Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 2826 0 пікір 26 Мамыр, 2022 сағат 12:44

Қазақ-қырғыз қатынасы: Тоқаев Бішкекте

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың ресми шақыртуы бойынша Қырғызстанға барды. Бұл бауырлас мемлекеттер үшін маңызды мәселелерді талқылау мақсатынды ұйымдастырылды. 

Қазақстан мен Қырғызстан көршілес мемлекет болғандықтан мәселелерді дер кезінде реттеу маңызды. Әлемдегі геосаяси ахуал да екі елге бірдей әсер ететіні айдан анық. Қазақстан мен Қырғызстан Еуразиялық Экономикалық Одақ және ҰҚШҰ ұйымдарына мүше. Демек, Ресейдің Украинаға әскери агрессиясы мен өркениетті әлемнің қарсы санкция түріндегі реакциясы сөзсіз аталмыш елдерге де кері әсерін тигізуде.

Қазақстан аумағына тауар түрлерінің басым көпшілгі Ресей арқылы кіруі және Ресейден соғысқа байланысты Батыс елдерінің жетекші компаниялары мен жеткізушілерінің кетуі нарықтағы бірқатар тауар бағасын қымбаттатты. Қазақстан логистикалық жолдарды іздеуде. Әрине бұл ретте сарапшылар Қытай арқылы тауар жеткізуді ұлғайту керектігін айтуда. Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараның мүмкіндігі мол, ал егер оған Қырғызстан арқылы тауар тасуды ұлғайтса, онда уақыт пен баға жағынан әлдеқайда тиімді болмақ.

Қырғызстан үшін Ресейдің Украинаға агрессиясы ауыр тиюде. Ресей нарығында жұмыс істейтін мыңдаған қырғызстандық еңбек мигранттарының табысы азайған. Бұл олардың басқа нарыққа кетуіне себепкер болуда. Бірінші бағыт Қазақстан екені анық. Сондықтан екі ел арасындағы миграциялық мәселені де талқылау маңызды.

Соңғы уақытта екі ел арасында шекарада жүк көліктерінің қаңтарылып кезекте ұзақ тұруы жиіледі. Қазақстан тарапы тексерісті ұзақ жүргізеді, ал Қырғызстан шекарадан өткізуге байланысты құжаттарды дұрыс рәсімдемейді. Бұл шекарада жүк көліктерінің тұрып қалуына себепкер болуда. Аталмыш сапар барысында осы мәселені толыққанды реттеу де іске асады деп күтілуде.

Қазақстан үшін ең маңызды мәселенің бірі су болып табылады. Орталық Азияда су көзіне бай екі ел бар. Ол Қырғызстан мен Тәжікстан. Сондықтан да Қазақстан тарапы Қырғызстанмен су мәселесін де талқылап, тиімді шешімдер іздейтіні анық. Бұл егістік науқан басталған сәтте тіпті өзектілігі артатын мәселе.

Осы ретте ресми кездесулер басталып та кетті. Қазақстан Президенті бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдірді.

"Мен Сіздің шақыруыңызды зор ризашылықпен қабыл алдым. Бұл сапардың мәні ерекше. Осы маңызды сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына зор серпін беретіні сөзсіз. Соның арқасында стратегиялық серіктестігіміз де нығая түспек. Қырғызстан – Қазақстанға барлық жағынан ең жақын ел. Оны күмәнсіз айтуға болады. Биыл екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде ынтымақтастық аясы барынша кеңейіп, достығымыз нығая түсті. Біз барлық деңгейде өзара сенімге негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз бар. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрліктері ықпалдаса жұмыс атқаруда. Қазақстан тек Қырғыз елімен осындай тығыз байланыс орнатқанын ерекше атап өткім келеді," – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Садыр Жапаров өзінің шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан Президентінің бұл сапары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.

"Біз – ынтымақтастығы жарасқан бауырлас елдерміз. Екі ел арасында, тіпті өңірлеріміздің деңгейінде де ешқандай түсінбестік болған емес. Толықтай достық рухта бірге дамып келеміз", – деді Қырғызстан Президенті.

Мемлекеттер басшылары бұдан кейін саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар қарастырылды.

Қазтай Жанерке Жандосқызы

Abai.kz

0 пікір