Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 3624 1 пікір 7 Маусым, 2022 сағат 11:56

Жалған социалистік «жұмақ» пен оған қарсы ақиқат құдіреті

Запастағы поковник, Исатай ауданының Құрметті азаматы Ғ.Сабыралиевке құрмет. 2003 жыл

Оқырман назарына беріліп отырған тарихи құжаттың авторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Х.М.Әбжанов. Ғалымның Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорынан тапқан бұл  құжаттың маңызы ерекше. Елу жылдай шаң басқан архив қорында сақталған өлке тарихына тікелей қатысты құжатты ғылыми айналымға енгізіп, орысшадан қазақша аударған ғалым ағамызға алғысымыз шексіз. Құжат «Ақиқатты айтқан азаматтың хаты» тақырыбында  (Қазақстан: тарих пен тағдыр. Мақалалар. –Алматы: «Кітап баспасы» ЖШС. 2003. – 296 б.) жарияланған.

Хат  1950 жылдың 21 наурызында Колхоздар ісі бойынша КСРО Үкіметі жанындағы кеңес төрағасы А.А.Андреевке жазылған. Хаттың авторы, жерлесіміз, қарапайым қазақ азаматы Ғабдолмәжит Сабралиев.  Соғыс зардабын көзімен көріп, басынан кешкен азамат басын қауіп-қатерге тігіп, азаматтық өмірлік ұстанымын берік ұстанып, жоғары үкімет органына жазған хатында  соғыстан кейінгі қазақ ауылының қасіретін жан-жақты ашып көрсетті. Сол уақытта хатта көрсетілгендей ауыр-зардапты басынан өткіріп жатқан қанша қазақ ауылдары бар еді. Ғ.Сабралиевтың жазған хаты негізінде колхоздар ісі бойынша КСРО Үкіметі жанындағы кеңес төралқасы мәжілісі шақырылды. Оған Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов қатынасты.Осы мәжілістің нәтижесінде КСР Министрлер Кеңесі алдына Гурьев облысы мемлекетке беретін мал шаруашылығы өнімдерін қысқарту мәселесі қойылды. Тарихшы-ғалым Хангелді Махмұдұлынша айтқанда «жалған социалистік «жұмақ» пен оған қарсы ақиқат құдіреті осылайша бетпе-бет келді». Сонымен хаттың толық мәтінін көзі қарақты оқырман назарына ұсынамыз.

Анықтама: Новобогат (қазіргі Исатай) ауданы шөлейт аймақта орналасқан. Мал жайлымының, мал азығы көзінің аз болуы ұжымшарлар мен кеңшараларға қиыншылықтар туғызды. Құм өңірінде шағын ұжымшарлар болған кезеңде жердің қадірін кетірмей, күтіп пайдаланды. Жерді қорып, шабындыққа мал мал аяғын бастырмай, қарауылдады. Ал кеңшарлар пайда болуымен бұл жағынан ұқыптылық пен шаруақорлық азайды. Сол кезеңде әсіресе, жайлымы шүйгін құм өңірін оңды-солды пайдалануға жол берілді.

Аудан азаматтары өңірдің қиындықтары мен  бұрмалаушылықтар жөнінде жоғары органдар алдына мәселе қоюда, биік мінберлерде елдің мұң-мұқаждарын айтуда ештеңеден қаймығып көрмеді. Оның жарқын мысалы ауданның түлегі, офицер Ғ.Сабыралиевтың хатынан кейін арнайы комиссия шығарылып, көтерілген мәселенің мән-жайы тексерілді. Шаруашылықты тиімді жүргізу, жоспарлауды жетілдіру, адамдарға қамқорлық жасау бағытында үлкн шаралар алынды. Елдің еңсесі қайта көтерілді.

Аққали Ахмет,

тарих ғылымдарының докторы, профессор


                                  Қымбатты Андрей Андреевич!

Аса маңызды мемлекеттік істермен айналысып отырған Сізді осынау хатыммен мазаламастан бұрын өзім жайлы қысқаша айта кетсем деп едім.

Мен, Сабралиев Ғабдолмәжит, Қазақ КСР-інің Гурьев облысы Новобогат ауданының түлегімін, туған жылым – 1926, ВКП /б/ мүшесімін, шыққан тегім – малшы шаруадан, ұлтым – қазақ, 1944 жылдан Кеңес әскері қатарындамын, бүгінде Житомир облысы Новгород-Волынский қаласындағы 11019 әскери бөлімшеде офицерлік қызмет атқарып жүрмін.

