Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 2178 2 пікір 19 Мамыр, 2022 сағат 12:00

Е.Қошанов: Абай облысының шаңырағын халқымызбен, Президентімізбен бірге көтереміз

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов референдумның мән-маңызын түсіндіру үшін жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Алдымен Семей қаласында болып, өңір жұртшылығымен кездесті.

Ерлан Қошанов жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазір елімізде ауқымды өзгерістер болып жатқанын айтып, өңір халқын Абай облысының құрылуымен құттықтады.

Семей – Алаш арыстарының басын қосқан қазақ руханиятының қара шаңырағы. Сондықтан тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, аумақтық жағынан, халық саны жағынан алсақ та, әділ шешім болды деп ойлаймын. Ендеше, сіздерді сол тарихи әділеттіліктің орнауымен шын жүректен құттықтаймын, – деді Палата Спикері.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, Президенттің Абай облысын құру туралы шешімі аймақтың одан әрі  өркендеуіне тың серпін береді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, инвестиция тартылады және кәсіпкерліктің дамуына жаңа мүмкіндіктер пайда болады.

Абай өңірі, Семей жері тарихтың жаңа парағын ашты. Біз Абай облысының шаңырағын халқымызбен, Президентімізбен бірге көтереміз. Осы істе Парламент Мәжілісі, «AMANAT» партиясы да сіздермен бірге болады, – деді Мәжіліс Спикері.

Ерлан Қошанов ел тағдырын айқындайтын үлкен мақсат-міндеттерге тоқталып, ол жалпыхалықтық референдумнан басталатынын атап өтті. Мәжіліс Төрағасы жиналған қауымға Мемлекет басшысы реформаларының мән-маңызын түсіндіріп, «Жаңа Қазақстанның» келешек келбеті жайлы өз ойымен бөлісті.

Расымен де, Жаңа Қазақстан дегеніміз не? Қазір ең жиі қойылатын сұрақ осы. Президент жуырда бұған нақты жауап берді. «Ол – Әділетті Қазақстан» деп дөп басып айтты. Ал «жаңа қазақстандық» қандай болуы қажет? Мұны осы топырақта туған ұлы Абай 1 жарым ғасыр бұрын айтып кеткен. Ол – бес нәрседен қашық боп, бес нәрсеге асық болуы керек. Қарап отырсаңыздар, Абай философиясы Президентіміздің «Жаңа Қазақстан» туралы көзқарасымен толық үндесіп тұр. Сондықтан жастарды білімге, еңбекке баулу, осы бес қасиетті бойына сіңіру маңызды, – деді Палата Спикері.

Ерлан Қошанов Президент реформаларының жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта Парламенттің рөлі күшейетініне, еліміздің сайлау жүйесіне де бірқатар өзгерістер болатынына мән берді. Әсіресе, әкімдер сайлауы – көпшілікті қызықтыратын тақырыптардың бірі.

– Бұл тақырып ел арасында жиі айтылып жүр. Біз оған кезең-кезеңмен келе жатырмыз. Былтыр елімізде 1 мыңға жуық ауыл әкімін халықтың өзі сайлады. Келер жылы аудан әкімдерін сайлауға кірісеміз. Алдағы кезеңдерде бүкіл ауыл, аудан, қала әкімдері халықпен тікелей сайланатын болады. Облыс басшыларын тағайындау мәселесіне келер болсақ, бұрын Президент ұсынған жалғыз кандидат 20-30 облыстық мәслихат депутатымен келісілетін. Енді Мемлекет басшысы тарапынан кем дегенде екі үміткер ұсынылады. Оны барлық деңгейдегі мәслихаттар, аудан, қала, облыс депутаттары таңдайтын болады, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Жиында облыстың қоғам өкілдері сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының референдум өткізу жөніндегі бастамасы мен барлық реформаларды қолдайтындықтарын айтты.

Одан әрі Мәжіліс Төрағасы Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасы ұжымымен кездесті, еліміз бойынша қабырға материалдарын шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі  «Силикат»  зауытында болып, жұмысшылармен әңгімелесті. Сондай-ақ, мүгедектерге арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысымен танысты.

Сапар барысында Ерлан Қошанов Абай ауданындағы Қарауыл ауылына барып, жұртшылықпен кездесті. Онда Президент бастамаларының мән-маңыздылығын түсіндіріп, ауыл зиялылары мен тұрғындарының пікірін тыңдады.

– Елімізде Қарауылды білмейтін қазақ жоқ шығар. Бұл – адамзатқа ғұлама Абайды сыйлаған қасиетті топырақ. Осында сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. «Жаңа Қазақстан» құруға бағытталған Мемлекет басшысының саяси реформалары төңірегінде өздеріңізбен әңгімелесу үшін арнайы келдім. Президент ел тағдырын – қалың жұрттың өзі шешкенін қалап отыр. Осынау жауапты кезеңде халық пен билік біртұтас болуымыз керек. Осы жолды Мемлекет басшысына қолдау білдіріп, референдумға бір кісідей атсалысуға, тарихи таңдау жасауға шақырамын, – деді Палата Төрағасы.

Кездесуге келген зиялы қауым өкілдері Абай ауданы жұртшылығының реформаларды жақсы қабылдап жатқанын және оның маңызын ескере отырып, алдағы референдумға атсалысатындарын айтты.

– Бұл реформалардың бәрі халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап береді. Біз оны жақсы түсінеміз. Елдің иесі, жердің иесі – халық деген сөз жүрегімізге жақын тиді. Президентіміз жұмысқа кіріскен күннен бастап осы демократиялық процестердің жүзеге асуын сөз етіп жүр. Біз оны толық қолдаймыз, – деді Абай ауданының құрметті азаматы Амантай Мұқатаев.

Кездесу соңында жиналғандар Президентке Абай облысының құруға ұйтқы болғаны үшін күллі аудан атынан шынайы алғыс айтты.

– Облысымыз құрылып жатыр. Зор мақтанышпен, үлкен үмітпен қарап отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына біздің сәлемімізді жеткізіңіз. Абайлықтар мен Абай ұрпақтары шексіз алғысын білдіреді. Өңіріміздің гүлденуіне бәріміз бір кісідей атсалысамыз, – деді Абай ауданының құрметті азаматы Төлеген Жанғалиев.

Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы Қарауылда орналасқан Абай атындағы мектеп-гимназиясын аралап, мұғалімдермен және оқушылармен кездесті.

 

Abai.kz

2 пікір