Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3359 0 пікір 2 Қараша, 2012 сағат 15:44

Оңтүстіктегі оңды істер

Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына - 80 жыл

Қазақтың ұшы-қиырсыз, кең-байтақ даласына осындайда тағы бір куә боласың. Күндегі қаланың биік ғимараттары қаумалаған тар көшелермен шектелген тар кеңістік бүгін бір ашық әлемге айналғандай. «Байтақ дала! Бұл - менің далам, менің елім, Қазағымның жері!» - ішкі түйсік осылай дейді масаттанып.

Көкжиекке дейін көсілген Қазақ даласы, шынымен-ақ, шетсіз, шексіздей. Жүйткіген пойыз қанша жерді артқа тастап, зымыраса да жеткізер емес. Бір қаладан келесі бір қалаға жетудің өзіне тура бір тәулік қажет.

Бұл Орталықтан оқшаулау Оңтүстікке қарай жол тартқан бетім. Мақсатым - қазақы қаймағы бұзылмаған тарихи өлке Оңтүстік өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, әлеуметтік-экономикалық жобалардың жұмысын көріп қайту.

Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына - 80 жыл

Қазақтың ұшы-қиырсыз, кең-байтақ даласына осындайда тағы бір куә боласың. Күндегі қаланың биік ғимараттары қаумалаған тар көшелермен шектелген тар кеңістік бүгін бір ашық әлемге айналғандай. «Байтақ дала! Бұл - менің далам, менің елім, Қазағымның жері!» - ішкі түйсік осылай дейді масаттанып.

Көкжиекке дейін көсілген Қазақ даласы, шынымен-ақ, шетсіз, шексіздей. Жүйткіген пойыз қанша жерді артқа тастап, зымыраса да жеткізер емес. Бір қаладан келесі бір қалаға жетудің өзіне тура бір тәулік қажет.

Бұл Орталықтан оқшаулау Оңтүстікке қарай жол тартқан бетім. Мақсатым - қазақы қаймағы бұзылмаған тарихи өлке Оңтүстік өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, әлеуметтік-экономикалық жобалардың жұмысын көріп қайту.

Оңтүстік Қазақстан облысының құ­рыл­ғаны­на биыл 80 жыл толып отыр. Әри­не, адамзатқа ерте заманнан қоныс болған Қазақстанның оңтүстігі тамыры терең тарихи өлке. Ықылым заманды былай қой­ғанда, берісінде Ұлы Жібек жолы қиып өте­тін бұл өңір экономиканың да, мәде­ниет­тің де мәйегіне ерте ауыз салған, қа­шанда тіршілік қазаны қайнап жататын, таби­ғаты да тартымды, жер көлемі кең, соған сай халқы да өте тығыз орналасқан, қай жағынан болмасын дамудың соны соқ­пағына түскен өңір. Бұл аймақта 1932 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы құрылған болатын. Сол жылы Қазақстан аумағында құрылған 6 облыстың бірі Оңтүстік Қа­зақ­станның өнеркәсіп саласындағы негізгі ба­ғыты - түсті металлургия, химия, тас кө­мір өндіру, мұнай өңдеу және құрылыс материалдары, сонымен қатар жергілікті ши­кізат ресурстарын өңдеу өнеркәсібін жедел дамыту еді. Сол кездердің өзінде межелі міндеттерді мінсіз орындаған облыс Қа­зақ­станның тәуелсіз жылдарында да көш­басшылық қалпынан тайған емес.

Оңтүстік Қазақстан - республиканың ең ірі аймақтарының бірі, жер көлемі - 117,3 мың шаршы шақырымды құрайды. Ал халқының саны шамамен 2,5 миллионнан асады. Облыс орталығы - бәрімізге белгілі шырайлы Шымкент қаласы.

Шырайлы десе, дегендей-ақ екен. Әсі­ресе, жылылығы жанға жағымды. Күздің екін­ші айына аяқ басса да, біз барғанда ол жақ­тың ауа райы әлі жазғы реңін жо­ғалт­папты. Тас төбеден шақы­райған күн Арқа­дан артынып-тартынып, қалың киіммен кел­ген бізді біраз «әуреледі». Көне ша­һар­дың көркі де көз тойдырады екен, бірнеше ғасырлық тарихы бар ескі болса да қа­ла­ның өңі жарқын, көшелер безендіріліп, алаң­дар жаңар­тыл­ғаны байқалып тұр. Жалпы, Шымкентке алғаш­қы баруым, сон­дықтан да болар, қаланың қазіргі кей­пін бұрынғысымен салыстыра алмадым. Дегенмен, қаланы таныс­ты­рушылардың ай­туынша, не­гізінде соңғы жылдары кө­рік­тендіру жұмыс­тарына айрықша басым­дық беріліп, қыруар жұ­мыстар атқа­ры­лып­ты. Оның біраз бөлігі бизнестің әлеу­меттік жауап­кершілігі аясында жүзеге асқан. Шым­кенттің шырайының артуы оңтүстік­қа­зақ­стандық кә­сіпкерлердің әлеуетінің артқанды­ғының, елдің қуатының күшей­ге­нінің айғағы дейді жергілікті тұрғындар.

