Жұма, 19 Сәуір 2024
Алаш арысы 9277 0 пікір 31 Мамыр, 2022 сағат 15:51

«Ақайдың Хасені»

Бұ дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпеген дүние?!. Енді… Өмір заңы солай… Дегенмен бүкіл саналы ғұмыры елдің бетінде өткен, артық туған адамдардың жөні қашан да бір басқа. Өткен ғасырлар тоғысында жасаған кемел ақыл, кең ауқым иесі Ақайдың Хасені сондай сойы бөлек тұлғалар санатынан. Қазақ даласында, оның ішінде сайын Сарыарқада ол жөніндегі әңгімелер әлі күнге аңыз болып айтылады. Біз де жас күнімізден осы бір тағылымды тұлға турасындағы түрлі тәмсілдерге қанығып өстік: дала байы, қайраткер, кәсіпкер, ағартушы, меценат, Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, атақты Қоянды жәрмеңкесін ұйымдастырушылардың бірі, оқу-білім, өнер, мәдениеттің қолдаушысы, қорғаушысы. Ширек ғасыр болыс басқарушысы болған.

Ақайдың Хасені туралы кезінде біраз жазылды. Соның бәрінде оның айбынды болмысы, айдынды өрісі менмұндалап тұрады. Мәселен, Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков бір естелігінде: «Қу болысында Хасеннің беделі керемет еді. Онсыз Қоянды жәрмеңкесі ашылмайтын, өйткені бұл оның туған жерінде еді, кілең жүйрік жылқы ұстайтын жәрмеңкеде олар бәйге беріп көрген емес. Ақаев сауданы демеп отырған. Мен оны қоғам қайраткері есебінде де білемін. Біздер, Әлихан Бөкейханов екеуміз оның ауылында болдық» деп жазады.

Ақайдың Хасенінің бір басына 18 мың жылқы біткен деген де аңыз бар. Қалай болғанда да ол мыңды айдаған бай, саудасын дөңгелеткен кәсіп иесі, елге беделді азамат ретінде аймақ-атырапқа кеңінен танылған.

Тұғырлы тұлғаның ел игілігіне жаратқан игілікті істерінің бірі, бастысы – сайын сахарада мектептер ашқызып, қазақ балаларының білім алуына жағдай жасауы. Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың өзі Ақайдың Хасені 1906 жылы ашқан мектептен білім алған.

Ақайдың Хасеніне қатысты мұндай деректерді көптеп келтіруге болады. Бүгінде ел әңгімесіне жүйрік көнекөз қариялар азайып барады. Соның салдарынан аптал азаматтың есімі де ел жадында көмескіленіп бара жатқандай. Сол оймен мен бүгін ел аузында әлі күнге айтылып жүрген бірқатар әңгімелерді қайта жандырып, асыл тұлғаға қатысты мұрағат қорынан табылған тың тарихи құжаттарды алға тартқым келіп отыр.
Кезінде классик жазушымыз М.Әуезов Леонид Соболевпен бірігіп жазған «Абай» трагедиясының сахналануына ерекше мән берсе керек. Режиссер Асқар Тоқпановтың айтуынша, әр күнгі дайындықтан қалмауға тырысып, онда да сахна шеберлерінің жұмысына кедергі жасамай, елеусіз келіп, байқап отырады екен. Спектакльдің ерекше табысы Қалибек Қуанышбаев ойнаған Абай бейнесі болғаны белгілі. Данышпан ақынның психологиялық толғаныс сәттерін, сөз мағынасын, ішкі сезімі мен жан тебіренісін сарабдал сахна шебері тамаша сомдай білген. Дегенмен ұлы Мұқаңның кірпияз көңілмен актерге сын-ескертпе жасаған кездері де болыпты. Сонда майталман Қаллеки: «Әй, Мұхтар, сен маған Абайды неге айта бересің, мен ол түгілі, Ақайдың Хасенін көрген адаммын!» дейді. Осы сөздің астарында да біраз мағына жатыр білгенге.

