Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ақмылтық 3913 8 пікір 17 Мамыр, 2022 сағат 14:20

Путин тағы бір елді бас салмақ...

Ресей әскерінің Украинадағы соғысы Мәскеудің жоспарына сай іске аспауда. Сәйкесінше Ресей билігінің ақпараттық кеңістікте Ресей халқына бағытталған пропагандасы да әлсіз бола түсуде. Кремль басқа қадамдарға баруы әбден мүмкін. 

Арыдан бастасақ. Ресей билігі Украинадағы соғысты "әскери операция" деп атап, оны жылдам әрі аз ғана шығынмен аяқтайтын кейіп танытты. Қоғамды соған сендірді, барынша насихаттады. Киевті 48 сағатта алу жоспары іске аспады. Артынша Киев, Сум және Чернигов аймағынан шегуні басталды. Бұл Ресей билігінің жоспарына сай емес еді және Ресей халқы аталмыш әрекетті түсіндіруді талап еткен сәтте, Ресей билігі Киевпен келіссөз жүргізу мақсатында деп жылы жапты. Шындығында бұл әскери жеңілістің бір көрінісі болатын.

Ресей билігі 9 мамыр қарсаңында халыққа "жеңіс пен жетістіктің" көрінісі реітнде Донецк және Луганск аймақтарын толық басып алып, телеарнадан көрсетуді жоспарлаған. Алайда аталмыш аймақты басып алу былай тұрсын, Харьков облысында жеңіліске ұшырап, Украина әскері Ресей шекарасына ту тікті.

Ресей тіпті Мариуполь қаласын да толық басып ала алмайды. Қаланың оңтүстік шығысында орналасқан "Азовсталь" зауытында әлі күнге дейін Украина жасақтары бекініп, қарсылық білдіріп жатыр. Зауытты қорғаушылар арасында жараланғандар көп, сондықтан Киев тұтқын алмасу процесі арқылы оларды шығару жолын да қарастыруда.

9-мамыр күні Ресей тарапынан жаппай мобилизация жариялау да, Херсонды қосып алу да, Приднестровье тәуелсіздігін мойындау мен Луганск пен Донецк аймақтарын Ресейдің бір аймағы етіп тану да болмады. Тек әзірге басқыншы қолына өткен аймақта әскери шеру өткізумен шектелді.

Американдық сарапшы Линкольн Митчеллдің пікірінше Путин Украинадағы сәтсіздігін бүркемелеу мақсатында Грузияға соғыс ашуы мүмкін. Себебі Путин билігі халыққа жылдам әрі шығыны аз жеңісті сыйлау арқылы, өз режимінің өміршеңдігін ұзартады.Әскери сарапшылар бұл пікірмен келісіеді. Грузия халқы аз, әскері кәсіби емес және 2008 жылғы соғыстан кейін Ресей билігімен қақтығысудан қашқақтайтын ел. Сондықтан Осетияны қосу референдумын жасау барысында арандатуға барып, артынша соғыс ашуы мүмкін дегенді айтады.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

8 пікір