Жұма, 19 Сәуір 2024
Ақмылтық 3192 5 пікір 23 Мамыр, 2022 сағат 14:59

Каспаров: Путиннің диктатурасы күйрейді

«Ресей қоғамы Украинадағы соғыстан ұтылатынын әлі түсінбейді, ал бұдан Владимир Путиннің диктатурасы аман қалмайды. Сондықтан Киевке жеңіске жетуге көмектесу керек», деді Ресей оппозициясының өкілі Гари Каспаров Вильнюске сапары кезінде.

«Шын мәнінде, қазір халықаралық саясаттың міндеті – ереже сақтағысы келмейтін елдерді ережеге бағынуға мәжбүрлеу. Өйткені нақты халықаралық міндеттемелер, келісімдер бар. Сонымен қатар халықаралық ұйымдардың Путинді көптеген жыл бойы жазасыз қалдыруы бізді қазіргі жағдайға алып келді» - деді Каспаров.

Ол сондай-ақ, шахмат ойынындағыдай, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы тең нәтиже бере алмайтындығын атап өтті.

«Бұл соғыста тең нәтиже болмайды. Украина әлі де жеңіске жетіп, бүкіл аумағын босатады», - деді ол.

Оппозиционер сондай-ақ, Ресейге қарсы санкциялар Украинаның әскери шығындарын өтегенге дейін және әскери қылмыстар үшін кінәлілер жауапқа тартылғанға дейін қолданылатынын атап өтті.

Каспаровтың пікірінше, соғыс жылдар бойы жалғаспайды және жағдай биыл толығымен шешілуі мүмкін екен.

Саясаткер сонымен бірге, Ресей соғыстан кейін «қазіргі территориясын» сақтамайды және оның кейбір аумақтары бөлінеді деп болжады. Өйткені Ресейдің Украина соғысындағы жеңілісі болып жатқан процестердің катализаторына айналады.

Abai.kz

5 пікір