Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 2322 5 пікір 17 Мамыр, 2022 сағат 14:25

Ең керемет билік - прогрессивті Ұлтшылдар билігі

Украина соғысы көрші Ресейді мүлде күйретіп жібермеген күннің өзінде, кем дегенде әбден титықтататыны біртіндеп белгілі болып келеді. Іштей қырқысып, одан сайын ойраны шықпаған күннің өзінде де, мына түрімен кем дегенде енді 30 жылдай Ресейдің дауысы тым қатты шықпайтыны анық. Бейне бір ауыр жараланған сүйкімсіз жыртқыш секілді болып, ол жер шарының елеусіздеу бір бұрышында бүрісіп жататын болады. Бұл соғыс арқылы Ресеймен бірге Қытайдың да мысы басылды, Украинаны қолдаған әлем, дамыған батыс, G7 елдері Қытайдың көршілеріне сұғынып кіруіне жол бере қоймайтынын айғақтағандай болды. Енді қытай тіпті басқаға емес, Тайванға да тым қатты қатер төндіре алмайды деп есептеуге болады. Шапқыншы Ресейдің тұмсығы тасқа тиюінен кейін басқа бір елге шабуыл жасап кірудің тым үлкен төлем төлететіні айқын болды. Бұл Қазақстан үшін әрине көктен тілегеннің жерден берілуі. Қазақылану үшін, қазақ тілін Қазақстандағы бірден-бір үстем тіл ету үшін, өндірістік ел болу үші, ғылым-техниканы негіз еткен ел болу үшін мұның бәрі қолайлы халықаралық климат деген сөз. Егер ақылды түрде, сергек түрде еркін көсіліп таңдау жасай алсақ, қазақ үшін жаңа тарихи мүмкіндік кезеңі ашылуда.

Дегенмен биліктің қандай болуы Қазақстанның тағдырын белгілейді. Халық сол баяғы халық. Оны ауыстыру мүмкін емес. Ал, билік әртүрлі бола алады, оны өзгертуге болады. Биліктің болу мүмкіндігі көп түрлі, не А түрдегі билікті, не Ә түрдегі билікті, не басқа түрдегі билікті таңдауға мүмкіндік бар.

Қазіргі билікті шартты түрде А түрдегі билік деп атайық. А биліктің ерекшелігі, олар Назарбаев дәуірінің жалғасы, солардың өз жүйесін жалғасты сақтау үшін таңдаған нұсқасы, арғы тамыры Кеңестік коммунистерге барып тіреледі. Бұл биліктің Ресейшілдігі басымырақ, тілі орысша. Олар орыс тіліне әбден бауыр басып, өздерін орыстілді элита ретінде елестетуден шыға алмайды, Қазақ тіліне үлкен жақсылық жасаған емес, жасай алуға шанағы да жетпейді! Бұл түрдегі билік және әлсіз, жалтақ, әрі сәл қорқақтау, сұрапыл дағдарысты бастан кешірмеген, бірқалыпты жылжып қозғалуға әдеттенген, "сен тимесең мен тимен, бадырақ көз" деген саясатты ұстанады, сондықтан мысалы Қаңтар оқиғасы болған кезде, бұл билік шетел күштерін ойланбай көмекке шақыра салды.

