Дүйсенбі, 27 Маусым 2022
Алаң 1326 2 пікір 20 Маусым, 2022 сағат 13:36

Гудков: «Қазақстанды қосып, империя құруды ойлады»

Ресейдің әккі саясаткері, Ресей билігіне оппозициялық көзқарас ұстанатын Геннадий Гудков Путиннің Украинаға қатысты ұстанымы мен Ресей империясын құруды аңсайтыны  жайлы ашық айтты. Федералдық қауіпсіздік қызметінде болған ол 2014 жылы Украинадағы төңкеріске қатысты Путин ызаға булығып қалғанын айтады. 

"Ұзақ жылдар бойы Путин Ресей империясын қалпына келтіру керек деп санады. Ол үшін төрт мемлекетті қосу керектігін меңзейтін, олар Ресей, Украина, Беларусь және Қазақстан. Артынша ол Молдова, Армения мен Грузия өз еркімен қосылады деп санады. Алайда Путин Ресей мен Украина арасындағы әріптестік пен одақтастықсыз империяны құру мүмкін емес деп санады. Мысалы Ресей мен Қазақстан арасында одақ болса, алайда ол одаққа Украина кірмесе ол ұзаққа бармайтын еді. Өйткені ортақ тарих, ортақ мәдени кеңестік, ортақ дін деген факторлар бар. Жүздеген жылдар бойы өзара ортақтық болды. Путин Украина Ресей империясының ең маңызды бөлшегі деп санады", - дейді Гудков.

Гудковтың пікірінше Путин ұзақ жылдар бойы аталмыш жоспарды іске асыру үшін әрекеттенді. Ол Украинада түрлі түсті төңкерістер басталған сәтте, өте қатты алаңдаған. Себебі Ресе империясын құру жоспарына зиян келеді деп санады. Ресейшіл саясаткер Виктор Януковичті Украина тағына әкелуге барын салған Путин, ол елден қашқан сәтте оның әрекетін "сатқындық" деп атағаны жайлы айтады.

"2014 жылы Украинада төңкеріс болған сәтте, Путин ашуға булықты. Ол тіпті өзін ұстай алмайтын күйге түсті. Қолындағы барлық затын лақтырып, айғайға басты. Эмоциясын бақылай алмады.  Сол сәттен бастап ол жүрегіне кек тұтып қалды. Ол Украинадан кек алып, оны талқандап, режимін ауыстырып, ақыры империяға қосуға барын саламын деп шешті", - дейді саясаткер.

Сол сәттен бастап Гудковтің сөзінше Путин Украинаны бөлшектеп, оның шығысын басып алуды жоспарлай бастады. Қырымды тартып алған соң, ол соғысқа дайындала бастағанын айтады.

"Ол кек алу үшін керемет дайындалды. Әскерін дайындықтан өткізіп, әскери доктринаны Патрушев қайта жазып шықты, Ресей ішіндегі оппозицияны басты, жаншыды. Ол соғысқа дайындықты мүлтіксіз жасады. Тәуелсіз БАҚ-ты тұншықтырып, қарсы шығушыларды жойды. Соғыстан қашып құтылу мүмкін емес еді", – дейді саясаткер.

Гудковтың ойынша Ресей билігі 2008 жылы Батыс Грузияны нақты қолдамағандықтан, Украинаны да нақты қолдайды деп ойламаған. "Алайда Киев екі күнде құламады және Ресей билігі ұзақ соғыс жоспарын ойластырмады, дегенмен Кремль орасан шығынға қарамастан шегінуді ойламайды", - дейді ол.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

2 пікір