Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Ақмылтық 3851 18 пікір 13 Мамыр, 2022 сағат 13:26

Қазақстанға вице-президент керек!

Мойындайықшы, қоғамдық сананы хайп билеп барады! Тіпті, жалпыұлттық, мемлекеттік маңызы бар мәселелердің өзін бір күндік қызыққа айналдырып, мәселенің байыбына бармастан, бір мәрте улап-шулап, кейін... оны ұмытып, басқа тақырыпқа көшіп кетеміз.

Осы күндері БАҚ пен әлеуметтік желілерде Конституциядағы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің негізін қалаушы ретіндегі тарихи ролі жөніндегі бап ерекше қызығушылық һәм қарқынмен талқыланls. Тіпті «осындай бапқа қарсымын!» деген мемдер Интернет пен мессенджерлерді шарлап кетті.

Осы новелла туралы ақпаратты жариялаған жұмысшы тобына да «рахмет»: осыған дейін Ата Заңның бетін ашып көрмеген ағайын, сол кітапты іздеп, тауып, оқи бастады. Ол да болса, шенділердің халықтың құқықтық сауатын ашуға қосқан қомақты үлесі.

Әрине, бастамашылар артық қыламын деп, тыртық қылып жатыр: Қаңтар қанды қырғынанан кейін ел тарапынан өзінің лайықты бағасын алған елбасының мәртебесін Ата заңға тықпалап, көпшіліктің ашу-ызасын тудырудың керегі де жоқ болатын.

Менің айтайын дегенім мүлдем басқа нәрсе.

Осынау, бір адамға, бір бапқа ғана қатысты у-шу қоғам назарын Конституция секілді аса маңызды құжатты өзгертудегі басқа да, мәні мен мағынасы, саяси салмағы зор, өте-мөте өзекті мәселелерден басқа жаққа аударудың құйтырқы амалы емес пе деген ойға қалады екенсің.

Міне, президент 5 маусымда референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Біз болсақ, бәлелі бір баптың байбаламымен бажылдап жүріп, тағы да саусағымызды тістеп қалдық. Өйткені, хайптың соңына түсіп, Ата заңға енгізілуі тиіс өзге маңызды баптарды ұмытып кеттік.

Енді ұсынылған өзгерістерді талқылау науқаны басталды. Сол себепті Қазақстанда демократияны дамыту үшін референдумнан кейін де не істеу керек деген тақырыпқа байланысты өз ойымды жеткізейін.

Біріншіден, тиісті реформадан кейін бір қабылданған Конституцияны өзгерте беруге, Қазақстан саяси жүйесінің халықтық, демократиялық негіздерін қайта қарауға мораторий жариялануы тиіс! Билік тармақтарының тепе-теңдігі ешқашан да өзгермеуі керек. Мәселен, 1787 жылы қабылданған АҚШ Конституциясына осы күнге дейін 27 ғана түзету енгізілген. Олардың өзі биліктің емес, адам құқын аясын кеңейтуге бағытталған. Бізде болса, 1995 жылы асығыс-үсігіс референдумда қабылданған Ата Заңымыз осы күнге дейін сан мәрте өзгертіліп, қырық жамау халде. Басты мақсат біреу ғана бола-тұғын: биліктің басқа тармақтарының өкілеттіктерін аяусыз шектеп, жаныштау арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бас билігін одан бетер күшейту. Несін жасырайық, мақсат орындалды: Тоқаев өзі мойындағандай біз «суперпрезиденттік» жүйе құрып алдық та... құрыдық!

Екіншіден, кез келген топ не адамның билікті басыбайлы меншіктеп алғысы келгені үшін жауапкершілік пен жаза туралы арнайы бап енгізу қажет! Сол кезде ертеңгі күні әртүрлі сылтау мен себептерді желеу етіп, баршаны билеп-төстегісі келетіндер қатты ойланатын болады.

Үшіншіден, біздегі үкімет құрамын жасақтау моделін де түбегейлі өзгерту қажет: оны парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия құрап, ол министрлерге келесі сайлауға дейін өзінің сайлауалды бағдарламасын орындауға толық мүмкіндік берілуі тиіс. Орындап жатса, нұр үстіне нұр, ондай айналайын үкімет, халық қаласа, қайта сайлансын. Қолынан келмей жатса, толық құрамымен отставкаға кетуі міндет. Яғни, үкіметтің тағдыры президенттің емес, сайлауда өз таңдауын жасайтын халықтың қолында болмақ. Сонда ғана бізде өкілетті, дербес қимыл-әрекет ете алатын әрі жауапты үкімет қалыптасады.

