Дүйсенбі, 27 Маусым 2022
Алашорда 1460 3 пікір 20 Маусым, 2022 сағат 12:57

Саяси репрессиялардың түп себептері хақында...

ХХ ғасырдың 20–50-ші жылдарында елімізде орын алған саяси репрессиялардың табиғатын (сипаты мен ерекшеліктерін) айқын түсінуге апаратын жолды – оның тарихи алғышарттарын қысқаша шола кетейік.

Ресей империясы 18-ші ғасырдың 30-шы жылдары айла мен арбау әдіс­терін шебер қолдана отырып, Қазақ хандығын протектораттыққа алуға көндірді де, сол ғасыр­дың аяғына қарай алдамшы протектор болудан асып, қазақ жерін өз құрамына күшпен қосып алуға кірісті. 19-шы ғасырдың екінші жартысында қарулы қосындары Орта Азиядағы қазақтар мекендейтін Әулиеата, Мерке, Түркістан, Ташкент, Ақмешіт, т.б. қалалар мен өңірлерді жаулады. Оңтүстік өлкедегі қазақ жер-суы мен халқын құрамына қосып алып, қазақтың хандық құрылымын, дәстүрлі басқару жүйесін, мемлекеттілігінің нышандарын толығымен жойды. Отарлаушыларға қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстарының бәрін қан-жоса етіп тұншықтырды.

1867 жылы Жетісу, Сырдария облыстарын басқару жөніндегі ереже, 1868 жылы Орынбордың далалық облыстарындағы және Батыс Сібір генерал-губернаторлығындағы аймақтарды басқару жөніндегі ережелер бекітілді.  1886 жылы «Түркістан өлкесін басқару жөніндегі ереже»,  1891 жылы «Дала ережесі» қабылданды.  Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент, Дала генерал-губернаторлығының орталығы Омбы болды.  Қазақ жер-суын империяның әкімшілік бөліністеріне сәйкестендіріп, жекелеген губерниялар мен облыстарға бөлшектеп қосып алу осылай аяқталды.

Мылтық кезенген орыс солдатының артында ұдайы соқа сүйреткен орыс мұжығы ілесіп жүрді (М. Шоқай). Шаруаларды крепостнойлық құлдықтан босатқан 1861 жылғы реформадан кейін патшалықтың ішкі губернияларындағы жер тапшылығы салдарынан өрістеген аграрлық шиеленістерді шешу мақсатымен үкімет шаруаларды жаңа жерлерге, солардың ішінде  қазақ жеріне қоныс аударту саясатын кең қолданды. Патша билігі қазақ жер-суын мемлекет меншігі деп жариялаған, енді  соның негізінде переселендер көшін толассыз ұлғайтып, оны орыс жеріне айналдырып жіберуді мақсат еткен-тін.

Ресей империясы отарлаудың ең қатыгез де арсыз, репрессиялармен астасып жатқан мейлінше зымиян түрімен шұғылданды. Қазақтардың шұрайлы жерлері үкімет тарапынан қилы материалдық көмектермен қамтамасыз етілген қоныс аударушылар үшін озбырлықпен тартып алынып жатты. Бұл шараларға қарсы жергілікті халықтың толқуларына, көтерілуіне жол бермеу ойластырылды.

Мәселен,  Дала генерал-губернаторы (1901–1906 жж.) генерал-лейтенант Н.Н. Сухотин «көшпенді халық тарапынан қарсылық-жаулық әрекет бой көрсетуі ықтималдығына орай шаруаларды оқ-дәрілі қарумен жабдықтау» («снабдить крестьян огнестрельным оружием на случай возможности возникновения враждебных действий со стороны кочевого населения)» жайында нұсқау берген. Үкімет колонистердің көшпенділерден белсенді түрде қорғана алу қабілетін жер-жерде осылай сүйемелдеді.

Империя әкімшілігі халықты рухани қыспаққа түсірді, мешіттер салуға тыйым салып, шіркеулерді көбейту және жергілікті жұртты шоқындыру әрекеттерін жасады. Қазақ халқы ішінен билікке берілген сенімді орындаушы-қызметшілерін әзірлеу үшін, болыстарға арнайы квоталар бөліп, балаларды орыс-тузем мектептерінде оқыту­ға  мәжбүрледі. Қазақ қыздарына болашақ аналар ретінде ерекше үміт артып, «өз отбастарына орыс мәдениетін енгізуді қамтамасыз етеді» деген есеппен, олар үшін арнайы оқу орындарын ашты.  Сонымен қатар ұлттық ағартудың онсыз да мардымсыз ошақтарын жоқ етті: бұратаналарды ана тілінде оқыту, оларға грамматика жасап беру – жаңадан тұтас бір ұлтты дүниеге келтіруге жол беру сынды қылмыс болмақ деп санады.

Дала генерал-губернаторы көшпенділерді басқаруға байланысты берген нұсқауларды төменгі буын әкімдері мейлінше шығармашылықпен дамытып отыратын.

Мәселен, Семей облысының әскери губернаторы қызметіне 1903 жылы тағайындалған генерал-майор А.С. Галкин облыстағы чиновниктерге Дала генерал-губернаторының нұсқауларына қосымша хат жазып, империяның негізгі мақсатын өз сөзімен тұжырымдады да, оны  мұқият орындау қажеттігін ескертті: «... әрқашан және барлық жерде орыс аты мен орыс мүддесі жетекші орында тұруға тиістігін әрдайым есте тұта отырып, туземдіктермен қатыс-байланыстарда айрықша бекем болу керек. Облыста бізде бірінші орында – казактар және олармен бірге крестьяндар мен мещандар, ал екінші орында туземдіктер тұруға тиіс...» – деп уағыздады.

«Біздің барша қызмет бабындағы жұмысымыздың бағдарламасына жалпы мына қарапайым көзқарасты салған жөн: біз орыс элементі әлі де әлсіз, енді-енді ғана енгізіліп келе жатқан Азияда өмір сүріп отырған жоқпыз, біз азиялық көне ғұрыптар мен әдептер әлі де уақытша сақталып тұрған орыс облысында өмір сүріп келеміз», – деген түсінікті саналарына мықтап сіңіруін сұрады. Бұл ретте,  өздері өмір сүріп келе жатқан «орыс облысында»,  бұратаналардың «тағдырына тек қана бір-ақ жол қалмақ: не – жалпыимпериялық, азаматтық үлгіде сіңісіп кету, не – жойылу». Осыны ұқсын.

