қоғам қалыптасады. Бұл саяси реформаны іске асырудың тетігі саяси күштер (партиялар) арасындағы әділ бәсекелестікті қалыптастыру.

Ұлттық мемлекетті құрудың белгісі қазақ ұлтының ұлттық құндылықтарының үстем орынға шығуы. Ұйыстырушы құндылыққа айналуы. Отарсыздандыру саясатын жүргізіп, рухани жаңғыруды іске  асырудан көріледі.

Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінгі билік нағыз саяси реформа  жасаса,  Аманат  партиясына оппонент болатын жаңа саяси партия пайда болады. Саяси партиялар  бәсекеде электоратты тарту үшін қазақ ұлтшылдарымен санасады. Бұл ел өмірінде ұлттық мемлекет құруға қатысты саяси  шешім шығаруға әкеледі.

Бірақ бүгінгі саяси партиялар арасындағы әділ бәсекелестік қанша құбылса да, билік партиясы болып отырған Аманат партиясына үлкен қауіп   әкеледі. Ойсырай жеңуге дәл қазіргі таңда тарихи шанс бар. Күн сайын жаңа заттардың жарыққа шығуы бүгінгі нарықтық қоғамның табиғаты болса,  капиталистік саяси жүйенің табиғаты саяси күштердің алмасып, жаңарып  отыруы. Бейне бұл  кенеуі   қанша жақсы болғанымен,  адамдар  бір  тағамды  үзбей  тұтынса  жалығатыны сияқты  құбылыс. Оның үстіне отыз жыл үзбей билікте отырған Нұр Отанның қандай Қазақстан қалыптастырғаны  түсінікті.

Халық қанша өзгердім десе де, Аманат партиясын Нұр Отан партиясының аманатын арқалаған партия деп түсінеді. Сондықтан да, бүгінгі Қ.Тоқаев билігі нағыз саяси реформа жасауға  құлықсыз.  Себеп - билікте қалуға мүдделілік. Енді не істеу керек? Қоғамның ұлттық мемлекет құру талабын қанағаттандыруға жұмыс жасау керек.  Бұл ұлттық құрылтайдың ең басты миссиясы. Бұл миссия ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысының Ұлытауда өтуі, келесі құрылтай Түркістанда өтетін болуы, қазақ қоғамында бірден-бір ұлтшыл тұлға саналатын М.Шахановты марапаттаудан, Республика күнін мерекелеуді қалпына келтіруден анық байқалады.  Құрылтайдың бұл миссиясын мемлекет кеңесшісі, құрылтайдың орынбасар төрағасы Ерлан Қарин да анықтап айтты. Президент Қ.Тоқаевтың Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Путиннің бетіне айтты делінген сөз де ұлттық мемлекет құруды ойлайтын Қазақстан ұлтшылдарына қаратылған. Ішкі  аудиторияға  бағытталған.  Қазақстанда ұлттық мемлекет құруға ең бір үлкен кедергі Ресейдің  орыс  тілді әлемді қорғаймыз деп, айбар шегіп, сес көрсетіп сөйлейтін  сөзі  және  оған  Қазақстан  билігінің  қарсы сөз айтпауы болатын.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұндай консультация орган құру тарихы Н.Назарбаевтың 2001 жылы құрған тұрақты кеңесінен басталады. Бұл тұрақты кеңес сол кездегі Н.Назарбаевтың күшейіп бара жатқан дара билігіне қарсы бас көтерген  саяси  күштерді  ымраға шақыру  аралық  күштерді  сатып  алу, қарсы күштердің парын шығарып, қарсылықты тыныштандыру үшін  құрған  еді.  Қ.Тоқаев 2019  жылы болған халықтың  президент сайлауына наразылығын басу үшін ұлттық сенім  кеңесін  құрды.  Қанды қаңтар оқиғасынан кейін ұлттық құрылтай шақырды. Міне, бұлардың барлығы азаматтық  қоғамға ашық диалог алаңы  ретінде  ұсылынып, көмескіде қоғамдағы наразы көңілді басу  міндетін  атқарып тұр.

Ағыбай Әкбарұлы

Abai.kz

4 пікір