Гурьев облысындағы Новобогат ауданының колхоздары табиғи жағдайға байланысты тек мал шаруашылығымен айналысады. Жер ыңғайы қысы-жазы автокөлік және тіпті арба өткізбейтін жал-жал құмдар әрі тұтасқан төмпешіктер болғандықтан тек атпен жүруге мүмкіндік бар. Жазда мал жайлауда бағылады, қысқы шөп осы жайлауда қол шалғымен шабылады, өйткені жер ыңғайы ойлы-шұңқырлы әрі құмдауыт болғандықтан шөп дайындаудың механикалық әдістерін қолдану мүмкін емес.

Дайындалған шөп қыстауға теңмен жеткізіледі, бұл – тасымалдаудың ең мүмкін тәсілі. Сондықтан жұмыс малы – түйелер қажет, ал олар көптеген колхозда жоққа тән.

Аудан орталығына тек арбамен, атпен қатынасады, мұндағы жақын колхоз 50, алысы 200 шақырымға орналасқан. Колхоздарда орта есеппен 60-70 үйден бар. Колхозшылар ұзын-ырғасы 10-15 мыңға жететін малды жыл-он екі ай бағумен күн кешеді. Осының өзі соңғы жылдары қиынға соғып тұр. Мұның сыртында малшылар мен сауыншылардың жазда шөп шабылуға жегілетіні тағы бар. Өздері ештеңе екпейтін колхозшыларды нанмен және басқа да азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету мейлінше жартымсыз. Мынадай мысал келтіре кету қызғылықты болар: кейбір колхозшылардың балалары «нан» деген ұғымның не екенін білмейді. Колхозшылардың ішіп-жейтіні жаздың күні, оның өзінде мал болса – сүт, ал ол аз немесе мүлде жоқ болғандықтан қыста қорек қылатындары, егер колхозшыда бола қалса – ет, жоқтары колхоздың жарамсыз деп танылған малының етін жейді, қысқасы, ашқұрсақ ғұмыр кешеді.

Аяқ киіммен және киіммен қамтамасыз ету де мүлде нашар, өйткені колхозшылар еңбеккүнге ақша алмайды, бәрі жыл бойы алған азық-түлігінің есебінен колхозға кетеді. Ал май, жүн, тері тәрізді мал өнімдері еңбеккүнге беру тұрмақ мемлекетке өткізуге жетпей қалады. Соңғы 2-3 жыл аясында аудан колхоздары мал шаруашылығын дамытудың мемлекеттік жоспарын зорға орындауда, осыдан келіп колхозшылардың еңбекақысы жоққа тән.

1947-48 жылдары Новобогат ауданы колхоздарындағы осынау ахуал мал басының өсуімен, жайылымдардың тозуымен күрт асқынып кетті. Қыста ғана емес, жаз жайлауда да қарны тоя шөп жемейтіндіктен малдың қоңдылығы төмендеп, өнімділігі бұрынғыдан азайды. Табиғи жайылымдар мал басы санының көптігіне лайықты болмағандықтан әрі соңғы жылдары қардың аз түсуінен жайылым сапасы тіпті құлдырады, ал жасанды жайылым атымен жоқ.

Жайылымдар жақсы және мал басы аз 1944 жылдан 1947 жылға дейін Новобогат ауданы Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің ауыспалы Қызыл туын ұстап тұрған еді.

Сол жылдарғы мемлекеттік міндеттемелер тұсында колхозшылар еңбеккүнге ақша, азық-түлік алатын және мал бағуға бүгінгіден гөрі жақсы даярлығы болатын. Мал басының өсуі, жайылымдардың тозуы мал шаруашылығын одан әрі дамыту мүмкіншілігін тарылтты, мал шығыны ұлғайды, тиісті өнім алынбай, мал басын көбейтудің мемлекеттік жоспары орындалмайтын болды және колхозшылардың тұрмыс-жағдайы ауырлады.

Республика ауыл шаруашылығы министрлігінің және жергілікті          (облыстық, аудандық) партия және Кеңес органдарының көптеген басшылары осынау құлдыраудың себептерін тек нашар басшылықтан, еңбекті ұйымдастырудағы кемістіктен, колхозшыларды жеткілікті жұмылдырмаудан, бұрынғы табыстарға тоқмейілсуден іздеуде. Алайда, менің байқауымша, басты себеп мұнда емес, нақтырақ келсек, олар жайылым сапасының мал басын көбейтудің мемлекеттік жоспарын орындау үшін аудан басқа аудандардан мал сатып алатынын 1949 жылы өзім байқадым, осынау жұмсалған ақшаны аз да болса, колхозшыларға еңбеккүнге бөліп беруге болады ғой. Бірақ ҚазССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей нұсқауымен осындай бассыздыққа жол берілген. Мәселен, Новобогат ауданы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданынан көптеген бұзау  және лақ сатып алды. Теңіз ауданына қарасты колхоз өкілдері Новобогат ауданы тұрғындарынан жылқы сатып алды, т.б.

