Жұма, 19 Сәуір 2024
Деп жатыр 3960 7 пікір 17 Мамыр, 2022 сағат 13:42

Дүниесін сатып, Асекең қайда асықты?..

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Асқар Мамин елордадағы дүние-мүлкін саудаға шығарып жатыр деген ақпарат шықты. Ақпараттың иесі – «Abzhan news» телеграм арнасы. Бүйдейді:

Экс-премьер Асқар Ұзақбайұлы қазір Астанада екен. Ешқайда кетпепті. Қазір елордадағы біршама дүние-мүлкін сату бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр-мыс.

Сатылымға шығарылған мүліктері: «Еуразия» сауда орталығы, қала сыртындағы 5 үй, «Көкталдағы» үй және елорда маңындағы жалпы көлемі 100 гектарға жуықтайтын жер телімдері.

Ақпарат ресми түрде расталмаған, не терістелмеген. Едел-жедел дүние-мүліктерін саудаға шығарғанға қарағанда, Асекең асығыс секілді...

Асқар Мамин жайлы аз-кем сөз...

Асекең қазір 56-да. Викидеректегі ақпарат бойынша, КСРО-да туған (бұрынғы Целиноград). Ресейде білім алған. 1991 жылдан бастап бастық бола бастаған. 1996 жылдан бастап саяси қызметтерде тасы өрге домалаған. Қарап отырып, «Керқұла атты Кендебайдың» кескенін көз алдыңызға келтіруге болады. «Алты күнде күліпті, алпыс күнде жүріпті», - дегендей, бұл кісінің «баспаған жері, көрмеген елі жоқ».

Астана әкімдігінде әкім орынбасары, әкім болып көрген. ҚР Транспорт және коммуникация министрлігінде вице-министр, сосын министр болған. ҚР Индустрия және сауда министрілінің де креслосын көрген. 2008-ден 2016 жылға дейін ҚТЖ-ны (Қазақстан темір жолы) басқарған. Сөйтіп, 2016 жылдың қыркүйегінде Үкіметке барған. Бақытжан Сағынтаев Үкіметті басқарған кезде, орынбасарлық жасап жүрген. 2019 жылдың ақпанында жұлдызы жанып, Үкіметті тізгіндеген. Бірақ, ол Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең дарынсыз, ең жолы болмаған Үкімет басшысы ретінде қалды.

Асқар Мамин 2019 жылдың 25 ақпанында тағайындалды. Артынша президент сайлауы өтіп, билік тізгіні Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен сәтте де, Үкіметті Мамин басқарып қала берді. Мамин Үкіметі үнемі қиындықтар мен келеңсіздіктерге тап болды. Өтірік есеп пен көзалдаушылық жасауға әбден машықтанған Мамин Үкіметінің сансыз олқылықтарының аз бөлігін осыған дейін егжей-тегжейлі жаздық.

Маминді кетірген – «Қаңтар көтерілісі». Биыл 5 қаңтарда президент Тоқаев қызметінен босатқан екі адамның бірі – қамаудағы Кәрім Мәсімов болса, екіншісі осы Асқар Мамин еді.

Үкімет пен Парламенттегі дәу дәліздерде журналистерден үркіп қашып, үнсіз безетін Маминнің ел езу тартып, еске алатын мәлімдемелері көп-ақ. солардың бірлі-жарымы мінекей...

Қайсыбір жылы, «Асқар Мамин таңғы сағат төртте тұрып қытай тілін үйренеді екен. Қазақшаны қатырмаса да, қытай тіліне деген беймәлім алаңдаушылық оны таңғы ұйқысынан шошып оятатын көрінеді», - деген ақпарат шықты. «Тағайындалғанына небәрі үш апта болған Мамин мырзадан ел жаңашылдық күтіп отырғанда, оның жаңашылдығы небәрі қытай тілін насихаттау һәм үйрету болып жүрмей ме», - деп жаздық біз.

Онан соң, былтыр Ресей премьері Мишустин қазақстандық әріптесін Наурыз мейрамымен қазақ тілінде құттықтағанда, біздің Асекең, қазақ тілінде құттықтаған Мишустинге орысша: «Спасибо» деп жауап қайтарды.

«Қазақстан халқының 99 пайызы интернетпен қамтылған», - деп салды бір жолда. Асекеңнің бұл сөздері қыз-қызыл өтірік екенін басқа-басқа емес, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтқан.

Кейін бір жиында, Асқар Мамин: «Сбермен» меморандум «қажеттілік», - деп жауап берген. Бұл да сондай бір қажеттілік емес екенін, өткенде көрдік. Қазақстан «Сбер келісімінен» толықтай бас тартқан.

Мамин Маңғыстауда жүріп, қиналған шаруаларға бармай кетті. Маңғыстаудағы жұрттың газ бағасының негізсіз көтерілгеніне байланысты талабын да елеусіз қалдырды.

Былтыр Ресей премьері Мишустин: «Біз Қазақстан үшін шетел емеспіз», - дегенде де, біздің Мамин үнсіз мақұлдаған.

Есесіне, Мамин Ресей президенінен «Достық орденін» алған. Айтпақшы, бұл Асқар Ұзақбайұлының Мәскеуден алған алғашқы ордені емес. 2010 жылы Орыс православ шіркеуінің немесе Мәскеу патриархатының «Орден Святого благоверного князя Даниила Московского» дейтұғын орденін таққан. Онан соң, 2019 жылы ЕАЭО-ның «Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» деген медаль таққан.

Жаза берсең көп. Осымен тәмам. Асекеңнің асығыс-үсігіс дүние-мүліктерін саудаға шығарғаны тегін болмаса керек. Асекең, қайда асықты екен?..

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

7 пікір