Сосын әрбір әкімшілік қызметшісі алдына: «Туземдіктер бізді жақын болашақта, тіпті мұсылман дініне сенетін болып қалса да, кәдімгі орыс шаруалары жасалатын материал ретінде ғана қызықтыруға тиіс», – деген міндет қойды. «Сондықтан да оларды орыс атымен аталатынның бәріне аса қатаң құрметпен қарайтын рухта ұстау керек» деді.

«Олардың бұған бағынбауды ойға алатындары бола қалса, – деп пысықтайды губернатор одан әрі: империяның әрбір адал қызметшісі біліп жүрсін, – ондайлардың қайғылы тағдыр кешеріне күмән жоқ: олар яки жер-сусыз қайыршы боп қалып, өліп таусылады, яки Россия олардан ат-құйрығын үзеді». Міне, «орыс элементі әлі де әлсіз, енді-енді ғана енгізіліп келе жатқан Азияда» істейтін патшалық чиновнигі «азиялық көне ғұрыптар мен әдептер әлі де уақытша сақталып тұрған» аймақты орыстандыру ісіне осындай сеніммен кірісуге тиіс.

Және, естерінде болсын, мұндай ұстанымды ешқашан ашық жария етпеу ләзім, бірақ іштей әрқашан зерде төрінде ұстасын. Басты мақсатты еш ұмытпастан, тек іс-дағдыға айналдыру қажет те, адал да дәл орындауға атсалысу керек: «Мұның бәрін әрдайым миыңда ұстауға тиіссің, бірақ бұл тақырыпқа артық-ауыс әңгіме қозғай бермеген жөн...»

Мұндай көзқарас пен ұстаным тұжырымдалған отаршылдардың құжаттары да, нақты атқарған істері де бүгінде көпке мәлім.

Бұл, әрине, империяда көптен жүргізіліп келе жатқан барша өзге текті халықтарды жаппай орыстандыру саясатын эмиссарлар тарапынан пысықтап,  жалғастырудың бір көрінісі болатын. 1764 жылы ІІ Екатерина генерал-прокурор князь Вяземскийге жолдаған құпия кеңеснамасында былай деген еді: «Кіші Россия, Лифляндия және Финляндия... Бұл провинцияларды, сондай-ақ, Смоленск провинциясын аса жеңіл тәсілдермен мынандай дәрежеге жеткізу керек – олар орыстанатын болсын және орманға қарап ұлыған қасқырдай болғанды қойсын. Бұған қол жеткізу өте оңай, бұл үшін сол провинцияларда билікке парасатты адамдар сайланса болғаны; Малороссияда гетман болмайтын кезде, орнына қандай лауазымды адам қойылса да, гетман атының өзі де жойылып кетуіне қол жеткізуге тырысу ләзім».

Самодержавиенің алып империяны жаппай орыстандыру пиғылы күллі қанаушылық, езушілік істерімен қосылып, халық наразылығын туғыза берді және ол уақыт өткен сайын тек үдей түскен еді. 20-шы ғасыр басынан империяда жалпы революциялық және мұсылман қозғалыстары пайда болған-ды.

Отаршыл үкіметтің қыспақтарына орай туып отырған мақсат-міндеттерді талқылау үшін Көкшетау қаласындағы дін қызметшілері 1902–1903 жылдары қазақ оқығандарымен жиналыс өткізбекке ниеттенді, әрқайсысына жеке-жеке хат жолдап, бас қосуға шақырды. Үкіметтің құпия полициясы, әрине, олардың әрекеттерін тез әшкерелеп, репрессиялық шаралар қолданды. Ел-жұртты тіксінткен сол оқиғадан қазақтың империядағы жалпымұсылман ұмтылысымен үндескен, өркениетке сай, бүгіндері Алаш атымен аталатын  ұлт-азаттық қозғалысы да бастау алды.

1917 жылғы ақпанда самодержавие құлады, желтоқсанда өткен ІІ Жалпықазақ съезінде Алаш (Қазақ) автономиясы ұйымдастырылып, оның орталық үкіметі («Алаш-Орда» Халық Кеңесі) сайланды. Ресей империясы 19-шы ғасырда мүлдем жойған қазақ мемлекеттілігі осылай, 20-шы ғасырда,  1917 жылғы 12 (25) желтоқсанда қайта жаңғырды. Алдағы уақыттарда елдегі өзге ұлт өкілдерін бауырына тарта отырып, біртұтас қазақ ұлттық мемлекетін жасап шығу міндетін жүзеге асыру керек-тұғын. «Алаш-Орда» Халық Кеңесіндегі 25 портфельдің 10-ын орыс және басқа ұлттар өкілдеріне беруді, яғни Алаш үкіметі құрамында қазақ халқынан 15 министр және орыс пен басқа ұлттар өкілдерінен 10 министр болатынын съезд арнайы атап көрсеткен болатын.

Алайда Ресей Республикасында әскери төңкеріс жасап, билікті қолына алған большевиктер бұрынғы империя аумағындағы халықтарға азаттық әкелеміз деген ұранды жалаулатып, бұрынғы империяның сынықтарын қызыләскер күшімен (оларда ұйысқан ұлттық бірліктерді жоя отырып) қайта жинастыруды қолға алған-тын. Большевизм «езілген тап» туын көтеріп, құлаған патшалық империяның орнына, іс жүзінде, жаңаша тұрпатты советтік империя құрумен шұғылданған еді.

Қоқанда шаңырақ көтерген Түркістан автономиясы мен оның үкіметі большевиктер тарапынан 1918 жылғы ақпан айында құлатылды, қала қаусатылып, халқы қырғынға ұшыратылды. «Алаш-Орда» үкіметін Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитет 1920 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен  біржола жойды. Басшыларын Мәскеуге жіберіп, оларды қазақ еліне совет өкіметі әбден орнығып болғанша қайтармау жайында шешім шығарды.

Қатаң орталықтандырылған пролетариат диктатурасы атымен большевиктер Дала және Түркістан өлкелеріне совет өкіметін осылай күшпен таңды. Небір тәтті ұрандарына қарамастан, олар патшалық режим кезіндегі отарға деген астам көзқарастан арылмаған еді.

