Дүйсенбі, 27 Маусым 2022
Білгенге маржан 1757 0 пікір 7 Маусым, 2022 сағат 12:22

Гонконг: Билеу құқығы - иелік құқықтың нақты көрінісі

Басы: Дэн Сияопиннің ұлттық бірлік стратегиясы

Жалғасы: Қытай - бір партия билеген диктаторлық мемлекет

Жалғасы: Гонконгты қайтару және Маргарет Тэтчер

Дэн Сияопиннің Гонконг мәселесін шешудегі екі түрлі табан тіреу тиянағы:

1. Иелік құқықты қайтару;

2. Гонконгтың көркейіп-гүлденуін одан әрі сақтау және дамыту;

Билеу құқығы - иелік құқықтың нақты көрінісі. Иелік құқықты қайтарып алғаннан кейін, ол аймақтың билігі кімнің қолында қалады? Англиялықтардың қолында ма, әлде, тағы бір шет елдіктің қолында ма?

Бұл мәселе Қытайдың иелік құқық принципімен мүлде қабыспайтын. Егер Қытайдың орталық үкіметі өз мансаптыларын жіберіп, ол жерді билегісі келсе, ол Гонконгтың гүлденіп-көркеюі мен орнықтылығына пайдалы болмайды. оның бірден-бір шығар жолы Гонконгтықтар өзін-өзі басқаруы тиіс. Мұнда ең алдымен Англиялықтардың Гонконгты перде артынан басқаруын болдырмау керек. Бұл жерде Гонконгтықтар деген ұғымды да айқындап алуға тиіс. Олар Гонконгта тұрып жатқан Қытайлықтар деген сөз. Мүмкін оның ішінде бірнеше ұрпақ бойы тұрып келе жатқан ағылшындар мен басқа да шет елдіктер бар шығар. Бірақ олар өз қанын өзгерте алмайтындықтары шындық. Бірақ, азаматтығын өзгерте алады. Мысалға, Англия азаматтары немесе басқа елдің азаматтары Гонконгта тұрақты тұрып, өзін Қытай азаматы ретінде сезінсе, олар да Гонконгты басқару ісіне қатыстырады. Ал олардың Гонконг тұрғындарының ішіндегі салыстырмасы маңызды емес. Ең маңыздысы олардың билікке қандай деңгейде араласуына байланысты болады. Англия тарабы егер ағылшындар немесе Англия үкіметінің мансаптылары Гонконгта тұрақты тұру куәлігін алса, Гонконгтың мемлекеттік қызметіне немесе ең жоғарғы басқарушы лауазымына сайлануына құқық берілсін деп талап қойылды. Бұл жерде бір мәселенің басы ашық. 1997 жылдан бұрын Англиялықтар Гонконгтың жеке бас куәлігін оп-оңай алатын. Қытай тарабы бұл жөнінде белгілі шектеулер қойған болатын. Мысалға олар билік орындарына кеңесші немесе үкіметтің белгілі бір тарауларында ең жоғары болғанда департаменттің орынбасары дәрежесінде қызмет атқара алады деп. Кеңесші - ол ресми билік жүргізуші емес. Онда тек кеңес беру құқығы болады да, шешім жасау құқығы болмайды. Ал департамент - билік құрылымындағы министрліктерге қарайтын билік тармағы ғана. Гонконг ерекше әкімшілік аймағы - орталық үкіметке бағынатын Қытайдың бір министрлігі деңгейіндегі әкімшілік құрылым. Ал департамент - екінші дәрежелі басқару құрылымы. Ағылшындар қаласа, осындай департаменттің орынбасары деңгейіндегі мансаптарды ғана иелене алады. Егер шет елдіктерге Гонконгтың ең жоғары билеушісіне дейін сайлануға мүмкіндік берілсе, онда олар аймақты өзі билеп-төстеп, Қытайдың орталық үкіметіне бағынуды доғарады деген сөз. Егер осылай болса, Гонконгтықтардың өзін-өзі билеуі емес, сол баяғы ағылшындардың билеуі жалғаса береді. Сол себепті Қытай тарабы шет елдіктер сайламалы билік құрылымдарында лауазымды қызмет алғысы келсе, өз тарихи Отанының азаматтығынан безіп, Қытай азаматтығын қабылдауы шарт деген талап қойды. Ал Қытай үкіметі ерекше әкімшілік аймақтың әкімшілік құрылымдарына кеңесшілер немесе уақытша жалдамалы қызметкерлер алғысы келсе, ол мүлде басқа әңгіме. Бұл жерде Қытай үкіметі мына бір маңызды факторды да ескермей қалған жоқ. Ұзақ уақыт ағылшындардың қол астында бағынышты болып үйренген халық  кенеттен өзіне билік берілген кезде не істерін білмей, байырғы қожаларына жалтақтап қалуы да табиғи құбылыс.  Мысалға біздің Кеңес Одағынан қалған ескі мансапты шал-шауқандарымыз күні бүгінге дейін Мәскеуге жалтақтайтыны сияқты құбылыс. Бұл туралы Дэн Сияопин: «Мен Гонконгтағы қытайлардың осы аймақты табысты басқарып кететіндігіне кәміл сенемін» - деп оларға қайрат-жігер беріп отыратын. Ол: «Егер бір нәрсеге жетісе алмай жатсаңдар, орталық үкімет көмек көрсетуге дайын. Бірақ ендігәрі шет елдіктердің билеп-төстеуіне жол беруге болмайды» - деген болатын.

