Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Көкжиек 3290 1 пікір 25 Мамыр, 2022 сағат 13:41

Дэн Сияопиннің ұлттық бірлік стратегиясы

1949 жылы 1 қазанда ҚХР құрылғандығын жариялағанымен, Қытайдың ұлттық тұтастығы толық жүзеге асқан жоқ. Тайвань аралы  Гоминдаң үкіметінің басқаруында қалып, ұлы құрлықтан мүлде дербес өмір сүрді. Ал шет елдіктерге жалға берілген Гонконг пен Макао ҚХР иелігіне бірден қайта қойған жоқ.

Дэн Сияопин биліктегі кезінде күллі Қытайдың бір шаңырақтың астында болғанын армандады. Әрине, Ганконг пен Макаоның Қытайдың құшағына оралатын күннің алыс емес екенін ол жақсы білетін. Бірақ, Тайваньнің тағдыры оның ұйқысын қашыра берді. Сонда да ол ұлттық бірлік жолында барлық мүмкіндікті қарастырып бақты. Және көзі тірісінде сол арманына бір қадам жақындай түскендей болып еді. Өкінішке қарай, бүгінгі Қытай билігінің әпербақан сыртқы саясаты оның осы бір арманын белгісіз бір алысқа лақтырып тастады. Тіпті, мүлде селге кетірді десе де болады. АҚШ президенті Джо Байденнің 20-22 мамыр күндеріндегі Азия сапары осыны әйгіледі. Ол осы сапарында Жапония премьер министрі Кисида Фумио бірге өткізген баспасөз мәслихатында тілшіге берген сұхбатында егер Қытай Тайваньға қару қолданатын болса, АҚШ та қорамсаққа қол салатындығын ашық мәлімдеді. Демек, Тайвань таяу болашақта Қытайға қосылмайды. Десе де біз Дэн Сияопиннің Қытайдың ұлттық тұтастығы жолындағы стратегиялық идеяларын өз әлімізше талдап көрелік.

Америкалық журналист Майк Уоллес Дэн Сияопиннен: «Тайваньның ұлы құрлықпен бірігуінің қандай қажеттілігі бар?» - деп сұраған болатын. Тайвань  - демократия мен бостандық салтанат құрған, экономикасы гүлденген, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған», бай-бақытты арал. Оның жан басына кірісі ұлы құрлықтағыларды бес орайды. Былай қарағанда, бірігудің қажеті де жоқ сияқты. Бірақ бұл саяси қажеттіліктен туындаған ұлттық бірлік идеясы болатын. Қытай қырқысқан бектіктер дәуірін аяқтап, біртұтас мемлекет болғалы екі мың жылдан асты. Тарихта бөлініп, тоз-тоз болған кездері болғанымен, біртұтас алып империя болып өмір сүрген уақыты тым ұзақ. Қытай билеушілерінің құдіреттілігі де көбінде Қытай территориясын біртұтас мемлекет ретінде қалыптастыру немесе қалыптастыра алмаумен өлшенеді.

Дэн Сияопин көзі тірісінде Қытайдың біріктіру ісін аяқтауға бел байлап, оны ХХ ғасырдың 80-жылдарының үш үлкен міндетінің бірі ретінде жоспарға енгізді. Бірақ, ол осы  арманына жарым-жартылай ғана қол жеткізді. Оның Тайвань мәселесінен алаңдауы жайдан-жай емес болатын. Қытайдың ұлттық сана-сезімімен қарағанда қытай ұлтының басым көпшілігі өз Отанының біртұтас ел болғандығын армандайды.   Егер ұзақ жылдар бір-біріне ат ізін салмай, дербес өмір сүрсе, кейінгі ұрпақтардың жатбауыр болып, өз Отанынан іргесін аулақ салуы әбден мүмкін ғой. Онда олар Қытайды өз Отаным деп танымайтын болады. Тайваньды дербес мемлекет ретінде қарастыруы мүмкін. Егер ол дербес мемлекет болып, тәуелсіздігін жариялап, оны әлемдік қауымдастық танып жатса, Тайвань ҚХР картасынан біржола өшті деген сөз. Екі партияның сандаған жылдық қырқысының, билікке таласуының нәтижесі Отанды бөлшектеу болса, онда билік басындағы ҚКП ел бетіне қалай қарайды?! Ұрпақтарға не бетін айтады?!