Әкім аппаратының баспасөз қызме­ті­нен ал­ған ақпараттарға сүйенсек, соңғы он жыл­дықта Оң­түстік Қазақстан облысында экономикалық өсім­нің зор қарқын алғаны байқалады. Өнер­кәсіп өнімінің көлемі осы он жылда 2,6 есеге, оның ішінде өңдеу саласында 1,9 есеге артқан. Ауыл ша­руа­шы­лығының жалпы өнім көлемі 2,9 есе өсіп, 162,5 млрд. теңгені немесе жалпы респуб­ликада көрсеткішінің 11,3%-ын құраған.

Оңтүстік Қазақстан облысына бар­ған­дағы бас­ты мақсатымызды да осы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына көз жет­кізіп, Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан ин­дустриялық-ин­но­вациялық және басқа да бағ­дар­­лама­лар­дың басым бағыттары және жетіс­тікте­рі­мен танысу болатын. Танысу сапары­мыз­дың беташарын Сайрам ауданындағы ме­дици­налық құралдар шығаратын «Эко-Фарм Интернейшнл» ЖШС-нен бастадық.

Сайрам ауданының Тассай елді меке­нінде орналасқан кәсіпорын облыстың индустрияландыру картасы аясында салыныпты. «Аталмыш кәсіпорын көптеген із­деністердің нәтижесінде медицинада ва­куу­мды жүйені қолдау тәжіри­бесін енгізіп отыр. Мұнда вакуумды  пробир­каның 57 түрi шығарылады. Бұл жүйе ТМД ел­дерінің ішінде алғаш рет біздің елде ашылды. Қазір әлемдегі емдеу мекемелерінің 65 пайызы вакуумдық жүйені тиімді қол­да­на­ды. Бұл ашық жүйеге қарағанда ешқандай қосымша дәрігерлік тексерілуді талап ет­пейтін, ха­лық­аралық стан­дарттарға сай жаңа технология болып табылады. Ең бастысы, ол қаннан жұғатын түрлі инфекциялардан қорғайды, яғни ауру адам мен емдеу­шінің қауіпсіздігі үшін жасалған зат», дейді бізді кәсіпорынның жұмы­сы­мен таныстырған «Эко-Фарм Интерней­шнл» ЖШС-ның атқарушы директоры  Гүлия Жүзенова.

Ал «Эко-Фарм Интернейшнл» өнiм­де­рін сатумен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры айналысады. Бүгiнгi таңда 16 миллион дана тауарға сұраныс бар дейді мамандар. Кәсіпорын негізінен Оңтүстік Корея, Германия және Австрия елдерінен әкелінген жоғары сапалы ме­дициналық құ­ралдармен жабдықталыпты. Қазір­гі таң­да мұнда 85 адам жұмыс істеп жатыр екен. Ал 2013 жылға дейін бұл жерде жасалатын вакуумдық жүйені жылына 20 миллион данаға жеткізу көзделіп отыр. Гүлия Жүзенованың айтуынша, 2014 жылы жо­ба­ның жалпы құны 1 миллиард 130 миллион теңгені құрап, 180 жаңа жұмыс орны ашылмақ және шығарылған өнімдер Қа­зақ­стан рыногының сұранысын 100 пайыз қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Бұдан әрі біз Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының Индустриялық аймағына аттандық. Оған бізді Индустриялық аймақ дирек­ция­сының директоры Мырзахмет Сынабаев ер­тіп барды.