Гонконгтықтардың өзін-өзі басқаруы үшін Бейжіңнің басқаруына да жол  беруге болмайтын. Себебі, Гонконг халқы қалай дегенмен ғасырдан астам уақыт дамыған капиталистік елдің басқаруында болып, өркениетті өмір кешті. Ол арада заң мен демократия салтанат құрған жеке адамның бостандығы да пәлендей шектеуге ұшырамайтын. Ал оларды қылышынан қан тамған қып-қызыл коммунистердің басқаруы ақылға қонбайды. Оны Гонконг халқы да қабылдай қоймайды. Дэн Сияопин кәнігі саясаткер ретінде бұл жағдайды айқын сезіп-білетін. Сол себепті ол аталған жағдайға байланысты өз майданын ашық мәлімдеп былай деді: «Бейжің Гонконг аймағына өз қарулы күштерін орналастырудан тыс Гонконг ерекше әкімшілік аймағы үкіметіне ешқандай басқарушы кадрлар жібермейді......... Әскери қосындарды жіберу мемлекеттік қауіпсіздікті қорғау үшін керек. Біз сол арқылы Гонконгтың ішкі басқару ісіне араласайық  деп жатқан жоқпыз».

ҚКП билігі өз халқына бақыт-байлық сыйламаса да, оларды билеп-төстеудің не бір құйтырқы тәсілдерін жақсы меңгерген болатын. Әрине, бұл жердегі кадр мәселесі  -шешуші фактор.  Демократиялық елдерде мемлекеттік қызметкерлері халық өзі төлеген салық есебінен жалдап алынған қызметкерлер саналады. Олардың халыққа қызмет көрсетуі салық төлеушілердің есебінен жалақы алған жалдамалы қызметкерлердің өз борышын адал атқаруы үшін керек. Олар ешқашан халықтың көз жасы немесе абсолютті билеушісі емес. Ал коммунистер билікке келген күннен бастап өзін халықтың қожасы санайды. Сол себепті ондай басқарушы кадрларды Гонконгқа жіберу тек сол өңірдің басқару құрылымын былықтырудан басқа еш нәрсе әкелмейді. Керісінше, коммунистік басқару жүйесінің беделін жер етуі мүмкін. Сол себептен, алыстан сыйласқанға жетпейді. Қытайға керегі Гонконгтың көркейіп-гүлденуі мен оның таңғажайып табыстарды өмірге әкелген еркін сауда порты мәртебесі болатын. Дэн Сияопинді қызықтырғаны да оның иелік құқықты қайтарып, моральдық тұрғыдан саяси табысты жүріс жасаумен бірге Гонконгтың халықаралық бәсекеде одан бетер табысқа жетуі және  оның әлемдегі №3 қаржы орталығы мәртебесін сақтап қалуы аса маңызды болатын. Ол ұлы құрлықтың сыртқа есік ашу мен осы замандандыру құрылысына айрықша пайдалы еді. Оның орталық үкіметтің қатаң бақылауынан өзгеше өз-өзін басқарып, өз билігін еркін жүргізуі, ерекше автономиялық құқық мәртебесі Дэн Сияопинге сол үшін де керек болатын.