Құрамында Қазақ Елі де болған ресейлік және советтік империялардың түпкі мақсаттары ұқсас болатын: патшалық та, совет өкіметі де негізгі халық ұсақ ұлыстарды өзіне құйылыстырып, сіңіріп алуға тиіс деп білді. Мұны қос империя да мемлекетті күшейтудің бірден-бір шартындай көрді.

Патша заманындағы саясаткерлер мен идеологтардың жазбаларына қарағанда, қараңғы қазақ түптің түбінде этникалық бітімі сақталса да, бара-бара тілі, ділі, өмір салты тұрғысынан кәдімгі орыс мұжығына айналуы тиіс еді. Осыған ұқсас жоспар жаңа империяда да болды. Қазақтың әйгілі қырғындардан (ұлттық апаттан) аман қалған бөлігін жарқын болашаққа бастаған советтік билік те осыны – дамудың жаңа сатысына сай ассимиляцияланған, орыс ұлтына сіңген, коммунистік рухтағы жаңа адам тәрбиелеуді көздеген болатын.

Дұрысында, царизмді «халықтар түрмесі» ретінде әшкерелеген большевиктер әуелде езілген жұрттарға өз тағдырын өзі айқындау мүмкіндігінен бастап, империя құрамынан шығып кетуге дейін берілетін құқтарды қамтамасыз ететіні жайында ұран көтерген болатын.

1917 жылғы 2 қарашада «Ресей Республикасы атымен Ұлт мәселелері бойынша халық комиссары Иосиф Джугашвили-Сталин, Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В. Ульянов (Ленин)» қол қойған Совет өкіметінің алғашқы құжаттарының бірі «Шаруалар мен жұмысшылар құқтарының декларациясында»  патша үкіметінің  ұлт саясаты ел ішінде «халықтардың құлдығын» туғызған «ұлттық езгі саясаты» ретінде айыпталған еді.

Сөйтіп жаңа революциялық өкімет Ресейдің тең құқықты халықтарының ерікті одағын құруды ұсынған-ды. Бұл үшін олардың теңдігі мен егемендігі, бөлініп, дербес мемлекет құруына дейін еркін түрде өзін-өзі билеуге қақылығы, сондай-ақ барлық ұлттық және ұлттық-діни артықшылықтер мен шектеулердің жойылатыны, аз ұлттар мен этнографиялық топтардың еркін дамытылатыны көрсетілді. Большевиктер билігі ұстанбақ ұлт саясатының осындай төрт негізгі принципі Декларацияда нақты тұжырымдалып жария етілген болатын.

Осынау Ресей халықтары құқтарының декларациясына иек артқан «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі Жаһаншаһ Досмұхамедов 1918 жылғы наурызда Мәскеуге Оралдан алаштық арнайы делегацияны бастап барды. Делегация совет өкіметі көсемдерімен келіссөз жүргізді. ІІ Жалпықазақ съезі хаттамасын тапсырды. Кіші Халкомкеңесте Алаш-Орда мекемелерін советтік рельске аудару жобасын жасады. Ұлттар істері жөніндегі комиссардың Орталық Алаш үкіметімен төте желі арқылы сөйлесуіне мұрындық болды (төте желі сұхбатының мазмұны жайында Семейдегі қазақ баспасөзі – «Сарыарқа» газеті, «Абай» журналы – жазып, Совет үкіметінің Алаш автономиясын мойындағанын 1918 жылғы сәуірде шаттана хабарлаған).

Халкомкеңестегі келіссөз нәтижесінде ұлт комиссариаты ішінен қазақ бөлімі ашылатын болды, Орал облыстық земствосына (төрағасы –  арнайы делегацияның Жаһаншаһ секілді басшысының бірі,  «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі Халел Досмұхамедов) өз қызметін жалғастыра беруге пұрсат етілді, алаштық мекемелерді советтік жүйеге сай рәсімдеу үшін ірі көлемде қолма-қол қаржы босатылды.

Қайтар жолда, Саратов жұмысшы, солдат жә­не шаруа депутаттары советінің Атқару комитетінен Алаш құрылымын советтік негізде Орал облысында қайта құруға жәрдемдесетін нұсқаушы жіберу және ақтар қоластындағы қазақ елді мекендеріне делегацияның арнайы үндеуін аэропланмен жеткізу келісілді. Совдеп Аткомы  өзінің отырыстарында делегацияның барлық мү­шелерін тыңдады. Тек делегация же­текшісі Жаһанша Досмұхаме­дов­тің өзіне үш мәрте сөз алуға тура келді. Одан Атком мүшелері өз­дері оңаша пікірлесті. Ақыры Жанша Дос­мұхамедовті соңғы мәжілісіне же­ке шақырды.

Алаштық делегацияның Саратовта қа­лай большевиктік тезге салын­ға­нын советтік зерттеуші Бақытжан Қа­ратаев өзінің Алаш-Орда жайын­дағы еңбегінде (ҚР ОМА, 1227-қ., 1-тізім, 2-іс, 1-байлам) то­лық жазған екен. (Қарт қайраткер ХХ ғасырдың басында қазақ азат­тық қозғалысының бастауында тұрған­мен, кейін алдымен социал-де­мок­раттар, одан большевизм жа­ғына біржола ойысқан болатын. Қа­зан төңкерісінен кейін совет плат­формасында біраз жыл бел­сенді жұмыс атқарған да, 1926 жы­лы коммунистік партиядан шы­ғып, қалған өмірін ұлт-азаттық кө­терілістер мен революциялық қоз­ғалыс тарихын зерттеуге арна­ған еді).

Оның «Алаш-Орданы» өте ұнатпағаны белгілі, сондықтан, тиі­сінше, зерт­теуі ұлттық құрылым мен оның қай­раткерлерін барынша қаралау тұрғысынан жазылды. Ол зерт­теуін А.К. Бочаговтың тарихи очеркі (Алаш-Орда. Крат­кий исторический очерк о нацио­на­льно-буржуазном движении в Ка­захстане периода 1917–1919 гг. Кзыл-Орда, 1927) мен Н.И. Мар­ты­ненко құрастырған алашор­далық құжаттар жинағы (Алаш-Орда. Сборник документов. Кзыл-Орда, 1929) шыққаннан кейін жазды. Сондықтан зерттеуші аталған кітаптарда жоқ мә­ліметтерді келтірген. Қа­ратаевтың бұл еңбегінде Алаш-Орда қатты сы­на­лып, оның қайраткерлеріне аяу­сыз қара күйе жағылғанмен, қа­зіргі зерттеуші үшін маңызды де­ректер сақталған.

