Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ақмылтық 3861 9 пікір 31 Мамыр, 2022 сағат 16:19

7 млн құрбандық «геноцид» емей немене?

Бүгін 31-мамырда Талғар ауданының Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешенде қызыл террор құрбандарын еске алу шаралары өткізілді. Бұл азалы дата 1997 жылдан бері аталып өтіліп келеді. Құрбандарға арналған ескерткіш жанында арнайы музей де салынды. Бүгін мұнде жергілікті кәсіпкер жігіттердің бастамасымен салынған «Алаш арыстары» деп аталатын мешіттің ашылу салтанаты өтті.

Осыдан тура төрт жыл бұрын 2018 жылы маусым айында осы Жаңалық ауылындағы Рахимов көшесі, 1-ші үйде құбыр арнасы қазылып жатқан кезде көптеген адамның сүйегі табылып бүкіл ауыл дүрліккен. Талғар ІІБ қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, сүйектерді Сот-сараптама институтына тапсырып, зерттегенде шамамен 3х3 метр болатын 9 шаршыметрлік қазаншұңқырдан 163 адамның сүйегі табылған. Сараптама нәтижесіне қарағанда бәрі – атылған. Олардың жартысынан көбі өз қандастарымыз, бесеуі әйел екені анықталды. Соншама арысты түгел қырып салатындай олардың не айыбы бар еді?

Өкініштісі сол ардақтыларымыздың сүйегі ұзақ тексерулерден соң араға үш жыл салынып, тек былтыр ғана ашық, жария түрде емес, жасырын дерлік жағдайда қайта жерленгені болды. Кеңес одағының көлеңкесінен қорқу синдромы әлі байқалады.

Ал Боралдайдағы Қандысайда ұлт азаттығы үшін күрескен 19 мемлекет қайраткерінің қатарында Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Жанайдар Сәдуақасов, Хасен Қошанбаев сынды тұлғалардың сүйегі жатыр. Оларға Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді, ұлтшыл болды, жапон, неміс тыңшысы деген айыптар тағылған. Сол жалған айыптар бойынша бәрі атылған.

Кезінде 1995 жылдары Жаңалықтағы бұл жер дача салу мақсатында алматылықтарға бөліп берілген екен. Қазған жердің бәрінен адамның бас сүйектері шыға берген. Кейін анықталғанындай бұл жерде төрт мыңнан астам адам көміліпті. Бірқатары НКВД түрмесінде атылып, сүйектері түн ішінде арбалап тасылып осында төгілген. Зерттеушілердің анықтағанындай мұнда жалпы 128 елдің (!!!) өкілі атылған. Бірақ ең үлкен шығын қазақ халқынан болған.

Бұдан екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары қолға алынғанына қуанған едік. Сол бағыттағы жұмыстарға енді айтарлықтай серпін қажет болып тұр. Осы жұмыстарға мұрындық болып жүрген «Әділет» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бейбіт Қойшыбаевқа, «Арыс» қорының басшысы Ғарифолла Әнеске жанкешті жұмыстары үшін алғыс айтқан жөн деп ойлаймын. Осы арнада қолға алынған «Жетісудың шерлі тарихы» жалғасын табуға тиіс. Осы генодцидке қатысты жоспарланған он томдықтың шықпай қалған томдары жарық көрсе дұрыс болар еді. «Арыс» қоры соңғы жиырма жылдың ішінде түрлі атаулармен 2 мыңнан астам кітап шығарса соның мыңы геноцид тақырыбына арналған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. Ұрпақ үшін маңызды шаруалар Мемлекеттік хатшының, Алматы облысы әкімшілігінің тікелей бақылауында болса дейміз.

ХХ ғасырда Қазақ халқының басындағы үш ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін жылдарында бұрын 3,5 – 4 млн адамымыздан айырылдық деп жүрсек, кейінгі зерттеулер Қазақстандағы құрбандықтардың саны 7 миллионнан астам екендігін дәлелдеді. Мұны қолдан жасалған геноцид демей не дерсің? Сондықтан бұл қастерлі мекен Қырғызстандағы Атавит сияқты тәу ететін орынға айналғаны жөн болады. Ол жас ұрпаққа аштық пен репрессияның қаншалықты қанды оқиға болғанын әйгілеп тұруға тиіс!

Марат Байділдәұлы

Abai.kz

9 пікір