Төңкеріс жылдары, сонау бір алмағайып кезеңде Әлихан Бөкейханов істі болып, біраз уақыт Семей түрмесіне қамалыпты. Тергеу ісі созылып кетіпті. Сонда Ақайдың Хасені арнайы келіп, түрме бастығына жолығып, «мен сенің барлық жағдайыңды жасап отырайын, азаматқа жеңілдік бер» деп келісіпті. Сөйтіп, бір жаз түрмеге жақын жерге киіз үйлер тіккізіп, қымыз баптап, тамақ демдеуді басқарып, істің барысын бақылап, артын күтіпті. Жас марқаның еті, мама биенің қымызынан жүдеп келген Әлекең түрмеде салмақ қосып, денсаулығын біршама түзеп алған деседі…

Сейіт Ақаев

1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған Қарқаралы петициясын қостаушылардың ішінде ауқатты адамдар көп болған. Ал Ақайдың Хасені – сол петицияны ұйымдастырушылардың бірі. Қарқаралы петициясы қазақ қоғамындағы екі топты – қазақ байлары мен зиялы қауым өкілдерін біріктіруге ықпал еткен саяси акция еді. Патшаға жолданған петициядан кейін қазақ зиялыларының соңына түсу, тергеу істері қарқын алған.

1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда сол жылдың 17 маусымында Қаражан Үкібаев кепілдікке шығаруға 2500 рубль төлепті. Одан кейін Омбыда Ақайдың Хасені 5000 мың рубль төлеп, шығарып алған.

Жақып Ақбаев Қарқаралы петициясынан кейінгі митингтерде «патшаға тіл тигізді» деген айыппен 1906 жылы 11 қаңтарда тұтқындалып, Семей түрмесіне қамалады. Ахмет Байтұрсынов Ақайдың Хасені, Дүйсеке Жаманбалин, Қаражан Үкібаев сияқты ауқатты адамдардан 7500 сом қарыз алып, Ж.Ақбаевты кепілдікке босатып алады.

ХХ ғасыр басындағы халық ішінде қозғалыс туғызған петицияның жай-жапсары, тарихи мән-маңызы жайында біз, зерделі ғалым, қаламгер Зарқын Тайшыбаймен, кезінде нақтылы мұрағаттық деректерге, құжаттарға сүйене отырып, Жақып Ақбаев туралы арнайы монография жарияладық. (Н.Дулатбеков, З.Тайшыбай, Ж.Ақбаев. Монография – Алматы, Жеті Жарғы, 1999.)
Ақайдың Хасені 1917 жылғы саяси өзгерістер тұсында да Алаш мүддесін қорғайды.

1921-1922 жылдары, төңкерістен кейінгі кезеңде Ресейде қатты ашаршылық болған. Ақайдың Хасені Санкт-Петербург сапарынан қайтар жолда Қазан қаласына соғады. Ел ішін аштық жайлаған, жоқ-жітік тірлік. Өрімдей жас татар қыздары бай-шонжарлардың қорлығына көніп, күндерін көру үшін күң болып кеткен…

Осы көрініске қатты ширыққан Хасен сол сапардан 13-14 татар қызын елге алып келеді. Бағып-қағады, кемдік көрсетпей, сүмбілдей ғып бой жеткізеді. Содан соң елге: «Әй, халқым, менімен құда болыңдар! Мына қыздарымды айттырыңдар!» деп жар салады. Сол балалар тұрмыс құрып, өсіп-өніп, жастары жетіп, өткен ғасырдың 60-70 жылдары өмірден озады. Зауал шақтары таянғанда, бәрі бір кісідей, «мені жерлегенде Ақайдың Хасенінің қызы» деп жерлеңдер деп аманат еткен екен.

Отбасы

Ақайдың Хасенінің Қоянды жәрмеңкесін ұйымдастырудағы рөлі, ықпалы – бөлек әңгіменің тақырыбы. 1923 жылы, ел-жұрт есін ептеп жинаған соң, жергілікті билік тарапынан жәрмеңкені қайта жандандыру қолға алынады. Кезіндегі жәрмеңкенің негізгі үйлестірушілерінің бірі ретінде Хасен де бұл іске өз септігін тигізеді.