Бірақ көркейіп-гүлдену орнықтылыққа  қатер төндірмеуі шарт. Және ол орталық билігін уысынан шығып кетуіне әсте болмайды. Міне бұл орталық үкімет пен ерекше әкімшілік аймақтың өзара қатынасы мен өкілеттілігін айқын бөлу мәселесіне байланысты болатын. Сол себепті Дэн Сияопин Гонконгтың негізгі Заңын (Конституциясын) жасауда өзі тікелей араласып, бірге жасасты. Және ерекше ыждағат пен мұқияттылық танытты. Ол Гонконг аймағының негізгі заңын белгілеуде мынадай өлшемдерді айқын белгіледі:

1. Гонконг өзінің ерекше экономикалық құрылымын, қоғамдық түзімін, тұрмыс-тәсілін және тұрмыс-өресін сақтап қалу үшін меншік құқығын қоса алғанда, сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігін, көшіп-қону еркіндігін, ереуілге шығып, қыр көрсету еркіндігін, діни сенім бстандығын және жұмыс тастап ереуілдеу құқығы қатарлы қазіргі қолданылып келген құқықтары өзгермейді және ол заңмен қорғалады;

2. Бюджеті дербес болады. Ақшасын HSBC Bank таратады. Ол Қытайдың халық ақшасы жүйесінен дербес болады. Ол және халықаралық ақша айналымымен байланысын сақтап, еркін айырбасқа түседі. Қытайдағыдай шет елдік валюталарды басқару тәртібіне бағынбайды. Қаржы айналымы еркін болады. Бұрыннан қалыптасқан сауда-айырбас жүйесі өзгеріссіз қалады және қорғаныс шығындарын төлемейді деген сияқты көптеген ерекше жеңілдіктерге ие болды. Қорытып айтқанда, Гонконгтың еркін порт мәртебесін сақтауды жалғастырумен бірге оның дербес кеден аймағы мәртебесі мен халықаралық қаржы орталығы мәртебесі де өзгермейді.

3. Гонконг өз деңгейіндегі дипломатиялық құқықтарға да ие болады. Ол өз бетінше дипломатиялық қатынастар орната алады. Бірақ тек экономикалық-мәдени қарым-қатынастармен ғана шектеледі. Гонконг үкіметі халықаралық ұйымдарға, тіпті халықаралық шарттарға да қатыса алады. Тіпті, басқа елдерге өзінің сауда өкілдіктері мен экономикалық өкілеттік құрылымдарын құра алады. Бірақ, Гонконг басқа мемлекеттермен және дербес аймақтық құрылымдар мен халықаралық ұйымдарға байланысты келісімдерге қол қоятын кезде сөзсіз «Қытайдың Гонконг аймағы» деген саяси терминді пайдаланады. Гонконг ҚХР мемлекеттік туы мен гербін асудан тыс Гонконгтың ерекше экономикалық аймағына тиесілі туы мен гербін қатар қолдануға құқылы. Ол Гонконгтың дербес мәртебесін сақтай отырып, халықаралық сауда, экономикалық байланыстарды дамытуға пайдалы.

4. Қытайдың орталық биілігі Гонконгқа өз әскерін жіберуге құқылы. Бірақ Гонконгта тұратын Қытай армиясы Қытайдың ұлттық қауіпсіздігіне жауап береді. Гонконгтың ішкі ісіне араспайды. Ал Гонконгтың қоғамдық тәртібін оның жергілікті үкіметі жасақтайтын полиция құрылымдары атқарады. Жергілікті билік бұрынғы қарулы күштерді (Англия армиясын) ұстауға тыйым салынады. Шет елден қару-жарақ сатып алуға атымен болмайды. Бірақ бұрыннан бар Гонконг полициясы мен амандық қорғауға бағытталған қарулы жасақтар сол беті өз жұмысын жалғастыра береді.

