Сенбі, 20 Сәуір 2024
Ақмылтық 3338 2 пікір 13 Маусым, 2022 сағат 14:36

Ахметов - советтік ортанқол маман!

Өткен аптада елімізде жоғары лауазымды орындарда ауыс-түйістер болды. Жаңадан құрылған облыстардың әкімдері сайланды.

Ұлытау облысының әкімі қызметіне Берік Әбдіғалиұлы келді. Ол 2019-2021 жылдары Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі, 2021 жылдан қазірге дейін Мәжілісте депутат болды.

Абай облысының әкімі болып Нұрлан Ұранхаев сайланды. Ол «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамының бас директоры қызметін атқарған, кейін Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасын, Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасын басқарды.

Жетісу облысының әкімі болып Бейбіт Исабаев тағайындалды. Ол көптеген уақыт бойы шетелдерде Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет істеген: Пәкістанда, Түркияда, Албанияда, Қырғызстанда, Әзірбайжанда елші болған. Биыл 20 қаңтардан бастап Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы болып сайланған.

Былтыр қарашада Алматы облысына әкім болып келген Қанат Бозымбаев күтпеген жерден қызметінен босатылды. Оның басқа қызметке ауысатыны айтылды. Оның орнына облыс әкімі болып Марат Сұлтанғазиев сайланды. Сұлтанғазиев 2021 жылдың мамырынан 2022 жылдың қаңтарына дейін ҚР Қаржы вице-министрі қызметін атқарды. Биылғы қаңтардан бастап қазірге дейін ҚР Қаржы бірінші вице-министрі болды.

Қазақстанда ескі биліктің ескі адамдары лауазымды қызметтерінен босатылып жатыр. Бірақ, Шығыс Қазақстан облысының зейнеткер әкімі Даниал Ахметовтың қызметі керісінше бір жылға ұзартылды.

Ахметов биыл 68 жасқа толады. 2014 жылдан бастап Шығыс Қазақстанның әкімі болып келеді. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Даниал Ахметов зейнет жасына жеткенде, оның құзіретін тағы бес жылға, 2022 жылдың маусым айына дейін ұзартқан еді.

Даниал Ахметовтің әкім болып жүргеніне 8 жылға таяды. Әр бес жыл сайын жаңаланып, сайланып отыруы тиіс Парламент пен Президенттің қызмет мерзімінен де асып жығылды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі неге жаңаланбайды? Әлде Даниал Ахметов баға жетпес кадр, заманауи білікті менеджер ме? Біз бұл туралы журналист, қоғам қайраткері Ермұрат Бапиден сұрадық.

Ахметовтің қызметте қалуы - Тоқаев пен Назарбаевтың ымырасы

Ермұрат Бапи:

- Менің ойымша Даниал Ахметовтың экс-президент Назарбаевтың алдында қабылдаған біраз міндеттері бар. Естеріңізде болса, былтырғы жылдың күзінен бері Қазақстанның энергетика саласын жекешелендіру жөнінде мемлекеттік дәрежедегі мәселелер көтеріліп жүр.

Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен, Шүлбі су электр станцияларын және басқа да аймақтағы электр желілерін жекеменшікке өткізу туралы жиі айтыла бастады.

Бірақ, Қазақстанның қазіргі энергетикалық жағдайына назар аударсақ, бұл саланы жекеге берудің еш қажеті жоқ. Өйткені, белгілі бір саланы жекеменшікке беру үшін, ол дағдарысқа ұшырап, қаржы тапшылығы сезіліп, ары қарай дами алмайтын жағдайға түсуі керек. Біздің елдің энергетикалық секторы ондай дағдарыс жағдайына түскен жоқ. Әрі «Біріккен Араб Әмірлігіндегі белгісіз бір компания біздің энергетика секторымызға қаржы құяды. Сол компанияның мүддесіне жекелешелендіріп береді» деген деректер ашық ақпарат құралдарында жария болды.

Осы жағдайларды саралай келе, болжам жасадым. Даниал Ахметов Шығыс Қазақстандағы энергетика секторын жекешелендіру мәселесін шешіп, БАӘ инвестициялық компаниясына жекеге шығарып беруді аяғына жеткізуі қажет болып отыр. Бұл компанияның артында әлдебір шейхтер немесе БАӘ елі тұрған жоқ, оның артында БАӘ-не апарып жасырылған Қазақстанның қаржысы тұр деп ойлаймын. Пайдасы көп энергетикалық секторды жекеге шығару сол қаржыны елге әкеліп, жуып-шаюдың бір тәсілі.

Даниал Ахметовтың орынан кетпей отырғаны, сол Шығыс Қазақстанның энергетика саласын ОАЭ компаниясына жекеге шығарып беру деп ойлаймын.

2019 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасында астыртын ымыра болды. Қасында тұрмасақ та, ондай келісім болғаны анық. Ахметовтың жекешелендіру ісі де осы мәміленің бір тармағы болуы мүмкін. Әйтпесе Даниал Ахметовты басып озатын, қазіргі нарық жағдайында облысты тиімді басқара алатын мамандар жеткілікті. Соған қарамастан, Ахметовтың құзіретін бір жылға созды. Мұның астарында жеке пайданы көздеген астыртын мәмілелер жатыр.

Ахметов ескі гвардиядан қалған, советтік жоспарлы шаруашылықтың ортанқол маманы. Өзі толық мәлімдегі экономист те,  инженер де, саяси тұлға да емес. Ол кезіндегі Назарбаевтың мүддесіне қызмет еткен, соның капиталын сақтауға, соған тиесілі өндіріс орындарына ие болуға бизнес әріптес ретінде қалыптасқан тұлға.

Даниал Ахметовтың бір жылға қалуы Шығыс Қазақстанның жеке жағдайын жақсарту ниетінен емес, оның артында ауқымды көлемдегі құйтырқы есеп-қисаптар бар деп ойлаймын.

Айжан Темірхан

Abai.kz

2 пікір