Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Білгенге маржан 5955 3 пікір 10 Маусым, 2022 сағат 14:03

Жаппас Басығара датқаның асы (жалғасы)

Басы: Жаппас Басығара датқаның асы

Біздер Торғаймен шектесіп жатқан Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы өлкетанушыларынан Телжан Шонанұлының («шона» түбір сөзіне «ов» деген қосымша екі дауысты дыбыс қатар келгендіктен, бұрынғы орыс жазу тәртібі бойынша тікелей ілігіп жазылмайды) ата-бабасының шежіресін (қазақи төлқұжатын) сұрастырып көрген едік. Өкінішке қарай, ол өңірде қалың отырған Шөмекей тайпасының шежірелерік деректемелерінен Телжанның әулеттік тегі шықпады. Бәлкім, оның шежіресі Жаппастың ішінде жүр ме екен? Үш жүзге жуық үй тігіліп, бір шеті Перовск (Сыр бой), бір шеті Қостанай, Торғай, Ырғыз қазақтары жиналып ұлан-асыр асы өткен датқа Басығараны Өтей руының биі деп жаңылысып, Жаппас руынан екенін бұл күнге дейін білмей келіп отырмыз ғой. Біздікі - Телжан Шонанұлы әулетінің шежіресі сондай бір білместіктің жапсарында қалып қоймады ма екен деген ой. Патша заманы, одан кейінгі кеңес дәуіріндегі небір аумалы-төкпелі кезеңде (жерден ығыстыру, ұжымдастыру, ашаршылық т.б.) Жаппастар Ырғыз бойында қоныстап қалған шығар, кім білсін? Қысқасы, я Шөмекей, я Жаппас жұрты арасынан «Шона, Ораз» деген кісілердің шежірелік дерегі шықса, біраз нәрсе айқындалар еді.

Сырды қыстау, Қырды жайлау еткен Жаппас тайпасының көркем дүниеде атын қалдырған шығарманың бірі - Б.Майлиннің атақты «Шұғаның белгісі» атты әңгімесі. Мұндағы басты кейіпкер «аққудың көгілдіріндей көрікті әрі ақылды» қыз Шұғаның әкесі Есімбектің руы – Жаппас, қыстауы - Сыр бойы, жайлауы Б.Майлиннің туған жері болып есептелетін Әйет өңірі. Сөзіміз «соғымға» семіз шығуы үшін жазушының атақты шығармасының мына жолдарына назар салайық: «...Бала күнімізде анау көрінген төбенің басында талай асық ойнап едік... ол да бір дәурен... ия... бұл ауылдың күзге қарай қонатын жері, жазғытұрғы авгусқа дейін отыратын жайлауымыз, бұл көл де Шұғаның белгісі атанды, бұрын «Тарғыл өгіз сойған» деуші едік. Үлкен көл, маңайы толған шорқынды су... ол уақытта жердің берекесі қандай. Өзіміздің ел қаншама... оның үстіне ту Сырдан келіп Жаппастар да қонады... кейінгі кезде ғана Жаппас келуін қойды ғой. Біздің Беркімбай дейтін жақын ағаларымыз болады. Бұрын бай еді, болыстыққа таласамын деумен-ақ малын құртып алды. Осы күні кедей. Сол Беркімбайдың әкесінің нағашысы - Жаппас Есімбек дейтін болды. Өзі бай еді, Жаппастың алды деуге боларлық. Беркімбайға арқа сүйеп, Есімбек сол «Өгіз сойғанның» ең шұрайлы жеріне қонушы еді.Өзі де жомарт, қонақпаз еді. Елге жағымды болып тұрды. Мал мен басы бірдей, құдай тілегін берген бір адам: ортан қолдай төрт ұлы болды - шетінен қасқыр. Сол төрт ұлдың ортасында бұландап ескен Шұға дейтін қызы болды...».

