Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 3151 3 пікір 17 Мамыр, 2022 сағат 15:28

Қазіргі Украина, басқа Украина

Украина әскері күн өткен сайын өз елді мекендерін азат етуде.
Бұл соғыстың ақыры немен бітетінін әлем жұртшылығы түсініп сол күнді тықыршып асыға күтіп жүргендей.

2020 жылы Әзірбайжан әскерінің жойқын шабуылына ұшыраған әрмендер табандары жалтырап қашумен әлек болған еді.

Сонда әрмян қоғамы танауының астынан міңгірлеп "Әзірбайжанның артында түріктер тұрмағанда бүйтер едік, сүйтер едік" дегендей боп еді. Ол бейбақтар сонда көршілерінің әскер қуатының қаншалықты өсіп кеткенін де сезбепті. Ақыр аяғы Әзірбайжаннан жермен жексен болып жеңілді.

Енді қазір кремльдің шантрапа пропагандистері де сол тәсілмен өз жеңілісін ақтағандай боп жатыр екен.

"Қалай десе де Украина әскері Еуропада Ресейден кейінгі екінші армия"..
"Ресей Украинада НАТО мен соғысып жатыр мыс, НАТО болмаса біз бүйтер ек" деген дауыстар шығып жатыр екен ресей экрандарында...

Шын мәнісінде, егер Украина жеріне НАТО ның озық үлгіде жарақтанған әскерінің бір дивизиясы кірсе бұл соғыс ол жерде бір апта ғана созылып орекең ол жерден зытып үлгерер ма еді...

Украина әскері "ленд лизбен" жойқын қарулармен енді қаруланып жатыр.
Бір айдан соң Украина әскері әлемдегі ең үздік әскерлердің біріне айналады.
Сол кезде қызық басталады.

Тағы бір мәселе, Украина уже жаңа бір беделді ойыншы мемлекетке айналды, мен соны байқадым.
Өткенде Украина президент офисінің кеңесшісі А. Арестович "егер Ресей Молдоваға басқыншылық жасаса біз Молдоваға көмекке дайынбыз" дегені сол - ақ еді, бұл сөзден соң кремльдің тамағына тас тұрғандай болды. Орыс пропагандасы ертоқымын бауырына алып тулады.
Бұрын ТМД аумағын жалғыз Ресей билеп төстесе, енді іс жүзінде ол аймақтың геосаяси алаңына сол Ресейден еш қаймықпайтын, тіпті оның әкесін танытып бере алатын екінші бір мықты ойыншы пайда болды. Ол - Украина.

Бұдан былай сол маңдағы біраз шығыс еуропа елдері Украинаны пана тұтып соған арқа сүйейтін болады.

Баяғыда Наполеон өз қолбасшыларына "қарсыластарыңмен көп соғысып жаман үйретпеңдер, жауың тәсіліңді меңгеріп алып, сенен қорықпайтын болады" деп үйретеді екен. Қазақша айтқанда "үйреніскен жау атыспаққа жақсы" деген сөз.

Путин қазір іс жүзінде Украинаға соғыс ашып өзіне Ресей империясының айбарынан қорықпайтын Украина деген бір мықты қарсыласты өз қолымен жасап шықты. Дәл өзінің қасына.

Бұны империяның өлімі деп түсінсе де болады.
Бұрын украин қоғамы ресей әскерінің күшінен қаймығатын, тіпті ақпанда басталған осы соғыстың алғашқы күндері Украин генералдарының бірталайы өз жеңісіне сенбей бұл соғыстан қашып кеткен екен.

Ал қазіргі Украина басқа Украина.

Бір кездегі шешен басшысы Жоһар Дудаев неткен сұңғыла адам еді, ол осыдан отыз жыл бұрын "Украинаның күні көкке шыққанда орыс империясының дәуірі бітеді" деген екен.

Әлбетте, бұл үшін украин халқы үлкен құрбан беріп отыр. Украин қалаларының көбі тас талқан болды, мыңдаған адам қаза болды, жері ойран болды дегендей..

Әйткенмен, олар орыстың түпкі ойын сезіп қорқынышқа бой алдырмай үн түнсіз өз соғысын жалғастырып жатыр. "Не бүк боламыз, не шік боламыз" деп тістеніп отырғанға ұқсайды.

Онсыз болмайды, олар құн төлеп отыр.
Бір қызығы, біздің қазақстандық саясаткерлер елдік үшін құн төлеу дегенді өздерінше түсінсе, украин халқы оны басқаша түсінеді екен.
Кремльдің мақсаты — қалаларын қиратып қоғамда хаос орнатып қорқыныш себу еді, бұндайдан соң украин халқы беріледі деп ойлаған болу керек. Бірақ Зеленский әкімшілігі оны да қыңбай өкшелеп соңдарынан қуып келеді.
Жалпы украин халқы да біз сияқты мың өліп мың тірілген халық еді. Пәлен ғасыр орыс империясының айдауында жүрді, малорос болды, халқы миллиондап орыстанды, орыс империясының жерін меңгеру деген сылтаумен сонау Сібірге, Орта Азияға шейін жүз мыңдаған украин қаңғып айдалып кетті, ашаршылықта 7 миллион жан өліп орыны толмайтын құн берді. Империя тарих жазып Шухеевич пен Бандера сынды ерен ерлерін сатқын деп үйретті, күрескерлерін қудалап қырып отырды. Тіліне тиым салды.

Бертіндегі совет заманына шейін украин ұлтынан шыққан әскери, дәрігер, жалпы кәсіби мамандары үшін бір - ақ путевка болатын, ол — ішкі Ресейге көшіп сонда тұрақтау, еліне қайтып оралмау, түпкілікті орыстану.
Яғни, орыс этносы украин халқының есебінен миллиондап көбейіп отырды.
Бұл Украинаның соңғы 8 жылда көргені де нағыз тозақ еді. Соңғы жылдары кремль бұл елге қатысты құйтырқы әрекеттердің бүкіл түрін жасап шықты десе де болады. Жерін тартып алды, бір біріне шаптады, соттады, атты, жала жапты, қысқасы әлі зар жылатып келеді.

Бір сөзбен айтсақ тарихы тозақы, оны өздері де біледі. Украин халқының әнұранының да "Ще не вмерла Украина" деп басталатыны содан болуы керек...

Сондай ғасырлар бойы созылған озбырлыққа қарамастан украиндықтар тілдерін, "мовасын" құнттап, ұлттық ерекшеліктерінен ажырамай, мәдениетін қорып ұлттық сана сезімі биік ұлт болып қалды.
Енді осы империямен жағаласып келе жатқан осыбір қайсар, күрескер халықтың таяуда атар арайлы таңына көп уақыт қалған жоқ сияқты.

Олжас Әбіл

Abai.kz

3 пікір