Большевик-зерттеуші Бақытжан Қа­ратаевтың белгілі-бір тенденцияға құрылған сол зерттеуінен  Мәскеуге 1918 жыл­ғы наурыздың ортасында бар­ған «Алаш-Орда» делегациясының Совет үкі­меті басшыларымен жүргізген бірінші ке­ліссөзі қандай жеңіске жеткенін кө­реміз. Ленинмен, Ста­лин­мен кездесулерінде Алаш-Орданың советтік декларацияға сәйкес құрылғанын ұтымды дәйектеді.  Кіші Совнар­комда Алаш-Орда мекемелерін советтік рельске түсіруге қажет тиісті құжаттарды сенімді түр­де дайындап, алға қойған мәселеге орай Үлкен Совнар­ком­ның шешімін шығартты. Сол орайда елде атқарылуға тиіс саяси жұмысқа қажет (совет үкіметі бөлген) комақты қаржыны өзде­рімен алып келе жатқанда деле­гация жолын Сара­тов совдепшілері бөгейді...

Деле­гация мүшелері өздерін Саратовта өте лайықты дәрежеде ұстады. Көзқарастары мен ұстанымдарын дә­лелді түрде қорғады, орталықпен жасаған ке­лісімдерін жүзеге асыруға Сара­тов совдепшілерінің жәрдемі қа­жет­тігін дәйектеді.

Саратов Атқару комитетінің Орал делегациясы мәселесін қараған соңғы мәжілісіне Жанша ғана қа­тыстырылған-ды. Ол тағы да ор­талыққа сапардың мақсаты мен қол жеткізген нәтижесін тілге тиек ете келе, Орал совдепін ақ казактар үкіметінің (Войсковое правительство) құла­тқаны делегацияға Мәскеуде ғана мәлім болғанын еске алды. Саратов совдепімен бір­лесіп атқармақ жұмыс нобайын аян етті. Делегацияның Орал өңірінің ақтар қоластындағы тұрғындарына арнаған үндеуін ұшақпен Жайық сыртына жеткізіп тара­туға совдептен көмек сұрайтынын айтты.

1918 жылғы 17 сәуірде Саратов Аткомы мәжілісінде мақұлданған, артынша совдеп баспаханасында көбейтіп басылып, Зауралье елді мекендеріне аэропланмен жеткізілген Жанша-Жаһаншаһ Досмұхамедовтің сол үндеуінде: «Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Ха­лық Кеңесі Ресей Федеративтік Рес­публикасының советтік билігін мойындады да, Халық Комиссар­лары Кеңесімен қарым-қатынас орнатты», – деген жаңалық жария етілді.

Сосын келіссөз барысында орнатылған қарым-қатынаста қол жеткізілген нәтижелер ретінде: «Халық Комиссарлары Кеңе­сінің жанынан жақын күндерде Қазақ істері жөнінде комиссариат құ­рылады да, ең қысқа мерзім ішін­де қазақ өлкесінің автоно­мия­сы жайында декрет жарияланады», – деп хабарланды. Оған дейін: «Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінде өт­кен Халкомкеңес мәжілісінің № 335 Қаулысына сәйкес, Заура­лье­нің земство ме­ке­мелері өздерінің әдеттегі мін­дет­те­рін бұрынғысынша атқара беру­ге тиіс» екені айтылды.

Келіссөздің осындай маңызды түйіндерін хабарлай келе, делегация «Орал облысының Жайық сырты бөлігіндегі қазақ­тың барлық земстволық және қоғамдық ұйымдары мен лауа­зым­ды тұлғаларын, барша қазақтарды совет өкіметіне қарсы бағытталған қозғалыстардың ешқайсысына да қатыспауға, сондай қарсылық қоз­ғалыстарға араласы бар адамдарға ешқандай көмек көрсетпеуге» ша­қырды.

«Естеріңізде болсын, қандас қа­зақ бауырлар, – деген қаратпа сөздермен, үндеуде мына жәйтке ерекше назар аударылды, – сіздердің ұлттық тағ­дырды өз қолдарыңызға алу, ұлттың өзін-өзі билеу құқығына ие болу жөніндегі табиғи тілектеріңіз­ге тұңғыш рет еңбекшілердің Со­вет өкіметі ресми түрде құлақ асты! – Осылай деп жар сала келе,  үндеуде одан әрі: – Совет өкіметі қазақ ұлтының ұлттық мүддесін және өзін-өзі би­леу құқығын мойындап отыр. Орыс пролетариатының осынау сая­си тектілік-мәрттігін бағалай бі­ліңіздер!» – делініп, қазақ халқының ұлттық-мемлекеттілік болашағы совет өкіметімен байланыстыра бағаланды.

Үндеуге делегация атынан қол қойған «Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Ха­лық Кеңесінің Мүшесі Дос-Мұ­хамедов» қазақ халқына осындай жүрекжарды сөздер арнаған еді.

Бұл, шынтуайтында, советтік платформаны тиімді пайдалана отырып, Алаш-Орда мемлекеттік құрылымын советтік жүйе ішінде сақтап қалудың бірден-бір ықтимал жолы болатын. Осылай Алаш-Орданы Совет жүйесіне кіріктіру арқылы ұлттық тұтастықты бұзбай, жаңғырған ұлттық мемлекеттілікті баянды ету, болашақ советтік саяси-экономикалық солақай реформалардың алдын алу, қазақты дүркін-дүркін қызыл қырғынға душар еткен «аштық саясатына» жол бермеу қамтамасыз етілері анық-тын.

Үндеуді ақтар қоластындағы қазақтар да, казачествоның Орал қаласындағы Әскери үкіметі де оқыды. Әрине, Оралдағы совет өкіметін таратып, совдепті тұтқындап үлгерген Әскери үкімет алаштық делегацияны Оралға жеткен бетте қамауға алуға әзір тұрған. Бірақ олай етпеді, өйткені совет билігінің Алаш-Ордадан теріс айналғаны жайындағы хабар Алаш-Орда делегациясы еліне келгенге дейін-ақ шартарапқа жетіп үлгерген еді...