Әли Хасенұлы (Ерлан Мұстафин архивінен) 

Жоғарыда айтылғандар Ақайдың Хасенінің қайраткерлік, қамқоршылық қызметінің бір парасы ғана. Тіпті, орыс-жапон соғысы кезінде де өзі басқаратын Қу болысы тарапынан қолдау білдіріп, азаматтық танытқан деген әңгіме бар…

Уақыт өтеді, жылдар жаңарады. Қоғамда айтып болмас өзгерістер туындайды, заман қырық құбылады. Соның алғашқыларының бірі – 1928 жылғы бай-құлақтарды кәмпескелеу науқаны еді. Жерге ие, елге тұтқа болып келген ауқатты азаматтар жаппай қуғындала бастайды. Мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылады, елден аластатылады. Солардың қатарында Ақайдың Хасені де қуғын көреді. Аптал азаматтарынан айырылған соң елдің де бірлік-берекесі бұзылып, шолақ белсенділердің күні туады. «Керуен кері кеткенде ақсақ түйе алдыға шығадының» кері болады.

ҚР Ішкі істер министрлігі облыстық басқармасының мәліметтеріне назар аударсақ, Хасен Ақаев 1928 жылы 2 қазанда БМСБ (ОГПУ) тарапынан тұтқындалып, 1929 жылдың 15 наурызында РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-10 бабы бойынша айыпталып, ОГПУ Коллегиясының жанындағы Айрықша кеңестің шешімімен 3 жылға жер аударылады. Біз осы қылмыстық іске қатысты мұрағат қорында сақталған, біз амалын тауып көшірмесін жасатып алған құжаттарды оқырман назарына ұсынып отырмыз. Қылмыстық іс былай басталады:

Қ А У Л Ы

1928 жылдың 4 қазан күні. Қызылорда қаласы.

Мен – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы бойынша Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарманың Өкілетті Өкілдігі Шығыс Бөлімінің уәкілі И.А.МУМИЛОВ, 58-11 және 58-12-баптарда көзделген қылмыстарды жасады деген күдікпен азамат АҚАЕВ Хасенге қатысты осы күнгі материалды қарап және азамат АҚАЕВ Хасеннің бостандықта болуы іс бойынша алдағы тергеу барысына әсер етуі мүмкін екенін ескеріп, Қылмыстық-процестік кодекстің 146-бабын басшылыққа ала отырып, ҚАУЛЫ ЕТТІМ:

Қылмыстық-процестік кодекстің 144-бабы 5-тармағы тәртібінде азамат АҚАЕВ Хасенге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы бойынша Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарманың Өкілетті Өкілдігі қамау үйі жанында күзетпен ұстау белгіленсін.

Осы қаулының көшірмесі Республика прокурорына мәлімет үшін және Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарманың Өкілетті Өкілдігі комендантына орындау үшін жолдансын. Шығыс Бөлімінің уәкілі – Мумилов.

Қылмыстық істің 3-4 беттерінде айып тағу туралы қаулы бар:

Қ А У Л Ы
/айып тағу туралы/

1928 жылдың 8 желтоқсан күні

мен – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы бойынша Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқармасы Өкілетті Өкілдігінің қызметкері Ф.Н.НЕЧИПОРЕНКО 58-бап, 11 және 12-тармақтар бойынша азамат АҚАЕВ Хасенді айыптау жөніндегі №294 істі қарап, таптым: істегі материалдармен азамат АҚАЕВ Хасен Ақайұлы, 71 жаста, қазақша сауатты, шыққан тегі қазақ, Қарқаралы округі Қу ауданының №1 ауылынан, руы Қаракесек «Шаңғара» табынан, отбасын құрған, отбасында 14 адам бар, ірі және ықпалды бай, патшалық кезеңде 25 жыл Болыс басқарушысы болған. Патша билігінің шексіз сеніміне ие болып және болыс басқарушысы ретінде аудан халқына ықпалын жүргізді, кедейлер мен орта таптың малдарын, олардың өздеріне тиесілі шұрайлы жерлерін тартып алып, аяусыз қанады, кедей-­кепшіктің әйелдерін саудалап, өзіне бағынбаған азаматтарға айып салып отырды, оларға күш көрсетіп, өзіне ұнамағандарды қорлады.
Орыс­-жапон соғысы кезінде патша үкіметіне 50 бас жылқы берді.

1916 жылы қазақтарды тыл жұмыстарына тарту кезінде парамен байларды босата отырып, кедей қазақтарды жұмылдыруға белсене қатысты.

1918-­1919 жылдары Колчак билігі кезінде ақтарға белсенді қолдау білдіріп, материалдық көмек көрсетті. Осылайша, АҚАЕВ халықтан 100 жылқы мен 30 түйені мәжбүрлеп жинап, өз атынан Колчак билігіне берді. Бұл жылқылардан басқа, 300 жылқы мен 500 қой алынып, олардың бір бөлігі билікке берілді, ал қалған бөлігін өзі иемденді.