Міне бұдан Гонконгтың ресми дипломатия мен мемлекеттік қорғанысын орталық үкміеттің құзыретіне беруден тыс, оның ерекше жоғары автономиялық құқықтарды пайдалана алатындығын көруге болады. Өкінішке орай, бүгінгі күнде құқықтық тұрғыдан бекітілген Дэн Сияопиннің сол уәделері бірте-бірте әдрем қалатынға ұқсайды. Әрине, Гонконгтың сол кездердегі ерекше автономиялық мәртебе алуы Дэн Сияопиннің көреген дипломатиялық саясатының жемісінен тыс, Англия үкіметінің де осы бір бостандық аралын және оның халқының құқықтары мен бостандығын қорғауға ерекше ден қойғандығынан бөле жара қарауға болмайтындығын айта кетуге тиіспіз.

Гонконгтың негізгі заңын қабылдауда ең үлкен талас тудырған мәселе ҚХР қарулы күштерінің Гонконг аймағына жіберілуіне байланысты өрбіді.  ҚКП «мылтықтан билік туады» деген қағиданы берік ұстанатын саяси топ. Мылтықтың күші, найзаның ұшымен билікке жеткен Қытай коммунистерінің оған ерекше мән беретіні екі бастан айқын болатын. Бірақ Тайваньмен бейбіт бірігу жөніндегі 9 тармақты бағытта айқын жазылған мына бір тармақ не себепті Гонконгқа қолданылмайды деген мәселе болды. Онда Тайвань ерекше әкімшілік аймағы болып құрылғаннан кейін, өз қарулы күштерін сақтап қалады деген тармақ. Бұл деген сөз ұлы құрлық Тайваньға өз қарулы күштерін жібермейді деген сөз. Онда Тайваньның қорғанысын Тайваньның  жергілікті қарулы күштері өз мойнына алады деген сөз. Дэн Сияопиннің бұл мәселедегі ой-жоспары Тайваньның ерекше жағдайын ескеріп қабылдаған шешімі болатын.  40-жылдардағы ҚКП мен Гоминдаң арасындағы  бейбіт келіссөздің тарихи сабақтары Тайвань әкімшілігінің өз қарулы күштерін таратып жіберуге ешқашан келіспейтіндігін  айқын көрсететін еді. Тайваньға әскер жіберу ашық түрде Тайваньға соғыс жариялаумен бірдей болатын. Онда бейбіт бірігудің үміті үзілді дей беріңіз.

Бұл жоба-жоспар Гонконг мәселесінде дәлелденіп, іске асырылу керек еді. Сол себепті көптеген адамдар екі ерекше әкімшілік аймаққа екі түрлі саясат не үшін керек, Тайваньға армия жібермейді екенбіз, онда Гонконгқа да жібермей-ақ қояйық дегендердің қарасы көбейді. Мұндай талап Гонконгтағы жергілікті халық тарапынан да аз айтылған жоқ. Ағылшындар Қытай армиясының Гонконгта тұруына тыс-тырнағымен қарсы болды. Бірақ бұл мәселе Қытайдың иелік құқық принциптеріне қайшы болатын. Қарапайым қағидаға салсақ, бір егеменді ел өз территориясындағы барлық адамға, затқа және үрдістерге ешкіммен бөліспейтін билеу құқығына ие және ол армиямен де қатысты. 1997 жылдан кейін Қытай Гонконгтың иелігін қайтарып алады. Ол жерге армия тұрғыза ма, тұрғызбай ма  - ол Қытайдың құқығы. Англияның араласуына ешқандай хақысы жоқ.

Дэн Сияопин иелік құқыққа байланысты осы бір қағидаларды қару ете отырып, Англиялықтардың талабын бірден тойтарып тастады. Ол: «Қытай Гонконгқа өз қарулы күштерін орналастыруға құқылы. Қытай Гонконгта тұратын өз қарулы күштерінен тыс өзінің Гонконгқа иелік құқығын әйгілейтін қандай мүмкіндігі қалды?!» - деген болатын. Сол кездегі Англияның сыртқы істер уәзірі Питер Карингтон Дэн Сияопиннің тастай логикасына тәнті болып: «Біз, әрине, Қытай армиясының Гонконгта тұрамағанын қалаймыз. Бірақ оның басқа тәсілдері жоқ па өзі?!» - деген болатын амалы таусылғандай кейіп танытып. Оның бұл сөзінен Қытайдың Гонконгқа өз қарулы күштерін жіберуі Қытайдың шаруасы. Бірақ Англия үкіметі ондайды қаламайды. Басқа бір тәсілдермен Гонконгқа иелік құқығы бар екенін әйгілесе дегеннен басқа сөзі емес еді. Оның ар жағында Қытай Гонконгтың иелік құқығын қайтарып алуға құқылы екен, онда өз қарулы күштерін орналастыруға құқылы дегенді шарасыз мойындау жатқан болатын.