Егер Қазақстан осы соғыстан кейінгі уақыттарда үздіксіз осы А билігін жалғастырса, онда Қазақ тілі мен мәдениеті біртіндеп баспалдақтың ең төменгі жағына қарай сырғи түседі, саяси, әлеуметтік және экономикалық жақта Ресеймен бірге соғыстан кейінгі кері кете түсу мен қалжырауды бастан кешіреді. Өйткені олардың білетіні негізінен Ресей, орыстық контекст, өздері Ресейге жалтақтағыш екенін сан мәрте дәлелдеген, миында "Ресейде не болып жатыр?" - дегенге үлкен орын береді," Ресей бізге не дейді?" - деген сұрақ олардың миындағы негізгі басқарушы тетік. Сөйтіп, Ресейдің тыныс алуы Қазақстанның А билігінің де тыныс алуы болады, олар ресейдің әлемде шектелуіне орай өздерін өздері шектейді, бірге оқшауланады, ресейдің логикасы оларды шайтан секілді шырмап алады. Қазір де Украинаға қарсы Ресейдің шапқыншылық соғысын "Ресейше" түсінетін қазақтар билікте толып отыр! Олар кейде Түркиямен де, батыспен де жақсы қарым-қатынас жасауы мүмкін, тіпті тоталитарлық Қытай да оларға ұнауы мүмкін, бірақ тым қатты кетпеуге барын салады. Координатаның теңшеуші тетігі - Ресейлік БАҚ болады. Олар Батыспен қоян-қолтық араласа алмайды, дамыған елдерден ғылым және технология енгізуге, демократия қабылдауға батына алмайды, 30 жылдан бері осыны дәлелдеп келеді; өйткені олар өздеріне Ресей жыны шаптасқанын сезіну күйінде өмір сүреді. Олар Ресей империясының Қазақстандағы тарихи өнімдері екені белгілі ғой. Сөйтіп жаңбыр жаумаса да су болған секілді, ресеймен бірге Қазақстан да тығырыққа тіреледі. А билік кейде тіпті "Жаңа Қазақстан" деп жалаулатқанымен, онысы "жаңа ұғым" емес, сол баяғы "жаңа атау" ғана болады; бейне "Астана" қаласын "Нұр-Сұлтан" деп атағандай ғана өзгеріс жүз береді. Өйткені мәнін түсінбеу, терең рухани жігердің кемдігі, ұлттық намыс пен тілдің шолақтығы себепті, жай ғана сыртқы формасы мен атын ауыстыру олардың бар реформасының шырқау шегі болады!

Дегенмен, Қазақстанда алда сайлау келе жатыр. Бұл Ресей империясы әлсіреген, Қытай аяғын аңдып басқан тұстағы Қазақстанның маңызды таңдауы болады. Егер прогрессивті ұлтшылдар билікке келсе, онда елімізде Ә түрдегі билік қалыптасары анық. Ә түрдегі биліктің ерекшелігі, олар осы елдің тарихымен тығыз астасқан, ұлттық құндылықтар жанына ұйыған, сондықтан тым қатты елді сатуға кіріспейді, ашкөздікке қатты салынбайды, жай қара көрсеткен жасанды әрекетке бармайды. Олар Ресейге қолбала болғысы келмейді, ресеймен қалыпты байланыс жасай отырып, әлемдегі көп түрлі пайдалы мүмкіндіктерді игере алады. Олар Қазақстанды батпақтан алып шығып, жаңа және өнімді жолға салу үшін ізденеді. Елдің қай жерінде ақау бар, қай жерін негіз етіп өзгеріс жасау керек, олар біршама жақсы біледі. Әсіресе Қазақ тілінің төрге шығуы елді жаңа контекст арқылы біріктіре бастайды. Олар әсіресе көрші түркі елдерімен жақсы қарым-қатынас жасауға, сыртқы ортақ қауіпке селбесіп төтеп беруге назар аударады. Мешеу елдермен емес, дамыған елдермен, авторитарлық емес, демократиялық елдермен байланыс жасай бастайды. Олар осыған дейінгі қате жол басуларды тастап, жаңа жолмен жүруге шындап талпына алады, сөйтіп, шын мәніндегі Жаңа Қазақстанды солар ғана құра алады.

Бірақ, Б түрдегі билік болуы да мүмкін. Ол ұлтшылдар билікке шыға алмаған, өз тұлғасын ұсына алмаған кезде, билікті қабілетсіз басшылардың, есуас топтардың бөліске салуы. Ондай Б түрдегі билікті қуыршақ билік деп атасақ болады.

Немесе елді бір тиран тартып алуы мүмкін, бұл В түрдегі билік болады.
Немесе тіпті діни күштер билікті тартып алып, Ауғанстан секілді ел құруға жанталасуы да мүмкін, бұл Г түрдегі билік, т.б.

Әрине бұлардың бәрі де еліміз үшін өте қауіпті жағдай болады. Бұл Б түрдегі, В түрдегі, Г түрдегі биліктерге қарағанда қазіргі А түрдегі билік әлдеқайда жақсырақ. Бірақ ең керемет билік ол прогрессивті Ұлтшылдар билігі.

Хайдар Алпы

Abai.kz

5 пікір