Ендігі сөздің ретін өзіміздің әулеттік тарихымыздан қозғап, оны айтылып отырған мәселелерге жанама дерек етіп ұсынғымыз келеді. Біздің нағашы әжеміз, марқұм Кәшима Құлтайқызы Жаппастан тарайтын Мәметек Алтын руынан еді. 1912 жылы дүниеге келіп, 1990 жылы 78 жасында Қызылорда қаласында дүниеден өтті. Туған жері - қыс қыстауы Қармақшының маңындағы Қызылтам деген жер болса, жаз жайлауы - Тобылға құятын Әйет, Троицкінің іргесіндегі Үй өзендерінің бойы. Кәшима әжем Әйеттің бойындағы жайлау қоныстарын сағынышпен еске алып көп әңгімелер айтатын. Бірде «Сырдан қырға көшкенде «Басығара датқаның» жолымен жүретінбіз, себебі ол жолдың бойында шегенделген құдықтар бар еді, оны датқа арнайы қаздырған» десе, енді бірде ол жайлаудан қыстауға қайтар шақта, яғни күз уақыты болғанда Троицкі қаласына базарлап баратындарын  қозғайтын. «Троицк базарына соңғы рет 14 жаста бардым, екі жыл өткен соң мені қырда (Қостанай өңірі) тұрмысқа берді»,- дейтін ол. Әжеміз тұрмысқа шыққан жылы оның әкесі Құлтай «жаман аурумен» (обыр) ауырып дүниеден өтеді. Бұл 1928 жылдардың шамасы. Нағашы әжемнің тұрмысқа шыққан отағасы жамағаты қайтқан, орта дәулетті кісі болады. Кеңес үкіметі оны «уыздай жас қыз алған бай-құлақ» деген айыппен кәмпескеге іліп, Сібірге жер аударады. Сол жылдары колхоздастыру басталып, жұрттың малы ортақ меншікке тартып алынады. Елге қатты таршылық келіп, жұрт бас-жан сауғалап көше бастайды. Біздің болашақ әжеміз егіншілікпен, аңшылық-балықшылықпен айналысатын Сыр бойындағы Есентемір (ру атауы) Досқали атты нағашысына барып паналауды ойлайды. Осылайша, қолында орамалға түйілген түйіншегі бар жас келіншек жаяу-жалпылай Сырға қарай ауып бара жатқан жұртқа қосылады. Солармен бірге апталап жаяу жүріп Аралға келіп құлайды. Одан әрі Арал станциясында Қызылордаға қарай бет алып тұрған жүк пойызының қызыл вагонына мініп алады. Бір орыс солдаты келіп орысшалап «түс» дейді. Бұл қазақшалап «түспеймін» деп шырылдап жылап қоя береді. Вагонға тас кенеше жабысып алған мұны әлгі солдат әрі-бері жұлқылап, түсіре алмаған соң кетіп қалады. Сол жүк вагонымен Қызылорда станциясына жетеді. Пойыздан түсіп, жұрттан сұрай-сұрай Қызылорда қаласының маңындағы Қарауылтөбе деген жерден бес-алты шақырым жерде егіншілік, аңшылықпен күн көріп отырған нағашысы Есентемір Досқалидың үйін тауып алады. Жергілікті орыстармен тамыр болып, аңшылық құратын Досқали өзге қазақтарға қарағанда, салыстырмалы түрде бақуатты болады. Аңшылықпен қатар егін егіп, балық аулағандықтан Досқалидың отбасы Сыр бойына ашаршылық келген кезде әупірімдеп аман қалады. Бұл естелікті біздер 2013 жылы Абай порталында жариялаған болатынбыз (Мархабат, Зұлмат жылдар куәгерінің әңгімесі: https://abai.kz/post/17001 ).