«Күллі қытайдың бәрі - Янди мен Хуаңдидің ұрпақтары» деген жалаң ұранмен мемлекетті біріктіре алмайсың.  Бүгінгі көзі ашық ұрпақ ондай уәжіңе сенбейді. Мысалға, АҚШ, Аустралия қатарлы мемлекеттер еуропалық ұлттардың қоныс аударған ұрпақтары емес пе? Олар да ата-бабалары күл төккен құтты қоныс, тарихи Отанынан дербестік алып, бөлініп шықты ғой. Қазір дербес мемлекет, өз алдына түтін түтетіп, өз күндерін өзі көріп жатыр. Дэн Сияопинді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыратын ауыр қайғы осы болатын. Қытай үшін көкейтесті мәселе – мемлекеттің егемендігі мен территориясының тұтастығы. Тайвань мәселесі осы тұрғыдан қарастырылу керек. Егер Тайвань ұлы құрлықпен бірігіп, біртұтастанбаса, оның Қытайдың бір бөлшегі мәртебесіне кепілдік болмайды. Күндердің күнінде өз алдына отау болып, бөлініп кетуі мүмкін.

Қытай мен АҚШ дипломатиялық қатынас орнатқаннан кейін,  Тайвань мәселесі Қытайдың ішкі ісі ретінде қарастырылатын болды. Бірақ халықарада Тайваньды деребс мемлекет ретінде қарастырып, онымен дипломатиялық қатынас орнататын елдер әлі де бар. АҚШ та Тайваньнан мүлде теріс айналып кеткен жоқ, АҚШ-тың «Тайвань туралы» деп аталатын заңы да бар. АҚШ-тың кез-келген президенті сол заңға бағынуға және соның аясында әрекет етуге мәжбүр. Сол себепті Тайвань мәселесі  Қытай-АҚШ қатынасы тарихындағы мезгілімен жарылатын мина іспетті мәселеге айналды. Дэн Сияопиннің ұйқысын қашыратын да осы мәселе. Дэн Сияопин үнемі территориялық тұтастық пен АҚШ-Қытай қатынасының арасында азапты таңдау жасауға мәжбүр болып отыратын. Егер Тайвань ұлы құрлықпен біріксе, онда барлық бас ауру тарихтың қойнауына кетеді.

Тайваньды қосып алу дау тудырмайтын мәселе. Бірақ оны қалай жүзеге асырасың? Оны іске асырудағы таңдау екі-ақ түрлі: не мәселені соғыспен шешіп, қарулы күшпен басып аласың, немесе бейбіт келіссөзбен ерікті түрде қосыласың. Дэн Сияопин қарулы күш қолдану мүмкіндігін ешқашан жоққа шығарған емес. Бірақ қару қолданып, қан төгу ақылсыздық болады деп есептеді. Қытай халқы соғыстың қасіретін бір кісідей бастан өткерді. Қазіргі мәселе барлық күш-қайратты жұмылдырып, осы замандандыру құрылысын жүргізу. Мемлекеттің тұтастығы деп тағы бір рет ішкі соғыс ашудың бодауы адам айтқысыз ауыр болады. Тағы бір қырынан Тайвань да оңай шағылатын жаңғақ емес. Оның қарулы күштері де айтарлықтай жауынгерлік қуатқа ие. Қарудың өзін АҚШ-тан сатып алып отыр. Соғыс бола қалса, шығының шаш етектен болары дау тудырмайды. Қарапайым Тайвань халқына да обал. Басып алған соң, ол жердегі жағдайды орнықтырудың машақаты шаш етектен. Бұғаздың екі тарапында соғыс өрті туындай қалса, оның жалыны күллі шығыс Азияны шарпиды. Бұл енді ғана беті бері қарап келе жатқан Қытай мен шығыс-оңтүстік Азия елдерінің қарым-қатынасына салқынын тигізтіп, Азия-Тынық мұхиты аймағының бейбітшілігі мен шекара аймағының орнықтылығына кесірін тигізтеді. Тайвань қолыңда тұрған Тиан Ан Мын алаң емес. Онда отырғандар да қолында темірдің сынығы да жоқ сары ауыз студенттер емес. Көптеген батыс елдерінің Тайваньда өз мүддесі бар. Егер соғыс бола қалса, олар да қол қусырып қарап оытрмайды. Оның соңы Қытайдың АҚШ, Жапония, Еуропа елдерімен ара-қатынасын тығырыққа тірейді. Енді-енді қалыптасып келе жатқан дипломатиялық жетістіктерді селге кетірері даусыз. Осының бәрін қоса есептегенде, соғыс Қытайға шығыннан басқа түк те әкелмейді.