Бұл аймақ 2010 жылы Шымкент қала­сы­ның бұрынғы Фосфор зауытының аума­ғында құрыл­ған болатын. «Оңтүстік» ин­дус­триялық айма­ғына жалпы құны 33,6 млрд. теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба енгізілген. Ал ол жобалардың бәрі толықтай іске қосылса аймақ­тағы 5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды. Биыл­ғы жылдың өзінде жалпы құны 2 млрд. теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба іске қосылып, 700-ден аса жұмыс орнын ашу көз­деліп отыр екен. Ал 2013 жылы жалпы құны 28,9 млрд. теңгені құрайтын 26 инвестициялық жобаны іске қосып, 4000-ға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда мұнда барлығы 37 жоба қолға алынып отыр, дейді М.Сынабаев.

Аумағы 337 гектарды құрайтын аталмыш аймақ - Оңтүстік өңірдегі әзірге жал­ғыз индус­триялық аймақ. Болашақта тағы бірнеше ауданда, атап айтар болсақ, Түр­кістан, Кентау және Шардара аудандарында да осындай аймақтар ашу жос­парланып отыр.  Мұндай аймақтардың кәсіпкер­лер үшін тиімділігі алдымен инфра­құры­лым­дардың дайын әрі қолжетімді болуында дейді дирекция директоры. Сол себепті де аймаққа кәсіп­керлердің қызығушылығы зор болып отыр екен.

Біз индустриялық аймақтағы өндiрiсi қар­қын­ды дамып келе жатқан төрт кәсiп­орын­ның жұмысымен таныстық. Алдымен бас сұққаны­мыз - сусын қақпақтарын өндiретін «Spirit Kazahstan»  ЖШС. Кәсіп­орынның өндiрiс қуаты айына бiр миллион дана өнiмдi құрайды. Кәдімгі спирт өнім­дері шөлмектерінің тығынын, қақ­па­ғын дайындайтын кәсіпорын бүгінде Қы­тай, Ресей сияқты елдерге өнімдерін экспорттап отыр. Мұндағы техника негізінен Италиядан сатып алыныпты. Техника тілі мейлінше авто­мат­тандырылған болса да, бүгінде бұл кәсіпорын 32 адамды жұ­мыс­пен қамтып отыр. ЖШС жетекшісі бола­шақта өнім көлемін арттыра түсу үшін әлі де білікті мамандардың жетіспей отыр­ғанын да сөз арасында айтып өтті. Бірақ соңғы кездегі техникалық мамандықтарға деген жас­тардың зор ынтасы бұл мәселені де ұзатпай шешер деген үміттеміз.

Біз атбасын бұрған екінші кәсіпорын плас­тикалық құбырлар, яғни газ және су құбырларын шығаратын «Юг Пласт» ЖШС болды. Мұнда бүгiнге дейiн 150 мың метр полипропилен құбыр жасалыпты. Негізінен бұл кәсіпорында екі техно­логиялық желіде түрлі диаметрлік пластмасса құбырлар дайындалады. Өндірістік қуаты жылына 6 мың тонна өнім шығаруға ба­ғытталған. Бұрын мұндай құбырлар бізге Алматы, Ақтөбе, Оралдан жеткізілсе, енді қажетті өнім Шымкенттің өзінде жасалынып жатыр дейді мамандар. Шикізат көзін келісім негізінде Оңтүстік Кореядан алдырады екен.

Мұндағы неміс қондырғылары авто­мат­тан­дырылған жүйемен жұмыс істейді. Ал бұл техниканы игеруді жергілікті ма­мандарға Германиядан арнайы келген мамандар үйретіпті. Ұжымда бүгінде 30 адам жұмыс iстеп жатыр.

«Оңтүстік» индустриялық аймағымен танысу сапарымыз бұдан әрі «Hill Cor­poration» ЖШС-да жалғасты. Жұмысын 2010 жылы бастаған аталмыш кәсіпорын жоғары сапалы мотор майларын шыға­ру­мен айналысады. Бүгіннің өзінде жыл­дық қуаты 70 мың тонна өнімді құрап отыр, дейді «Hill Corporation» ЖШС атқарушы директоры Жандос Кенжетаев. Қазіргі таңда мұнда 120 адам жұмыс істеуде. Ал негізінен зауыт толықтай іске қосылғанда 230-дан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндігі бар.