АСТАҒЫ ДАУ-ДАМАЙ

Әлқисса, Басығараның аруағына бағышталған аста 300-ге жуық кигіз үй тігіліп, 500 қой сойылып, бәйге, садақ ату, теңге алу сынды түрлі сайыстар өтеді. Бәйгенің және өзге де сауықтық сайыстардың бас төрешісі болып, халықтың ұйғарымымен Ы.Алтынсарин бекітіледі. Бәйге десе, қаны қызбайтын қазақ жоқ: мұнда да Керей Сағынайдың асында болған қайғылы жағдайға мазмұндас оқиға туындайды, бірақ оның соңы бейбіт жағдаймен тамамдалады. Ә.Балғымбаевтың жазбасынан байқағанымыздай, сайыс қорытындысын шығарып, жүлде таратарда Алтыбас қыпшақтар мен Арғынның Тоқтамыс руы арасында, қазақтың жалпақ мінезінде көп сақталған, бәйге жүлдесіне қатысты дау туады. Бас төреші бәйгені сөрден өткен жерден бақылап тұрған қарақшылардың (қазылардың) сөзіне сүйеніп жүлдені алтыбастарға береді. Бұл шешімге тоқтамыстықтар келіспей, әсіресе, Байбатша Сартов деген жас жігіт дауды үдете түседі. Ы.Алтынсарин көмекшілеріне пәрмен беріп, өзеуреген Байбатшаны өзінің пәуескесінің артына байлап тастайды. Тоқтамыстықтар бір жерге жиналып, араларындағы сыйлы ақсақалы Нұрбай Талпақов деген кісімен ақылдасады. Сол-ақ екен бір топ кісі атқа қонып, Алтынсаринның күймесіне қарай қиқулай шабады. Олардың алдынан Жаппас достиярлықтар кесе көлденең шығып, шабуылдаушы атты кісілерді тоқтатады, астың шырқын бұзбауға шақырады. Дау-дамай бейбіт түрде шешіледі. Бірақ бұл оқиға кешкілік асқа жиналушылардың арасында қызу әңгімеге айналады.

Аста қызу талқылауға түскен аталмыш оқиға мазмұны уақыт өте келе түрлі қоспалар қосылып, өзгертулер мен құбылтуға ұшырайды. Кіші жүз Жаппас Басығара Орта жүз Арғындағы Өтей руының Басығарасына айналып, астың өткен жері Обағанға көшеді, той-думанның үстінде Шошақұлы Байтұрсынның ағайыны Көбекұлы Төлебай Ы.Алтынсаринды сабайды-мыс. Осы ауызекі айтылған деректер ғылыми тұрғыдан сараланбай, бас-көз жоқ зерттеу кітаптарға еніп, тіпті, орталық арналардың бірі түсірген деректі фильмнің сюжетіне де арқау болып шыға келді. Осындайда оқырман санасына: «Үмбетей баласының бәрі сотқар болған ба? Намысшыл Шошақұлы Байтұрсынның бауыры Ақтасты тұтқындауға келген уезд басшысы Я.Яковлевке қол көтерген әрекеті түсінікті, ал Көбекұлы Төлебайдың бейбіт астың шырқын бұзып, атақты ұстазды, лауазымды қызметкерді соққыға жығатындай не көрініпті?» деген ойлар келері анық.

ҚАРПЫҚ АҚЫН ЖОҚТАУЫ

Енді осы бір жаңылыс айтылып жүрген деректердің түп-тұқиянына үңілейік. Төлебайдың Ыбырай Алтынсаринды сабады деген әңгіме үмбетейлік Қарпық ақын шығарған «Төлебайды қызының жоқтауы» (жалпы, Қарпық ақын Төлебай туралы қызының, келінінің, жамағатының (жұбайының) жоқтауы деген үш жыр шығарған) жырының мазмұнынан бастау алады. Оның жырында:

Қыпшақтың өңкей манабы

Кез болыпты ашуға.

Балқожаұлы Ыбырай

Артын жиып жөнелді,

Басын қорғап қашуға.

Мұны көріп әкекем,

Аманжолдап ат қойды.

Тасыған көңлін басуға.

Қуып жетіп соңынан,

Ағалығын білдірген,

Көрмегенін көргізген.

Бозбалаға айдатып,

Қайтарып топқа кіргізген.

Бекмұхамбет болысын,

Инспектор орысын,

Жұмылған көзін аштыртып,

Өкшесінен бастыртып,

«Жан сауға, батыр!»- дегізген,- деп келетін эпизод бар.