ХХ ғасырдың 50-60-жылдарында бұғаздың екі жағындағы билеуші партия - ҚКП мен Гоминдаң партиясы  елді біріктіруге жанталасқаны бар. Біреусі «Тайваньды азат етеміз» десе, енді бірі «ұлы құрлыққа қайтып ораламыз» деп ұрандататын. Екі жақ та қарсыластарының көзін құртып, өзіне қосып алуды армандайтын. Нәтижесінде, ешкім ешкімнің көзін құрта алған жоқ. Бірақ, жаулық пиғыл тереңдей берді. Қарап отырса, солай да солай отыз жыл жауласыпты. Осылай қасарыса берсе, күндердің күнінде қарулы қақтығыс болып, соғыстың өрті қайта тұтайтындығы сөзсіз. Соғыс шемен болып қатып, бітеу жараға айналады. Қанды қырқыс мемлекетті тұралатып, халықты қырғынға ұшыратады. Мәселені қарудың күшімен шеше алмайды екен, онда бір ғана жол қалады – Тайвань тәуелсіз ел болады да, өз алдына шаңырақ көтеріп, өз жолына түседі. Ұлттық бөлшектену деген тұйыққа тірейтін жол осы болады.

Дэн Сияопин көп жылдардан бері осы мәселелерді қайта-қайта ой елегінен өткізіп, мәселені шешудің жолдарын іздеп, сарсаңға түсті.

Баяғыда Жың Чыңгуң деген батыр Миң патшалығының соңғы кезінде Тайваньды Голландия отаршылдарының қолынан тартып алыпты. Кейінгілер оны ұлттық батыр деп әспеттейтін. Бірақ, кейін оның ұрпақтары Қытайды біріктіріп, Шиң патшалығын құрған шүршіттердің билігін мойындағысы келмеді. Шиң патшалығының императоры Каңшидің тұсында екі рет елші барып, бейбіт берілуге үгіттеді. Көріністе олар да кет әрі болмаған сияқты еді. Император өз уәдесінде тұрып, Тайваньдықтардың теңіз жағалауындағы аймақтармен сауда жасап, еркін барыс-келіс жасауына  рұқсат берді. Бірақ Тайвань билеушілері іс жүзінде императордың билігін қабылдай қойған жоқ. Тіпті өздерінің қуатты теңіз күштерін пайдаланып, теңіз жағалауы аймақтарына қарақшылық шабуыл жасайтынды шығарды. Оның соңы бәрібір қарудың күшімен бағындыруға жалғасты. Бұл жерде Тайвань билеушілерінің императормен жауласуы тым болмашы талаптардан өрбіген болатын. Батырдың ұрпақтары императорға оның дәргейіне бағынуға қарсы еместігін, бірақ өздеріне Корейлерге берілген мәртебедей арнай княздық құрып беруін және киім мен шаш қою үлгілері бұрынғыдай қала берсін деп талап қойды. Ал император болса: «Корей ежелден дербес патшалық, ол тек империяға бағынышты мемлекет. Ал Тайвань ежелден Қытайдың бір аймағы. Оларға княздық мәртебе және империя дәргейіндегі халықтардан өзгешелік болмауға тиіс», -  деп бір-ақ кесті. Осы жерде ойлайсың, киім мен шаштың үлгісінде қаншалықты принципті мәселе бар, сол үшін қан төгу керек пе еді деп.

