Жұма, 26 Сәуір 2024
Дей салдым-ау 3301 2 пікір 16 Мамыр, 2022 сағат 13:15

Референдум: Әлия Назарбаева «қылмыскер» атана ма?

«РОП Операторы» қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғаған құзырлы органдар оның басшысы Әлия Назарбаеваға қатысты көптеген бұлтартпас дәйектер жинап қойған.

«Елбасы» туралы қазіргі заң Әлияны соттауға мүмкіндік бермей отыр. Егер 5 маусым күні референдум сәтті өтіп, Конституцияға өзгеріс енгізілсе, онда «Елбасы» туралы заңның күші жойылады. Сол кезде Назарбаевтың қыздары мен Сара Алпысқызын жауапқа тартудың заңды негізі пайда болады», - деп жазды «Dala инсайд» телеграм арнасы.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға қатысы бар деген «ӨКМ Операторы» утильалым компаниясы «Қаңтар оқиғасынан» кейін үкіметтік ұйымға берілген болатын. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің сайтында хабарланды.

«ӨКМ Операторы» компаниясының кәдеге жарату алымын әкімшілендіру және тиісті құралдарға билік ету бөлігіндегі қызметі тоқтатылды. Утильалым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру функцияларын орындау «Жасыл даму» компаниясына берілді», - делінген хабарламада.

2015 жылы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен құрылған «ӨКМ Операторы» компаниясының міндетіне «есептен шығарылған автомобильдердің бөлшектері мен майларын, өнеркәсіптік қаптамаларды, кабельдер мен басқа материалдарды өңдеу» кірген.

Компанияның 2016 жылдан бастап утильалымнан тапқан табысы 691,9 миллиард теңгені құраған. Қоғам белсенділері елімізде утильалымның бағасы шарықтап кеткенін әрі компанияның табысы туралы ашық деректер жоғын айтты. Осыдан кейін Үкімет утильалымды 50 пайызға төмендетуге келісті. Жаңа мөлшерлемеге сәйкес, жеңіл автокөліктер үшін утильалым мөлшері 229 мың теңгеден 1 миллион 761 мың теңгеге дейін құрайды. Белсенділер автомобильдерге утильалым мөлшері қозғалтқыштың қуатына байланысты 50-100 мың теңгеден аспауы керек екенін айтады.

Ал, 10 қаңтарда «ӨКМ Операторының» алғашқы құрылтайшысы Әлия Назарбаеваның осы уақытқа дейін Қазақстаннан 300 миллион доллордан аса қаржыны шетелге алып кеткені және жеке ұшақ пен Лондоннан үй сатып алғаны туралы ақпарат шықты.

Бұл туралы жазған «The Telegraph» басылымы: «Оның елден алып кеткен ақшасы «заңсыз екеніне дәлел жоқ» екенін, алайда атын атамауды жөн көрген сұхбат берушілер шетелге ақша алып кету жолдарын «күмәнді» деп сипаттады», - деді.

Күмән туғызар жайттар әлі де аз емес. Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бұрынғы «ӨКМ Операторы» компаниясының үстінен «қаржы ұрлау фактілері» бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Компанияның бұрынғы қызметкерлері тергеу изоляторына алынды, олардың кейбіреулері тіпті топ-менеджерлердің қатарына кірмейді екен.

26 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ Операторы» басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевтің сыбайлас жемқорлыққа күдікті ретінде тұтқындалғаны туралы хабарлады. Екеуі де елден кетпек болған кезде ұсталған. Сол күні Нұр-Сұлтанда «ӨКМ Операторы» компаниясының құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің қайтыс болғаны белгілі болды.

11 наурызда «ӨКМ Операторы» компаниясының бұрынғы бас директоры Светлана Коротенко да қамауға алынды.

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы Бас директорына қатысты 2016-2021 жылдар аралығында көлік құралдарын кәдеге жаратудың жоғары құнын белгілеу арқылы кәсіпорынның 20 млрд теңгеден астам  ақшалай қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Осындайда «ӨКМ Операторының» қызметкерлері ұсталса да, оның алғашқы құрылайшысы Әлия Назарбаеваның үстінен тергеу жұмысы жүргізілмей ме және оның Қазақстаннан алып кетті делінген 300 миллион доллорының ақ-қарасы қашан ажыратылады деген заңды сұрақ туады.

Abai.kz

2 пікір