Жырдың мәтініне терең назар салған кісі мұнда Төлебай Ы.Алтынсаринды «сабады» немесе «ұрды, жықты» деген сөздердің жоқ екенін байқайтыны анық. Рас, жырда ағайынға деген әлдебір өкпе-реніштің елесі кездеседі және соның есесін Төлебай қайтарды деген де емеурін бар. Бұл А.Байтұрсынұлының айтуынша қайырсақ, көркем шығарманың бір тірегі болып саналатын қиял ісі. Бұл – бір.

Екіншіден, жоқтау қайтқан кісінің атқарған істерін, жақсы мінез- қасиеттерін ардақтау сынды көріністерді қайғы шеккен кісінің шерменді көңіл-күйі арқылы берілетіндіктен онда суреттелетін оқиғалардың шындығына шартты түрде қарау қажет. Жоқтауда эмоциялық көңіл-күй райы, марқұмды дәріптеу реңі  аса басым болады және оқиғаның ертеректе өтіп кеткені де түрлі ауытқуларды туғызады. Ойымызға нақты дәлел көрініс – Ә.Балғымбаевтың аталмыш тарихи жазбасы.

Қарпық ақынның жоқтау жырындағы тарихи тұлғаларға келетін болсақ, Көбек баласы Төлебай – Шошақұлы Байтұрсынның ағайыны. 1899 жылғы статистикалық есепте ол Дәуренбек Бірімжанов ұзақ жылдар билеген Тосын болысына қарайтын №5 ауылдың биі (4 сурет).

4 сурет. 1899 жылы жарияланған тарихи дерек көзінен үзінді.

Шежіреші қарттар оны болмысынан мырза болған деседі. Ал Бермұхамед болыс – Сарыой болысының басшысы Бермұхаммед Алдияров (5 сурет).

5 сурет. 1899 жылы жарияланған тарихи дерек көзінен үзінді.

Ол 1881-82 жылдары Мұхаметжан Қарабаевпен бірге Қазан университетінде оқыған. Бірақ оқуды аяқтады ма, әлде аяқтамады ма, ол жағы бізге беймәлім. Ы.Алтынсарин 1882 жылы Қазанда білім алып жүрген қос шәкіртке баспаға ұсынылған «Шарият ул-ислам» кітабына корректор болуды тапсырады. Оның баласы Әбубәкір Алдияров Троицкіде жеке емхана ашқан білікті дәрігер, Алаш қайраткері.

Қарпық ақынның жоқтауы 1923 жылы Мәскеуде Ә. Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы бірлесіп шығарған «Жиырма үш жоқтауда» алғаш рет жарияланды. Бірақ ол шығарма авторлары қуғын-сүргінге ұшырағандықтан, жыр ұзақ жылдар жұртшылыққа белгісіз болып келді. Соның салдарынан ақынның жоқтауы жұртшылықпен қайта қауышқан өткен ғасырдың 80-90 жылдары ел арасында жаңылыс айтылған, тарихи деректерге негізделмеген ой-пікірлер пайда болды. Бұл бағытты ұстанғандар жоқтаудағы Қарпық ақынның:

Үш жүздің қазағы

Басықара датқаның

Басын қосқан асында

Болғандардан естимін,

Болмасам да қасында, - деген «болғандардан естіген» сөз екенін айтқан ескертпесіне назар аудармаған.  Демек, ақын ел ішінде қауесет болып жүрген оқиғаны жыр жолдарына айналдырған және Басықара датқаның қай рудан екенін де атамаған. Бұл – бір.

Екіншіден, олар 1885 жылы Торғай уезінің басшысы Я.П.Яковлевтің басын жарған Байтұрсынның бірнеше ағайынымен билік тарапынан қатты жазаланып, итжекен Сібірге 15 жылға жер аударған оқиғасын салыстырмалы түрде пайымдап, зерделемеген. Басығара датқаның асы үстінде Торғай облысы халық мектептерінің инспекторына қол көтеріліп, оның басы жарылған болса, патша үкімет бұл оқиғаны аяқсыз қалдырмай, кінәлі кісіні қатаң жазалар еді. Ы.Алтынсаринның даукес Байбатша Сартовты пәуескенің артына байлап тастауы да оның қолында үлкен билік, ел алдында атақ-абыройы, беделі бар екенін білдіреді.