Қытайдың мыңдаған жыл тарихына көз жіберсек, оның аумағы сан мәрте бөлініп, сан мәрте қосылыпты. Ал біртұтастанудың жолы түгелге жуық қан-қасап қырғын, қатыгез соғыстар арқылы жүзеге асыпты. Әрине, бірігу жолы қаншама ауыр болғанымен, бейбіт түрде бірігуге талпыныс та толастаған емес. Бірақ, күштілері әлсіз жағына адам қабылдай алмайтын ауыр талаптар қоятындықтан, астамшылдықтың ақыры соғысқа ұласатын. Билеушілердің қатыгездігі соншалық, олар өзімен иық тіресетін бірде-бір билеушінің жер басып жүруіне жол қоймайтын. Соғыстың кесірінен ел тозатын, халық азатын. Құтты мекендер құлазып, бос қалатын. Егер орталық билікті қолына алған хан-сұлтандар басқалармен билікті бөлісуге сараңдық танытпай, билікті бөлісуге мүмкіндік қойса, көп нәрселерді бейбіт реттеуге болатын еді. Тайвань мен ұлы құрлықтың ортасындағы дау-дамай да осыған ұқсас. Біреу социализм орнатам дейді, енді бірі капиталистік, демократиялық қоғамды түзімді орнатуға ниетті. Екі жақ та өліспей, беріспек емес. Бірінші жақ екінші жағын жайратып салғысы келеді. Екінші жағы да қарсы жағын жұтып қойғысы келеді. Және екі жағы да бір-бірінен өлердей сақтанады. Бұл туралы Дэн Сияопин: «Біз ұзақ жылдар жауласқан  елдермен де татуластық. Бұған қоғамдық түзім мен идеологиялық айрымашылық та кедергі болған жоқ. Ал, біз, Яңди мен Хуаңдидің ұрпақтары, олардан неге ары таман ойланбаймыз?! Қоғамдық түзімде айырмашылық болса, бірігуге болмай ма сонда?! Бір-бірімізді жер жастандырмасақ, көңіліміз көншімей ме?! Біз неге кеңірек ойланып, осы қоғамдық түзім мәселесін бір жаққа қайыра тұрып, мемлекеттің біртұтастығы мәселесін шешіп алуға неге болмайды?!» - деп ойлайтын.