Совет үкіметі басшылары Алаш-Орда делегациясына берген уәделерінен айнып, баспасөз арқылы халыққа және жер-жердегі өкілдеріне «еңбекші халық, мойныңнан өз буржуйларыңды, досмұхамедовтеріңді сыпырып таста» деп жеделхатпен ұрандар жолдады, өтеміне: «теңдікті совет өкіметі береді» деді. «Қазір советтік қазақ автономиясын жасау жобасы жасалып жатыр, ұлттар комиссариаты ішінен қазақ бөлімі ұйымдастырылады» деп хабарлады.

Бұл уақытта Ташкентте 1918 жылғы сәуірдің ортасында ашылмақ Түркістан Советтер съезіне Лениннің құттықтау хаты жіберілген еді. Съезде Түркістанның Советтік автономиясы жарияланып, Түркістан Республикасы құрылуға тиіс-тін.

Осы екі жолдаудың арасында тағдырлы сабақтастық, тамырластық бар еді. 1917 жылғы 10 желтоқсанда Қоқанда шаңырақ көтерген «буржуазиялық» Түркістан Республикасын құлату үшін орталықтан эшелондап қарулы күш тасымалданған. Сөйтіп арнайы алдырылған әскермен бірге Түркістан өлкесіндегі дер кезінде қаруландырылған армян-дашнактарды қоса жұмылдырып,  большевиктер 1918 жылғы ақпанда Қоқан қаласын тас-талқан қаусатқан, халқын кемпір-шал, бала-шағасына шейін үш күн бойы қырғынға ұшыратқан. Ұлттық автономияға, жалпы түрк халқына қарсы большевиктер тарапынан жасалған сол қанішерлік және шын бостандыққа жету шарты жайында сол күндері Қайретдин Болғанбаев «Тұла бойлары қан сасиды» («Бірлік туы» газеті, 1918 ж., 15 наурыз)   деп жазды.

Сондағы асқан жауыздықпен жасалған қанды қылмысты жуып-шаю үшін, орталық үкімет өлкенің Советтік автономиясын әзірлеуге шұғыл кірісуді қош көріп, арнайы тапсырмамен Кливлеев, Ибрагимов сынды мұсылман өкілдерін Ташкентке жұмсаған да, өлкеде тактикалық тәсілмен автономия жариялауға тиіс Советтер съезіне дайындықты қызу жүргізе бастаған.

Осы кезде Семейден Алаш-Орданың ұлттық мүдде тұрғысынан тұжырымдаған талаптары Мәскеуге жетіп, олардың тым дербестікті күйттеуі, дәлірек айтқанда, жергілікті облсовдепті көзге ілмей, орталық биліктің қазақ автономиясын жариялауын сұрауы  советтік үкіметке ұнамады. Бұл соның алдында ғана Досмұхамедов делегациясымен жасалған келіссөздегі уағдаларынан большевик-басшылардың  тайқып кетуіне қосымша бір себеп болған-ды: өлкелерде автономия совет өкіметі ұсынған үлгіде ғана, Түркістан өлкесіндегідей түрде жасалуға тиіс...

Қазақ халқының жарты бөлігі Орта Азия аумағында:  негізгі бөлігі Қоқан хандығында (патша заманында – Түркістан генерал-губернаторлығының, советтік дәуірде – Түркістан Республикасының Сырдария, Жетісу облыстарында, сондай-ақ бірқатары бұрынғы Бұхара  әмірлігі және Хиуа хандығында (Ақпан революциясынан кейін большевизм ықпалымен жасалған Бұхара және Хорезм Халық Республикаларында) тұратын. Монархия құлағаннан кейін көп ұзамай Ташкентте қос өкімет орнаған-ды: билікте бір жағынан – Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті (оның қарамағында үкімет әскері бар-тын), екінші жағынан – жұмысшылар мен солдаттардың Ташкент советі тұрды (оны қала жұмысшылары мен гарнизонының солдаттары қолдайтын).  Ұзамай  Ташсовет сайлаған Атком мен Ревком өлкедегі нақты билікті қолға алды.

Петроградтан Мұстафа Шоқаймен бірге Ташкентке барып қоғамдық-саяси жұмыстардың бел ортасында жүрген Зәки Валидов сол шақта-ақ совдеп мүшелерінің өлкеге келіп жатқан жартымсыз азықтан жергілікті халыққа мүлдем ештеңе бермеуді мақсат еткенін кейін Түркияда жазған  «Хатираларында» айтқан-тын. (Билік біржола қолға тигеннен кейін олар қазақтардың жылқысын, барша малын армия қажетіне тартып ала отырып, азық-түлікті «марксизм тұрғысынан болашағы жоқ» көшпенділерге емес, «әлемдік революция жасайтын қызыләскерлерге» ғана бөлуді дұрыс көрген).

Большевиктер өлкенің байырғы тұрғындарымен ешқандай да санаспайтынын 1917 жылғы қарашаның ортасында, ІІІ советтер съезінде Түркістанның Халық Комиссарлары Кеңесін сайлаған кезде ашық танытты. Өлкедегі аз ғана (бес пайыз) келімсектердің жергілікті (тоқсан бес пайыз) халық өкілдерінен үкімет құрамына ешкімді қоспауын әділетсіздік деп санап, өлке үкіметінің халық құрамына сай пропорционал негізде жасақталуы тиістігін съезде мұсылман ұйымдары атынан мәлімдеген Серәлі Лапиннің сөзін көзге ілмеді.

Қоқанда өткен Төртінші төтенше мұсылман съезі болашақ Ресей Федерациясы құрамында болуға тиіс Түркістан автономиясын (мұхториятын) қарашаның соңына қарай (жаңа күнтізбекпен 10 желтоқсанда) жария етті. Съезді ашқан сөзінде Мұстафа Шоқай бірден толық мәніндегі мемлекет құрудың оңай еместігіне назар аударған-ды. Өйткені бұл тарапта тыңғылықты істер атқаруы ықтимал,   мемлекеттік қызметте істеп тәжірибе жинақтаған азаматтар қатары кемшін еді. Ең бастысы, автономияға қорған боларлық армия жоқ болатын.

