Жұма, 26 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 3794 0 пікір 8 Маусым, 2022 сағат 14:00

Уаң И Қазақстанға неге келді?

Қытайдың Сыртқы Істер министрі Уаң И Қазақстанға келіп, бірнеше кездесулерге қатысты. Әлемде геосаяси қақтығыстар күшейген сәтте, Қытай министрінің келуі кездейсоқ емес екені анық. Қазақстан Қытай үшін басты транзит жолының бірі саналады. 

Қазақстандағы референдумнан кейін келген министр ең алдымен елдегі саяси реформаларды Бейжіңнің қолдайтынын мәлімдеді. Алайда бұл реформаларға қатысты нақты ашып айтпады, ол жағы түсінікті де. Себебі соңғы референдумда президенттің өкілеттігін біршама азайту фактілері бар, ал Қытайда керісінше соңғы уақытта төраға Сидің өкілеттігін ұзарту мен кеңейту мәселесі талқыланып келеді. Сондықтан референдум жайлы кеңінен айту, Қытайдың ішкі аудиториясына түсініксіз болар еді.

Қытай министрі мен ел президенті Тоқаев өзара келіссөздер жүргізіп, екі ел арасындағы қатынасты дамытуды уағдаласты. Пандемиялық шектеулерге байланысты енгізілген шекарадағы тыйымдар алынып тасталмақ, ал маусымның басынан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасы толыққанды жанданды.

Уаң И екі ел арасындағы қатынасты дамытуға байланысты төрт түрлі принцип ұсынды. Біріншіден, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті арттыру шараларын жасауға тиіспіз дейді. Барлық сала бойынша ақпарат пен тәжірибе алмасуды арттырып, өзара ықпалдасу және бірлесе даму жолдарын қарастыруға тиіспіз дегенді айтты.

Екіншіден, екі елге де тиімді әріптестік қағидаттарын ұстану. Екі ел де жаңа қатынастарға дайын және әріптестікті дамытуға әзір. Соның ішінде Каспий теңізін сауда дәлізі ретінде қолдану жа маңызды болып отыр. Қазақстан барлық шекараларды ашқанын мәлімдеді, ал Қытай тарапы екі ел арасындағы тұрақты әуе рейсі аптасына екі мәрте іске асатынын жариялады.

Үшіншіден, ұрпақтан ұрпаққа елдер арасындағы достықты насихаттауды ұсынды. Сиань мен Ақтөбе қалаларында консулдықтар ашылмақ, мәдени ошақтар салынбақ. Қазақстанда дәстүрлі Қытай медицинасының орталығын салу мен медицина саласындағы колледж ашуды айтты. Денсаулық сақтау саласында Қытай өз жетістіктері мен тәжірибелерін ұсынуда және пандемияны бірлесе жеңіп келе жатырмыз дегенді жеткізді.

Төртіншіден, халықаралық аренада әділеттілік болуға тиіс дейді. БҰҰ принциптерін сақтап, әлемдік аренада бір елді оқшаулауды тоқтату және халықаралық келісімдерді сақтауға шақырды. Қазақстанды БРИКС+ аясындағы шараларға кеңінен қатысуға үгіттеді.

"Қанды қаңтар" оқиғасында Қытай тарапы Қазақстан билігінің қауіпсіздікке қатысты қабылдаған шараларын қолдайтынын жеткізген еді. Қытай осы арқылы Қазақстандағы тұрақтылықтың Бейжің үшін маңызды екенін аңғартты. 

Сарапшылар Қытай билігі Орталық Азиядағы ықпалын жыл өткен сайын арттыра беретінін айтады. Бұл АҚШ пен Ресейге қарсы жауабы және бәсекелестіктегі Қытай үшін маңызды аймақтың бірі саналады. Осылайша Уаң И Қазақстанға сапарында Орталық Азиядағы ең ірі елдегі Қытай позициясын күшейтетін шараларды атады.

Abai.kz

0 пікір