1986 жылы 26-маусымда Дэн Сияопин Америка азаматы, тегі қытайлық профессор Яң Лиюйді қабылдағанда жоғарыда айтылған бір мемлекеттеге екі түрлі қоғамдық түзім туралы ойды оған тәптіштеп түсіндірді.  Ол көпшілікті кеңірек ойлауға үгіттеп: «Тайвань әкімшілігінің үш ұлттық принцип негізінде Қытайды бірлікке келтіреміз дегендігі ақылғка сыймайтын нәрсе. Ондаған миллион адам тұратын Тайваньның қазіргі қоғамдық түзімімен 1 млрд 100 млн адам тұратын ұлы құрлықпен бірдей болсын дегенді қалай қабылдауға болады?» - дей келіп: «Сол сияқты ұлы құрлықтың социализм арқылы Тайваньды бірлікке келтірем деген де қисынға саймайды, тек қарудың күшіне сүйенбесең. Қару қолданып, күшпен біріктіргеннің өзінде дүние қатты былығады. Қақтығыс толастаған күннің өзінде, ол азып-тозған, жүдеп-жадаған Тайвань болады. Біз, Қытай коммунистері, күл-талқан болып, шала-жансар күй кешкен Тайваньды көргіміз келмейді. Ал ешқайсымыз бір-бірімізді жұтып қоя алмайды екенбіз, онда шындыққа мойынсұнып, парықтарды мойындап, біртұтас болудың өлшемін төмендетейік. Екі жақ та бір-бірін жеп қоймайтындай, екі жақ та өзара қабылдайтындай әдіспен бұғаздың екі жағындағылар ортақтыққа ұмтылып, бір мемлекетке бірігіп, әрқайсы жақ өзінің қоғамдық түзімін, өмір салтын, құндылық көзқарасын өз бетінше сақтап, өмір сүре берейік. Сен өзіңнің үш ұлттық принципіңмен жүр. Мен өзімнің социализміммен жүрейін. Еш нәрсені бір-бірімізге зорлап таңбайық», - деген болатын. Бұл оймен қарағанда,  ең үлкен кедергі жойлады, енді екі жақ жата-жастана қалай бірлесу мәселесін ақылдасуына болады.

Дэн Сияопиннің Тайвань тарапынан ұсынған бейбіт келіссөзінің шарттары ерекше кең болды. Бірлескен соң, Тайвань Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы ретінде өмір сүреді. Көріністе аймақтық билік болғанымен, Қытайдың басқа өлкелерімен автономиялы губернияларынан да жоғары ерекше құқық беріледі. Ішкі саясатты өз қалауынша жүргізеді. Қазіргі қоғамдық және экономикалық түзім, өмір салты өзгеріссіз қалады. Әділет жүйесі дербес болады. Түпкі төрелік айту құқығын сақтап қалады. Ол үшін Бейжіңнен нұсқау күтудің қажеті жоқ. Тек біртұтас мемлекеттік мүддеге залал келтірмесе болды. Қытай өз мансаптыларын Тайваньға жібермейді, Тайваньның партия, әкімшілік және әскери жүйесін түгелдей Тайваньның өзі басқарады. Ал орталық үкімет Тайваньдықтар үшін арнайы квота белгілеп, жоғары шенді мансаптар ұсынып отырады. Тайвань сыртқа қарата өзінің экономикалық-мәдени байланыстарын жалғастыра береді. Тек аты ғана өзгереді. Онда «Қытайдың Тайваньі» деген сияқты бұрынғыдай «Қытай Ұлттық Республикасы» деген атауды ғана қолданбайды. Халықарада Қытайға тек ҚХР ғана уәкілдік етеді.

Бұл жерде армияның мәселесі өте күрделі сұрақ болатын. «Егер шынымен біртұтас мемлекетке бірігетін болсақ, не себепті сыртқы дипломатиялық байланыс пен қорғаныс саласы біртұтас болмайды?», деген сұрақ өз-өзінен туындайды. Гонконг мәселесінде Дэн Сияопин ол жерге әскер тұрғызудың қажеттілігін ашық мәлімдеген болатын. Ол: «Гонконг шынымен Қытай территориясы болса, онда не себепті біздің әскерлер тұрмауы тиіс?! Ол жерде тұратын Қытай армиясынан тыс, Қытайдың Гонконгқа иелік құқығының бар екендігін растайтын қандай белгілер бар?», - деген болатын. Бірақ ол Тайвань жөнінде бұлай ойламайтын. ҚКП мен Гоминдаң партиясы 40-жылдардың орта шені мен соңына дейін армияға байланысты мәселеде келісе алмаған болатын. Егер Қытай Тайваньға әскер тұрғызам десе немесе Тайвань армиясын өзіне қосып алам десе, Тайвань әкімшілігі мүлде қабылдай алмайтындығы шындық. «Мен сені жеп қояйын деген ниетім жоқ» деп қанша жерден қасам ішсең де, олар бәрбір түсінбейді. Дэн Сияопин бұл мәселені ауызға алудың да қажеті жоқ деп шешті. Бірлескеннен кейін Тайвань өз армиясын сақтап қалуына да болады. Ол бұл ойын Гонконг пен Тайваньның жағдайы өзгеше болуымен түсіндірді: «Аталуда Тайваньның армиясы болғанымен, іс жүзінде ол -Қытайдың армиясы. Болашақта оның атын «мемлекеттік армия» демей, басқа бірдеңе деп атайық. Қалай атау керектігін келіссөз барысында ақылдасамыз», - деп ойлады.