Қытай мен Англия арасындағы Гонконгқа әскер тұрғызу мәселесіндегі талас-тартыста  Англияның жеңілетіндігі о бастан белгілі болатын. Англия әлмисақтан бөтен бір ел. Сол себепті 1997 жылдан кейін Қытай Гонконгты өз иелігіне қайтарып алса, оған көлденеңнен килігуге Англия үкіметінің қатысы жоқ. Бірақ ағылшындар Гонконгтағы халықтың үнін көлденең тартып, түрлі ақпарат құралдарын іске қосып, Қытай орталық үкіметінің Гонконгқа әскер жібергелі жатқандығын жалаулатып жұрт арасына үрей салды. Гонконгтықтардың санасында қытайдың азаттық армиясы қарақшыдан әрі қорқынышты болатын. Мұндай үгіт-насихат қарапайым халық арасында ерекше үрей мен толқу тудырғандығын және мұндай толқудың Қытай-Англия келіссөзінің ең шешуші сәтінде туындағандығы Дэн Сияопинді абыржытпай қалған жоқ. Оның үстіне сол кездегі Қытайдың қорғаныс министрі Гың Биаодың 1984 жылдың 21-мамырындағы сөйлеген сөзінде: «Қытай келешекте Гонконг аймағына өз қарулы күштерін орналастыру жоспары жоқ» - деген сөзі отқа май құйғандай болды. Бұл хабарды естіген Дэн Сияопин қатты ренжіп, 25 мамырда Бейжіңде Қытайдың бүкіл мемлекеттік халық құрылтайы мен саяси кеңесінің жиналысына қатысып жатқан Гонконг, Макао аймағынан келген тілшілерді арнайы  қабылдап: «Мен бір өсек-аяңның басын ашып алайын деп отырмын. Қорғаныс министрі Гың Биаодың  Қытай армиясы  Гонконгқа тұрмайды деген әңгімесі – оның жеке пікірі.  Бұл орталық үкіметтің шешімі емес, сіздер осы хабарды ел-жұртқа ашық айтыңыздар. Біздің өз қарулы күштерімізді жібермейік деген ойымыз жоқ. Біз ол араға өз қарулы күштерімізді орналастырамыз. Ол егер Қытай территориясы еккені рас болса, біздің қарулы күштеріміз не себепті ол аймақта тұрмауға тиіс?! Мен Англияның сыртқы істер уәзірі Питер Карингтонмен сөйлескен кезімде ол біздің осындай құқығымыз бар екендігін мойындаған болатын. Өз иелігіміздегі  территориямызға өз армиямызды жібере алмасақ, онда мұның несі Қытай территориясы болады?!» - деген болатын. Қабылдаудың соңына ала Дэн Сияопин өз позициясын  аздап жұмсартып, мәжіліске қатысып жатқан Гонконг пен Макаодан келген өкілдерге: «Ол жерге өз қарулы күштерімізді орналастыруымыздың тек символдық қана мәні бар. Сіздер оны Қытайдың Гонконгқа болған иелік құқығының символы деп қана қабылдаңыздар. Гонконгтықтардың өз-өзін басқаруы ең жалпылама  автономиялық құқық. Орталық үкімет ол араға әскер тұрғызудан басқа аталған аймаққа иелік етудің ешқандай символдық мәні жоқ.   Қарулы күш болғанда, оның жер қайысқан қалың қол болуы шарт емес, ары кеткенде 3 те 5 мың адамнан аспайды» - деп түсіндірді. Оның соңғы сөзі Гонконг пен Макаодан келген өкілдерінің көңілін сабасына түсіріп, Қытай қарулы күштерінің Гонконгта тұруы тек мемлекеттік иелік құқықтың символы екендігін түсінгендей болды. Сонда да болашақта Тайваньдықтар игіліктенетін автономиялық құқықтарды қарулы күштерге байланысты баптың басқаша екендігін білген Гонконгтағы көзі ашық халық бір-бірінен парықты мұндай саясатты түсіне алмай дал болды. Бұл туралы Дэн Сияопин: «Тайваньдағы армия - Қытайдың өз армиясы» - деп түсіндірді. Бірақ бұл уәж де Гонконгтықтардың күдік-күмәнін сейілте алған жоқ. Себебі  Гонконгта бұрыннан тұратын «қорғаныс армиясы» Англия тарапынан жіберілген армия емес болатын. Гонконгтың ұзақ жылдан бері өз қарулы күштері болды. Ол «Гонконг полкі» деп аталатын. Егер мемлекеттіктің иелік құқығын қорғау керек болса, сол да жетіп, артылады емес пе?! Англия өз қарулы күштерін алып кеткеннен кейін, Гонконгтағы Қытайдың қарулы күштері осы миссияны атқарса жетіп жатпай ма? Ұлы құрлықтан азаттық армия қосындарын әкелудің қандай қажеті бар дейді олар дал болып. Дәл осы араға келгенде Дэн Сияопин өзінің түпкі ойын ашық айтуға мәжбүр болды. Бұл қарулы күштер болашақта ықтимал туындайтын дүрбелеңнің алдын алу үшін қажет екен. Шындап келгенде, бұл Дэн Сияопиннің ең басты түпкілікті мақсаты болатын. Қытай коммунистері Қытай азаттық армиясынан басқа ешқандай қарулы күшке сенбейді.