Ақтардың шегінуі кезінде АҚАЕВ шегінген ақтардан алынған қаруларды тонаумен және жасырумен айналысты. Мәселен, 8 үш линиялы винтовканы жасырып, ол тек 1928 жылы табылды.
1921 жылы ақ гвардияшылар көтерілісі белең алған тұста және Қарқаралы қаласында көтерілісшілердің бой көрсетуі кезінде АҚАЕВ Қызыл әскермен күресу үшін өз жігіттерінен жасақ ұйымдастырған. Осы жасақ барлаудағы бірнеше милиционерді қарусыз қалдырды, бұл ретте АҚАЕВТЫ Кеңес өкіметіне тапсыруға ниеттенген милиционер БЕЙСЕКИН Төлеш – яғни СЕЛЕБАЕВ АҚАЕВТЫҢ қолынан қаза тапты.
Кеңес билігі кезінде АҚАЕВ ірі әрі құрметті бай ретінде халыққа беделі мен ықпалын пайдаланып, төменгі кеңестік органдарды басып алу және оларды өз мүддесі үшін пайдалану мақсатында рулық топтасқан күрес­ке белсене қатысады, сондай-­ақ кедейлер мен батырақтарға қысым көрсетеді.

1924 жылы АҚАЕВ кооператив құрып, оған толықтай басшылық жасады, халық үшін алынған тауарларды АҚАЕВ тек туыстары мен ықпалды байларға бөліп беріп, кедейлер мүлдем пайдаланбады.

Көрсетілген қылмыстар үшін Қылмыстық Кодекстің 16, 58­-баптары 11 және 13-­тармақтарымен жа­за көзделген, сондықтан Қылмыс­тық-­процестік кодекстің 128­-бабын басшылыққа ала отырып, ҚАУЛЫ ЕТТІМ: Қарқаралы округі Қу ауданының №1 ауылынан шыққан 71 жастағы, отбасын құрған, отбасында 14 адам бар, қазақша сауатты, ірі бай, патшалық кезеңде 25 жыл болыс басқарушысы болып қызмет атқарған АҚАЕВ Хасен Ақайұлы 16 және 58­ баптар 11 және 13­ тармақтар бойынша айыпталушы ретінде тартылсын және оған бұл үшін айып тағылсын.

Осы қаулының көшірмесі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы бойынша Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарманың Өкілетті Өкіл­дігін бақылайтын Республика Прокурорының көмекшісіне және Режимдік­ құпия бөлімге мәлімет үшін жіберілсін.

Біріккен Мемлекеттік Саяси Бас­қарманың Өкілетті Өкілдігінің қызметкері /НЕЧИПОРЕНКО/

Қылмыстық істің фабуласы

Енді Хасеннің өз қолымен жазылған шағымды келтірейік. Осындай шағым бүкілресейлік староста М.Калининге де жазылған.

Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасының жоғарғы прокурорына

Көшірме: Қазақ Автономиялы Социалистік Кеңестік Республикасының жоғарғы прокурорына және Семей губерниялық прокурорына Семей еңбекпен түзету үйінде қамаудағы, Қылмыстық Кодекстің 77­ бабы бойынша сотталған АҚАЕВ Хасеннен

ШАҒЫМ

1927 жылғы 26 мамырда Арнайы Операциялар Күштерінің 41 учаскесі Халықтық Сотының үкімімен мен Қылмыстық Кодекстің 77­ бабы бойынша 2 жылға бас бостандығымнан айырыла отырып сотталдым, 1926 жылғы көктемнен бастап мені сот билігі Қарқаралы, Семей қалаларына шақыртып, алдымен Қарқаралыдағы Қамау үйінде, содан кейін Семей қаласындағы еңбекпен түзету үйінде қамауда отырдым. Кейіннен 1927 жылғы 26 мамырда мені 2 жылға бас бостандығымнан айыру жөнінде үкім шығарылып, Семей еңбекпен түзету үйінде отырмын.