Дэн Сияопин: «Бірлесуді жүзеге асырудың үйлесімді моделін қарастыру үшін ҚКП мен Гоминдаң партиясы тең құқылы диалог орнату керек. Сол арқылы екі партияның үшінші реткі істестігін қалпына келтіріп, емін-еркін, бүкпесіз ақылдасу керек. Бұл жерде орталық үкімет пен жергілікті үкімет деген сияқты ат қойып, айдар тағудың қажеті жоқ. Екі жақ келіскеннен кейін, ресми түрде әлемге жариялаймыз. Бірақ, сыртқы күштердің араласуына жол жоқ», - деген ойын білдірді.

Шынында, бұл жобаларды көңілге қонымды деп қабылдауға болатын сияқты. Былай қарағанда, бірлескеннен кейін  Тайвань тарабы мемлекеттік ту мен гербті ғана өзгертеді. Қалғаны сол қаз-қалпында қала береді. Мұндай бірлесудің Тайвань үшін қандай зияны бар? Тайвань әкімшілігі өз Отанының алдында ұятты болып қалам-ау деп алаңдаудан мәңгі арылады.

Дэн Сияопиннің бейбіт бірлесу үшін ұсынған шарттары мен шын пейілі Тайвань тарабын да ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Себебі, қандай шарт, қандай талап болса да ақылдасайық, сөйлесейік, шешейік дегеннен басқа не істей алушы еді? Осымен бір уақытта Дэн Сияопин бейбітшілікке жатпайтын тәсілдерден біржола бас тарту жөнінде уәде берген жоқ. Ол мұны: «Біз мұндай уәде бере алмаймыз. Егер Тайвань әкімшілігі бізбен мәңгі келіссөзге отырмаса, сөйлеспесе, біз мемлекетімізді біріктіру мәселесін мәңгі бір жаққа ысырып қоя алмаймыз ғой. Әрине, қару қолдануға ешқашан асықпаймыз да. Бірақ, қажет болса, қару қолданатымызды да жоққа шығармаймыз. Міне бұл стратегиялық тұрғыдан  ойланған тәсіл», - деген болатын.

Тиімді шарттардың табалдырығы тым аласа болғандықтан, Тайвань тарабы келіссөздің осы шарттары аясында келіссөз жүргізуге, басқа шарттарды қоймауға тиіс болатын. Мүмкін, Тайвань тарабы өздерін «жергілікті әкімшілік» деген мәртебеге мойынсұнғысы келмейтін шығар. Ол да коммунистік партиямен тең құқылы болуды армандайтындығы табиғи нәрсе. Бірақ ондаған миллион халқы бар Тайваньға 1 млрд 100 млн елді басқарып отырған партияға «сен жергілікті үкімет бол» деп айту ыңғайсыз шығар. Бір мемлекетте бір ғана орталық үкімет болады. Ал екі орталық үкімет болып, ол тең құқылы жағдайда болса, онда баяғы бір Қытай мен Тайвань болып бірлесудің мәні де қалмайды. Бір мемлекетте қос үкімет болуы ақылға сыймайды. Ал саған автономия керек пе ? Саған автономияның ең жоғары шегі ұсынылды. Дербес армия ұстайсың, бұдан жоғары қандай автономия болуы мүмкін? Ал түп-түгел автономия боламын десең, оның дербес мемлекеттен қандай парқы бар? Онда сол баяғы екі Қытайға бөлінген мемлекет болмағанда несі қалды? Егер мұндай принциптік мәселелер саудаға салынатын болса, онда бірігу жөнінде ізгі тілек пен ниеттің болмағаны. Дэн Сияопиннің бұл стратегиясы Тайвань тарапынан  дербестікке ұмтылу жолын және соған сылтау іздеуінің жолын біржола кесіп тастады.