Үшіншіден, Ә.Балғымбаев жазбасындағы Тоқтамыс руынан аттары аталатын Талпақов Нұрбай мен Сартов Байбатша - өмірде нақты болған кісілер. Олардың есімдері біздің заманымыздағы шежірелік деректерге түскен. Қостанай мешітінің имамы, марқұм Ертай қажы Балахметтің ел арасынан жинаған «Үш Алаш» атты шежірелік кітабында Нұрбайдың әкесі Талпақ деген кісі Тоқтамыстың тоғыз баласының үлкені Әзірбайдан туады. Әзірбай мен оның бауыры Сандыбайда да тоғыз бала болған екен. Сондықтан «Жәнібектің қара шаңырағы» деп танылатын Тоқтамыс руы туралы ел арасында:

Тоқтамыстан- тоғызбыз,

Әзірбайдан –тоғызбыз,

Сандыбайдан – тоғызбыз,

Әзір Құдай өзіміз, - деген сөз қалған деседі.

Басығара датқаны асында бәйге жүлдесін даулап жүрген Байбатшаның әкесі Сарт – Сандыбайдың туған тоғыздың бірі. Ал Сарттан туған Байбатшаны шежіре дерегі «Басша» деп атайды. Басшадан - Мұқан, Мұқаннан - Кәкім туады, - дейді шежірешілер.

Байқап отырғанымыздай, егер Ә.Балғымбаевтан бұл жазба қалмағанда, осы айтылғандардың бірі де көтерілмеген болар еді,

ТҮЙІН СӨЗ

Түйіндей келгенде, Жаппас Басығара датқаның асы туралы Ә.Балғымбаевтың естелігі – тарихи тұрғыдан да, этнографиялық таным, өлкетанушылық мәліметтер тұрғысынан да маңызы зор жазба. Мұндай қолжазбаларды ғылыми айналымға енгізу ел арасында жаңылыстан туатын кейбір фейклорлық (фейк – жаңылыс, негізсіз) әңгімелердің еріксіз өрбуіне тосқауыл болары анық. Ауызекі сөз өзін «еркін сезінетін» қалың бұқара арасында фейклордың пайда болуы заңды. Ал оны нағыз фольклордан ажырата білу – ғылым деңгейін білдіретін құбылыс. Шетел ғылымында аталмыш мәселені зерттейдің ғылыми теориялық және методологиялық негіздемелер қалыптасқан. Кеңес дәуіріндегі ғылыми зерттеулерде бұл мәселеге көңіл бөлінетін. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі эйфориялық көңіл-күй басымдылық алған кезде аталмыш мәселе назардан тыс қалды немесе көлегейленді. Фейклор мен нағыз фольклорды (рухани қазынаны) ғылыми тұрғыда дұрыс ажыратуға аса үлкен ықылас болмағандықтан, жоқ жерден «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» батыр, табан астынан «Лұқпандай данышпан, Наушаруандай әділетті би-шешендер» пайда болып, оларға ел-жұрттың «асары мен жылуы» немесе соған ұрпақ тұрғысынан қатысы бар қалталы кісілердің демеуі арқылы жаппай ескерткіш ашу үрдісі де орын алғаны ешкімге жасырын емес. Бұрын да айтқанбыз, қазіргі таңда қолға алынып жатқан жаңа, әділетті Қазақстанға жалған дақпырт пен дәріптеу қажет емес деп тағы да қайталаймыз.

Сөз соңында айтарымыз, Үмбетей Қарпық ақынның Сібірге айдалған Ақтас пен Байтұрсындар елге оралған кезде шығарған көлемді тарихи толғауының 1903 жылы жазбаға түсіп сақталып, оның біздің заманымызға жетуіне бірі Торғайда, енді бірі Орынборда қызмет жасаған ағайынды Балғымбаевтардың қатысы бар. Бұл енді жөні бір бөлек әңгіме.

Алмасбек Әбсадық,

Қостанай

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511