Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Аласапыран 3816 13 пікір 26 Мамыр, 2022 сағат 13:11

Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына 3 ай...

Ресейдің Украинаға басып кіріп, ойран салғанына 3 ай толды. Осы уақытқа дейін қанды майданда Ресейдің қанша әскері, Украинаның қанша сарбазы мен бейбіт тұрғыны қаза болды? Бұл туралы «Настоящее Время» арнасы сараптама жасапты. Біз сараптаманы аударып, назарларыңызға ұсынамыз.

Украина Генштабының мәліметінше, Ресей Украинамен 3 айғы соғыста 30 мыңға жуық сарбазынан айырылды. 30 мыңның ішіне қаза болғандар да, жараланғандар да кіреді. Киев жекелеген статистиканы айтпады. Ресей Қорғаныс министрлігі Украинаға жорығынан бір ай өткенде ресми түрде соғыста 1351 адамын жоғалтқанын мәлімдеді. Сол кезде АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Ресей аталған саннан 7 есеге көп сарбазынан айырылды деген болатын.

«Өкінішке орай Ресей Украина әскерінің қаншалықты мықты екенін әлі де түсінбей отыр. Ресей адам сенгісіз шығынға батып жатыр. Біздің есептеуімізше, Ресей 10 мыңнан көп сарбазынан айырылды», - деді АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Нуланд.

Қазіргі күні Батыстың барлаушылары Ресейдің 3 айдағы Украинадағы шығыны мен Кеңес Одағының 9 жылғы Ауғанстан соғысындағы шығынын салыстыруда. Ұлыбритания Қорғаныс министрі Украинада 15 мыңға шамалас Ресейлік әскерилер қаза тапқанын айтты.

«Біздің бағалауымызша, Украинаға басып кірген уақытынан бастап ресейліктердің 15 мың адамы опат болды. Әртүрлі ақпарат көздері 2 мыңнан аса брондалған машина қолды болды не жойылды деп хабарлайды», - деді Ұлыбритания Қорғаныс министрі Бен Уоллес. Украина тарабы: «Ресей өлтірілген бейбіт тұрғындардың және өз әскерінің мәйітін жасыру үшін мобильді крематорийді қолданып жатыр», - дейді. Олар көбінесе қайтыс болған сарбаздардың денесін алып кетуден бас тартады екен.

«Кейбірін алып кетіп жатқан шығар. Олардың «өз бауырларымызды тастамаймыз» деген ертегісі бар. Бұл сөз егер ертегі болмаса, мына жерде өлі денелер жатпас еді. Тоңазытқышта жүздеген адамның денесі жатыр. Бұл факт. Олар өз бауырларын «лақтырып» кетті», - деді Украина Қарулы күштерінің полковнігі Владимир Лямзин.

Медиазона мен BBC орыс редакциясының журналистері Ресейдің 2622 әскерінен айырылғанын айтады. Бұл тек әлеуметтік желідегі жазбалар, жергілікті БАҚ және ресми билік сияқты ашық ақпарат көздерінен алынған деректер. Журналистер қаза болған сарбаздар туралы хабар Бурятия, Дағыстан секілді жай-күйі нашар аймақтардан келетінін айтты. Кавказ. Реалии журналисі соғыста қайтыс болған сарбаздың қайын енесімен сөйлескен.

«Бір әйелдің төрт ұлы осы соғыста жүр. Бәрі офицер. Көршіміздің баласы танкте жанып кетті. Тіпті ДНҚ-сын да, белгісін де таппай қалды. Басқа бір әйелдің баласы 4 ай бойы хабар-ошарсыз кетті. Ондай көп. Бірақ көріп тұрсыз ғой, бұл жерде жұмыс жоқ. Отбасын асырауы керек. Әскерге келісім-шартпен кеткендер. Бүкіл дағыстандық сол жақта», - деді Дағыстан тұрғыны Әмина Нұратдинова

Ресейдің Қорғаныс министрлігі соғыста 23367 Украин әскері қаза тапты деп мәлімдеді. Бұл деректі тексеру мүмкін емес. Киев қайтыс болғандар саны 5 жүздей екенін айтады. Сәуір айының ортасында Украина президенті Владимир Зеленский соғыс басталғаннан бері 2500-3000 шамасында украиндық әскерилер қаза тауып, 10 мыңдай адам жараланғанын айтқан.

«Бүгін біздің ең қиын бағытымыз - еліміздің шығысындағы соғыста 50-100 адамдай қаза табуы мүмкін. Олар әлемде бәрі айтып жатқандай,  біздің Отанымызды, тәуелсіздігімізді қорғап жатыр. Бәрі осылай айтады, алайда бұл біздің қабырғамызға қаттырақ батады», -деді Зеленский Донбастағы аяусыз соғыс туралы. Соғыста әскерилер ғана емес, бейбіт тұрғындар құрбан болып жатыр. БҰҰ Украинада  шамамен 3930 бейбіт тұрғын қайтыс болып, 4532 адам жараланғанын мәлімдеді. Бірақ, шындығына келгенде опат болғандар саны бұдан да көп. Өйткені БҰҰ-на ақпарат кешігіп жетуде.

Украина Бас прокурорының дерегінше, құрбан болған бейбіт тұрғындар саны- 4600, оның ішінде 232-і бала. Украина билігі әзірге басып алынған аумақтарда қайтыс болған адамдар санын анықтай алмай отыр. Бұдан бұрын Мариупольде 20 мың адам қаза тапқаны хабарланған болатын.

Айжан Темірхан

Abai.kz

13 пікір