Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Қоғам 9219 0 пікір 16 Сәуір, 2022 сағат 15:14

Отбасы: құндылық, мәселе және шешім

Отбасылық саясатты өзгерту Қазақстан үшін маңызды мәселелердің бірі саналады. Ұзақ уақыт бойы Қазақстанда отбасылық саясатқа араласу табу саналып келді. Бұл қоғамда талқыланбайтын тақырып еді және әр адам өз отбасының саясатын өзі реттейтін. Осылайша мемлекет отбасына араласатын сәттер тым сирек кездесетін. Салдарынан отбасыдағы зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсету фактілері көп кездесті.

Ресми дерек бойынша жылына орта есеппен 400 әйел отбасыдағы зорлықтан көз жұмады. Ал бейресми деректе бұл бірнеше есе көп болуы әбден мүмкін. Алайда отбасылық зорлық-зомбылықтың фактілері мен себептері жетерлік және оны ашық айтып, мәселені талқылаған сәтте ғана шешімін табады.

2021 жылы жүргізілген "Ерлердің рөлі. Олардың Қазақстандағы отбасылық өмірге және бала тәрбиесіне қатысу дәрежесі" зерттеуі жасалды. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты орналастыру қорының техникалық және қаржылық қолдауымен «Қазақстан Әкелер Одағымен» серіктестікте жүргізілді.

Бұл зерттеу еліміздің барлық 17 аймағын қамтыды және деректер репрезентативті болып келеді. Некеде тұрған ерлер мен тұрмыстағы әйелдер, жалғызбасты әкелер және қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік органдар өкілдерінің сарапшыларымен терең сұхбат жүргізілді. Қысқаша нәтижелер көңіл көншітпейді, өйткені біздің елімізде әрбір бесінші неке қалыңдықты ұрлаудан басталады екен. Мұны респонденттердің қалай танысқаны, отбасы қалай басталғаны туралы сұрағанда атап өтткен. Сонымен бірге зерттеу нәтижелері қалыңдықты алып қашу арқылы құрылған некелердің үштен бір бөлігі қыздың келісімінсіз жасалғанын айтады.

Сонымен бірге зерттеу нәтижесіне сүйенетін болсақ жас отбасылыардың 13 пайызының қаржылық жағдайы қиын. Бұл азық-түлікке ақша жеткілікті екенін білдіреді, бірақ киім-кешек сатып алу күрделі мәселелер тудырады. Кей отбасының бес пайызға жуығы өте мұқтаж, тіпті азық-түлікке де ақша жетпейді. Көптеген отбасылардың жеке баспанасы жоқ. Бұл ерлердің 36% және әйелдердің 43%-на қатысты. Аталмыш фактілердің барлығы да еліміздегі отбасылық зорлық-зомбылықтың артуына әкеп соқтырады. Себебі отбасындағы ұрыс-керіс, жанжал саны артады. Еліміздегі отбасылық жағдайдың қиындығы ажырасу факторларын да арттырып отыр.

Осы зерттеу нәтижелері отбасылық құндылықтар жасына қарамастан қазақстандық ерлер мен әйелдердің өмірінде маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Сонымен қатар, ел тұрғындары дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, айтарлықтай прогрессивті көзқарастарға ие. Респонденттердің 94%-ы неке өмірлік қарым-қатынас және оны сақтау керек деп санайды. Олар некеге өте байыпты қарайды. Бірақ сонымен бірге респонденттердің 85%-ы егер адамдар некеде бақытсыз болса, бұл некеде балалар болса да, ажырасуға болады деп санайтынын жасырмапты.

Халықтың 71 пайызын құрайтын келесі топ неке қиюға қызығушылық болмаса да, үйленбеген ерлі-зайыптылардың бірге тұруы қалыпты жағдай екенін атап өтеді. Яғни азаматтық некеге басым көпшілігі қарсылық көрсетіпті.

Адамдарға тіркелмеген некеде тұру ыңғайлы болса, неге оған тыйым салу керек дейді көпшілік. Алайда бұл халықтың 71 пайызы тіркелмеген некеде тұрады дегенді білдірмейді. Бұл респонденттердің пікірі, сауалнамаға қатысушылардың көзқарасы. Бұл ретте респонденттердің 58 пайызы неке ескірген институт екенін айтты. Зерттеуді жүргізген кезде бұған негізінен әлі саналы шешімге келе алмаған жас адамдар жауап бергенін де ескеру керек.

Егер гендерлік құндылықтар туралы айтатын болсақ, ерлер мен әйелдердің жоғары білім алуы бірдей маңызды деп есептейтін респонденттердің үлесі өте жоғары. Жоғары білім алу ерлер үшін де, әйелдер үшін де өте маңызды. Респонденттердің 60 пайызының пікірінше, жұмыстың болуы маңызды, ал отбасының амандығы мен қуаттылығы үшін ерлі-зайыптылардың екеуінің де жұмысы болуы маңызды. Респонденттердің 55 пайызы үшін үй мен бала күтімі маңызды екен. Гендерлік құндылықтарға деген адалдық отбасылық табысқа қатысты мәселелерде біршама төмен. Ерлердің басым көпшілігі ер адам әйелден көп табыс тауып, отбасын асырауы керек деп есептейді.
Ерлердің 34 пайызы ғана әйелдерді ең жақсы саяси көшбасшы деп санайды. Ерлер ер адамдар саяси деңгейде шешім қабылдауға қолайлырақ деп санайды екен. Ерлердің көпшілігі әйелдерді балаларды тәрбиелеуде және оларға қамқорлық жасауда жақсы деген ойға келген.

Аталмыш зерттеуге сүйенетін болсақ, қоғамда әлі күнге дейін әйел құқығы мен білім алу, саяси қызмет атқаруға қатысты сыңаржақ пікірдегі жандар кездеседі. Алайда ең үлкен алаңдатарлық мәселе отбасылардың ажырасу деңгейінің жоғары болуында болып тұр.

Елімізде ажырасулар саны жыл сайын артып келеді. Мамандар Қазақстанда сағат сайын алты ерлі-зайыптылар ажырасып кететінін есептеді. 1000 некеге шаққанда ажырасу саны тоғызыншы жыл қатарынан өсті. Елімізде әрбір үшінші ерлі-зайыптылардың ажырасып жатқаны үрей туғызады. Көбінесе отбасы қаржылық қиындықтарға байланысты бұзылады. Адамдар көбінесе отбасындағы жанжалдар, отбасындағы зорлық-зомбылық және бала тәрбиесіне қабілетсіздігінен әбден жетілген жаста – 30 жастан 45 жасқа дейін ажырасады. Нәтижесінде, жағдайдың пропорцияға ие болғаны сонша, республика бірнеше жылдан бері ажырасулар саны бойынша алғашқы он елдің қатарына кіреді.

Аталмыш фактілердің бапрлығын реттеу және мәселені оң шешу үшін Қазақстан билігі заңнамаларға өзгерістер енгізіп, бала тәрбиесі мен отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін ашық талқылауға кірісті. Ауруын жасырған өледі дегендей, қоғам үшін, ұлт үшін маңызды мәселелерді талқылау қашанда маңызды.

Abai.kz

0 пікір