Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 3195 8 пікір 17 Маусым, 2022 сағат 13:01

Референдум: Ұтқан бар ма, ұтылған кім?

Өткен референдум жайлы түрлі пікірлер айтылуда. Ұтқан бар ма, ұтылған кім? Конституцияға енгізілген өзгерістерді саралап, оны билікке керек түзетулер, халыққа пайдалы толықтырулар деп екіге бөлдім. Жарияланған жобаны ақпарат құралдарында Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, небір белсенділер бүге-шігесіне дейін, бір ай ішінде молынан «сапырып» талдағандай болды.

Жаңадан енгізілген толықтырулардың ішінде Ата заңымызға қайшы келетін нормалардың да бар екенін мойындауымыз керек. Айтқанынан қайтпайтын Үкімет күшейіп, заң шығаратын болды. Сөйтіп, Парламентпен теңесті. «Ұлттық қордың» қаржысын шашып, ұрлатып, тиімсіз жұмсап жүргендерге осыншама заң қағидасына қарсы өкілеттіктің берілуінің арты тағы неге апарып соғатыны толғандырады.

Сенаттың заң қабылдау өкілеттігі шектелді. Келесі өзгертуде жойылуға бет бұратын болар. Бұл асығыстықтың немесе астыртын қимылдардың әсері болар деп топшылаймыз.

Билік тармақтары билікке таласқанда естері кетіп, кім Президентке жақын болса, сол сөзін өткізіп, дегеніне жеткендей болыпты. Олай дейтініміз Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғаннан бері заңдылықтың ауылы алыстауда, әрбір «басшы» өз ойына келгенін істеп жүр, мұның зардабын халық тартуда. Президент әкімшілігі, Бас прокуратура Конституция талаптарын қадағаламай, халықты «қаңтар қырғынына» апарды.

Соған қарағанда бір-екі жылда тағы да Конституцияға өзгерістер енгізерміз деп ойлаймын, басқаша айтқанда болашақ Коституциялық сот дау-дамайдың астында қалатын болды.

«5 маусымдағы» Конституциядағы өзгерістер халқымызға, сіз бен бізге не берді деген сұраққа екі ғана бапты талдай отырып жауап берейін.

Ата заңнан 46-баптың 4-тармағы алынып тасталды. 91-бап басқаша жазылып, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі мен өкілеттігі мүлдем жойылып, ол қарапайым азамат болып шыға келді.

Назарбаевқа, оның отбасы мүшелеріне берілген ерекше мәртебелер енді жоқ. Демек бірінші Президентті, оның отбасы мүшелерін кез келген уақытта заң бұзушылықтары болса, құқық қорғау органдары жауапқа тарта алады. Сөйтіп қаңтардағы «Назарбаев кет» деген халық талабы іс жүзінде ғана емес, Конституцияға сай, заң аясында бекітілді. Бұл нормалар Қазақстаннан шет елдерге «Ақжол» партиясы айтқандай, заңсыз шығарылған екі жүз миллиард долларды қайтаруға мүмкіншілік береді.

Келесі жағымды жаңалық 6-баптың 3-тармағы: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануар­лар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі».

Осы өзгерту талай жылдан бері халықтын жер байлығынан өз үлесін талап етіп жүрген күрделі мәселесін шешуге құқықтық негіз жасады. Аталған тармақта жер және оның қойнауы, табиғи ресурстардың меншік иесі халық делінген. Демек енді кез келген Қазақстан азаматы заңдарға сәйкес меншік иесі ретінде, мемлекетке түсіп жатқан пайдадан өз үлесін алуға құқығы бар. Сонымен қатар, егерде халық атынан меншік құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар тиімсіз шарттар жасаса, біздің ондай келісімдерді өзгертуге, бұзуға міндеттеу құқымыз бар.

Тоқаевтың соңғы айлардағы бастамалары жалпы көпшіліктің көңілінен шығуда. Талайына күтпеген жерден орден, медаль, атақ таратып, өзіне қаратып, қалғанына тамақ беріп, әйтеуір жанталасып, жақтастарын молайтуда. Ресми мәлімет бойынша, референдумға дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны - 7 985 769 адам. Қойылған сұрақты жақтап дауыс бергендердің саны - 6 163 516.

Осы қорытындының нәтижесіне қарап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты халық қолдады деп ойлау, елді де Тоқаевты да шатастыру. Абыройы осылай асқақтаған сәтте, Тоқаев басын иіп, қаңтар қазасы мен қырғыны үшін халықтан кешірім сұраса дұрыс болар еді. Бұны жүрексініп, кейінге қалдыра берсе, кеш болуы да мүмкін.

Тоқаев «Конституция мен заңдарды қатаң сақтап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беремін, Қазақстан Президентінің өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», деген сөзінде тұрмаса, алаңға шығатын халықтын саны белгілі - 7 985 769 адам.

Айыпқан Мұхамадиев,

заң ғылымының кандидаты

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621