Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 11189 0 пікір 2 Қараша, 2012 сағат 10:20

Нұртөре Жүсіп. Құстың жаманы азайып, адамның жаманы көбейген бе?

Аяз би туралы аңыз есіңізде ме?
Құстың жаманы, шөптің жаманы, адамның жаманы ше? Адамның жаманы деген Аяз би кейін әділ билік құрған хан болмай ма? Сол Аяз би «Құстың жаманы қайсы?» дегенде сауысқанды атайды.

Аяз би туралы аңыз есіңізде ме?
Құстың жаманы, шөптің жаманы, адамның жаманы ше? Адамның жаманы деген Аяз би кейін әділ билік құрған хан болмай ма? Сол Аяз би «Құстың жаманы қайсы?» дегенде сауысқанды атайды.

- Сауысқанның жаман екенін қайдан білдің? - деген хан сұрағына Аяз би:
- Сауысқанның жүні ала болғаны сияқты, өзі де ала, бірлігі жоқ. Екеуі бірі­гіп ұшпаған, екеуі бірігіп қонбаған, адам пайдасына аспайтын арам құс еді. Сон­дықтан құс жаманы сауысқан деймін, - деп жауап беретін еді ғой.
Сол құстың жаманы сауысқанды көрдім жақында. Біреу емес. Екеу емес. Жетеу. «Екеуі бірігіп ұшпаған, екеуі бірігіп қонбаған» деп Аяз би жаман­дығын айтқан сауысқанның жетеуі бірдей ұшып, жетеуі бірдей қонып жүр. Жетеуінің бірлігіне қайран қалдым.
Құстың жаманы - сауысқан бірігіп жатқанда, біздің қазақ неге бірікпейді?
Аяз би өзінің жамандығын сұрағанда ханға: «Уа, тақсыр! Менің жасым елуге келді. Мен қатарлылар әйел алып, бала көрді, келін жұмсап қызық көріп отыр. Мен қайда болса сонда, әлі күнге дейін әркімнің артына мінгесіп, басқа біреудің құлшылығында жүрмін. Енді мен жаман емей, жақсымын ба?», - деп жауап бер­меуші ме еді.
Қырықтан асқанша қатын алмай, қу тізесін құшақтап жүрген қазақ көп. Әркімге жаутаңдап, жалбақтап, қал­бақтап күн кешіп отырған ағайындар жетерлік. Басқа біреудің құлшылығында жүрген­дерде есеп жоқ. Сонда не бол­дық?
Ерте заманда Аяз би тәрізді «адамның жаманы» атанған адамды атпен iздеп әзер табатын. Бүгінде ондай адамдардың қатары жүздеп, мыңдап саналады. Аяз бидің ақы­лындай ақыл бітсе, арман жоқ. Көбіміздің жүрісіміз - құр далбақ, құр сандалу. Кісі есігінде құлшылықта жүргендер қатары қазір кез келген қалада кездеседі. Алысқа бармай-ақ, Алматыдағы Сейфуллин көше­сіне көз салыңыз. Әлекедей жалан­ған жігіттер кез келген қара жұмысқа тіленіп, кө­шеде тұр...
«Жетім бұрыш» жағалап, пәтер іздеп «ағалап» жүрген де біздің қаракөздер.
Түрмеге тоғытылып жатқандар да біз­дің бір туғандар...
Тірлігіміз - шала, тілегіміз - ала.
Ал ала сауысқанның өзі анау! Бірігіп ұшады. Бірігіп қонады.
Сауысқан құрлы сақтығымыз жоқ, асыққанымызбен аптығымыз көп, бірде араз, бірде дүрдараз, ойлағанымыз - қастық пен қысастық, жасағанымыз - кесірлік, жүргеніміз - есірлік, жеткені­міз - жесірлік; қазақты қазақ қорлайтын, намысын таптап зорлайтын, бір-біріне болыспайтын, болмайтын, бар тірлігі оң­байтын осындай қалыпқа қалай түстік?!.
Біреу қараса - бетінен алатын, зәрлі сөзді айта салатын, өкпелесе - өңешке пышақ салатын, өшіксе - өлтіре сала­тын кер заманға қалайша кез болдық?
Басқаға келгенде - баладай тату, қа­заққа келгенде - қабағы қату қоғам тұр...
Құстың жаманы азайып, қазақтың жа­маны көбейгені ме расында?

Нұртөре ЖҮСІП

"Айқын" газеті

 

0 пікір