Дүйсенбі, 27 Маусым 2022
Арылу 1270 18 пікір 17 Мамыр, 2022 сағат 14:06

Лукашенко: «Ресейдің жанына топтасайық», - дейді...

Кеше Мәскеуде ҰҚШҰ саммит өтті. Жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Ресей президенті Владимир Путин, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась қатысты. Қатысушы елдердің басшылары не деді? Аз-кем шолу жасайық...

Тоқаев: Қазақстан мен Ресей байланысына алаңдауға негіз жоқ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты атап өтті.

«Шынында да, біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық пен саяси өзара іс-қимылдың қарқынына көңілі толмауға негіз жоқ. Ресей Қазақстан үшін сауда-экономикалық саладағы негізгі серіктес болып табылады. Сондықтан да менің Үкімет алдына қоятын міндеттерім-бұл сауда-саттықтың, инвестициялардың осы серпіні мен көлемін сақтау ғана емес, сондай-ақ қазіргі геосаяси ахуалдан туындайтын барлық қиындықтарға қарамастан, оны кеңейту. Мен Қазақстан Үкіметінің Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бастаған осы блокқа жауапты шенеуніктерді өзіммен бірге алып келдім. Олар өте нәтижелі келіссөздер жүргізді, олардың алдына нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізу мақсатында Ресей Федерациясының Үкіметімен іскерлік тұрғыда жұмыс істеу міндеті қойылды», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінде машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі сияқты салаларда $4 млрд сомасына 20 ірі жоба іске асырудың әртүрлі сатыларында тұрғанын айтты. Сонымен қатар Президент ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қосуды ұсынды.

«Барлық қажетті құралдар қалыптастырылды, біздің ойымызша, ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қосу міндетін қою керек... Осы тұрғыда Ауғанстандағы жағдайдың дамуына үлкен мән береміз. Бұл елдегі тұрақсыз жағдай, сондай-ақ Ауғанстан аумағындағы қарулы топтардың белсенділігінің төмендемеуі біздің мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына әлі де қауіп төндіреді. ҰҚШҰ-ға барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге одан әрі назар аудару қажет деп санаймын», - деді Тоқаев.

Өз кезегінде Ресей президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық дамуының оң қарқынын атап өтті.

«Бізде барлығы жақсы дамуда, өткен жылы тауар айналымы 34%-ды құрады. Ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасына $17 млрд инвестициялады. Белгілі қиындықтарға қарамастан, жағдай тұтастай алғанда дамып келеді», - деді Путин.

Путин тағы АҚШ-тың биозертханалары туралы айтты

Ресей президенті биылғы күзде Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда ұйымның бірлескен оқу-жаттығуларының тұтас сериясы жоспарланғанын айтты. Сондай-ақ, ҰҚШҰ-ның күш-жігері бұдан әрі де терроризмге, есірткі трафигіне, ұйымдастыру қылмысына қарсы іс-қимылға бағытталуы тиіс екенін, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де маңызды назар аударуды талап етінін айта келе, Пентагонның «биозертханаларын» да қалыс қалдырған жоқ.

«Пентагон ондаған мамандандырылған биозертханалар мен орталықтар құрды, олардың негізгі міндеті — биологиялық материалдарды жинау және вирустар мен қауіпті аурулардың таралу ерекшеліктерін зерттеу. Украинадағы арнайы операция барысында Ресей шекараларына жақын жерде биологиялық қарудың құрамдас бөліктері жасалғандығы, посткеңестік кеңістіктегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақсыздандырудың мүмкін әдістері мен тетіктері дамығандығы туралы құжаттық дәлелдер алынды», - деді ол. Ресей президенті ТМД-ға ҰҚШҰ жанындағы бақылаушы мәртебесін беруді ұсынды.

Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылу туралы...

«НАТО-ның кеңеюі - бұл жасанды түрде жасалынған мәселе, өйткені бұл АҚШ-тың сыртқы саяси мүдделері үшін жасалады. НАТО іс жүзінде бір елдің сыртқы саясатының құралы ретінде қолданылады. Кеңейтуге келетін болсақ, оның ішінде Альянстың жаңа мүшелері — Финляндия мен Швециядан Ресейге келіп-кетер зиян жоқ. Сондықтан Ресейге тікелей қауіп төнбейді. Алайда, бұл аумақтағы әскери инфрақұрылымның кеңеюіне, әрине, жауап береді», - деді Путин.

Лукашенко: «Ресейдің жанына топтасайық», - дейді...

Белорусь президенті Александр Лукашенко болса әріптестеріне қиын-қыстау кезеңде «Ресейдің жанына топтасу керек» екенін айтты.

«Халықаралық құқық нормалар мен қағидаттар еленбей жатқан кезде пікірлестердің бірлігі мен ынтымақтастығы ерекше маңызды. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер биылғы қаңтар айындағы қиын сәттерде осындай ынтымақтастығының арқасында жеңіске жетті. Қазақстанда болған оқиғалар естеріңізде шағар... Алайда, бүгінгі таңда біздің ұйымымызда ынтымақтастық пен қолдау айқын көрінеді деп айтуға бола ма? Мүмкін мен қателесіп тұрған шығармын,бірақ соңғы оқиғаларға қарағанда олай емес сияқты. ҰҚШҰ бойынша жекелеген серіктестердің оларға ұйымның басқа мүшелерінің Ұлттық авиакомпаниялары ұшақтарының ұшуына тыйым салуы неге тұрады? Батыстың біріккен санкциялық қысымы күшейіп жатқанда бірлік пен ынтымақтастық постулаты жұмыс істей бермейді», - деді Лукашенко.

Пашинянның өкпесі...

Армения премьер-министрі Никол Пашинян болса ҰҚШҰ әскерінің 2020 жылғы «Қарабақ» соғысында Арменияға көмектеспегеніне өкпе айтты.

«Бұл Армения үшін маңызды мәселе...  Өткен жылы дәл осы күндері Әзірбайжан әскерлері Арменияның егеменді аумағына басып кірді. Армения 2010 жылғы 10 желтоқсандағы «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының дағдарысты ахуалдарына ден қою тәртібі туралы Ережеде» көзделген тетіктерді іске қосу үшін ҰҚШҰ-ға жүгінді. Бұл құжатты Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі мақұлдады, алайда, өкінішке орай, ұйым Армения Республикасы күткендей әрекет етті деп айтуға келмейді», - деді.

Бұл жиында Путин «Украинадағы соғысқа ҰҚШҰ әскерлерінің қатысуын сұрайды» деп көпшілік күдіктенді. Бірақ ҰҚШҰ мемлекетттері соғысқа араласпайтынын айтты.

Айжан Темірхан

Abai.kz

18 пікір