Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Деп жатыр 4044 2 пікір 17 Маусым, 2022 сағат 14:12

Ресейлік сарапшы: «Қазақстан ҰҚШҰ мен ЕАЭО-ны өлтірді»

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия 24» арнасына сұхбат беріп, сұхбат барысында ҰҚШҰ мен ЕЭО жайлы да айтқан болатын.

Онда президент Тоқаев «Қазақстан ЕАЭО пен ҰҚШҰ-дан шықпайтынын, оған негіз жоқ екенін» айта кетті. Сонымен қатар, Батыс тарапынан салынған санкциялардың Қазақстан арқылы бұзылуына жол бермейтінін де ашық айтты. Бұған Ресей сарапшылары тулап жатыр.

«REGNUM» редакторы Модест Колеров былай дейді: «ЕАЭО мен ҰҚШҰ негізгі ұйым, жүйе ретінде өлді. Оны өлтірген - Қазақстан. Батыс салған санкциялар мәңгілік, ал сол мәңгілік санкцияларды «бауырлас» Қазақстан қолдады. Бұл дегеніміз ЕАЭО мен ҰҚШҰ аясындағы одақтастыққа еш сәйкес емес. Енді ЕАЭО мен ҰҚШҰ өмір сүріп жатқандай кейіп танытатынын бақылап отырайық.

Не үшін? ЕАЭО мен ҰҚШҰ о баста Ресей ресурсын эксплуатация жасау үшін құрылды ғой. Ресей мен өзге елдер арасында донор принципі сынды қатынас болуы мүмкін, алайда Батыс ол қатынасты тоқтат дегенде өзгелер тоқтатады. Алайда оның орнына Батыс балама ұсынбасы анық. Осылайша Ресейден бас тартқандардың өзін Батыс жазалайды. Бұрынғы КСРО кеңістігінде Ресейге не қалады? Тек қана Одақтас ел жобасы аясында өтірік күліп, еріксіз жымиып қатынас жасау қалады. Алайда заманауи еуразиялық үстемдік нағыз өлік десек те болады», - дейді ол.

Еуразиялық Экономикалық Одақ құрылғалы бері Қазақстан қоғамы аталмыш одақтан шығу керектігін айтып, талай мәрте желіде петицияға қол жинап, бастама көтерді. Сарапшылар ЕАЭО Қазақстан кәсіпкерлеріне тек қана зиян әкелетінін айтып келеді. Ал Батыстың Ресейге санкциясы күшейген сәттен бастап, одақтан шығу керектігін айтушылар саны күрт артты.

Сарапшылар Қазақстан одақтан шықпаса, Батыс тарапы одаққа мүше барлық елдерге санкция салу мүмкіндігін ескертуде. Жанама санкциялар ел экономикасын құрдымға жіберіп, жағдайды тіпті титықтатып жіберетінін айтады.

Қазақстан одақ ішіндегі Ресей бастамасына жиі қарсы шығушы жалғыз ел. Мысалы астық экспортына тыйым салу мен қантты сатуға қатысты шешімдеріне қарсы шықты. Ортақ валюта мен одақтастықты экономикадан өзге салаларға өткізу керектігіне тыйым салу керектігін айтты.

Abai.kz

2 пікір