Ал қазір «Ресей қаншама әлсіреп қалса да, күш-қуаты бізден әлдеқайда артық», сондықтан да  «біз географияның өзі мәжбүрлеп тұрған» ахуалды ескеруіміз керек, яғни «Ресеймен бейбіт және достық рәуіште өмір сүруге тиіспіз», – деді. «Мен Советтердің саясатын қабылдай алмаймын», – деп ағынан жарылды ол. Сосын билігін найза ұшымен орнатып жүрген олардың, яғни «большевиктердің күйреткіштік күш-қуатына сенемін» деп, өз пиғылдарын орындау жолында кешегі патша үкіметі секілді озбырлыққа салатынына күмән келтірмейтінін айтты.

Мұстафаның күдігі ұзамай-ақ расқа айналды. Мұхторият құрметіне, ел болуды  қуаныштауға 1917 жылғы 13 (26) желтоқсанда Ташкентте жиналған жергілікті түркістандықтар (ішінде жан-жақтан салтатпен келген түркістандық қалың қазақ та бар) қарулы большевиктердің оқшашармен тасадан атқылауына тап болды. Мұстафа Шоқай бұл қасіретті күннің ешқашан ұмытылмайтынын жазды. Алайда ұлттық мемлекеттіліктің жаңғыруына жаулықпен қараған советтік биліктің қарулы күші автономия үкіметін құлатып қана қоймай, 1918 жылғы 15 ақпаннан бастап бірнеше күн бойы жауыздықпен Қоқан қаласын қаусатып, халқын қынадай қыруы арқылы ұмытылмас қаралы оқиғаларды үстемелей түсті.

Түркілер өлкесінде еуропалық большевиктер «совет өкіметін мылтық найзасымен орнатып» (С. Қожанов),  «әлемдік революция мүддесі» үшін репрессиялармен астасқан «аштық саясатын» (М. Шоқай) жүргізді. Түркістан Советтік Республикасында Аштық комиссиясын басқарған Тұрар Рысқұловқа келімсек «революционерлердің» жергілікті халық мүддесімен санаспайтын астамшылығымен жанкешті күрес жүргізуге тура келді.

1920 жылдың басында Жетісу ақтардан тазартылып, азамат соғысы аяқталды. Монархия құлап, совет өкіметінің орныққанына көздері жеткен соң, патшаның 1916 жылғы Маусым пәрмені тұтатқан көтерілісті қарулы әскери күшпен басу салдарынан Қытайға өтіп кеткен қырғыздар мен қазақтар кері орала бастады. Еліне қайтқан босқындарды туған жеріне қайта қоныстандыру үшін Түркреспублика Орталық Атқару Комитеті арнайы комиссия құрып, төрағалығына коммунист Төреқұл Жанұзақовты тағайындады.  Ол  Түркатком Айрықша Комиссиясының төрағасы ретінде Ресей Федерациясының Түркістан Республикасындағы Жетісу облысына оралып жатқан босқын қырғыз-қазақтарды жайғастыру жөнінде арнайы бағдарлама мен жұмыс жоспарын жасаған еді, оны Жетісу облыстық әскери ревком 1920 жылғы 2 мамырдағы шешімімен бекітті.

Бұл құжатта Т. Жанұзақов «жергілікті халықтың... ...Совет Билігіне көзқарасын қысқаша сипаттап, соған сәйкес қазақ-қырғыздар арасында жұмыс істеу үшін» облыстағы совет өкіметін басқаратын өзге ұлт өкілдері үшін арнайы жасалған бағдарлама ұсынады, бірқатар пайдалы мағлұмат береді. Совет өкіметі орнағалы бері орын алып келе жатқан басты кемшілікті атайды: «Барлық іс-шаралар, шығарылып жатқан декреттер бұқараға оның ана тілінде жетпейді, – дейді ол, – сондықтан да оның тыныс-тіршілігінің эволюциялануына,  тиісінше советтік құрылыс принциптеріне нақты ықпалын тигізбейді. Бұл тұрғыда ауызекі яки басылымдар арқылы түсіндірмелер жасалмайды, жергілікті совет органдары тарапынан ешқандай шара қолданылмайды, сөйтіп заңдар мен декреттер бұқара үшін белгісіз болып қала береді».

Айрықша комиссия төрағасының ойынша, 16-шы, 17-ші және 18-ші жылдарғы ...оқиғалар мүлдем дайындығы жоқ қырғыз-қазақ басына түсті де, ...мәдени деңгейі төмендіктен, ...жеткіліксіз білім мен тәжірибені қарсы қоя алмады. Қырғыз-қазақты білмейтін адамдар келтіріп жатқан мың-сан кедергілер салдарынан олардың барша революция құбылыстарына белсене қатысуына мүмкіндік берілген жоқ. Таптық тәрбие көрмегендіктен, революцияның саяси және экономикалық талаптары ішінен дұрыс бағдар таба алмай қалды. Осылардың бәрі бірлесе келе, халықтың ахлақи құлдырауына, экономикалық тұрғыда күйзелуіне себеп болды.

Бұлар қазіргі жағдайда жаңа да нақты, мәдени және прогресті тіршілікке бейімделуге деген құлшыныс туғызып отыр деп тұжырып, олардың «социалистік бастауларға негізделген саналы қозғалысын, надандықтан мәдениетке, саяси маужыраудан революцияшылдыққа, экономикалық тәуелділіктен дербестікке беттеуін ретке келтіру мақсатында» жүргізілуге тиіс шараларды атайды. Қолға алынуы қажет саяси жұмыстарды, партия ұйымдарының міндеттерін, экономика саласында атқарылуға тиіс істерді, советтік құрылыстың баяу даму себептерін ашып, оны партия съезі шешімдеріне сай өркендету жолдарын тұжырымдап, тізіп көрсетеді.

Бағдарлама Ресей (большевиктер) Компартиясы Орталық Комитетінің жариялы шешімдеріне үндес жасалса да, оны орталық билік өкілі Дмитрий Фурманов орындатпауға күш салады. Особист (Айрықша бөлім мүшесі) үзеңгілестерімен бірге қилы арандатушылық әрекеттер жасап, Төреқұл Жанұзақовты тұтқындайды. Еліне «демократиялық өкімет орнады» деген хабарды естісімен сеніммен оралған босқын қырғыз-қазақтың өз атамекеніне қоныстандырылуын, олардың жеріне кірмелер «егіс егіп қойғандықтан», кейінге қалдыртады.

