Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Референдум 29976 9 пікір 18 Мамыр, 2022 сағат 14:35

Ата Заңды өзгерту – алдымен халық үшін керек

Ата Заңды өзгерту билік үшін емес, ең алдымен халық үшін керек. Сондықтан халық алдында нақты, түсінікті  сұрақтар қойылуға тиіс, өйткені  әр азаматтың түсінігі, білімі, ойы, пайымы, интелектуалы әр қилы.

Бұқаралық ақпарат құралдарына басылған Конституцияға  өзгерістер енгізу туралы жобаны оқып (33 бап), түсініп жатқан адамдар пайызға шаққанда саусақпен санарлық деп ойлаймын.  Өйткені, Конституцияның  «мына бабы толықтырылсын», «мына бабы осындай болып өзгертілсін», «басқа бабы алынып тасталсын» деген ұсыныстар  қарапайым халық тұрмақ, кәсіби заңгерлердің түсінуіне қиындық тудырады. Ол үшін Ата Заңның өзін алып, болатын өзгерістерді салыстыра отырып қарау керек.

Шындығын айтқанда, жалпыхалықтық референдумның қарсаңында жасалған Конституцияның жаңа жобасын қарапайым халықтың бәрі қолына қалам алып, жіті тексеріп, салыстырып шығатындығына сену қиын. Дауыс беруші азамат бір, не бірнеше  өзгеріспен  келісуі мүмкін де, керісінше, ол басқа өзгерістермен, толықтырулармен келіспеуі де мүмкін. Сонда референдумда халық Ата Заңның жаңа нұсқасына қалай дауыс береді – сол жағы түсініксіз.

Меніңше, Жаңа Қазақстанға мүлдем Жаңа Конституция қажет.

Тағы бір айтарым жер мәселесі туралы. Өйткені жер – қазақтың жаны, жүрегі, тынысы. Сондықтан Ата Заңда «қазақ жері ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді және  ол норма  ешқашан, қандай жағдайда болмасын өзгертілуге жатпайды» деп, тайға таңба басқандай етіп   жазылуы керек. Жер  азаматтарға және заңды тұлғаларға тек пайдалануға беріледі, оның шарттары, тәртібі және мерзімдері заңда белгіленеді деп айқындалуы қажет. Себебі Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ұрпағына мынандай өсиет қалдырып кеткен екен: «Жер, жер және жер. Өйткені, жерсіз Отан жоқ! Жерсіз адам жоқ. Жерсіз мемлекет болмайды! Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек».

Біз емес,  стратегиялық мықты, алып мемлекет Қытайда да жер сатылмайды.

Күнделікті өмірде, көпшіліктің жиі айтатыны:  сот тәуелсіз болуы керек, ол тек Конституция мен  заңдарға ғана бағынуы керек.

Соның үшін  елімізде Конституциялық сотты қайта құруды толық қолдаймын. Алайда Конституциялық соттың құрамының төрт судьясын   Президент ұсынатыны және оның төрағасын Сенаттың келісімімен Президент тағайындайтыны, сонымен қатар, Конституциялық соттың төрағасының орынбасарын сол төрағаның ұсынысымен тағы да Президенттің тағайындауы – бұл сотты тәуелсіз ете алмайды, қайта билікке тәуелді етеді. Қалған үш-үш судьяны Мәжіліс пен Сенат сайлайды. Сайлаудың қалай өтетіндігінің процедурасы  белгілі. Сенат – шындығын айтқанда, тікелей Президентке бағынышты орган.

Тәуелділік болған жерде қайдағы әділеттілікті айтуға болады? Сондықтан әділетті қоғам орнатқымыз келсе, Сот әділетті әрі шын мағынасында тәуелсіз болуы керек.

Бұл өзгерістерде, сонымен қатар, ең басты сұрақ – Мемлекеттік тіл туралы мәселенің көтерілмегені болып тұр. Өкінішті-ақ! Тіл мәселесі –  ең басты мәселе деп ойлаймын. Ол неге басты мәселе?  Себебін айтайын.

Бұл жайында  ғұламалар мен ойшылдар не дейді екен –  алдымен соларға бір жүгініп алайық.

Г.Гете: «Ұлт тілінде сөйлемеген адам жаңалық ашып, жақсылық әкелмейді». Жүсіпбек Аймауытов: «Орыс тәрбиесін алған бала ешуақытта ұлт қызметкері бола алмайды». В.Даль: «Кім қай тілде сөйлейді, ол сол ұлттың өкіліне жатады». М.Қашқари: «Ұлттық  тәрбиенің ең басты негізі – тіл». М.Ганди: «Отаршылардың тәрбиесінен шыққан элита – өз халқының ең басты жауы».  Мағжан Жұмабаев: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың кеми бастағанын көрсетеді.Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады».

Бұл айтылған шыншыл ойлардан туындайтын ұлттық мемлекет үшін басты қорытынды: ол – Тіл, Тіл және Тіл.

«Халық өз тілінен айырылған кезде әрекетінен де айырылады» деген тәмсіл бар. «Көптілді, көпділді, көпдінді мемлекеттердің өмірі ұзаққа бармайды», – депті Мұстафа Кемел Ататүрік.

Осы айтылғандарды қорыта келгенде, менің түйгенім:

Мемлекеттік  қызметкер бола  тұра мемлекеттік тіл – қазақ тілін  білмеу, ол тілде сөйлемеу – қазақ мемлекетінің қадір-қасиетін түсінбеу,  елді сыйламау, әрі қорлау  деп білемін.

Қазақ тілі жойылса – қазақ ұлты да жойылатынын ұмытпайық деген жан айқайым – бұл.

Советхан Сәкенұлы,

Алматы қалалық сотының судьясы

Abai.kz

9 пікір