Шынымен де, «Hill», «Pastroil» деген атаумен шығып жүрген мотор майлары қазіргі күні жергiлiктi рынокта біршама танымал болып қалған. Тіпті осы екі жыл­дың ішінде кәсіпорын бірнеше халық­ара­лық байқаулардың жүлдегері атанып та үлгеріпті. Ал аталған автомобильдiк және техникалық май өнiмдерiнiң шикiзатын «Эксон мобил», «Шел», «Инфиниум» се­кiл­дi алдыңғы қатарлы мотор майларын шы­ғаратын еуропалық компаниялардан тi­ке­лей алдырады екен. Ол жақтан әкелінген шикізат осы зауытта арнайы техно­логия­лық үдерістерден өтiп, жаңа құтыға құйы­лады. Бір айта кетерлігі, зауыт бұл күні құтыларды да өздері жасап шығарады. Да­йы­н өнім Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өз­бек­стан сияқты шетелдерге экспортталуда.

«Hill Corporation» ЖШС атқарушы директоры Жандос Кенжетаев бізге берген сұхбатында болашақта мотор майы шикi­за­тын шығаратын зауыт салынатынын да айтып өтті. Оның аумағы шамамен 70 гектар деп жоспарланып отыр, дей­ді ол. Зауыт құрылысы 2017 жылы аяқталатын болса, тағы қаншама, тіпті мыңдаған адамды жұ­мыспен қамтымақ.

Индустриялық аймақта танысқан төр­тін­ші нысан сұйық шыны шығаратын «Ferrum-Vtor» зауыты болды. Мұнда жоба бойынша жылына 3 мың силикат үйіндісі және 6 мың тонна сұйық шыны шыға­ры­лады екен. Өнімдер металлургия, химия өнеркәсібі мен құрылыс, энергетика салаларында қолданылады. Бүгіннің өзінде да­йын өнімдер республика аймағымен қоса,  Ресей Федерациясы және Түркіменстан рыноктарына шығарылуда. Кәдімгі өзі­міз­дің Аралдың ақ құмынан өндірілетін сұйық шыны осылайша өзімізде ғана емес, шетелдерде де үлкен сұранысқа ие болып отыр. Мұнда өндірілетін сұйық шыны кiр жуу ұнтағына да пайдаланылады. Ол ақ құм­ды кальцийленген ақ ұнтақпен балқы­тудан түзiлген силикат натрийден алынады. Жобада көрсетілген қуаттылықты орын­дау үшін мұндағы цехты қайта жа­рақтап, Ресейден балқыту пешiн алдыр­мақшымыз, дейді бізге жұмыстың барысын тәптіштеп түсіндірген осы зауыттың бас технологы Қадырбек Әбдікәрімов. Оның айтуынша, қазір кәсiпорында 50 адам еңбек етедi.

«Ferrum Vtor» ЖШС силикат үйіндісі мен сұйық шыны жасаудан басқа ауыл шаруа­шы­лы­ғына өте қажетті кальций селитрасы тыңайт­қы­шын да өндіреді. Сұйық кальций селитрасы кө­бінесе жылыжайда өсірілетін көкөністерді кү­тіп-баптауда таптырмайтын тыңайтқыш екенін ескерсек, бұл өндірістің оңтүстік­қазақ­стан­дықтар үшін өте-мөте пайдалы екендігі айтпаса да түсінікті.

«Оңтүстік» индустриялық аймағын ара­лап болған соң журналистер мінген ша­ғын автобус «Оңтүстік» арнайы эконо­миӨкалық аймағына қарай бағыт алды. Бұл экономикалық аймақта 2010-2011 жыл­дары жалпы сомасы 9,9 млрд. теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылып, 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылыпты. Ал 2012 жылы құны 251 млрд. теңгені құ­рай­тын «АГФ» групп» ӨК» ЖШС-нің «Кон­вейерлі ағынды тігін фабрикасы және қолданбалы материалдар өн­дірісі бойынша цех» инвес­ти­ция­лық жобасын іс­ке асырып, онда 300 жұмыс орнын ашу жос­пар­ланған.

Біз бұл аймақтағы «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС фабрикасының мақта-цел­люлоза өндірісі­мен таныстық. «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС Оңтүстiкте мақта кластерiн дамыту мақсатында 2010 жылы ашылған болатын. Оның өнiмдерi бүгінде Ресей, Қытай, Украина, Польша, Голлан­дияға экспортталуда.