Жалпы, жергілікті халықтың ұлттық мүддесін тек тактикалық тәсіл ретінде, шектеулі ауқымда ғана ескеру Орталық биліктің басты ұстанымы болатын, сондықтан да Түркреспублика Орталық Атқару Комитетінің қызметін Ташкентке жіберген эмиссарлық ұйымдары (Түркбюро, Түрккомиссия, Түркмайдан Әскериревкеңесі), Верныйда үш-төрт ай билік құрған Фурманов секілді арнайы өкілдері арқылы қатаң бақылауда ұстайтын.

Қолына ерекше билік берілген  Фурманов өзінің солақай шешімдерімен қала гарнизонының наразылығын туғызады, солдаттардың 1920 жылғы 11 маусымда көрсеткен қарсылығын Түрмайдан басшысы Михаил Фрунзеге «ақтар бүлік шығарды» деп хабарлайды. Нәтижесінде «бүлік» басылып, үлкен сот жүреді де, бір оқ шығармаған «бүлікшілдердің» үлкен бөлігі ату жазасына кесіледі. Халықты осындай репрессиямен қорқытып, үрейлі жағдайда ұстау – большевиктерді жеңіске жеткізіп отырған негізгі тәсілдердің бірі болды...

Сол 1920 жылы күзде Предсовнарком Ленин Мәскеуде Түркатком төрағасы Рысқұловты қабылдап, оған Ташкентте ұлттық тұтастықты көздеген Түрк Республикасы және Түрк халықтарының коммунистік партиясы жайында жыл басында қабылданған шешімдердің қате екенін, ұлт мәселесінің тап мүддесіне тәуелді болмағын мойындатты. Одан соң, түрк халықтарының бірлігі мен тұтастануы орталық билікке зор қатер төндіруі ықтималдығын есте тұтып, Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жаңаша бөлшектеу жөнінде серіктеріне құпия түрде тапсырма берді...

Совет өкіметінің ел-жұртқа ойдағыдай жақсылықты әкеле қоймағанын, ұлт мүддесі қанағаттандырылу үшін қандай іс-шараларды жүзеге асыру керектігін бірқатар коммунист пролетариат көсемі Владимир Ленинге тікелей білдірді. Мәселен, Алаш-Орданың ірі қайраткері, «монархияның төрінде отырғаннан, социализмнің етегінде жүргенді» қалаған Ахмет Байтұрсынов Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитеттің мүшесі ретінде Халкомкеңес төрағасы Ленинге өлке жағдайын жақсарту жайында тікелей ұсыныстар берді. Езілген халық мүддесін Ленинге жолдаған хаттарында Тұрар Рысқұлов та, өзге қайраткерлер де көтерді.

Әрине, олардың ешқайсысы да биік билік назарына алынған жоқ. Оның себебін Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариатында істеп жүргенінде шетелге жасырын өтіп кеткен әзірбайжан халқының аса көрнекті қайраткері Мәмед Әмин Расулзаденің  1923 жылы Бас хатшы Иосиф Сталинге Стамбулдан жолдаған хатынан анық аңғаруға болады.

«...Ресейде қазір жасалып жатқанның бәрі осында жүз жыл ілгеріде болғаннан іс-жүзінде ештеңесімен ерекшеленбейді, – деді ол. – Тура бұдан жүз жыл ілгергі кездегідей, Ресей тағы да өзіне жаңа отарлар қосып алуда. ...билікке келген коммунистік партия өзінің бұрынғы идеологиялық ұстанымынан айнып, ресейлік империяны қайта жаңғыртуға бел байлады.

...Ұлыдержавалық шовинизмді жұмысшы космополитизмімен алмастыру ештеңе өзгертпейді, түптің түбінде ұсақ ұлттарды жоюға әкеледі. Оның үстіне сіздер өз қаруларыңыздың күшімен Кавказ бен Түркістанда ұлттық қозғалысты тұншықтырып жатырсыздар және оны жергілікті пролетариат мүддесі үшін жасап отырмыз дейсіздер. Бірақ мұнда пролетариат патшалықтың орыстандыру саясаты салдарынан пайда болған, әрі елеуге тұрмайтын азшылық санатында. Сіздер осы азшылық мүддесі үшін жергілікті халықтың басым көпшілігінің өз тағдырын өзі айқындауға және тәуелсіздікке деген заңды құқығын еш күдіктенбестен аяққа таптадыңыздар.

Әзірбайжан мен Түркістанда жарияланған пролетариат диктатурасы өз мәні жөнінен баяғы Мәскеудің диктатурасы, одан басқа түк емес.  Империя астанасы Петроград болып тұрғанда да бәрі тура осылай болатын...»

Осыларды айта келе, болашаққа деген сенімін былай түйіндеді: «Бәрібір сіздер қалағандарыңызға жете алмайсыздар. Шығыс, атап айтқанда  түрк халықтары, қайткенде, ештеңеге қарамастан, түптің түбінде тәуелсіздікке қол жеткізеді. ...Шығыс халықтары коммунистік нормалар мен принциптер бойынша емес, өз қалаулары бойынша өмір сүретін болады»...

Түрк халықтарының тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз қалаулары бойынша өмір сүруіне мүмкіндік тек 90-шы жылдары ғана туады. Оған дейін патшалық тұсындағы «әрқашан және барлық жерде орыс аты мен орыс мүддесі жетекші орында тұруға тиістігін әрдайым есте тұта отырып, туземдіктермен қатыс-байланыстарда айрықша бекем болу керек. Облыста бізде бірінші орында – казактар және олармен бірге крестьяндар мен мещандар, ал екінші орында туземдіктер тұруға тиіс, өйткені, бір үлкен отбасының мүшелері ретінде бәрі тең болғанмен, алайда бір ошақ басында да ағалар мен інілер, үлкендер мен кішілер бар» (генерал-майор А.С. Галкин) деген ереже неоимперия құрылысшылары санасына да бекем ұялап үлгерген болатын. «Аға халық» деп таңбаланып, дабыры ұзаққа кеткен, жаппай санаға сіңген, революция жеңістерін дәріптегенде де, мансұқтағанда да  ұмытылмаған ұғым. Патша заманында өмірге келтіріліп, совет дәуірінде шындап есейтілген, салқыны елдердің дербес  дамуларында да сезіліп тұрған ұғым...