Жоғары органдардың жұмыс стилін айтпай-ақ қояйық, ал аудандық және облыстық буындағы партия және совет басшылары тек мәлімет жинаумен шектеледі, жағдайды бағалауда және шешім қабылдауда жалаң цифрлар мен жалпылама мәліметтерді қанағат тұтады, жер-жерлерге бармайды, бара қалса да сирек, оның өзінде жағдаймен атүсті танысады, анығына көз жүгіртпейді. Егер жергілікті жерлердегі жағдайдың шынайы жай-күйін біле қалса, дер кезінде қорытынды шығармайды, әрі бүкпесіз баяндамайды, өздері өңдеп алар деген есепке салады, кейбіреулері қызметімнен айырылып қалам деп қорықса, енді біреулері басшылық жасауда жіберген қателігін осылайша жасырғансиды. Мысалы: қысқы мал шөбін қолда бар жайылымдардан даярлау мүмкін еместігі 1949 жылдың жазында-ақ белгілі болды, бірақ қолайлы қысқа үміттенсе керек, ешқандай шара қолданбады, нәтижесінде 1949-50 жылдың қысында жаппай мал шығыны орын алды. Мемлекетке мол шығынға түскен әрекет – аш малды құтқару үшін Батыс Қазақстан облысы аудандарынан темір жолмен шөп тасу айтарлықтай нәтиже бермеді. Қоңдылығы төмен болғандықтан малдың көбінің қысыр қалғаны 1949 жылдың күзінде көзге түсті. Мұны жергілікті және республикалық партия, Совет басшыларының іске партиялық келуі деуге бола ма? Олар малға жем-шөптің жеткіліксіздігін, яғни қоңдылығының, тиесілі өнімділігінің, төлінің болмайтындығын, ауруға шалдығу және шығынға ұшырау мүмкіндігі өскенін дұрыс бағаламады немесе бағалағысы келмеді. Қыста мал бағуға қажетті тұрмыстық жағдай колхозшыларға жасалмаған, яғни малды дұрыс бақпау – ықтималдығы жоғары деген сөз.

Гурьев облысы колхоздарында, оның ішінде Новобогат ауданында шығынның алдын алу үшін осының бәрін одақтас республика, тіпті Одақ көлемінде өлшеп-пішу, бағалау және уақытылы шара қолдану керек еді. Бұған аудан мен облыс басшылары тырыспады, ауыл шаруашылығының, республиканың және одақтың басшылары мұнымен айналыспайды. Олар нақты жағдайға баға берместен, көңіл қойса, бәрін де тыңдыруға болады деген пиғылда, төмендегілерге жоғарыдан қысым жасау тәсілімен жұмыс жүргізді, ал бағынышты буын басшылары фактілерді дәлелдеуге батпады, осының бәрі 1949-50 жылдың қысында ауданда жаппай мал шығынына және адам өліміне әкелді.

Өткен қыстан кейін, яғни мал басының азаюымен, қардың қалың түсуімен қалған малды бір-екі жыл ішінде қатарға қосу мүмкін шығар, бірақ колхоздарды нығайту, 3 жылдық жоспарды орындау (аудан бұл жоспарды орындай алмайтыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр), мал басын үздіксіз өсіру мен өнімділігін арттыру, колхозшылардың тұрмыс жағдайын жақсарту, ауыл шаруашылығын, елді дамыту жоспары, халықаралық жағдай талап етіп отырған дәрежедей нәтижелі бола қоймас.

Егер аталған территорияға осыншама мал басы шығындана беретін болса, колхоздарды нығайту, колхозшылардың тұрмыс жағдайын көтеру жайлы қамқорлық бұрынғыша сақталса, шаруа жайы бір сүйем алға баспайтынына, жаппай мал шығыны ауық-ауық қайталана беретініне, ал мал баққан колхозшылардың тұрмысы төмендеген үстіне төмендей түсетініне, бұл аздайын, аудан колхоздары мал санын өсіру, өнімділігін арттыру бойынша алда тұрған міндеттерді уақытылы атқара алмайтынына мен сенімдімін.