Жоба құны 3850 млн. теңгені құрайды. Фа­бриканың жобалық қуаттылығы бойынша жылына 2,5 мың тонна ылғал жұтқыш мақта, 3,5 мың тонна мақта целлюлоза, 7,2 мың тонна карбоксилметилцеллюлоза өн­ді­ру көзделген. Жоба­ның мақсаты жергі­лікті шикізат пен мақталық ши­кізаттан дайын өнім өндірісіне негізделген жаңа әлемдік технологияны енгізу, импортты ал­мастыру тауарларын арттыру және әлем­дік рынокқа шығу болып табылады. Оңтүстік Қазақ­стан облысында өндірі­ле­тін мақта шикізатына негізделген өндіріс Қазақстандағы  мақта кластерін дамытуды қосымша ынталандыру болып отыр. Экспорттық әлеуеті өндірілген өнім­нің 70 пайызын құрайды. Өндіріс жоғары технологиялы заманауи жабдықтармен жарақ­танды­рылған.

«Хлопкопром-Целлюлоза» фабрикасында мақ­та қалдығы өндірістен өтеді. Ал бұған дейін бізде мұндай зауыт бол­маған­дықтан мақта қал­дығы шикізатын шетелге арзан бағамен сатып келген едік.

«Оңтүстiк» арнайы экономикалық ай­мағында орналасқан тағы бір кәсіпорын «Қа­ғаз шаһары» ЖШС-ның жұмысымен де танысудың сәті түсті. Мұнда  жылына 4 мың тонна офсеттік, 1500 тонна жыл­тыр, 5500 тонна кеңсе үшін қажетті қағаз, сон­дай-ақ, 4 мың тонна жылтыр картон өн­дірі­леді екен.

«Әзірге қағазды орамымен Финляндиядан алып келіп, кесіп дайындап жатырмыз. Бірақ көп ұзамай сапалы қағазды өзімізде шығару ойда бар»,  дейді кәсіп­орын­ның бас директоры Максим Сергеевич. Қазірше кәсіпорында 50 адам жұмыс істеп жатыр. Құрылыс алдағы жылдың қараша айында толық аяқталады деп жоспарлануда. Сыртқы қорабында «Бәйте­рек» деген атауы бар кеңселік ақ қағаздар енді біраз жылдардан соң Қазақстанның ішкі сұранысын толық қамта­масыз етеріне сенім зор.

Бұрын-соңды ел арасынан «не шықса да Шымкенттен шығады» дегенді жиі естуші едік. Мен Оңтүстік Қазақстан облысына барған сапарымнан соң, бұл шынымен рас екен дедім. Түсінген адамға бұл сөз шыныменен жаманнан гөрі жақсы істерге лайық айтылған-ау дейтіндей. Се­бебі, Қа­зақстанда бұрын-соңды болмаған, өндіріл­меген өндірістің біразы қазіргі таңда Шымкентте жасалып, біздің елде өмі­рі болмаған өнімдер Шымкенттен шы­ғып жатқан­ды­ғына қуан­басқа лажың жоқ. Индустриялық аймақ­тарды аралап жүр­генде байқаға­ны­мыз­дай, бұ­рын қазақтың тісі бата бермей­тін қиын технологияны, техниканы өзі­міз­дің қара домалақ қазақ балалары шеміш­кеше шағып, жұмысты бір кісідей үйіріп жүр. Ендеше, бұдан былай Шымкенттен шыққан өнім отандық тауардың көлемін кеңейтіп, «Қазақстанда жасалған» деген та­уар­ға қарық қыларына сеніміз мол екен­дігін жасырмаймыз.

Пресс-турымыз индустриялық аймақ­ты аяқ­таған соң, «Зерде Логистик» ЖШС ло­гисти­калық орталығында жалғасты.  Шым­кент қала­сындағы Темірлан тас жо­лының бойына орна­лас­қан бұл кәсіпорын меди­ци­налық дәрі-дәрмек және құрал-жабдықтар сату және сақтаумен айналысады. Жалпы құны 1 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын жобаның құрылысы 2010 жыл­дың нау­рыз айында басталып, 2012 жыл­дың маусымында пайдалануға берілген екен. Заманауи дизайнмен жасалған кеңсе, жаңа технологиямен жабдықталған қойма­ның құры­лы­сы, ішкі-сыртқы безендірілуі сөзсіз әде­мі. Халықаралық талаптарға сай қоймада дәрі-дәрмек сақтаудың барлық жағ­дайы жасалған. Қазір логистикалық ор­талықта жалпы саны 232 адам жұмыс іс­теуде.

