Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 2589 17 пікір 19 Мамыр, 2022 сағат 17:17

Дақпырты басым қойылым: Болат Әбіловтың жаңа партия құру туралы бастамасы..

Биылғы жылдың наурыз айында өзінің саяси партия құратынын жариялаған Болат Әбілов ақыры бұл туралы ресми мәлімдеме жасады. 9 жылға созылған «шырт ұйқыдан» кенет оянған «ескі оппозиционердің» жастық максимализмге ұрынған жеткіншектей безек қағуының артында – ағайынды Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндер тұр деген сыбыс бар...

Бұл әрине, уақыты келгенде ашылатын әңгіме. Қазір партия туралы тарқатайық. «Bizdin Tandau» атауына ие болған партияның таныстырылымы Алматы қаласындағы қонақ үйлердің бірінде өтті. Құрылтайшылардың құрамы тіпті қызық. Мысалы, «қанды қаңтар» оқиғаларынан кейін аяқ астынан саясатқа бет бұрған жас суретші Олжас Мұхамеди. Олжастың айтуынша 2001 жылы «Қазақстанның демократиялық таңдауы», кейін «Ақ жол» партиясының пайда болу үрдісін қызыға бақылаған. Осы арқылы өскенде саяси қозғалыстарға қатысуды армандаған-мыс. Жаңа партияның логотип кескінін де осы жас суретші әзірлеген болып шықты. Бұрынғы «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» логотипін қатты еске түсіреді демесеңіз, жас суретшіні талантты деп атауға болатын еді...
Олжас Мұхамеди қаңтар оқиғаларынан кейін белсенділіктері, соның ішінде саясатқа деген тәбеттері күрт артып, бас-көз жоқ оппозицияның жыртысын жыртып жүрген шығармашылық топтың өкіліне жатады. Күні кешеге дейін саясатты мүлдем керек қылмаған жандар кенет әлеуметтік желілерде «бейбіт шерушілердің қырылғанын», «Ресейдің агрессиясын» көпіртіп жазуды әдетке айналдырды. Салдарынан қазір көрші елдегі Марго Симонян мен Тигран Кеосаян сынды арандатушылардың іздеген іріткісіне оңай олжа тауып беріп отыр..

Жаңа құрылатын партияның тағы бір мүшесі – белгілі журналист-белсенді – Бэлла Орынбетова. Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда жеңіске жетіп, өзінің бірінші саяси реформалар пакетін жариялаған тұста – қатарында Бэлла бар біраз белсенділер «Оян» ұранымен «оянған» еді. Одан бері үш жыл ішінде, елдегі саяси өзгерістердің қандай қарқынмен алға жылжығанын санасы ояудың барлығы көріп-біліп отыр.. Тек, Бэлла мен оның пікірлестері емес. Өздері Президент Тоқаевтың еркіндікті тежеп жатқанын айтудан жалықпайды-ақ. Партияның таныстырылымында да өз білгенінен жаңыла қоймаған Бэлла ханым келешекте «қаңтар оқиғасынан» қаза тапқандардың тізімін түгел жариялаймыз деп уәде берді. Бірақ, оның бұл шешіміне қаза тапқандардың туыс-туғандары қалай қарайтынын қаперіне де ілмеген сияқты..

Бастамашы топтың тағы бір танымал мүшесі – марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың ағасы – Рысбек Сарсенбайұлы. Әр жерлерде даңғаза ұрамен, дау тудырып жүретін Рысбек мырзаның жаңа партиядағы орны, Болат Әбіловтың айтуынша – қалыптасқан дәстүр бойынша партия ақсақалы болатыны белгілі болды.

Жаңа партияның бағытын таныстырған Болат Әбілов басты мақсатымыз – жаңа конституция қабылдау арқылы суперпризиденттік режимді парламенттік республикаға ауыстыру деп уәде берді.

«Біздің қызметіміз қуатты демократиялық билік институттарымен тұрақты және құқықтық мемлекет құруға бағытталған. Біздің миссиямыз − адам өмірінің, бостандықтың, әділдіктің, қадір-қасиеттің және құқық үстемдігінің құндылығы негізінде Қазақстанды нығайту», - деп мәлімдеді. Партияның келесі маңызды мақсаты – «экономиканы кәсіпкерлік еркіндік, жеке меншікке қол сұқпау, бәсекелестік қағидаттары негізінде құру» екен...

Оның айтуынша бұндай жүйе – тәуелсіз және әділ сот қызметіне, барлық облыстар әкімдерін сайлау және мәслихат құрамын кеңейту, басқаруды орталықсыздандыру сияқты ұстанымдарға негізделуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, Әбіловтің ҚДТ қозғалысының 2001 жылғы үлгісі негізін қалаушылардың идеяларына жиендік жасағанын аңғару қиын емес.
Өңір әкімдерін сайлау ол кезде де, қазір де мүмкін емес екендігі көзі қарақты жұртқа белгілі. Ол үшін ең алдымен қоғамның саяси мәдениеті көтерілуі керек. Дегенмен, бұл тақырып туралы ұран көтеріп, саяси популизмді қыздыруға әбден болады және оны біздің Бутя толық түсінеді. Облыс әкімдерін сайлауға жол беру – елді сепаратизмге бастайтын себеп болатынын Алматыдағы қаңтар тәртіпсіздігі дәлелдеп берді. Бүлікшілер елдің оңтүстігін Қазақстаннан бөліп шығарып, оны бандиттік-экстремистік анклавқа айналдырғысы келгені қазір белгілі болып отыр. Ал біздің Бутя бүлікшілердің сол кездегі іске аспай қалған жоспарын қайта жандандыруға жағдай жасағысы келетіндей..

Болат Әбілов сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорын таратып, Қазақстанды Еуразиялық экономикалық одақтан (ЕАЭО) және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан (ҰҚШҰ) шығарғысы келетінін мәлімдеді. Тек, одан кейін, мұхитқа шығу мүмкіндігі жоқ еліміздің ұзын-сонар ортақ шекарасы бар Ресеймен қандай қарым-қатынас жасау керектігі туралы сұрақ толғандырады. 19 миллион халқы бар нарықты жұтып жіберуге дайын отырған Қытайды есепке алмағанда.

Жоғарыда айтқанымыздай, бойындағы жастық максимализмнің буы әрі тарқамаған Болат Әбілов орындалуы күмәнді саяси ұрандарды ту қылып көтеретін популизм жолына тағы да мықтап түскен сияқты.
Себебі «Bizdin Tandau» партиясы тек қаңтардағы оқиғаларды ғана емес, Ашаршылық, Желтоқсан-1986, Жаңаөзен-2011, Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбаевтың және басқа да қоғам қайраткерлері мен журналистердің өліміне қатысты тәуелсіз комиссиялар құратынын да айтып қалды.

Ұлтшыл-патриоттарды делебесін қоздыру үшін ғана айтылған тұнып тұрған жалаң ұран екені белгілі. Әйтпесе, мұның барлығын іске асыру үшін саяси партия құрып, әуре болудың қажеті де шамалы ғой..

Міне, осылайша, Әбілов елдің саяси кеңістігіне популистік ұранға толы іске аспайтын идеялары бар тағы бір саяси ұйым туралы жария етті. Өзін қой бастаған серкедей сезінуі үшін айналасына саяси салмағы шамалы адамдарды да топтастырғаны көрініп тұр. Жаяу жүріп-ақ, саясат алаңында қою шаң шығармақ ниеті бар. Барлығына уақыт төреші. Ал бізде бұл қойыртпақ қойылымды сыртынан қызықтап отырудан басқа амал жоқ..

Abai.kz

 

17 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616