Қысы – жазы мал соңында салпақтау, қашықтық, автокөліктің жоқтығы колхозшылардың мәдени-бұқаралық шараларға бармақ түгілі, айталық олардың көпшілігінің лекция тыңдауға, артистердің өнерін тамашалауға (ең болмағанда оқушылардың көркем өнерін), кино көруге, т.б., жалпы жиналысқа баруына мүмкіндік бермейді. Жалпы, мәдени-тәрбиелік ойын-сауықтар болмайды және ұйымдастыруға мүмкідік те жоқ. Мен айтар едім, мұндай өмір салты, қоршаған орта адамдардың санасына қатты әсер етеді, қорытындысы – бұл адамдармен тек көзге көрінетін фактілерге сүйене ғана әңгімелесіп сендіруге және дәлелдеуге болады. Өсіп келе жатқан ұрпаққа, жастарға, балаларға, оқушыларға осынау орта әсер етпей тұрмайды, жоғарыда айтылған себептермен мұнда оқудың сапасы, оқушылардың сабаққа баруы – ерекше үлкен мәселе.

Ұсынамын:

1. Аудан территориясында ұрғашы малды ғана қалдырып, қалғандары бірден немесе жыл сайын облыстың басқа аудандарына, республикаға, тіпті Одаққа берілсін, немесе ауданның Каспий жағалауы бойы суландыру және құрғату жолымен жасанды жайылымға айналдырылсын.

2. Жергілікті жердің ерекшеліктерін ескере отырып, су шығару, мал бағу әдістері, шөп даярлау, тасу, т.б. және әр колхозшының қанша мал баға алатыны ғылыми есеппен дәл анықталсын. Аталған колхоз, аудан территориясында қанша бас мал және қандай түлік түрлерін ұстауға болатынын білген жөн.

3. Колхозшылардың тұрмыс жағдайын күрт көтеру үшін аудан колхоздары мал шаруашылығы өнімдерін мемлекетке өткізу міндетінен екі жылға босатылсын.

Сауда жүйесіне, дайындауға, кең тұтынымдағы өнімдерді, әсіресе азық-түлікті: шәй, қант, нан, киім, аяқ киім, үйге қажет жарақтарды әкелуге айрықша назар аударылсын.

4. Алыс колхоздарға жол салу мен телефон байланысын орнату ұйымдастырылсын.

5. Жергілікті жердегі жағдайға сәйкестендіріліп, мәдени-бұқаралық және тәрбие шаралары ұйымдастырылсын және олардың жүйелілігі белгіленсін.

Сізге мынадай пікірімді білдіруді қажет санаймын. Новобогат ауданында жаппай мал шығыны мен кісі өлімінің болу себебі қыстың ауырлығынан ғана емес, аудан мен облыстың және одан да, жоғары басшылардың біле тұра осы мәселені шешпегендігінен, жергілікті жерлердегі ахуалға дұрыс баға бермей, қатал қыста ықтимал шығынның алдын алатын шаралардың қарастырмағандығынан. Бұл істі колхоз басшылары мен колхозшылар орындай алмайды, олар өз функцияларына атүсті қараған емес.

Осы хатты жібергендегі мақсатым: жоғарыда айтқандарды жыл сайын еңбек демалысымда аудан колхоздарына барумен, колхозшылармен, аудандық аппарат қызметкерлерімен ауызекі әңгімеден білгендіктен колхозды басқаруда орын алған қателіктерді Сіз арқылы түзету, осылайша Новобогат ауданына қарасты колхоздардағы мал шаруашылығы халқымыздың, мемлекетіміздің игілігі үшін өркендесе әрі шынымен нығайса деймін.

Коммунист ретінде және аудан түлегі болғандықтан Новобогат ауданы колхоздарының тағдырына қатты алаңмын және тікелей өз басшылығыңызбен жергілікті жердегі жағдайды тексертуді, қажетті шаралар қабылдауды Сізден өтінемін.

Әрине, ауызша айтсам, бұдан да толығырақ жеткізер едім, бірақ оған жағдай болмағандықтан қажет дегеннің бәрін терең талдамастан, статистикалық мәліметтермен дәйектемей-ақ, оған менің күшім де жетпейді-қағазға түсірдім. Облыстық немесе республикалық жергілікті қызметкерлерге жүктей салмай, орталық басшы органның өкілін жіберуді Сізден өтінуді өзімнің борышым санаймын. Әрине, сіздің жіберген өкіліңізбен бірге жүріп, жергілікті басшылар жасырып қалатын немесе басқа тұсқа алдап жібере салатын нәрселердің бәрін ашуға қолғабысымды берер едім, бірақ бұған мүмкіндігім жоқ.

Өтініш-хабарламамды қайтарып тастамауыңызды Сізден өтінемін, бұл – менің таза жүректен шыққан патриоттық, партиялық сөзім. Хатымды алысымен өзіңіздің пікіріңіз бен ниетіңізді және нәтижесін хабарлаңыз.

Большевиктік сәлеммен,

Гвардия лейтенанты Сабралиев.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565