Төртіншіден, осы күнге дейін Тоқаевтың өзінің тісі бата алмай келе жатқан бір түйткілді шаруа бар: ол – тәуелсіз сот жүйесін құру. Біздегі барлық былық-шылық, барша әділетсіздік дәл осы салада орныққан! Әрбір азамат «кім көп берсе, соның сойылын соғатын» соттардың заңсыз үкімдерінен жапа шегуде. Оның себебі де бесенеден белгілі: судьяның карьерасы өз аумағындағы тұрғындарға емес, өзін тағайындайтын президентке ғана қарап қалған. Сондықтан  да барлық деңгейдегі судьяларды халықтың өзі сайлап алатындай конституциялық механизм керек. Онсыз Қазақстанда әділеттік орнамайды! Соттарды сайлау неге енгізілмей жатқанын бәріміз білеміз: оның аты – парақорлық пен жемқорлық. Мәселен, менің туған жерім Арал ауданындағы судьяның қандай адам, қандай маман екенін Астанада отырып, оны өз Жарлығымен тағайындайтын президент қайдан біледі?! Бәленің бәрі сол үміткердің құжаттарын аудан, облыс арқылы Астанаға, президенттің үстеліне жеткізетін шенеуніктерде: коррупцияның, тамыр-таныстықтың, трайбализмнің көкесі сонда! Парамен судья болған адам өз шығынын өтеп алып, одан сайын байып, биіктей беру үшін не істейтіні түсінікті ғой. Осы жүйенің көзін жойып, судьяларды халық өзі сайлайтындай жағдай жасап, әділ сот құрса, Тоқаев, сөзсіз, тарихта қалар еді!

Бесінші мәселе сайлауға қатысты. Бізді ол қалай өтетіні әмбеге аян. Меніңше, ертеңгі күні әр президент сайлау заңнамасын өз ыңғайына қарай өзгерте бермеу үшін, саяси өмірдің ең шешуші әрі жауапты науқаны туралы негізгі баптар Ата Заңға тайға таңба басқандай, анық жазылып қоюы керек. Соның ішінде сайлаудың әділ, ашық, бәсекелі әрі өз мерзімінде өткізілуі жайындағы іргелі талаптардың орны бөлек.

Айтпақшы осы жолы ұсынылған өзгерістердің ішінде «президенттің облыс әкімдерінің кандидатурасын мәслихат қарауына енгізуі туралы» бап бар. Мұның өзі сол әкімдерлі халық болып сайлау ауылының әлі де алыс екенін көрсетіп отыр. Несіне соза береміз?!

Алтыншы ұсынысым тосындау боп көрінуі мүмкін. Бірақ, осыншама жыл саясатты жүріп, бір түйгенім осы: Қазақстан секілді ішкі және сыртқы қауіп-қатері мол, әлі де Тәуелсіздігі мен тұрақтылығына, жер аумағының тұтастығына басқалар көз алартып отырған мемлекетке вице-президент институтын енгізу қажет!

Иә, президент белгілі бір себептермен қызметінен кетіп жатса, уақытша оның орнын басатын конституциялық лауазым иелері бар: парламент палаталарының спикерлері, премьер-министр дегендей. Бірақ, тәжірибе көрсетіп отырғандай, олардың өзара кикілжіңі мен тақталас-тартысы елдің берекесін қашырып, мемлекеттің қауіпсіздігіне өз салқынын тигізуі мүмкін. Тіпті базбіреулер Қаңтар қынды қырғыны кезіндегідей мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенуі ықтимал. Президентпен бірге сайланған вице-президент болса, кезектен тыс сайлауды қажет етпей, өз қызметін легитимді түрде жалғастыра берер еді. Оның өзі мемлекет саясатының сабақтастығы мен бірізділігінің кепілі болмақ.

Әрине, Конституцияға енгізілуі тиіс басқа да маңызды өзгерістер бар. Ең бастысы – бұл іске қалың көпшілік тікелей атсалысуы шарт. Сондықтан болар, біршама оң өзгерістері болса да, жұмысшы топ ұсынған жоба отыз жыл бойына азаттық пен еркіндікті аңсап келген халықтың көңілінен шығып жатыр деу артықтау болар...

Әміржан Қосан

Abai.kz

18 пікір