Ол Америкалықтарға: «Бір мемлекетте екі түзім қолдану әдісі Қытайдың біртұтастану мәселесін шешіп қана қоймай, Америкалықтардың мүддесіне де зиян келтірмейді», - деп сендірді. Дэн Сияопиннің ойынша Америкалықтар Тайваньмен баяғыдай сауда-саттығын жасай береді, араласып-қораласып тұрады. Бірақ тек Қытайдың бір өлкесімен байланыс жасағандай болады. Мұнда Бейжіңнің ұстанымын құрмет тұтуға тиіс. Ендігәрі Тайваньды ҚХР бағыттаған «мәңгі батпайтын авиатасымалдағыш кеме» ретінде пайдалануды қою керек.

Әрине, Дэн Сияопиннің бұл ойлармен келіспейтіндер де болмай қалған жоқ. «Мұндай бірлесу тек қана аты ғана, іс жүзінде бірігу атымен болмайды» дейтіндер де табылды. Ескі өлшемдермен қараса, олардың айтқанында да қисын бар. Ал тереңірек үңіліп қараған адамға оның қандай қатысы бар? Іс жүзінде бірікті ме, бірікпеді ме – ол тек Қытайдың ішкі мәселесі болып қалады. Шынайы бірлесуді қоя тұруға да болады. Қазірше сол атақтың өзі де жетіп жатыр. Тайваньды Қытай территориясының бір бөлігі ретінде әлемдік қауымдастық мойындайтын болады. Ал оның қоғамдық түзімі тіпті еш нәрсе өзгермесе де, жағдай тұрақтанады ғой. Кейбіреулердің Тайвань  мәселесінен бүйректен сирақ шығаратын саяси ойыны осылады. Қытай-АҚШ қатынасындағы ыстық нүкте өздігінен жойылады. Ендігәрі Қытайдың жүйкесіне ши жүгіртпекші болса, басқа әдіс-тәсілдерді қарастыруға мәжбүр болады.

Егер Дэн Сияопин ойлағандай жағдай тұрақтанса, халыққа да есеп беру жеңілдейді. Бұл жерде Дэн Сияопин қолданып отырған стратегия - тек кеңдік стратегиясы.  Бір оқ шығын қылмастан, бұрынғылар іске асыра алмай кеткен бітұтас мемлекет құру арманы іске асатын болса, ұлы құрлықтағылар неден ұтылып, нені жоғалтады? Тайваньның саяси орны тұрақталады. Тіпті ол қанша жерден ерекшеленгенімен, ол Қытайдың жергілікті үкіметі ғой. Мұндай бірлесу идеясы кейбір астам пиғылдағы саясаткерлерді құмарынан шығармайтын шығар. Олар Тайвань билігін түп-тамырымен жұтып қойғанда ғана айызы қанатындығы шындық. Дэн Сияопин ондайларға да жалықпай басу айтатын: «Біз Қытайша ерекшелікке социализм құрып жатырмыз. Тайваньда да аса ақылды ұлттық буржуазия қалыптасқан. Ғылым-техникалық әлеуеті де ешкімнен кем емес. Қайта осылай гүлденіп, көркейіп тұра бергені жақсы емес пе?! Ендігәрі екі жақ бір-біріне қару кеземейді. Біз де Тайвань дербес болып кетеді деп, шет елдіктер ол жерге қол сұғады деп алаңдамаймыз. Екі түрлі қоғамдық түзімнің өзара қайшылығы болса – ол бәрібір ішкі қайшылық. Бәрі де ақырын-ақырын шешіледі».

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

1 пікір