Сенбі, 20 Сәуір 2024
Дей салдым-ау 3451 2 пікір 18 Мамыр, 2022 сағат 13:10

Рахмонның тағы немесе тәжік неге толқыды?

Орталық Азия елдерінің ішінде соңғы он жылдықта билігі ауыспаған бір ғана ел қалды. Ол Тәжікстан. Тәжік басшысы Рахмон 1994 жылдан бастап тақта отыр. 

Рахмон билігі елде қандай да бір реформа жасаған емес және ел халқының әлеуметтік жағдайы жыл өткен сайын нашарлап барады. Эмомали билікті ұстап қалуда ішкі элитаның бірлігімен қатар, сыртқы күште Ресейге сенім артады. Сондықтан да Ресейдің ең ірі әскери базасы Тәжікстанда орналасқан. Ресми Ауғанстаннан төнетін қауіптен Орталық Азияны сақтау мақсатында тұрған база, екінші жағынан Рахмон тағының кепілі десек те болады.

Соңғы жылдары Тәжікстанда әлеуметтік-экономикалық жағдай күрт нашарлады. Душанбе кен орындарының бірқатарын Қытайға ұзақ жылға жалға беру арқылы бюджет шығынын толтыруға тырысуда. Алайда оның екінші бір кері әсері бар, ол Орталық Азияға Қытайдың ентелеп енуіне жол ашуда. Бейресми деректерге сүйенетін болсақ Орталық Азиядағы Бейжіңнің алғашқы әскери негіздегі құрылымдары дәл осы Тәжікстанда пайда болған және олар әзірге Қытай жалға алған кеніштерді күзетумен айналысуда. Бұл жергілікті халық пен қытайлық жұмысшылар арасында қақтығыстарды бірнеше мәрте туындатты.

2020 жылы Тәжікстанда әлеуметтік жағдай күрт нашарлады. Оған әлемдік коронавирус пандемиясы әсер етті. Мемлекет елде вирустың барын ұзақ уақыт жасырып келсе де, ақыры пандемияның барын мойындауға мәжбүр болды. Себебі халықаралық вакцияна алу жобасынан шет қалуды қаламады, сонымен қатар медицина саласы орасан ауыртпалықты көтере алмайтыны нақты белгілі болды. Елде осы уақытқа дейін ресми 18 мың адам вирус жұқтырған және вирустан 125 адам көз жұмған. Ал шындығында тәуелсіз сарапшылар Тәжікстанда вирус жұқтырғандар саны жарты миллионнан асады дегенді айтады.

Вирустың тарауы Тәжікстанның медицина саласына ғана ауыртпалық түсіріп қоймай, сонымен қатар шетелдегі Тәжікстаннан кеткен еңбек мигранттарына ауыр соқты. Басым бөлігі Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттары Тәжікстанға қайтуға мәжбүр болды және елдегі жұмыссыздық саны артып, халықтың билікке деген наразылығы күшейді.

Жығылғанға жұдырық дегендей 2022 жылы Ресей билігі Украинаға соғыс ашып, әлемдік қауымдастық басқыншы елге санкциялар сала бастады. Ресейден инвесторлар сыртқа кетті және көптеген компаниялар Ресей аумағынан кетуді ұйғарды. Бұл өз кезегінде Ресейді мигранттар үшін тартымсыз ете түсті және Ресейге салынған санкциялар еңбек мигранттарының табысына әсер етті. Осылайша соңғы үш айда Тәжікстанда мигранттар тарапынан жіберетін қаржы көлемі азайған.

2021 жылы Таулы Бадақшан автономиялық облысында арнайы операция өтіп, күштік құрылымдар күдікті деп тапқан тұлғаны тұтқындау барысында күдікті көз жұмған болатын. Бұл халықтық толқуларға әкеліп, Хорог қаласында бірнеше мың адам жиналған наразылыққа ұласты. Наразылық барысында қақтығыс болып, тағы бірнеше адам көз жұмды. Алайда тәжік билігі ол жайтты жауып қалуды жөн санады. Аталмыш оқиғадан кейін Таулы Бадақшан аймағындағы жағдай ушыға түсті, ал орталық тараптан тексеріс күшейді. Мамыр айында тұтқындаулар қайта басталды, бұл жергілікті халықтың наразылығын тудырып, наразылық тағы да қақтығысқа ұласты. Күштік құрылымдар халыққа резеңке оқ атып, көзден жас ағызатын газ қолданды. Бейресми дерек бойынша бір адам қаза тапты.

Сарапшылар Таулы Бадақшандағы толқулардың ресми себебі тұтқындаулар деп аталса да, шындығында халықтың әлеуметтік жағдайы, биліктің реформа жүргізбеуі және экономикалық өсімнің жоқтығы себеп деп атады.

Сарапшылар Тәжікстанда билік ауысудың алдында тұр деген болжам жасауда. Рахмон билікті сенімді тұлғаға өткізу жолын ойластыруда, алайда режимді сақтап қалуға лайықты кандидат ретінде әлі ешкімді таңдамаған-мыс.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

2 пікір