Жұма, 19 Сәуір 2024
Алаң 3473 18 пікір 16 Мамыр, 2022 сағат 13:03

ҰҚШҰ: тарихи шешім қабылдана ма?

Бүгін Ресей астанасы Мәскеу қаласында геосаяси маңызы бар басқосу өтеді. Осыдан 30 жыл бұрын ҰҚШҰ құру туралы шешім қабылданып, келісімге қол қойылса, 20 жыл бұрын аталмыш ұйым құрылды. Ресей билігі айтулы дата ретінде жиын өткізуде, алайда оның экономикалық және геосаяси мәселелері бар. 

Бүгінгі жиынға Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь басшысы Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысады деп күтілуде. Қазақстан президенті БАӘ-не жасаған сапарынан кейін, бүгін Мәскеуге барды.

Биыл ҰҚШҰ ұйымына Армения төрағалық етеді. Армения ұйымға төрағалық барысын өзіне тиімді позициямен жүйелемек, алайда Еревандағы оппозиция толқулары мен халықтың Пашинянға қарсылығы күн сайын артып барады.

Сарапшылар бұл жиында Путин ашық және жабық форматта кездесулер өткізіп, тақырыптың басым бөлігін Украина соғысы мен экономикалық санкцияларға арнайтынын айтады. Ресей билігі Украинадағы соғыста сәтсіздіктерге ұшырап, адами және техникалық шығынға ұшырауда, ал Батыс тарапынан салынған жойқын санкциялар Ресей экономикасын есеңгіретіп тастады. Путиннің НАТО-ны шығысқа жылжытпаймын деген ойы іске аспады және ендігі уақытта НАТО-ға Финляндия мен Швеция елі де кіруге ниет білдіріп отыр.

Әскери сарапшылардың пікіріне сүйенсек, ҰҚШҰ әскері НАТО-ға төтеп беруге немесе қарулы қақтығысқа түсуге қабілетті емес. Ұйымға мүше елдердің әскері аз, заманауи қару түрінен тапшылық бар және басым бөлігі Ресейлік және Кеңестік қарумен жарақтанған. Ресей қаруы соңғы қақтығыстар барысында өзінің жоғары тиімділігін көрсете алмады, сондықтан ҰҚШҰ әскерін шабуылдаушы емес, қорғаныс мақсатындағы деп атаған дұрыс дейді.

Ал Беларусь қорғаныс министрі бұл пікірмен келіспейтін сыңайлы. Виктор Хренин былай дейді:

«Менің ойымша бұл ұйым кеңейе түседі. Біз жақында әлемдік геосаясаттың өзгергенін көреміз, алайда ҰҚШҰ өзінің қабілетті әскери ұйым екенін көрсетті, ол бейбітшілікті жақтаушы және бірнеше жылдан кейін ұйымда алты ел болмайды. Әлемде бейбітшілік болғанын қалайтын, өзге елдің саяси құрылымын өзгертуге тырыспайтын ондаған елдер ұйымға кіруге ұмтылады».

Мұхтар Тайжан: Қазақстан азаматтарына да жерді жекеменшікке бермеуіміз керек

Желі қолданушылары өз ойлары мен пікірлерін білдіруде.

Саясаткер Мұхтар Тайжан былай деп жазды:

«Ертең Мәскеуде ОДКБ-ның саммиті өтпек, сол аса маңызды. Ресей Украинада жеңіліп жатқаны анық. Яғни бізден көмек сұрауы әбден ықтимал. Біз бұндай көмекті бермеуіміз жөн, себебі бұл соғысты бастағанда Кремль бізбен ақылдасқан емес. Украина Ресейге шабуыл жасаған жоқ, керісінше Ресей Украинаға әскерлерін кіргізді.

Біздің билік балаларымызды, әскери техникамызды Ресейді қолдап, Украинаға жіберетін болса, біз нақты наразылығымызды білдіруіміз қажет. Тап бүгін Кеосаянның бізге қарсы екінші рет шыққаны да тегін емес».

Саясаттанушы Самат Нұртаза: Халық өз таңдауын жасаса, нәтижесі жақсы болады деп сенемін | Almaty.tv

Ал саясаттанушы Самат Нұртаза болса келесідей ой білдірді:

«Кездесуден радикалды саяси шешімдер күтудің керегі жоқ сияқты. ОДКБ-ның 20-жылдығына орай ұйымдастырылған болып көрініп тұр. Кездесуде жалпылама аймақтық қауіптер мен құттықтау іс-шаралары болады дей аламын. Мүмкін Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтарда Қазақстанға келіп көмектескен әскерилерге рахметін айтар.

Сонымен қатар, бүгінгі Ресей билігінің сіркесі су көтермей, әр бір бейтараптық позицияны кірпідей жиырылып қабылдайтынын естен шығармау керек. Батыс мемлекеттері де бұл жиынды микроскоппен бақылайтыны түсінікті. Сондықтан, Президентімізге тек сәттілік, абырой және сабырлық тілеуіміз керек. Қазақстанның абыройы сыналатын күн.

Қазақстанның көпвекторлы позициясын да ұмытпаған жөн. Сол вектордан айнымай, дүниежүзі мемлекеттерімен түзу аман-сәлемді сақтау басты мақсат. Ал ол бүгінгі саяси аренада оңай жұмыс емес. Жақындағы Президентіміздің Түркияға сапары да өз әсерін берері сөзсіз. Р.Эрдоғанның: «Біз бауырларымызды әр қашан да қорғаймыз», - деген сөзі де Кремльге ой салары анық», - дейді ол.

Кремль әлемдегі геосаяси ахуалдың ушығуына байланысты (өзінің ушықтыруын ескерместен), ҰҚШҰ елдерінің бірлескен ірі әскери жаттығуын Финляндия шекарасында өткізуі де ықтимал дейді сарапшылар.

Ка Мырза

Abai.kz

18 пікір