Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 3228 6 пікір 23 Маусым, 2022 сағат 14:37

Жаңа тәсіл: Украина Ресейді шабуылдауда

Украинада соғыс басталғалы бері, Ресейдің Украинамен шекаралас аймағындағы халықтан ұйқы қашты. Ресей билігі Украинамен шекаралас облыстардың әуежай қызметін бірнеше айға тоқтатты, артыншы әуе қорғаныс жүйелері күні-түні жұмыс істеп, халықтың мазасын қашырды. 

Сәуір айының басында украиндық екі тікұшақ Ресей аумағына кіріп, Белгород қаласындағы "Роснефть" компаниясының екі мұнай базасына соққы жасады. Соққы салдарынан мұнай базасы отқа оранып, Ресейдің батыс бағыты бойынша мұнай тарату тоқтады. Жөндеу жұмыстарына бір айдан астам уақыт кетті.

Ресей әскері наурыз айында Украина әскерінің әуе күштерін толық жойғанын мәлімдеген болатын. Алайда аталмыш оқиға ол ақпараттың шындыққа жанаспайтынын дәлелдеп берді.

20 маусым күні Украина әскері басқыншылар қолындағы "Черноморнефтегаз" компаниясының бұрғылау орындарына зымыранмен соққы жасады. 2014 жылы Ресей Қырымды басып алған сәтте "Черноморнефтегаз" компаниясының бірқатар кәсіпорындары ресейліктер қолына өткен болатын. Міне, аталмыш компанияға тиесілі болған ең ірі бұрғылау орыны Одесса қаласынан 100, ал Қырымнан 150 шақырым жерде жатыр.  Дәл сол бұрғылау кешенін Украина зымыранмен атқылап, тас-талқан етті. Соңғы ақпарат бойынша кешенде тек қана мұнай өндіру ғана емес, сонымен қатар ресейліктердің әскери бақылау құрылғылары да болған. Қырымдағы басқыншы билік өкілі Сергей Аксеновтің сөзіне сенетін болсақ бұрғылау орнында 109 адам болған, олардың басым көпшілігі із-түссіз жоғалғандар қатарында.

Ресей Украинаның аталмыш соққысынан кейін мәлімдеме жасап, "енді біз қалаған нысанды атқылауға құқылымыз, Украина ойын ережесін бұзды" деп мәлімдеді. Артынша Одесса мен Харьков қалаларына зымыранмен жойқын соққылар жасалды.

22 маусымда Ресейдің Ростов облысындағы "Новошахтинск" мұнай өңдеу зауытына камикадзе дрон соғылып, зауыт отқа оранды. Дронның қай тарапқа тиесілі екені белгісіз. Дрон Украинаға тиесілі болса, демек бұл ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің тым әлсіз екенін дәлелдейді. Себебі мұнай өңдеу зауытына жету үшін дрон жау аймағының жүздеген шақырымын басып өтуге тиіс еді.

Сарапшылар Украина Ресейдің мұнай және газ саласына қатысты нысандарын шабуылдау арқылы экономикасына соққы жасауды және әскерге қажет жанармай мөлшеріне әсер етуді ойластыруда дейді. Себебі Ресейдің әскери техникасына дәл Украинаға шекаралас аймақтағы мұнай базаларынан жанармай тасуда.

Abai.kz

 

 

 

6 пікір