Бұдан әрі біз алкогольсіз сусындар, шы­­рындар және сүт коктейльдерін шыға­ратын «Рауан» ЖШС-ға да бас сұқтық. Өткен жыл­дың сәуір айында басталған зауыт құ­ры­лысы биыл маусымда пай­дала­нуға бері­ліпті. Біз барғанда қызу жұмыс жүріп жатты. Тарс-тұрс зауыттың шуылына әбден үй­ренген жұмысшылар сырттан кел­ген біз­дер­ге де алаңдар емес. Автомат­танды­рыл­ған жүйелерден кезекпен тізіліп сырғыған  дайын сусындар көздің жауын алып, самсап тұр. Мұн­дағы жабдық­тар­дың барлығы шетелдің үлгілі компанияларынан сатып алыныпты. Оны басқа­ру үшін 100 адам жұмыс істеуде.

Пресс-турдың екінші күнінде Шымкент қаласындағы әлеуметтік-мәдени нысандарды ара­ладық. Алдымен «Нұрсәт» шағын ауданын­дағы облыстық балалар ауруханасына аялдадық.

«Бұл - Қазақстандағы ең үлкен балалар ауруханасы. 2011 жылы 5 наурызда Елбасы өзі келгенде осы емхананы ашып кеткен болатын. Содан бері біз халыққа қызмет жасап жатырмыз. Жалпы, аурухана 10 гектар жерге орналасқан. Соңғы сегіз айда ба­лаларға 141 операция жасалды. Жалпы, біз тек Оңтүстік Қазақстан облысы ғана емес, сонымен қатар Қызылорда мен Жамбыл облыстарына да өңірлік қыз­мет көрсетеміз», дейді облыстық денсау­лық сақтау департа­ментінің ана мен бала денсаулығы жөнін­дегі орынбасары Салтанат Жабағиева.

Бүгінде балалар ауруханасында 900-ден астам қызметкер бар екен. Оның 154-і дәрігер, 301-і орта буын медицина қызмет­керлері.

Соңғы жылдары облыста балалардың ден­саулық жағдайын жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр дейді жергілікті мамандар. Нәтижесінде 2012 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша нәрестелер өлімі 4,9 пайызға, балалар өлімі 8,4 пайызға төмендеген.

Бұдан әрі журналистер «Асар» шағын ауданында биыл жаңадан ашылған №89 орта мектепте болды. Ол мектепте бізді қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева күтіп алып, мектепті толықтай таныстырып өтті. №89 жалпы орта мектеп 1200 орынға арналып салынған екен. Бү­гінде бұл мектепте 2 ауысымда 1157 оқушы білім алуда. Білім қазақ тілінде беріледі жә­не 85 мұғалім еңбек етіп жатыр. Мектептің 48 оқу сыныбы бар. Оның 8-і - лингафонды, 3-і - компью­терлік, 4-і - химия-ла­бо­ра­то­­риялық, 4-і физикалық сыныптар. Мектеп ішінде 384 орындық асхана мен спорт за­лы және 410 орындық мәжіліс залы орна­ласқан. Мектепте бокс, күрес үйірмелері жұмыс істеп тұр. Бұл мектептің жалпы жағдайы, материалдық қам­та­масыз етілуі бүгінгі талаптарға сай, деді Ж.Тәжиева.

«Асар» ауданынан оралған соң біз қаладағы Қажымұқан атындағы орталық стадион маңынан бой көтерген орталық су-спорт кешенін көріп, одан әрі спортшылар аллеясын араладық. «Тә­уелсіздік» саябағы, «Мемлекеттік рәміздер» ала­ңы, Ордабасы алаңындағы «Отан-Ана» тә­уелсіздік мо­нументі, «Оңтүстік Цирк», Облыс­тық саяси қуғын-сүргін құрбан­дарының мұра­жайы, Даңқ мемориалы, Абай мұражайы, «Шәм­ші әлемі» гүлзары, Дендросаябақ сынды Шым­кенттің шырайлы орындарын ара­лау­дың да осы сапарда сәті түсті. Бұл мәдени демалыс орындарынан алған әсердің өзі өз алдына бөлек әңгіме. Ең бастысы, қай жерде болмасын Оң­түстіктің оң өзгерісін аңғардық. Атқарылған жұмыстың жарқын жетістіктерін көрдік. Оң­түстік Қазақстан облысы 80 жылдық мерейтойын зор же­тіс­тік­термен қарсы алғалы отыр­ғандығына куә болдық. Лайым, еліміздің қай түк­пі­рін­де де осындай қуаныштар бола бергей. Бұл тек Оңтүстіктің ғана емес, жалпы Қазақ­стан­ның ортақ жемісі, ортақ жетістігі, ор­тақ тойы. Ендеше, табыс қазаны ортаймасын дейік!

"Абай-ақпарат"

 

0 пікір