Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Айтыс 4587 22 пікір 20 Маусым, 2022 сағат 12:41

Ресей Қазақстанға қарсы ақпараттық соғыс бастады

Президент Тоқаевтың Петербор мінберінде сөйлеген екі сап сөзі солтүстіктегі сойы бөлек сары орыстың көбік ауыз көп шендісін әжептәуір тулатты.

Осыған дейін бейпіл ауыз байы да (Тигран Кеосаян), өзі де Қазақстан халқы мен билігіне ауыр-ауыр айыптау айтып, тілдері жеткенше тілдеп, керек болса, дөңайбат шешіп, шешенсіген, сөйтіп еларалық дау шақырған Маргарита Симонян деген дөңмұрын модератор болған жиында Владимир Путиннің көзінше президент Тоқаев Украина территориясының тұтастығын қолдап сөйледі. Ресейдің күшімен өздерін-өздері мемлекет деп жариялап алған Луганскі мен Донецкі сеператистерін қолдамайтынын, сәйкесінше Ресейдің Украинаға қарсы соғысын да қолдамайтынын ашық айтты.

«Егер ұлттың өзін-өзі анықтау құқығы шын мәнінде жүзеге асырылатын болса, онда БҰҰ құрамына кіретін 193 мемлекеттің орнына жер бетінде 500 немесе 600 мемлекет пайда болар еді, бұл өз кезегінде үлкен хаосқа әкеліп соғуы мүмкін. Осы себепті біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз әрі бұл принцип, біздің ойымызша, квазимемлекеттік территорияларға да қатысты қолданылады, ал Луганск пен Донецк сол санатта болып табылады», – деді Тоқаев.

Сол-ақ, екен, президент Тоқаев әлемдік БАҚ-тың бас тақырыбына бір-ақ, шықты. «Тоқаев Путиннің бетіне айтты», «Үлкен залда Путинге осылай айта алған жалғыз адам – Тоқаев болды», «Тоқаев Ресейді қолдамайтынын ашық білдірді» т.б. тақырыптар жаңалықтар лентасында жауындай жауды.

Әсілі, есті жұрт бұл сөздердің айтылуы орынды һәм әділетті екенін жақсы түсінеді. Басқа сөз, басқа кеп болмауы керек те. Ашығын айтқанда Тоқаев ешқандай ерлік жасаған жоқ. Бар болғаны Қазақстанның ресми позициясын ашық түсіндірді. Бұл біздің позициямыз. Қазақстан халқының ұстанымы. Біз Украинаның территориялық тұтастығын қолдаймыз. Ал Ресейдің соғыс бастауын айыптаймыз.

Сол-ақ, екен, Ресейдің шала сауатты, сала-құлаш сөйлейтін шытынабай шенділері шыжыңданып қоя берді. Әңгімені шешеннің путинсүйгіш лидері Рамзан Қадыров бастады.

Ресей армиясының шешендермен соғысып, Грозныйдың тас-талқанын шығарып, адамдарын аяусыз өлтіріп, ақырында өзіне басыбайлы боданы еткенін ұмытқан. Ұмытқаны былай тұрсын, Кремльмен ауыз жаласып, Ресейдің «геройы» атанған, Ресей президенті Владимир Путин мен оның ақшасына ынта-шынтасымен ғашық Рамзан Қадыров:

«Қазақстан, Сіздер тәуелсіздіктен айырыла жаздағанда ҰҚШҰ (ОДКБ) жіберіп, сіздердің мемлекеттеріңізді құтқарған кім? Ресей еді...», - деп  айды аспаннан бірақ шығарды.

Оның ізін баса мұртын бит басқан мұжық Константин Затулин деген Думаның дәудей депутаты:

«Украина болсын, басқа болсын, егер сіз-біз десіп, сыйласар болсақ, ешкімнің жеріне сұқтанбаймыз. Ал егер ерегісер болсаңыз, бізден бәрін күтуге болады. Украинаның кебін киесіздер. Сол себепті, қазақ билігіне мәселенің осы тұсына назар аударған абзал...», - деп сөйледі.

Ал Ресейлік саясаттанушы, ОА елдері бойынша эксперт Аркадий Дубнов:

«Осыған дейін Ресей айналасындағы елдер, соның ішінде одақтас елдер әр затты өз атымен атауға жол бермейтін. Мен бұл мәлімдемені – «ақиқат сәті» деп атар едім. «Асылып өлгеннің үйінде арқан туралы сөз айтпайды», - деген бар ғой. Міне, кеше «асылып өлгеннің үйінде арқан туралы айтқан» адам табылды», - депті.

Ал Ресейлік журналист, саясатшы Андрей Мальгин:

«Тоқаев арқаға пышақ сұқты. Тоқаев сондай-ақ, Украинаның ЕО-ға қосылуына қарсы еместігін білдірді. Ол осы сөздердің барлығын Путиннің көзінше айтты», - депті.

Қысқасы, Ресей Қазақстанға қарсы ақпараттық соғыс ашқандай. Ал әзірге Қазақстанның қандай да бір лауазымды тұлғалары Ресей депутаты Константин Затулин мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың сала-құлаш сөздеріне қатысты жауап берген жоқ.  Есесіне, ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді: «Қазақстан әлемнің барлық елдерін 2045 жылға қарай ядролық қарудан бас тартуға шақырады», - деген мәлімдеме жасаған.

Сөзді созбақтамай, қысқаша қайырғандағысы осы...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

22 пікір