Гонконг жуықтағы ондаған жылдағы тарихта 1967 жылғы бір реткі дүрбелеңнен тыс, ешқандай қоғамдық толқу орын алған жоқ болатын. Мәдениет төңкерісіндегі ұлы құрлықта орын алған он жылдық атыс-шабыс кезінде де Гонконг аймағы тып-тыныш, берекесі бүтін, халқы баяшат ғұмыр кешті. 1997 жылдан кейін қандай жағдай болуы мүмкін? Дэн Сияопинде айқын сенім жоқ болатын. Бұл туралы ол: «Біз Қытай иелігіне өткеннен кейінгі Гонконгта ешкім тұмсығын тықпайтын, ешқандай бүлдіруші күш жоқ деп сене аламыз ба өзі? Ол туралы мен өз-өзімді жұбата алмаймын. Себебі, оны дәлелдейтін негіздерім жеткіліксіз» - деп түйді өз ойын. Дэн Сияопин болашақта әйтеуір біреудің бүйректен сирақ шығарып, берекені шайқалтатындығын толық болжап, біле алды. Мұндай факторлар Бейжің тарабынан орын алмауы мүмкін. Бірақ Гонконгтың ішкі жағынан, тіпті, халықаралық күштердің ықпалынан болуы да әбден мүмкін. Дүрбелең болудың факторы өмір сүреді екен – оның алдын алу шарасы да қарастырылуға тиіс. Бұл қарапайым ғана өмірдің заңдылығы деп ойлады. Бір қызығы, Гонконг аймағындағы әлденеше жылдан бергі толассыз толқуларға сыртқы күштерден гөрі, Қытайдың орталық билігінің әпербақан саясаты себеп болды. Мұнда Қытай билігінің ұсынысымен жуық жылдарда қабылдамақшы болған ұлы құрлықтан қашып, Гонконгты паналаған күдіктілерді  өз қалауынша ұлы құрлыққа жіберіп, Қытай заңдарымен соттау жөніндегі заң қарары болды. «Бір қызымнан бір қызым сорақы» дегендей, оған  «Гонконг аймағының ұлттық қауіпсіздік туралы»  Заңын қосыңыз. Пәленің бәрі Қытайдың коммунистік билігінен шығып жатқанға ұқсайды. Әрине, оны Қытайға қарсы күштердің де пайдаланып, отқа майға құйып отырғаны да жасырын емес. Даудың басы бәрібір кісілік құқыққа келіп саяды.  Күні бүгін Қытай билігі Гонконгтағы дағдарысты реттеуге қауқарсыз болып отыр. Ендігі соңғы мүмкіндік  сол қарулы күштерге сүйену болатын шығар, кім білсін?

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

0 пікір