Бұған қоса, билік басындағылар ұстанған империяшылдық-тапшылдық көзқарас совет өкіметі 20-шы жылдардан жүргізген қуғын-сүргіндердің негізгі тұғыры боп тұрды. Идеясын өмірге күшпен енгізу, репрессиялық шараларды  бұрын да, қызыл террор жайында арнайы заң қабылдаған соң да әдеттегі тәсілі ету большевизмнің өмір салты болды.

Қазақстанда ол негізінен ұлттық мүддені күйттеушілерге қарсы қолданылды. Республикадағы ойы өзгешелер түсірілген қуғын-сүргіннің басты  сылтауы «ұлтшылдық» еді.  Әділін айту керек, алғашқы кезде большевиктер ұлтшылдықтың тууы ұлыдержавалық шовинизмнің салдары  екенін мойындаған. Ұлт мәселесі терең талқыланған 12-ші партсъезде бұл жайында өте маңызды шешімдер де қабылданған.

Алайда одан кейінгі саяси оқиғалар (Орталық Комитеттің жанында ұлттық республикалар мен облыстар қызметкерлерімен өткізілген төтенше 4-ші ұлттар кеңесі, РСФСР Орталық Атқару Комитетінің кезекті сессиясы кезінде зампредсовнарком Т. Рысқұловтың төрағалығымен өткен Жеке кеңес, мәселені Қазөлкекомның жауапты хатшысы Ф. Голощекиннің басшылығымен Қазақстанның басқару органдарында талқылау)   ұлыдержавалық шовинизм жайын іс жүзінде ұмыттырды.

Совет Одағы сынды алып та бірегей халықтар отбасындағы «аға» – орыс халқы, «іні» – өзге жұрт. «Аға» міндетті түрде «интернационалист» деп танылады, бұл қастерлі атау «інілер» ішіндегі тілі, ділі, тіршілігі тамырынан ажырап кеткендерге де беріледі. Бұларға ұлт тілін білу, ұлттың шын мәніндегі мұқтаждықтары үшін күресу міндетті емес. Әрі ондай әрекеттің залалды жағы көп, одан да емін-еркін «орыс әлемі» кеңістігін ұлғайта беруге атсалыса берсе  – есептері түгел.

Орыстануы арқасында биліктің биік тұтқаларына жеткендер ішінде қазіргі заманда «ұлттық мемлекет туралы ойлау – анахронизм» дегендері болды, ал «аға» жұрттың әсіре «интернационалистікке» шалдыққан кей өкілі тәуелсіз елдерге жасаған зорлығын былай қойғанда, федерация ішіндегі ұлттық құрылымдардың құқтарын шектеуден, тіпті, ұлт азаттығы жолындағы күресін «терроризм» деп айдарлап, оны басу үшін қанды соғыс ашудан тартынбағаны мәлім.

Бұлар «аға» жұрт серкелерінің қазіргі ұлттар теңдігі мойындалған заманның өзінде өз астамшылықтарына тежеу қоя алмағанының, күшті ғана әділетті деп білген кесірлі ұғым жетегінде жүргенінің және жалғандықты шындықтың нақ өзі секілді жалаулататын  суайттығының салдары екені анық. Мұның 20-шы жылдарғы көрінісі сол, қоғамдық-саяси тыныс-тіршілікте Қазақстанға келген еуропалық кірмелер, кіндік биліктің партиядағы, құпия қызметтегі эмиссарлары өздері басқармақшы жергілікті  халықтың тілі мен дәстүрін елемеді. Ойы өздерінікімен сәйкес келмейтіндерге сенбеушілік білдіруге, ұлтшыл деп қудалауға оң иықтарын беріп тұрды.

Ф. Голощекиннің  басшылық жасап, бағыттауымен 1928–1932 жылдары екі дүркін өткен саяси репрессиялар науқанында патша заманы кезінен ел қамын ойлап келе жатқан сексен-тоқсан азамат «ұлтшыл» деген желеумен жасанды істер бойынша абақтыға алынып, жауапқа тартылды. Айлап түрмеде ұстағанмен, бірқатарының «ұлтшылдығы» дәлелденбеді де, еріксіз босатуға мәжбүр болды.

Ал сотталғандардың «айыптары» сол шақтағы саяси ахуал, ақталмай жатқан үміттер, ұлт мұқтаждықтары жайында өзара пікір алысып тұрғандықтарында ғана еді. Көзқарас айқындау сипатында ғана өткен басқосулардың бірінде Жанша Досмұхамедов «қазіргі таңда совет өкіметіне қарсы тұра алатын ешқандай да күш жоқ, біздің бұл тараптағы қауқарымыз нөлге тең» деп тұжырымдаған. Сондықтан да пікірлес ұлт қайраткерлері жағдайды дастарқан басында қинала сөз етуден еш аса алмаған болатын. Олардың өкіметке шын зиян келтірген контрреволюциялық іс-әрекет жасағаны жайында тағылған айыптардың бірде-бірі дәлелденген емес.

Бірақ оған халықтың 30-шы жылдарғы солақай реформалар тудырған қарсылық қозғалыстарын алдау, арбау амалдарын қолдана отырып қан-жоса ғып басқан Голощекин еш қысылмады. Өйткені негізгі нәтижеге қол жеткізілген: «тап жауларының», «ұлтшылдардың» революцияның қаһарлы жазалағыш семсерінен құтылмайтыны баршаның санасына ұялаған еді...

Империялардың тарихи сабақтастығымен түсіндіруге болатын Қазақстанда орын алған 30-шы жылдарғы репрессиялар көрінісі осындай  болды. Одан аман қалған азаттық күрескерлерінің алғашқы буыны мен революция тәрбиелеген екінші буынын  1937–1938 жылдарда бүкіл Совет Одағын қан-қақсатқан Үлкен террор жалмады...

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің біз қысқа ғана шолу жасаған тарихи алғышарттары және билеуші партия жүргізген ұлт саясатындағы іс жүзінде қолданылған нақты ұстаным метрополияның отар өлкеге, ондағы қайраткерлерге көзқарасын анық танытады. Және осы жәйт дәулеттілердің дүние-мүліктерін кәмпескелеумен астастыра жүргізілген алғашқы репрессиялардың түпкі себебін, сипаты мен ерекшеліктерін  қателеспей түсінуге мүмкіндік береді.

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Abai.kz

3 пікір