Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 4175 11 пікір 26 Мамыр, 2022 сағат 12:38

Көп партия. Әзірге жоқ партия...

Соңғы уақыттары Қазақстанда партия құру туралы бастама көтергендердің қарасы көбейіп келеді. Әзірге олардың бірде-біреуі ресми тіркелген жоқ.

2019 жылдан бері саяси партияны тіркеуге 10 бастамашыл топ өз құжаттарын тапсырған. Сәуір айында ҚР Әділет министрі Қанат Мусин 4 бастамашы топтың партия құруға қатысты құжаттары қаралып жатқанын айтқан еді. Олар – « Халық дербесті», «Ел тірегі», «Намыс», «Бәйтерек» партияларының бастамашылары.

«Халық дербестігі» партиясы екінші кезеңге өтті. Олар съездерін өткізіп, қазіргі уақытта заңға сәйкес партия ретінде құрылтайшылық съезін өткізеді. 20 мың кандидатының тізімін ұсынуы қажет. Қазіргі уақытта заңға сәйкес тіркеу мерзімі тоқтатылды және партия мүшелерін тексеру жүріп жатыр. «Ел тірегі», «Намыс» және «Бәйтерек» партиялары бойынша бірінші кезең деңгейінде жұмыс жүргізілуде, - деген еді министр Мусин.

Бұл аталғандардан бөлек саяси партия құратынын ресми жариялап, ел ішінде насихат жұмыстарын белсенді жалғастырып жатқандар да баршылық. Солардың бірсыпарасы, мінекей...

«Жер қорғаны»

16 наурызда қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан жаңа саяси партияны құруға кіріскенін мәлімдеді.

«Бүгіннен бастап мен жаңа саяси партияны құруға кірісемін. Нағыз саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырту үшін бүгінгі билік – яғни бүгінгі Мәжіліс, Сенат және Үкімет 80-90% сөзсіз ауысуы керек», - деп жазды Тайжан.

Сонымен қатар жаңа партияның атауын да жариялап, билікке келу үшін «Amanat-ты» (бұрынғы Nur Otan) жеңуге мүдделі екенін жеткізді.

«Ол үшін біз – ел мен ұлт жанашырлары жаңа партия құрып, келесі сайлауда «Amanat» партиясын адал жарыста жеңіп, билікке келуіміз қажет! Біздің жаңа саяси партиямыздың атауы – «JER QORGANY» болсын. Жер деген ұғым әр қазақ үшін қасиетті деп білемін. Жерімізді қорғай алсақ, ұрпақ үшін болашаққа жол ашамыз деген сөз», - деді қоғам қайраткері.

«Еңбек» партиясы

Ал 6 сәуірде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан құрылысшылар одағы жаңа «Еңбек» партиясын құруға ниетті екенін айтты.

«Біз 31 наурыз күні одағымыздың жылдық есеп беру конференциясын өткіздік және оған еліміздің 16 өңіріндегі мүшелеріміз қатысты. Біздің құрылымда 16 өңір бар және құрылыс саласында жұмыс істейтін 1200-ден астам компания және 500 мыңнан астам мүшеміз бар. Сол есептік конференцияда біздің құрылысшылар «Еңбек» партиясын құру жөнінде ұсыныс берді. Әрине, мен осы құрылыс одағының төрағасы болғандықтан, ұсыныстарды естіп, қолдау көрсеттік. Өздеріңіз де көріп отырсыздар, қазіргі уақытта түрлі реформалар қажет. Бірақ өкінішке орай, соңғы 10-20 жылда құрылыс, экономика салаларындағы реформалардың тиімділігі төмен болды. Сондықтан, экономикамыз дамысын деп, өзіміз де құрылысшылар ретінде өндіріспен айналысатын, жол салатын, инфрақұрылым салатын мекемелермен, жобалаушылармен бірге саяси партия құруды ұйғардық», - деді одақ төрағасы Талғат Ерғалиев.

Ол сонымен қатар қазіргі тәжірибелі партиялармен қалай бәсекелесетіні туралы да айта кетті.

«Жаңа адамдарға, партияларға жол беретін уақыт келді, олар алдыңғы қателіктер мен тұжырымдарға сүйене отырып, басқаша көзқараспен қарайды. Бағдарламамыз бар. Әрбір қазақстандықты баспанамен қамту – басты мақсаттарымыздың бірі. Біз еңбек адамдарымыз, еңбек еткіміз келеді. Біздің міндетіміз – азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жеті жыл бұрын кезекте 450 мың адам тұрған. Қазір біз 15-17 млн шаршы метрден тұрғын үй салып жатырмыз, бірақ олардың саны азайған жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды, бірақ 20 жыл бұрын өзекті болған проблемалар әлі де шешілген жоқ. Сондықтан біз бірігіп, партия ашып жатырмыз. Менің ойымша, бұл нәтиже береді», - деді Ерғалиев.