1927 жылдың маусым айының басында мен айыпталушы ретінде Қарқаралыдағы Қамау үйінде болдым. Осы уақытта бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы бойынша салық салу объектілерін есепке алу жүргізілді. Менің отбасым мал санын және оның қай жерде екенін білмейтіндіктен, мен Қарқаралы уе­зі бойынша қаржы инспекторына салық салу объектілерін есепке алу кезінде ауытқуларға жол бермеу үшін жоғарыда айтылғандар туралы менің айғақтарым қажет екенін көрсете отырып өтініш бердім. Осыдан соң 1927 жылдың маусым айының соңында Қарқаралы Қамау үйіне менен бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы бойынша салық салу объектілерін есепке алу жөнінде мәлімет алу үшін Меңдешев болысы №1 ауылдық кеңесінің төрағасы БЫТЫБАЕВ Ысқақ пен Қылмыстық іздес­тіру агенті МАХМУТКОЖИН Насырқан келді. Аталған тұлғалар маған сенбестік танытып, мен көрсеткен мал санын және басқа да объектілерді өздері тексеру үшін маған тиесілі мал жатқан жерге барды әрі мен көрсеткен объектілер саны шындыққа сәйкес келетіні анықталды, яғни мен жасырған объектілер болған жоқ және олар бұл жөнінде тиісті актілер жасап, солардың негізінде бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы бойынша жалақы парақтары әзірленіп, менің отбасыма ұсынылды. Соған сәйкес менің отбасым белгіленген мерзімде бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы бойынша тиесілі соманы енгізді. Бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы бойынша сома шамамен 1200 рубль болды / нақты білмеймін /.

1928 жылғы 12 наурызда Арнайы Операциялар Күштерінің 44 учаскесінің Халықтық Соты бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы бойынша салық салу объектілерін жасырды деген желеумен Қылмыстық Кодекстің 62­1­ бабы бойынша менің 16 жастағы ұлым Ақаев Анчелді кінәлі деп тану жөнінде, атап айтқанда мүлкін тәркілей отырып, үш айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ал, шындығында менің ұлым Ақаев Анчелде мүлік жоқ. Тәркіленген мүлік, яғни үкімде көрсетілген 1030 бас жылқы, 200 сиыр, 10 түйе, 50 бұқа және 700 қой маған тиесілі.

Арнайы Операциялар Күштерінің 44 учаскесі Халықтық Сотының бұл үкімін келесі себептер бойынша шындыққа сай емес деп санаймын:

Менің ұлым Ақаев Анчел жас әрі менен бөлініп шықпаған, сондықтан өзінің жеке мүлкі жоқ, сонымен қатар, жас болуына және үйде болмауына / ол Қарқаралыда тұрады және 2 сатылы мектепте оқиды / байланысты менің шаруашылығыма мүлдем араласпайды, сол себепті маған тиесілі мал санын және оның қайда жүргенін білуі мүмкін емес. Ал, сот кезінде ол кездейсоқ, уақытша демалысқа келіп, No1 ауылда үйде болған. Тіпті, шын мәнінде салық салу объектілерін есепке алудан жасырылған мал болған күннің өзінде бұған кінәлі менің жасы кішкентай ұлым емес, мен болар едім.

Халықтық сот менің ұлым Ақаев Анчелге жоғарыда аталған жазаны кесу туралы үкім шығара отырып, менің жоғарыда баяндаған және мал саны мен оның орнын отбасымда мен ғана білетінімді уақытылы көрсеткен Қарқаралы уезі бойынша қаржы инспекторына жазған өтінішімді назарға алған жоқ.

Осылайша, маған тиесілі мал, мүлік және ауыл шаруашылығына қатысты заттарды жергілікті билік, яғни мен сияқты байлар қасақана ұсынған деп есептеймін. Жоғарыда баяндалғандарға назар аудара отырып, мен келтірген шындықты тануды, Семей губерниясы Қарқаралы уезі әкімшілік билігінің, атап айт­ қанда №1 ауылдық кеңесінің және Меңдешев болысының, сондай­-ақ Арнайы Операциялар Күштерінің 44 учаскесі Халықтық Сотының бірқатар заңсыз әрекеттерге /заңсыздықтарға/ жол беріп, билікті асыра пайдаланғаны үшін және мал, ауыл шаруашылық құралдары және басқа да мүліктер менің иелігімде болса да жалпылама мемлекет игілігі болғандықтан, сол игілікті ысырап еткені үшін, 2700 рубль мөлшерінде негізсіз салық салғаны үшін кінәлі тұлғаларды, сондай­-ақ көрінеу – шындыққа жанаспайтын үкім шығарғаны үшін 44 учаскенің Халықтық Сотын жауапкершілікке тарту туралы өкім ету­іңізді сұраймын.

