Сенбі, 20 Сәуір 2024
Айтқыш екен 3110 11 пікір 9 Маусым, 2022 сағат 17:24

Сенат: «Біз Назарбаевпен кеңеспейміз»

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кеңеспейтінін айтты.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде саясатқа араласпайды. Өздеріңіз көріп жүрген шығарсыздар. Әрине, референдум, сайлау сияқты ауқымды шараларға ол елдің азаматы ретінде қатыса алады. Барлық мәселелер заңда көрсетілгендей шешіледі. Конституцияға сәйкес Үкіметтің, Сенаттың, Мәжілістің құқықтары бар. Мұның бәрін біз заңнама аясында жүзеге асырамыз. Нұрсұлтан Әбішұлы референдумда дауыс берді, бұл әр азаматтың құқығы. Бірақ саясаткер ретінде әрі тұңғыш Президент ретінде Қазақстанның саясатына араласпайды», - деді Мәулен Әшімбаев.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қаңтар оқиғасынан» екі апта өткенде елге жолдаған үндеуінде 2019 жылы президенттікті Тоқаевқа тапсырғанын, содан бері зейнеткер екенін жеткізген болатын. Бірақ экс-президенттің лауазымдары «Қаңтар оқиғасынан» кейін ғана алына бастады.

Ол биылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы қызметін Тоқаевқа тапсырды.  Ақпан айында «Тұңғыш президент – Елбасы» туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізіліп,  Елбасының Қауіпсіздік кеңесіне және Қазақстан халқы ассамблеясына өмір бойы төрағалық ету құзіреті тоқтатылды.

Кейін Парламент «елдің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамалары Елбасымен келісілуге тиіс» деген норманы алып тастады. Сәуір айында Конституциядан «Елбасы» сөзі алынып тасталды.

Ал, 5 маусымда өткен референдум бойынша Конституцияның 42-бабындағы Назарбаевқа қатарынан екі рет президент болып сайлануға мүмкіндік беретін бап жойылды, 46-бабындағы бірінші президенттің мәртебесі Конституция және конституциялық заңдар арқылы анықталады деген сөздер мен  91-баптағы  бірінші президент жайында - тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы және оның тәуелсіз мәртебесі жөніндегі сөздер алынып тасталды.

Сондай-ақ референдумда дауыс беру нәтижесінде Назарбаевтың мәртебесі және оның туыстары заңмен қорғалатын «Бірінші президент — Елбасы туралы» заң күшін жойды. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға берген пікірінде әділет вице-министрі Алма Мұқанова айтты.

Оның сөзінше Назарбаевтың туыстарын жауапқа тартуға болады, алайда бұрынғы президенттің өзін жауапқа тарту мүмкін емес. «Себебі, «Президент туралы» заңда бұрынғы мемлекет басшыларын президент болып тұрғандағы қызметтері үшін жауапқа тартуға болмайды деген бап бар»,- деді вице-министр.

Abai.kz

11 пікір