«Алға, Қазақстан»

18 сәуірде Нұр-Сұлтанда саясаткер Жасарал Қуанышалин бастаған топ Әділет министрлігіне «Алға, Қазақстан» деп аталатын оппозициялық партияны тіркеу туралы өтініш беруге келген. Алайда құжаты толық болмай, өтінішін өткізе алмады.

«Бірақ нақты саяси партия жоқ. Марқұм Серікболсын Әбділдиннің партиясын ірітіп, бөліп бітірді. Сондықтан қазір нағыз оппозициялық партия ауадай қажет. Жағдайымыз белгілі, тіркеле алмаймыз деген күдік те жоқ емес. Бірақ «ҚДТ», «Көше» деген тәуелсіз саяси қозғалыстарды дәлелсіз экстремист деу сияқты заңсыздықтармен күресіп, оны түзетуге қалай қол жеткізуге болады? Олар көшеге шықса, бірден қамалады», – дейді оппозиционер.

Қуанышалин билік бұл партияны оңайшылықпен тіркей қоймайды деп санайтынын, бірақ айтылған құжаттарды толықтырып, қайта талаптанатынын айтты.

«Нағыз Атажұрт»

Қытайда қысым көрген қазақтардың құқығын қорғайтын «Нағыз Атажұрт» ұйымының өкілдері де партия құратындарын мәлімдеді.

12 мамырда «Нағыз Атажұрт» өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. Оған алпысқа жуық адам қатысты. Ұйым жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлы «партия құрудағы басты мақсаты – жаңа, әділ демократиялық жүйе құруға белсене араласу» деді. Ол партияны тіркеуге құжаттар қазір дайын емес екендігін айтты.

Сондай-ақ, Шыңжаңдағы туыстарын қайтара алмай отырған азаматтардың мәселесі әлі күнге дейін шешілмей отырғанын алға тартып, Қазақстан билігін сынады.

«Қаңтар қырғыны қазіргі билікке Қазақстан азаматтарының тағдыры түкке тұрғысыз екенін көрсетті, мұны санамызбен түйдік... Қазақстанда заң институттары түзелмей, әділет үстемдік құрмай, шетел қазақтарының мәселесін шешу мүмкін емес екенін ұғындық», - деп партия құру туралы шешімін түсіндірді Бекзат Мақсұтханұлы.

«Bizdin tandau» партиясы

Белгілі бизнесмен, саяси қайраткер Болат Әбіловтің жаңа партиясы «Bizdin Tandau» деп аталмақ. Партияны құрушылар Қазақстан атауын – Қазақия деп, ал ел астанасын – Алашорда деп атауды ұсынды.

«Назарбаевтың 30 жыл бойы билігінің соңы қаңтар оқиғасымен аяқталды. Сол себепті Назарбаевтың есімі халықтың есінде сақталып қалуға лайықты емес. Бүгін біз «Bizdin Tandau» саяси партия құратынымызды жариялаймыз. Бұл біздің таңдауымыз екенімізді білдіргіміз келеді. Бұл біздің демократия, бостандық, әділдік үшін таңдауымыз», - деді Әбілов 16 мамырда өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар Әбіловтің партиясы ҚР Конституциясына өзгерістерді және суперпрезиденттік басқару нысанынан парламенттік басқару нысанына көшуді қолдайды.

- «Самұрық-Қазына» қорын тарату;

- ЕАЭО мүшелігінен бас тарту;

- ҰҚШҰ-ға мүше болудың орнына түркі елдерімен одақ құру;

- 1930 жылғы ашаршылық, 86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасы мен қасіретті қаңтар секілді қайғылы оқиғаларды зерттеу;

- Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевқа жасалған саяси қастандықтарды тергеу мәселесін ұсынуды жоспарлаған Әбілов, басқа партияларда мұндай маңызды мәселелердің қарастырылмағанын атап өтті.

«Қазақстан халық конгресі»

Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов те арнайы баспасөз концеренциясын ұйымдастырып, партия құратынын жариялады. Ол партиясын «Қазақстан халық конгресі» деп атамақ.

«Біздің «Қазақстан халық конгресі» атты партиямыз 1992 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін пайда болды. Сол кезеңде бұрынғы кеңестік республикалардың бәрінде жекелеген ұлттық партиялар құрылды, оның ішінде Қазақстанда да пайда бола бастады.

Сол кезде мен коммунистік партиядан қалған ең жақсы дәстүрлерді жалғастыратын партия құру қажет екенін түсіндім. Өткеннің бәрінен бірден бас тартуға болмайды», - деді ақын.

«Абырой»

Ал осыдан бірнеше күн бұрын ғана белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың «Абырой» партиясын құрғалы жатқаны туралы жаңалық тарады. Партия бағдарламасында өзге міндеттердің қатарына бірліктің бірегей қазақстандық моделін сақтап қалу және арттыру, елімізде өмір сүретін барлық халықтардың арасындағы берік достықты күшейту кіретіні жарияланды. Алайда Тұрсынбек Қабатов мырза, редакциямызға хабарласып, партия құру туралы ойы жоқ екенін, желідегі ақпараттың жалған екенін айтты.

Назерке Алтайқызы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1574
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3576