Бұдан бөлек, 44 учаскенің Ха­лықтық Сотының 1928 жылғы 12 наурыздағы Сот округінің үкімін мен қарағанға дейін және Қарқаралыда қамақта отырған ұлым Ақаев Анчелді қамаудан босатқанға дейін орындамауы жөнінде өкім етуіңізді сұраймын.

Мен сұраған өкімдерді телеграф арқылы жүзеге асыруыңызды, телеграфтық өкімдерге жұмсалған соманы Сіздің қаулыңыз маған ха­барланған кезде менен өндіріп алуыңызды сұраймын.

Бұл қылмыстық істе көп мәселелер айтылған, олардың бәрін кең қамту, құжаттарды сөйлетуде мен қылмыстық істегі мына төмендегі құжатпен тәмамдағым келіп отыр. Аудармасыз беріп отырмыз. Сөз құ­діретін түсінетіндер бағаласын деп.

ВЫПИСКА

Из спецсводки №7 Каркаралинского Окружного Отдела ОГПУ О ХО­ ДЕ КАМПАНИИ ПО КОНФИСКАЦИИ БАЙСКИХ ХОЗЯЙСТВ.
За время с 21 октября по 29 окт.
с. г. БАЙСТВО:
…………. Он – же касаясь АКАЕВА Хасена, добавил: «как говорится казакская пословица – хорошая собака своего трупа не показывает – так и АКАЕВ Хасен заранее узнав о предстоящей конфискации уехал в Сибирь, чтобы не видеть позорного для него выселения. Потомство,
АКАЕВЫХ люди смелые. Напри­мер: сын Магата при выселении ба­ ев демонстративно разъезжал на иноходце на серебрянном седле и покуривал папиросы».
выписка верна: Ст.Уполномоченный ВО /ВОЛОХОВ/

***
Саяси қуғын­-сүргін мәселесі – менің біраз жылдардан бері тұрақты түрде шұғылданып, зерттеп жүрген тақырыбым. Сол жұмыстардың қайырмасындай, ана бір жылы, М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының күшімен «Ақтас­ тағы Ахико» атты драма көрермен назарына ұсынылған еді. Драмаға 15­16 жасында жазықсыз жазаланып, балалық шағын Қарлаг түзету лагерінде өткізген жапон баласы Ахико Тэцуро мен Алаш арыстарының басынан өткерген азапты ғұмыры арқау болған. Сценарийін, менің қалауым бойынша, жас драматург Мәдина Омарова жазды. Мәдина Қарағандыда, Қарлаг лагерінің орнындағы мемориалдық кешенде арнайы болды. Ақтас кентінде тұратын Ахико Тэцуромен кездес­ті. Идея авторы ретінде менімен көп ақылдасты. Сонда біз сол кезеңнің қазақ баласына келтірген ауыр зардаптарын көрсету үшін драмаға Ақайдың Хасенінің образын қоссақ деп келіскен едік. Бұл көркемдік шешім өз жемісін берді.

Көрермен назарын ерекше өзіне аударған сәттің бірі – ел қадірмені, айбынды тұлға Ақайдың Хасенінің түзету камерасына түсуі болды. Иманды ақсақалдың ақыл-­айласы­ мен, байсалды болмыс­-бітімімен тұтқындарға күш­-жігер беруі көрермендерге айрықша әсер етті.

Мұны театрдың сол кездегі театр басшысы Ерлан Біләл, спектакльдің қоюшы режиссері Асхат Маемиров, Ахико рөлін сомдаған Дулыға Ақмолда, Хасеннің рөлін сомдаған Бекжан Тұрыстар да бағалаған сияқты. Бұл қойылым бүгінгі тәуелсіз еліміздің өскелең ұрпақтарына Алаш азаматтарының ұлтының болашағы үшін жан қиғандығын терең түсіндіріп берген толайым рухани шара болды.
Ел ағасы, Алаш арысының тағы­лымды тағдыры, ел айналасына шапағатын молынан шаша білген кемел болмысымен ұрпаққа мәңгі өнеге болып қала береді.

Нұрлан Дулатбеков,

заң ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі

Abai.kz

0 пікір